35-бап. Әскери қызметке шақыруды кейiнге қалдыру Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы Заңы
1. Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға мынадай негіздер бойынша:
1) отбасы жағдайлары бойынша;
2) білім алуды жалғастыру үшін;
3) денсаулық жағдайы бойынша;
4) басқа да себептер бойынша беріледі.
2. Отбасы жағдайлары бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
1) басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын, Қазақстан Республикасының аумағында онымен бiрге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе басқа да адамдар болмаған кезде заң бойынша аталған отбасы мүшелерін асырауға мiндетті азаматтарға беріледі.
Басқа адамның көмегiне және күтіміне мұқтаж отбасы мүшелерi:
әкесi, анасы, зайыбы, сондай-ақ әскерге шақырылушының ата-анасы болмаған жағдайда, зейнеткер жасына толған немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын атасы мен әжесi, егер олар оның асырауында болса;
ата-анасы болмаған жағдайда, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын немесе он сегіз жасқа толмаған аға-інілерi, апа-сіңлілері;
әскерге шақырылушыдан басқа бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын немесе он сегiз жасқа толмаған бiр және одан да көп балалары бар және оларды жұбайынсыз (зайыбынсыз) тәрбиелеп отырған анасы (әкесi);
өзінің асырауында жасы бойынша еңбекке қабiлетсiз немесе бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар болып табылатын бiр және одан да көп жалғызiлiктi туыстары (әкесi, анасы, аға-інілерi, апа-қарындастары) бар және оларды жұбайынсыз (зайыбынсыз) асырап отырған анасы (әкесi);
бiріншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адам болып табылатын, екіншiсiн өзi асырайтын және әскерге шақырылушыдан басқа он сегiз жасқа дейінгі бiр және одан да көп бала тәрбиелеп отырған ата-анасының бiрi;
отбасы мүшелерінің бірінің мүгедектігі бар және әскерге шақырылушы отбасында жалғыз ер бала болып табылады;
2) өзiнiң асырауында:
анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары);
ата-анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе сот бас бостандығынан айыруға соттауына байланысты кемiнде екi жыл тәрбиесiнде және асырауында болған адамдар бар азаматтарға;
3) некеде тұрған және бiр және одан да көп баласы бар азаматтарға мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру беріледі.
3. Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру тиісті білім беру деңгейіндегі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын азаматқа азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес бүкіл оқу кезеңіне беріледі.
Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру рухани (діни) білім беру ұйымдарында білім алатын азаматтарға, егер осы ұйым Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес білім беру қызметін жүзеге асырған жағдайда беріледі.
Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру білім берудің әрбір деңгейі үшін бір рет беріледі.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім алып жатқан азаматқа әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру резидентурада, магистратурада немесе докторантурада оқу кезінде тиісінше бір рет беріледі.
Білім алуды жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру шет мемлекеттердің оқу орындарында қашықтан оқытуды қолдану арқылы білім алатын азаматтарға берілмейді.
4. Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға әскерге шақыру комиссиясының шешiмiмен бiр жылға дейінгi мерзiмге беріледi.
5. Басқа себептер бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру:
1) мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, мамандандырылған, арнаулы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, балаларға қосымша білім беру ұйымдарында, сондай-ақ әдістемелік кабинеттерде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерге – жұмыс істеп жүрген бүкіл кезеңіне;
2) тиiстi бiлiмi бар, мамандығы бойынша ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс iстейтiн дәрiгерлерге – денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс iстеп жүрген барлық кезеңiне;
3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына – олардың депутаттық өкілеттігi мерзiміне;
4) өздеріне қатысты анықтау, алдын ала тергеу жүргiзiліп жатқан немесе соттар қылмыстық iстерiн қарап жатқан адамдарға – тиiсiнше анықтау, тергеу аяқталғанға немесе сот үкiмi күшіне енгенге дейiн;
4-1) азаматтық әуе кемелерінің ұшу экипажының мүшелеріне, тиісті білімі бар азаматтық авиация инженерлеріне, механиктеріне және техниктеріне азаматтық авиация ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңге;
5) кемелер экипаждарының тиісті білімі бар мүшелеріне су көлігі ұйымдарында жұмыс істеген бүкіл кезеңге;
6) құқық қорғау органдарының және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан адамдарға беріледі.
6. Осы Заңның 41-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес запасқа қойылған азаматтарға осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында, 3, 4 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларда әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру беріледі.
7. Әскери жиындарға шақыру кейінге қалдырылмайды.
8. Денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруды қоспағанда, жұмылдыру бойынша, соғыс жағдайы кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру кезiнде азаматтарды әскерге шақыруды кейінге қалдыру тоқтатыла тұрады.
9. Денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруды қоспағанда, жеке өтінішін, ал осы баптың 2-тармағына сәйкес кейінге қалдыруға құқығы болған кезде – мүдделi адамдардан нотариат куәландырған тиiстi құжат ұсынылған кезде азаматтар азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларында айқындалатын тәртіппен әскерге шақыруды кейiнге қалдырудан бас тартуға құқылы және әскери қызметке шақырылуы мүмкін.
10. Осы бапта көзделген әскерге шақыруды кейiнге қалдыру үшін негiздерінің күші жойылған азаматтар осы Заңда белгіленген тәртiппен әскерге шақырылуға жатады.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы № 561-IV Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызметті өткеруі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі мемлекеттік саясат негіздерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы