Түсініктеме 202-1-бапқа Бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамдарының ақпарат бермеуі не көрінеу жалған мәліметтер ұсынуы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі
Бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамдарының мүліктік пайда табу мақсатында мемлекеттік органдарға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға ақпарат бермеуі не көрінеу жалған мәліметтер ұсынуы, соның салдарынан бағалы қағаздарды ұстаушыларға не эмитентке ірі залал келтірілуі — үш жүзден бес жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде не сотталған адамның үш айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға не белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыруға не екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға не белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамдарының ақпарат бермеуінің не көрінеу жалған мәліметтер ұсынуының қоғамдық қауіптілігі оны жасау нәтижесінде мемлекетіміздің экономикасына елеулі залал келтірілетіндігінде көрініс табады.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі бағалы қағаздардың айналысы кезінде туындайтын, бағалы қағаздармен жасалатын операцияларды реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстың заты бағалы қағаз болып табылады. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 129-бабының 1-бөлігіне сәйкес бағалы қағаз — белгіленген нысанды және міндетті деректемелерді сақтай отырып, мүліктік құқықтарды куәландыратын, оларды жүзеге асыру тек оны көрсету арқылы ғана мүмкін болатын құжат. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 130-бабына сәйкес бағалы қағаздарға облигация, акция және заңнамалық актілермен немесе оларда белгіленген тәртіппен бағалы қағаздар қатарына жатқызылған өзге де құжаттар жатады.
Қылмыстың объективтік жағы мынадай әрекеттерді жасаудан тұрады:
- бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамдарының ақпарат бермеуі;
- бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамдарының мемлекеттік органдарға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға көрінеу жалған мәліметтер ұсынуы;
- бағалы қағаздарды ұстаушыларға не эмитентке ірі залал келтіру;
- жоғарыда көрсетілген әрекеттер мен туындаған салдарлар арасындағы себепті байланыстың болуы.
Мемлекеттік орган ұғымы 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасының «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңында (кейінгі өзгерістері мен толықтыруларын қоса алғанда) берілген.
Бағалы қағаздарды ұстаушылар деп олардың меншік иелері мен номиналды ұстаушылары танылады. Соңғылары бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары болып табылады және шартқа сәйкес әрі бағалы қағаздар меншік иелерінің мүдделері үшін өз атынан немесе осы меншік иесінің есебінен бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асырады.
Эмитент Қазақстан Республикасының «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заңының 1-бабының 90-тармағына сәйкес қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлға болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заңының 22-бабына сәйкес эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымы мемлекеттік тіркелгеннен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде, оларды орналастыру басталғанға дейін, бұқаралық ақпарат құралдарында эмиссиялық бағалы қағаздарды инвесторлардың шектелмеген тобы арасында орналастыру туралы хабарламаны жариялауға міндетті.
Аталған заңның 21-бабына сәйкес эмитент эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру кезінде инвестордың бірінші талабы бойынша оған эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектісін немесе оның көшірмесін танысу үшін ұсынуға міндетті.
Эмитент өзі шығаратын эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын орналастыруды тек олардың шығарылымы тіркелгеннен кейін ғана бастауға құқылы. Бұл ретте эмитент тіркеуші органға эмиссия проспектісін ұсынуға міндетті. Онда эмитенттің қаржы-шаруашылық қызметі туралы мәліметтер, эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару туралы шешім қабылданғанға дейінгі соңғы тоқсанның соңындағы бухгалтерлік баланс, кірістер мөлшерін айқындау әдістемесі және т.б. қамтылуға тиіс.
Ақпарат бермеу — бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамының әрекетсіздігі, сондықтан заңға қайшы жүзеге асырылған барлық жағдайларда құқыққа қарсы деп танылады. Бұл ретте осы бап бойынша жауаптылық кінәлі адамның өзінің функционалдық міндеттеріне сәйкес мұндай ақпаратты беруге міндетті болған және оны беруге мүмкіндігі болған жағдайда ғана туындауы мүмкін.
Бұл жағдайда көрінеу жалған мәліметтер ретінде бағалы қағаздардың саны мен түрлері, эмитенттің атауы мен орналасқан жері туралы шынайы көрініс алуға мүмкіндік бермейтін, көрінеу толық емес және нақты емес мәліметтерді, сондай-ақ бағалы қағаздарды ұстаушылардың немесе эмитенттің жеке шоттарында тұрған бағалы қағаздар туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді қарастыру қисынды болып табылады.
Бағалы қағаздар эмитентінің лауазымды адамдарының мүліктік пайда табу мақсатында көрінеу жалған мәліметтер ұсынуы нәтижесінде, әдетте, ірі залал туындайды, өйткені тиісті мемлекеттік органдар немесе бағалы қағаздарды ұстаушылар жаңылыстырылғандықтан, ықтимал құқық бұзушылықтарға барабар әрекет ете алмайды және лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесе алмайды.
Осы қылмыс үшін қылмыстық жауаптылықтың туындауының міндетті шарты ірі залал келтіру болып табылады. Ірі залал ұғымын заң шығарушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабына берілген ескертпеде айқындаған. Қоғамдық қауіпті әрекеттер мен туындаған салдарлар арасында міндетті түрде себепті байланыс анықталуға тиіс.
Қылмыстың субъектісі лауазымды адамдар болып табылады. Лауазымды адам ұғымы Қылмыстық кодекстің 307-бабына берілген ескертпенің 3-тармағында көрсетілген.
Талданып отырған қылмыстың субъективтік жағы тек тікелей қасақаналықтың болуымен сипатталады. Лауазымды адам мүліктік пайда табу мақсатында өзінің іс-әрекетінің қоғамдық қауіпті сипатын, атап айтқанда, бағалы қағаздарды ұстаушылардың немесе эмитенттің жеке шоттарында тұрған бағалы қағаздар туралы ақпарат бермейтінін не көрінеу жалған мәліметтер ұсынатынын сезінеді, ірі залалдың туындауын алдын ала біледі және осындай салдардың туындауын қалайды. Мақсаты — мүліктік пайда табу.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2007 жылғы түсініктеме. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі БОРЧАШВИЛИ И.Ш.
Актінің өзгертілген күні: 02.08.2007
Актінің қабылданған күні: 02.08.2007
Қабылданған орны: ЖОҚ
Актіні қабылдаған орган: 180000000000
Қолданылу өңірі: 100000000000
Нормативтік құқықтық актіні шығарушы орган берген тіркеу нөмірі: 167
Актінің мәртебесі: new
Құқықтық қатынастар саласы: 028000000000
Актінің нысаны: ТҮСІНІКТЕМЕ
Заңдық күші: 1900
Актінің тілі: орыс тілі
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау