Мұра құрамына кіретін мүлікті мәжбүрлеп тіркеу туралы кредиторлардың талап қою арыздары
Алдыңғы жинақта Азаматтық кодекстің (бұдан әрі – АК) 1072-1-бабының 2-тармағына сәйкес мұрагер мұраны іс жүзінде қабылдағанын куәландыратын әрекеттер жасаған жағдайда, мұраны қабылдады деп танылатыны түсіндірілген.
Әдетте, мұрагерлер мұраны іс жүзінде қабылдайды, алайда оны заңда белгіленген тәртіппен ресімдеу және тіркеу жөнінде шаралар қолданбайды.
Мұндай жағдайларда АК-нің 1081-бабының екінші абзацы негізінде мұра қалдырушының кредиторлары мұралық мүлікті мәжбүрлеп тіркеуді талап етуге құқылы.
Осы жинақ бірінші сатыдағы соттардың құқық нормаларын бұрынғыдай дұрыс қолданбай отырғанын көрсетті.
«Bereke Bank» АҚ сотқа мұраны қабылдау фактісін анықтау, жауапкерлерді кепілдегі мүлікке меншік құқығын тіркеуге міндеттеу туралы талап қоюмен жүгінген.
Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының 2024 жылғы 2 желтоқсандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Сот талап қоюдан бас тартудың негізі ретінде даудың нысанасы қарыз алушыға және кепілгерлерге емес, заттай кепіл беруші К.В.П.-ға тиесілі кепілдегі мүлік болып табылатынын, ал ол қамтамасыз етілген міндеттеменің тарапы болмағанын, яғни қарыз берушінің (кредитордың) да, қарыз алушының (борышкердің) да құқықтары мен міндеттерін иеленбегенін көрсеткен.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 ақпандағы қаулысымен шешім К.В.В.-ны жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркеу жөніндегі әрекеттерді жасауға міндеттеу туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту бөлігінде күшін жойып, осы бөлікте талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Апелляциялық саты кепіл беруші К.В.П.-ның 2016 жылғы 22 желтоқсанда қайтыс болғанын анықтаған.
Мұрагерлер болып заңда белгіленген тәртіппен нотариусқа тиісті өтініш беру арқылы мұрадан бас тартқан жұбайы К.Е. және қайтыс болған кепіл берушінің ұлы – жауапкер К.В.В. табылады. Ол нотариусқа мұраны қабылдау туралы өтініш беру арқылы мұраны қабылдаған, алайда жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеуден жалтарып отыр.
Апелляциялық соттың тұжырымдары дұрыс, өйткені банк кредитор және кепіл ұстаушы ретінде өз талаптарын кепілге қойылған мүліктің құнынан қанағаттандыруға құқылы.
Осыған ұқсас негіздер бойынша: «Kaspi Bank» АҚ-ның З., М.-ға пәтерді өз атына тіркеуге міндеттеу туралы талап қоюы бойынша Ұлытау облысы Сәтбаев қалалық сотының 2025 жылғы 5 қаңтардағы шешімі; «ForteBank» АҚ-ның Е. және Т.-ға мұрагерлер деп тану, мұраны қабылдаған деп тану және мұра құрамына кіретін мүлікті мәжбүрлеп тіркеу туралы талап қоюы бойынша Алматы облысы Талғар аудандық сотының 2024 жылғы 12 наурыздағы шешімі жойылған.
Осылайша, заттай кепіл беруші болып табылатын мұра қалдырушының міндеттемелері оның қайтыс болуымен тоқтатылмайды және мұрагерлеріне ауысады.
Жалпы ережелер
Нормативтік қаулының 1-тармағының талаптарына сәйкес мұрагерлік туралы істер бойынша дауларды шешу кезінде соттар мұра ашылған күнде қолданыста болған заңнаманы басшылыққа алуға тиіс.
Мұрагерлік қатынастарды реттеудің бұрынғы тәртібіне қандай да бір өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындайтын құқықтар мен міндеттерге қолданылады.
Алдыңғы жинақта 1999 жылғы 1 шілдеден бастап, яғни Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлімі) қолданысқа енгізілуіне байланысты мұраны қабылдаудың бұрын қолданыста болған тәртібі өзгергені түсіндірілген.
1999 жылғы 1 шілдеге дейін қолданыста болған Қазақ КСР Азаматтық кодексінің 542-бабына сәйкес мұраны иелену үшін мұрагер оны қабылдауға тиіс болған.
Мұрагер мұраны іс жүзінде мұралық мүлікті иеленуге немесе басқаруға кіріскен кезде не мұра ашылған жердегі мемлекеттік нотариат кеңсесіне мұраны қабылдау туралы өтініш берген кезде қабылдады деп танылған.
Көрсетілген әрекеттер мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде жасалуға тиіс болған.
1999 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін (Ерекше бөлім) қолданысқа енгізумен мұраны қабылдау ережелері елеулі түрде өзгерді, «мұраны қабылдау презумпциясы» қолданыла бастады, яғни мұрагер кейіннен мұрадан бас тартпаса, мұрагерлік ету құқығынан айырылмаса және оны мұрагер етіп тағайындау туралы өсиеттік өкімнің жарамсыз деп танылуына байланысты мұрагерлік ету құқығын жоғалтпаса, оған тиесілі мұраға құқық мұра ашылған кезден бастап пайда болды.
2007 жылғы 3 ақпаннан бастап мұраны қабылдаудың бұрынғы тәртібі қайта қолданыла бастады («Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы және Ерекше бөлімдеріне) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заң).
Жекелеген жағдайларда соттар істі қарау кезінде мұра ашылған күнде қолданыста болған заңнаманы басшылыққа алу қажеттігін ескермейді.
Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сотының 2024 жылғы 16 мамырдағы шешімімен Г.В.В.-ның Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласы әкімінің аппараты» ММ-не берген мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және оны мұраны қабылдаған деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырылған. Іс апелляциялық тәртіппен қаралмаған.
Істің мән-жайларына сәйкес мұра қалдырушы Г.В.Н. 2000 жылғы 13 желтоқсанда, яғни мұраны қабылдау презумпциясы қолданыста болған кезеңде қайтыс болған. Алайда талап қоюшы мұраға құқық туралы куәлік алу үшін Ақтөбе нотариаттық округінің нотариусы К.-ға жүгінген кезде, оған мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алғаны себепті бас тартылған.
Мұндай қателіктер жүйелі сипатқа ие, жекелеген нотариустардың заңды білмеуі азаматтардың соттарға негізсіз жүгінуіне әкеледі, ал соттар нотариустардың құқыққа қайшы әрекеттерінің жолын кеспей, азаматтардың құқықтарының одан әрі бұзылуына ықпал етеді.
Соттар мұрагерлер шеңбері де мұра ашылған кезде қолданыста болған заңнама бойынша айқындалатынын білуге тиіс. Қазақ КСР Азаматтық кодексі қолданыста болған кезеңде мұрагерлердің тек үш кезегі болған, 1999 жылғы 1 шілдеден бастап ҚР Азаматтық кодексінде заң бойынша мұрагерлердің алты кезегі белгіленді, ал 2007 жылғы 3 ақпаннан бастап мұрагерлер шеңбері қайта өзгертілді.
1999 жылғы 1 шілдеден бастап 2007 жылғы 3 ақпанға дейінгі кезеңде Азаматтық кодексте мұрагерлік трансмиссия институты болмаған, ал 2007 жылғы 3 ақпаннан бастап өкілдік ету құқығы бойынша мұрагерлік ережелері өзгертілді.
Осылайша, әртүрлі кезеңдерде бір мәселенің құқықтық реттелуінің әртүрлі болуына байланысты соттар мұра ашылған кездегі құқық нормаларын қолдануға тиіс.
Соттылық
Азаматтық процестік кодекске (бұдан әрі – АПК) сәйкес мұрагерлік қатынастардан туындайтын азаматтық істердің мынадай соттылығы белгіленген.
АПК-нің 31-бабының 3-бөлігіне сәйкес лайықсыз мұрагер деп тану, мұраны иесіз қалған деп тану, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру, мұрадан бас тарту мерзімін ұзарту туралы талап қоюлар бойынша істердің айрықша соттылығы белгіленген.
Жоғарыда аталған талап қоюлар бойынша істер мұра ашылған жер бойынша қаралады.
Алдыңғы жинақта АПК-нің 31-бабының 3-бөлігі мен Нормативтік қаулының 12-тармағының арасындағы қайшылыққа байланысты мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талап қоюлар бойынша істердің соттылығы мәселелері түсіндірілген. Нормативтік қаулыға тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін соттарға АПК нормаларын басшылыққа алу, яғни мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру немесе мұрадан бас тарту мерзімін ұзарту туралы талап қоюларды мұра ашылған жердегі сотқа беру ұсынылады.
АК-нің 1043-бабына сәйкес мұраның ашылу орны мұра қалдырушының соңғы тұрған жері болып табылады, ал егер ол белгісіз болса – мүліктің немесе оның негізгі бөлігінің орналасқан жері болып табылады.
Жетісу облысы Ақсу аудандық сотының 2024 жылғы 23 қазандағы ұйғарымымен А.Т.-ның О. және басқа да тұлғаларға берген мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талап қоюы істің осы сотқа соттылығына жатпайтынына байланысты негізсіз қайтарылған. Сот талап қоюды қайтарудың негізі ретінде қайтыс болған А.М.-ның Талдықорған қаласында тіркелгенін көрсеткен.
Жетісу облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы жойылып, талап қою сол сотқа қарау үшін жіберілген.
Құқық қорғау және арнаулы органдардың ақпарат алмасу жүйесінің (ҚОААЖ) мәліметтеріне сәйкес А.М. көзі тірісінде Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында тіркелген. Мұра қалдырушының соңғы тұрған жеріне қатысты осындай ақпаратты полиция органдары да берген. Сонымен қатар А.М.-ның атына жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша тұрғын үй құрылысы меншік құқығымен тіркелген.
АПК-нің 31-бабының 2-бөлігіне сәйкес мұра қалдырушының кредиторлары мұрагерлерге, өсиетті орындаушыға (мұраны сенімгерлік басқарушыға) беретін талап қоюлары бойынша айрықша соттылық мұралық мүліктің орналасқан жері бойынша белгіленеді, бұл ретте осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген, яғни жылжымайтын мүлікке қатысты белгіленген қағидалар қолданылады.
Егер мұралық мүлік жылжымалы мүлікті (банктердегі салымдарды, шаруашылық серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлесті, кооперативтердегі пайларды және т.б.) қамтыса, онда кредиторлардың талап қоюларына жалпы соттылық қағидасы – жауапкердің тұрғылықты жері бойынша соттылық қолданылады.
Кәмелетке толмаған балалардың мұрагерлік құқықтарын қорғау туралы даулар АПК-нің 27-бабының 3-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда қаралады.
Жекелеген жағдайларда соттар істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соттарға негізсіз жібереді.
Қызылорда қалалық сотының 2024 жылғы 2 қазандағы ұйғарымымен И.-дің А.-ға мұрадан бас тарту туралы өтінішті заңсыз деп тану және мұраға құқық туралы куәлікті жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жауапкердің талап қоюшының алдында кәмелетке толмаған балаларды асырауға арналған алимент бойынша берешегі бар деген негізбен Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына соттылығы бойынша жіберілген.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келіспей, ұйғарымды жойып, істі мәні бойынша қарау үшін сол сотқа жіберген, бұл талап қоюдың кәмелетке толмағандардың мүддесі үшін берілмегенін және олардың мұра қалдырушының мұрагерлері болып табылмайтынын көрсеткен.
Жалпы соттылық қағидасы (жауапкердің тұрғылықты жері бойынша) мұрагерлік құқықтардан туындайтын барлық басқа істерге (өсиетті, мұраға құқық туралы куәлікті жарамсыз деп тану туралы, жылжымайтын мүлікке құқық туралы куәліктерді қоспағанда, және т.б.) қолданылады.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 ақпандағы ұйғарымымен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық соттың 2025 жылғы 16 қаңтардағы ТОО-ның С., Ф.-ға мұраға құқық туралы заң бойынша берілген куәлікті жарамсыз деп тану туралы талап қоюын қайтару туралы ұйғарымы жойылған.
Талап қоюды қайтара отырып, бірінші сатыдағы сот талап қоюшының заңды тұлға екенін, жауапкер С.-ның жеке кәсіпкер (бұдан әрі – ЖК) ретінде тіркелгенін, даудың шаруа қожалығындағы (бұдан әрі – ШҚ) ортақ үлестік меншікке қатысушылардың үлесіне қатысты туындағанын, бұл корпоративтік даудың бар екенін және оның мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа (бұдан әрі – МАЭС) соттылығын көрсететінін негізге алған.
Алқа бұл тұжырымдарды негізсіз деп танып, С.-ның ТОО-ның немесе ШҚ-ның қатысушысы, сондай-ақ көрсетілген ұйымдардың басшысы немесе бұрынғы басшысы болып табылмайтынын атап көрсеткен. Осыған сәйкес даудың корпоративтік сипатта екендігі туралы соттың қорытындысы АПК-нің 27-бабының мазмұнына қайшы келеді. С.-ның ЖК мәртебесі істің МАЭС соттылығына жатқызылуына әсер етпейді, өйткені ТОО-ның жүгінуі жауапкер – жеке тұлғаның құқық белгілейтін құжатына дау айтуға байланысты.
АПК-нің 307-бабына сәйкес заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы арыз арыз берушінің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі, бұған жылжымайтын мүлік объектілерін иеленуді, пайдалануды және (немесе) оған билік етуді растайтын құжаттардың болу фактісін анықтау жағдайлары кірмейді, мұндай арыз жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі сотқа беріледі.
Жамбыл облысы Тараз қалалық сотының 2024 жылғы 6 желтоқсандағы шешімімен Л.Т.-ның заңдық маңызы бар мұраның ашылу орны фактісін анықтау туралы арызы қанағаттандырылған. 1999 жылғы 24 қазанда қайтыс болған Л.С.-ның өлімінен кейін мұраның ашылу орны Тараз қаласы болып белгіленген.
Сотқа жүгінуге негіз болған мән-жай – нотариус С.-ның 2024 жылғы 11 қазандағы қаулысы. Оған сәйкес арыз берушіге жұбайы қайтыс болғаннан кейін мұраға құқық туралы куәлік беруден бас тартылып, мұралық мүліктің орналасқан жері (Тараз қаласындағы пәтер) бойынша жұбайы тіркеуде тұрмағандықтан және тіркелген жерінен шығарылғандықтан, мұраның ашылу орнын анықтау үшін сотқа жүгіну ұсынылған.
Бұл жағдайда нотариус мұраға құқық туралы куәлік беруден негізсіз бас тартқан, өйткені АК-нің 1043-бабына сәйкес мұраның ашылу орны мұра қалдырушының соңғы тұрған жері болып табылады, ал егер ол белгісіз болса – мүліктің немесе оның негізгі бөлігінің орналасқан жері болып табылады. Тиісінше, соттың арызды қанағаттандыруына құқықтық негіздер болмаған.
Алматы қаласында тұратын А. сотқа өзінің У. әжесімен туыстық қатынастары және Ақтөбе облысы Хромтау қаласының аумағында У. қайтыс болғаннан кейін ашылған мұраны қабылдау фактілерін анықтау туралы екі фактіні анықтау жөнінде арыз берген.
Хромтау аудандық сотының 2024 жылғы 2 тамыздағы ұйғарымымен А.-ның арызы АПК-нің 307-бабына сілтеме жасай отырып, істің осы сотқа соттылығына жатпайтынына байланысты қайтарылған.
Апелляциялық саты соты АПК-нің 31-бабының ережелеріне сілтеме жасай отырып, мұра қалдырушының жылжымайтын мүлігінің бар екенін көрсетіп, бірінші сатыдағы соттың ұйғарымын жойған.
Кейіннен Хромтау аудандық сотының 2024 жылғы 23 қазандағы ұйғарымымен мұраны қабылдау фактісін анықтау туралы талап бөлігі бойынша іс жүргізу арыздың кері қайтарылуына байланысты АПК-нің 279-бабы 8) тармақшасының негізінде қараусыз қалдырылған.
2024 жылғы 28 қазандағы сот шешімімен А.-ның туыстық қатынастар фактісін анықтау туралы арызы қанағаттандырылған.
Ақтөбе облыстық сотының талдауында аталған істің аумақтық соттылық бойынша Ақтөбе облысында қаралуының заңдылығы туралы мәселе қойылған, өйткені АПК-нің 307-бабына сәйкес заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы істер бойынша арыз арыз берушінің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі. Бұған жылжымайтын мүлік объектілерін иеленуді, пайдалануды және (немесе) оған билік етуді растайтын құжаттардың бар болу фактісін анықтау туралы арыздар жатпайды, мұндай арыздар жылжымайтын мүлік орналасқан жердегі сотқа беріледі.
Бұл жағдайда апелляциялық саты сотының ұстанымы дұрыс деп саналады, өйткені бастапқы арызды берген кезде АПК-нің 31-бабында белгіленген айрықша соттылық қағидасын (жылжымайтын мүлік түріндегі мұраны қабылдау фактісін анықтау) ескеру қажет болған.
Нормативтік-құқықтық база
Осы құқықтық қатынастарды реттейтін және талданып отырған санаттағы істерді қарау кезінде қолданылуға жататын нормативтік құқықтық актілер:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы;
- 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Кишинев конвенциясы;
- 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Минск конвенциясы және оған 1997 жылғы 28 наурыздағы хаттама;
- Қазақ КСР-нің Азаматтық кодексі (бұдан әрі – Қазақ КСР АК);
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының АК, АК);
- Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі – АПК);
- Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі;
- Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының (бұдан әрі – ҚР ЖС) 1999 жылғы 29 маусымдағы №5 «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы (бұдан әрі – Нормативтік қаулы);
- ҚР ЖС-ның 2022 жылғы 28 маусымдағы №13 «Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысы;
- ҚР Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 бұйрығымен бекітілген Нотариустардың нотариаттық іс-әрекеттер жасау қағидалары.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы