25-бап. Дипломатиялық қызмет персоналына берiлетiн кепiлдiктер мен өтемақылар Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы Заңы
1. Дипломатиялық қызмет персоналын және дипломатиялық қызмет персоналының бірге жүретін отбасы мүшелерiн материалдық және әлеуметтiк қамтамасыз ету өткеретін қызметiнiң күрделілігі, онымен байланысты тәуекел, сондай-ақ шет мемлекеттiң өзiндiк ерекшелiктерi ескерiле отырып ұсынылады.
Шет елде болу дипломатиялық қызмет персоналын және дипломатиялық қызмет персоналының бірге жүретін отбасы мүшелерiн қандай да бір залалға алып келмеуге тиiс. Шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналына және дипломатиялық қызмет персоналының бірге жүретін отбасы мүшелерiне қатысты көмек көрсету және қорғауды ұйымдастыру жөніндегі мiндеттердi шет елдегi мекеменiң басшысы орындайды.
Дипломатиялық қызмет қызметкері немесе дипломатиялық қызмет жұмыскері шет елдегі мекемеде жұмыс істеген уақытында ауырған жағдайда, дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында айқындалған мөлшерде жәрдемақы алуға құқығы бар.
Дипломатиялық қызмет қызметкері немесе дипломатиялық қызмет жұмыскері шет елдегі мекемеде жұмыс істеген уақытында қайтыс болған жағдайда, қайтыс болған дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерінің жұбайына (зайыбына) немесе "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес айқындалатын жақын туыстарының біріне үш орташа айлық жалақы мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді, бұл ретте жәрдемақы мөлшері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленгеннен төмен болмайды.
Шет елдегі мекемеде жұмыс істеген уақытында дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерінің отбасында бала туылған жағдайда, дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерінің Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде айқындалған мөлшерде жәрдемақы алуға құқығы бар.
Шет елдегi мекемеде жұмыс істеген уақытында дипломатиялық қызмет персоналының отбасы мүшелері ауырған, қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған мөлшерде жәрдемақы алуға құқығы бар.
2. Шет елдегі мекемеге жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерінің жұбайы (зайыбы) аталған тағайындау туралы шешім қабылданған кезде мемлекеттік қызметте мемлекеттік лауазымды атқарып жүрген жағдайда, оған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, Қазақстан Республикасына оралғаннан кейін оның мемлекеттік қызметте бұрын атқарған мемлекеттік лауазымы дипломатиялық қызмет персоналының шет елдегі мекемеде жұмыс істеу кезеңінде сақтала отырып, дипломатиялық қызмет персоналының бірге жүретін отбасы мүшесі ретінде жұбайының (зайыбының) шет елге шығу кезеңіне жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі.
3. Дипломатиялық қызмет персоналына және дипломатиялық қызмет персоналының бірге жүретін отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін дипломатиялық қызмет персоналының шет елдегі еңбек жағдайларына сәйкес бюджет қаражаты есебінен медициналық қамтамасыз ету ұсынылады.
4. Шет елдегі мекемеде жұмыс істейтін дипломатиялық қызмет персоналының және дипломатиялық қызмет персоналының бірге жүретін отбасы мүшелерінің жыл сайынғы ақы төленетін демалыс берілуіне байланысты екі жаққа көлік шығыстарының төлемін алуға құқығы бар.
Шет елдегі мекемеде жұмыс істейтін дипломатиялық қызмет қызметкерінің немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерінің, сондай-ақ оның жұбайының (зайыбының) дипломатиялық қызмет персоналы отбасы мүшелерінің немесе жұбайының (зайыбының) ата-анасының (ата-аналарының) қайтыс болуына байланысты екі жаққа көлік шығыстарының төлемін алуға құқығы бар.
5. Дипломатиялық қызмет персоналы өзiмен бiрге тұратын отбасы мүшелерiнiң саны, лауазымдық жағдайы, жергiлiктi жағдай, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі айқындайтын нормативтер ескерiле отырып, шет елде тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.
6. Шет елдегi мекемеде жұмыс істеген уақытында дипломатиялық қызмет персоналының балаларына мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта бiлiм беру Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде бюджет қаражаты есебiнен төленеді.
7. Шет елдердегi мекемелерде бос әкiмшiлiк-техникалық лауазымдар болған кезде дипломатиялық қызмет персоналының шет елдегi бірге жүретін отбасы мүшелерiне уақытша жұмысқа орналасу құқығы берiлуi мүмкiн.
8. Қарулы немесе азаматтық қақтығыстар жағдайында не шет елдердегi мекемелер мен олардың персоналының қауiпсiздiгiне қатер төнген жағдайларда, сондай-ақ шет елдердегi мекемелер орналасқан жерлерде төтенше жағдай болған жағдайларда Сыртқы iстер министрлiгi дипломатиялық қызмет персоналының және дипломатиялық қызмет персоналының бiрге жүретін отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және оларды қорғауды ұйымдастыру үшiн қажеттi шаралар қабылдайды.
9. Дипломатиялық қызмет қызметкерi немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан не шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде алған жарақаты салдарынан бiр жыл ішінде қайтыс болған жағдайда, қайтыс болған дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерiнiң жұбайына (зайыбына) немесе "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес айқындалатын жақын туыстарының біріне оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша өтемақыны есепке жазу күніне өтілі бойынша лауазымдық айлықақысынан есептелетiн алпыс айлық қамтым мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
10. Дипломатиялық қызмет қызметкері немесе дипломатиялық қызмет жұмыскері шет елдегi мекемеде жұмыс істеген уақытында қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, дипломатиялық қызмет персоналының бірге жүретін отбасы мүшелеріне, ақылға қонымды мерзім ішінде, бірақ дипломатиялық қызмет қызметкері немесе дипломатиялық қызмет жұмыскері қаза тапқан (қайтыс болған) күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде осы бапта көзделген кепілдіктер мен өтемақылар сақталады.
11. Дипломатиялық қызмет қызметкерi немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан жағдайда, қаза тапқан адамның отбасының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда және тәртiппен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай алуға құқығы бар.
12. Дипломатиялық қызмет қызметкерiне немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерiне шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде ауруы, мертiгуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы) салдарынан болған мүгедектiк белгiленген кезде оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша өтемақыны есепке жазу күніне өтілі бойынша лауазымдық айлықақысынан есептелетін:
1) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға – отыз айлық қамтым;
2) екінші топтағы мүгедектігі бар адамға – он сегіз айлық қамтым;
3) үшінші топтағы мүгедектігі бар адамға алты айлық қамтым мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
13. Дипломатиялық қызмет қызметкерi немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке алып келмеген ауыр мертiккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) жағдайда, оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша өтемақыны есепке жазу күніне өтілі бойынша лауазымдық айлықақысынан есептелетiн – үш айлық қамтым мөлшерiнде, жеңiл мертiгу жағдайында бiр айлық қамтым мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
14. Егер дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе дипломатиялық қызмет жұмыскерiнiң қаза табуы (қайтыс болуы), ауруы, мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы) қызметтiк мiндеттерiн орындауға қатысы жоқ мән-жайларға байланысты болғаны белгiленген тәртiппен дәлелденсе, осы баптың 9, 12 және 13-тармақтарында көрсетілген сома төленбейдi.
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 7 наурыздағы N 299 Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметi жұмысының құқықтық негіздерін, сондай-ақ ұйымдастырылу тәртібiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы