Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 204-бабына түсініктеме. Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының көрінеу жалған мәліметтер ұсынуы
Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының мүліктік пайда алу мақсатында мемлекеттік органдар мен бағалы қағаздарды ұстаушыларға бағалы қағаздардың саны мен түрлері және бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер ұсынуы, егер бұл ірі залал келтіруге әкеп соқса, —
үш жүзден бес жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе сотталған адамның үш айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға, не екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
Бұл қылмыс құрамы бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қатысушылардың қызметін тиісінше және тиімді мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында көзделген. Бұл бағалы қағаздар эмитенттері мен нарықтың кәсіби қатысушыларының қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру арқылы, ал олар заң бұзған жағдайларда осындай тұлғаларды жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдау арқылы іске асырылады (2003 жылғы 2 шілдедегі «Бағалы қағаздар нарығы туралы» ҚР Заңының 113-бабы).
Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының көрінеу жалған мәліметтер ұсынуының қоғамдық қауіптілігі оны жасау нәтижесінде мемлекетіміздің экономикасына елеулі залал келтірілетіндігінде көрініс табады.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі бағалы қағаздар нарығы саласында қалыптасатын және бағалы қағаздармен жасалатын операцияларды реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстың заты — бағалы қағаз. ҚР Азаматтық кодексінің 129-бабының 1-бөлігіне сәйкес, бағалы қағаз — белгіленген нысан мен міндетті деректемелерді сақтай отырып, мүліктік құқықтарды куәландыратын, оларды жүзеге асыру тек оны көрсету арқылы ғана мүмкін болатын құжат. ҚР Азаматтық кодексінің 130-бабына сәйкес бағалы қағаздарға облигация, акция және заңнамалық актілермен немесе оларда белгіленген тәртіппен бағалы қағаздар қатарына жатқызылған басқа да құжаттар жатады.
Объективтік жағы бұл қылмыстың бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының мүліктік пайда алу мақсатында бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарында тұрған бағалы қағаздардың саны мен түрлері және бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы мемлекеттік органдар мен бағалы қағаздарды ұстаушыларға көрінеу жалған мәліметтер ұсынуынан және оның ірі залал келтіруінен көрінеді.
Бағалы қағаздармен жасалатын операциялар деп азаматтық-құқықтық мәмілелерді (сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту, сақтау, кепілге беру немесе сенімгерлік басқаруға беру және т.б.), сондай-ақ бағалы қағаздарға қатысты өзге де әрекеттерді, оның ішінде техникалық сипаттағы әрекеттерді түсіну қажет.
Бағалы қағаздарды ұстаушылар деп олардың меншік иелері мен номиналды ұстаушылары танылады. Соңғылары бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары болып табылады және шартқа сәйкес, бағалы қағаздар меншік иелерінің мүдделері үшін бағалы қағаздармен өз атынан немесе осы меншік иесінің есебінен операциялар жүзеге асырады (брокерлер-дилерлер).
Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары уәкілетті мемлекеттік органдарға бағалы қағаздармен жүргізілетін қызмет туралы белгілі бір ақпаратты ұсынуға міндетті. Мұндай жағдайларға мыналар жатады: бағалы қағаздар эмиссиясы туралы құжаттарды ұсыну; эмитенттің қаржы-шаруашылық қызметіне қатысты өзгерістер туралы хабарламалар беру; бағалы қағаздардың нақты орналастырылуы туралы және бағалы қағаздар шығарылымы мен орналастырылуының қорытындылары туралы есептерді ұсыну және т.б.
Бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметтің бірнеше түрі бар.
Брокерлік қызмет — шарт, тапсырма немесе комиссия шарты, сондай-ақ шартта сенім білдірілген өкілдің немесе комиссионердің өкілеттіктері көрсетілмеген жағдайда осындай мәмілелерді жасауға берілген сенімхат негізінде әрекет ететін сенім білдірілген өкіл немесе комиссионер ретінде бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмілелер жасау.
Дилерлік қызмет — бағалы қағаздарды сатып алу және (немесе) сату бағаларын жария түрде хабарлау арқылы, осындай қызметті жүзеге асыратын тұлға жариялаған бағалар бойынша бағалы қағаздарды өз атынан және өз есебінен сатып алу-сату мәмілелерін жасау.
Бағалы қағаздарды басқару жөніндегі қызмет — заңды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің белгілі бір мерзім ішінде өз атынан және сыйақы үшін өзіне иеленуге берілген, басқа тұлғаға тиесілі бағалы қағаздар мен бағалы қағаздарға инвестициялауға арналған немесе бағалы қағаздарды басқару процесінде алынатын ақша қаражатын осы тұлғаның немесе ол көрсеткен үшінші тұлғалардың мүддесі үшін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыруы.
Депозитарлық қызмет — бағалы қағаздар сертификаттарын сақтау және (немесе) бағалы қағаздарға құқықтарды есепке алу мен олардың ауысуы бойынша қызметтер көрсету.
Бағалы қағаздар иелерінің тізілімін жүргізу жөніндегі қызмет — бағалы қағаздар иелерінің тізілімін жүргізу жүйесін құрайтын деректерді жинау, тіркеу, өңдеу, сақтау және ұсыну.
Бағалы қағаздар нарығында сауданы ұйымдастыру жөніндегі қызмет — бағалы қағаздар нарығына қатысушылар арасында бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасуға тікелей ықпал ететін қызметтер көрсету.
Уәкілетті мемлекеттік органдарға бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер ұсынудың мәні салық салудан кірістерді жасыруда немесе өзге де пайдакүнемдік мақсаттарда жатыр.
Кәсіби қатысушылардың бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарында тұрған бағалы қағаздардың саны мен түрлері және бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы мүліктік пайда алу мақсатында көрінеу жалған мәліметтер ұсынуы нәтижесінде, әдетте, ірі залал туындайды. Өйткені тиісті мемлекеттік органдар жаңылыстырылғандықтан, ықтимал заң бұзушылықтарға барабар ден қоя алмайды және тиісті субъектілердің заңсыз әрекеттерінің жолын кесе алмайды.
Осы жағдайда көрінеу жалған ақпарат ретінде бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарында тұрған бағалы қағаздардың саны мен түрлері және бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы шынайы көріністі алуға мүмкіндік бермейтін, көрінеу толық емес және нақты емес мәліметтерді де қарастыру қисынды болып табылады.
Осы қылмыс үшін қылмыстық жауаптылықтың туындауының міндетті шарты бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарында тұрған бағалы қағаздардың саны мен түрлері және бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер ұсыну нәтижесінде ірі залал келтірілуі болып табылады. Ірі залал ұғымын заң шығарушы ҚР ҚК-нің 189-бабына берілген ескертпеде айқындаған.
Қылмыстың субъектісі бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары болып табылады. Олар эмитент ұйымдарда басқарушылық функцияларды жүзеге асырады және олардың құзыретіне бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы мәліметтерді ұсыну кіреді.
Талданып отырған қылмыстың субъективтік жағы тек тікелей қасақаналықтың болуымен сипатталады. Тұлға бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарында тұрған бағалы қағаздардың саны мен түрлері және бағалы қағаздармен жасалған операциялар туралы көрінеу жалған мәліметтер ұсынып отырғанын сезінеді, ірі залалдың туындауын алдын ала біледі және соны тілейді. Мақсаты — мүліктік пайда алу.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2007 жылғы түсініктеме. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі БОРЧАШВИЛИ И.Ш.
Актінің өзгертілген күні: 02.08.2007
Актінің қабылданған күні: 02.08.2007
Қабылданған орны: ЖОҚ
Актіні қабылдаған орган: 180000000000
Қолданылу өңірі: 100000000000
Нормативтік құқықтық актіге нормашығармашылық орган берген тіркеу нөмірі: 167
Актінің мәртебесі: жаңа
Құқықтық қатынастар саласы: 028000000000
Актінің нысаны: ТҮСІНІКТЕМЕ
Заңдық күші: 1900
Актінің тілі: орыс тілі
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау