593-бап. Шет мемлекетке беруді кейінге қалдыру және адамды уақытша ұстап беру (экстрадициялау) ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Адамды ұстап беру (экстрадициялау) туралы шешім қабылданғаннан кейін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе оның орынбасары мынадай жағдайда, егер:
1) өзіне қатысты ұстап беру (экстрадициялау) туралы шешім қабылданған адам Қазақстан Республикасының аумағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылып немесе жазасын өтеп жатса – сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе сот талқылауы аяқталғанға, жазасын өтегенге немесе жазадан қандай да бір заңды негіздер бойынша босатылғанға дейін;
2) өзіне қатысты ұстап беру (экстрадициялау) туралы шешім қабылданған адам ауыр науқастан зардап шегіп жатса және оны өзінің денсаулық жағдайы бойынша денсаулығына зиян келтірмей ұстап беру (экстрадициялау) мүмкін болмаса – адам сауыққанға дейін шет мемлекетке оны нақты беру кейінге қалдырылуы мүмкін.
2. Адамды нақты беруді одан әрі кейінге қалдыру үшін осы баптың бірінші бөлігінде көзделген негіздер болмаған жағдайда, ұстап берілген (экстрадицияланған) адамға қатысты осы Кодексте белгіленген тәртіппен экстрадициялық қамаққа алу қолданылады.
3. Егер кейінге қалдыру кезеңінде адамды ұстап беруге (экстрадициялауға) кедергі келтіруі мүмкін мән-жайлар туындаса, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының ұстап беру (экстрадициялау) туралы өз шешімін қайта қарауға құқығы бар.
4. Егер нақты беруді кейінге қалдыру қылмыстық қудалаудың ескіру мерзімінің өтуіне әкеп соқса немесе шет мемлекетте қылмысты тергеп-тексеруге залал келтірсе, ұстап берілуі (экстрадициялануы) сұратылып отырған адам уақытша ұстап берілуі мүмкін.
5. Уақытша ұстап берілген (экстрадицияланған) адам ол үшін ұстап берілген (экстрадицияланған) қылмыстық іс бойынша процестік әрекеттер жүргізілгеннен кейін, бірақ адам берілген күннен бастап тоқсан тәуліктен кешіктірілмей қайтарылуға тиіс. Өзара уағдаластық бойынша осы мерзім ұзартылуы, бірақ Қазақстан Республикасының аумағында жасалған қылмыс үшін өтелмеген жазасының мерзімінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы