Мүлікті ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі деп тани отырып, салық мөлшерін азайтып, өсімпұлды жою туралы талап
Талап қоюшы А. жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің (бұдан әрі – Басқарма, салық органы) 2017 жылғы 24 қарашадағы № 331028900204 хабарламасының күшін жою немесе мүлікті ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі деп тани отырып, салық мөлшерін азайтып, өсімпұлды жою туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген. Қызылорда қалалық сотының 2018 жылғы 19 ақпандағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған, яғни басқарманың 2017 жылғы 24 қарашадағы № 331028900204 хабарламасының күші жойылып, арыздың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 28 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің арызды қанағаттандырған бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде оны қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдаған. А. өзінің өтінішхатында іс бойынша қабылданған апелляциялық соттың актісімен келіспей, келтірілген тұжырымдар істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, қаулының күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Іс материалдарына қарағанда, Қызылорда қаласы Х.Бектұрғанов көшесі 13-үй, 31-пәтерге меншік құқығы Е.-нің атына 1995 жылы сатып алу-сату шарты негізінде танылған. Аталған жылжымайтын мүлік 2016 жылғы 13 сәуірдегі № 1966 пәтерді сыйға тарту шарты негізінде Е.-нің жұбайы А.-ға берілген.
Мүлікті ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі деп тани отырып, салық мөлшерін азайтып, өсімпұлды жою туралы талап
Уәкілетті органда пәтерді сыйға тарту шарты 2016 жылғы 14 сәуірде тіркелген. Сыйға тартылған жылжымайтын мүлікті сыйға алушы А. 2016 жылғы 13 маусымдағы № 3-2761 сатып алу-сату шарты негізінде Ж.-ға пәтерді 3 600 000 теңгеге сатқан және сатып алушының меншік құқығы уәкілетті органда 2016 жылғы 14 маусымда тіркелген. Қызылорда облысы бойынша Әділет департаментінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 6-9/13349 хатындағы құқықтық кадастр мәліметіне сәйкес, А. Қызылорда қаласы, Х.Бектұрғанов көшесі, 13-үй, 31-пәтерін жеке тұлға А.-ның меншік құқығында жылжымайтын мүлікті меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт ішінде болғандығы анықталған. Талап беруші А.-ға салық міндеттемелерін уақтылы орындамағаны, жеке мүлік салығы бойынша декларация тапсырмағаны және жеке мүлік табысы бойынша салық төлемдерін төлемегені үшін, оған анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы 2017 жылғы 24 қарашада № 331028900204 хабарлама жолданған. Алайда А. аталған хабарламамен келіспей, сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот А.-ның талап арызын ішінара қанағаттандырған, яғни А.-ға аталған Қызылорда қаласы, Х.Бектұрғанов көшесі № 13-үй, 31-пәтерді зайыбы Е. сыйға берген, аталған мүлікке соңғының меншік құқығы 1995 жылғы 29 тамызда тіркелген, А. мен Е.-нің арасындағы неке АХАЖ бөлімінде 1974 жылғы 20 қазанда тіркелген, некелері бұзылмаған, сондықтан пәтер ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезінде алынған мүлік болып табылады. Сол себептен пәтер мүлікті өткізу кезінде түсетін кіріске жатпайды деген қорытындыға келген. Алайда апелляциялық сот алқасы сот шешімін өзгерткен кезде, аталған пәтерге А.-ның меншік құқығы 2016 жылғы 14 сәуірінде тіркеліп, ол бұл пәтерді бір жыл ішінде, яғни 2016 жылдың 14 маусымда Ж.-ға 3 600 000 теңгеге сатқан, сондықтан осы сома мүлікті өткізген кезде түсетін кіріске жатады, яғни салықтық міндеттеме туындайды деген қорытындыға келген. Аталған апелляциялық сатыдағы соттың бұл қорытындылары негізсіз болғандықтан, заң нормаларына қайшы келеді.
Талап қоюшы А.-ның мүлікті ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі деп тани отырып, салық мөлшерін азайтып, өсімпұлды жою туралы талабының бөлігінде арызын қанағаттандырмау туралы соттар заңды және негізді шешім қабылдаған, алайда жауапкер сот актілерінің бұл бөлігін дауламаған. Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін асқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Кодексінің 331-бабына сәйкес, жеке тұлғаның мүлікті өткізуі кезінде құн өсімінен түсетін кіріс мынадай мүлікті өткізген кезде туындайды: 1) меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт ішінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында болған тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық объектілері. Осы баптың 1-тармағының 1) – 7) тармақшаларында көрсетілген мүлікті өткізу кезінде мүлікті өткізу бағасы (құны) мен оны сатып алу бағасы (құны) арасындағы оң айырма құн өсімінен түсетін кіріс болып табылады. Осы заң талабына сай жылжымайтын мүлікке меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт ішінде меншік құқығында болған жағдайда салықтық міндеттеме туындайды. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 223-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған кез келген жылжитын және жылжымайтын мүліктері, бөлуге жататын біріккен ортақ меншік болып табылады. Қазақстан Республикасы «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 33-бабының 1-бөлігіне сәйкес ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады. Іс материалдарынан анықталғандай жоғарыда көрсетілген пәтерді ерлі-зайыптылар А. мен Е. бірлесіп сатып алып, соңғының атына меншік құқығын 1995 жылғы 29 қыркүйекте сатып алу-сату шарты негізінде тіркеген және пәтерді 21 жыл бойы ерлі-зайыптылар ортақ мүліктері ретінде бірге иеленіп келген. Аталған жылжымайтын мүлікті 2016 жылғы 13 сәуірде жұбайы Е. А.-ға сыйға тартқан. Сот алқасы 1995 жылы осы пәтерді сатып алған кезде Қазақстан Республикасының заңнамаларында ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі екеуінің атына бірдей тіркелуі қажет деген заң нормаларының болмағанын апелляциялық сот алқасы ескермеген деп санайды. АК-нің 160-бабының 2-бөлігіне сай егер мәміле екінші бір мәмілені (қулықпен) бүркемелеу мақсатында жасалса, тараптар шын мәнінде ойлаған мәмілеге қатысты ережелер қолданылады.
Сот алқасы пәтерді сыйға тарту туралы шартты тараптар шын мәнінде сенімхат берудің орнына жасаған деп таниды, сондықтан пәтерді сыйға тарту шарты жарамсыз деп танылуға жатады. Істің мұндай тұрғысында салық органының даулы хабарламаны шығаруына негіз болмаған, себебі аталған пәтер А.-ның меншігіне 2016 жылғы 14 сәуірде ғана өткен деп санауға болмайды, бұл пәтер 1995 жылдан бастап оның меншігінде болып келген. Апеляциялық сатыдағы сот істі қараған кезде осы мән-жайларды ескермей, тараптар арасындағы құқықтық қатынастарға және ұсынылған дәлелдемелерге дұрыс баға бермей, нәтижесінде заңсыз сот актісін қабылдаған. Аталған заң бұзушылықтар Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 438-бабының 5-бөлігіне және «Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 30-тармағына сәйкес, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға негіз болады. Жоғарыда баяндалғанның негізінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын өзгертті, яғни аталған қаулының Қызылорда қалалық сотының 2018 жылғы 19 ақпандағы шешімін өзгерткен бөлігінің күшін жойып, істің бұл бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырды. Сот актісінің қалған бөлігі күшінде қалдырылып, талап қоюшы А.-ның өтінішхаты қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы