Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 284-бабына түсініктеме. Радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды жымқыру не қорқытып алу
1. Радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды жымқыру не қорқытып алу —
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекет, егер:
1) адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған;
2) бірнеше рет жасалған; адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған; өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану арқылы не осындай күш қолдану қатерін төндіру арқылы жасалған болса, —
мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей, төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер:
1) өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану арқылы не осындай күш қолдану қатерін төндіру арқылы жасалған;
2) қылмыстық топ жасаған болса, —
мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды жымқыру не қорқытып алу кезінде қоғамға, жеке адамға, меншікке зиян келтірілуінен немесе зиян келтіру қаупінің туындауынан көрінеді.
Бұл қылмыстың объектісі радиоактивті материалдар айналымы саласындағы қоғамдық қауіпсіздік болып табылады.
Қосымша объектісі ретінде адамдардың өмірі мен денсаулығы, меншік, радиациялық және ядролық қауіпсіздік танылады.
Қылмыстың заты радиоактивті заттар, радиоактивті қалдықтар немесе ядролық материалдар болып табылады (ҚК-нің 283-бабына түсініктемені қараңыз).
Қылмыстың объективтік жағы радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды жымқыру не қорқытып алу арқылы көрініс табады.
ҚК-нің 3-бабының 17) тармағына сәйкес, жымқыру — пайдакүнемдік мақсатта жасалған, бөтен мүлікті меншік иесіне немесе өзге де иеленушіге залал келтіре отырып, кінәлі адамның немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз және өтеусіз алып қою және (немесе) айналдыру. Түсініктеме беріліп отырған бапқа қатысты жымқыру дегеніміз — радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды не оларға құқықты ұрлық, тонау, қарақшылық, қорқытып алу, алаяқтық, иемденіп алу, ысырап ету жолымен қасақана, заңсыз және өтеусіз иеленіп алу.
Жымқырудың аяқталу сәті радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды иеленіп алу тәсіліне байланысты болады. Қарақшылық пен қорқытып алуды қоспағанда, қылмыс радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды иеленіп алған және кінәлі адамның оларды өз қалауы бойынша билік етуге нақты мүмкіндігі туған кезден бастап аяқталған болып есептеледі. Қарақшылық кезінде қылмыс шабуыл жасалған адамға өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданумен не оны қолдану қатерін төндірумен ұштасқан, радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды тікелей иеленіп алу мақсатында жасалған шабуыл сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі.
Радиоактивті материалдарды қорқытып алу деп оларды күш қолдану, бөтен мүлікті жою немесе бүлдіру қатерімен, сондай-ақ жәбірленушінің немесе оның жақындарының ар-намысына тиетін мәліметтерді не жәбірленушінің және оның жақындарының құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді жария ету қатерімен беруді талап етуді түсіну қажет.
Радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды қорқытып алу оларды беру туралы талап қойылған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Адам өз әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігін сезінеді, қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігі мен болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын қалайды.
Қылмыстың субъектісі — 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 284-бабының 2-бөлігі 1-бөлікте көзделген іс-әрекетті мынадай жағдайларда жасағаны үшін жауаптылық белгілейді:
адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
бірнеше рет;
адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану арқылы не осындай күш қолдану қатерін төндіру арқылы.
Егер қылмысқа қатысқан адамдар қылмысты бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласқан болса, қылмыс адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған деп танылады.
Түсініктеме беріліп отырған баптың диспозициясында көрсетілген радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобының жасағаны белгісімен кінәлі адамдардың әрекеттерін саралау кезінде екі немесе одан да көп адамның жымқыруға қатысты кез келген нысанда білдірілген уағдаластығының болған-болмағанын, осы адамдардың сөз байласуы аталған материалдарды иеленуге тікелей бағытталған әрекеттер басталғанға дейін, яғни орындаушылардың кем дегенде біреуі қылмыстың объективтік жағын құрайтын әрекеттерді орындағанға дейін болған-болмағанын анықтау қажет.
Егер қылмысты жасау үшін екі немесе одан да көп адамның ортақ күш-жігері біріктірілсе және алдын ала бөлінген рөлдерге сәйкес әрбір сыбайлас қатысушының әрекеттері басқа сыбайлас қатысушылардың әрекеттерін жасауы үшін қажетті шарт болып табылса әрі барлық сыбайлас қатысушылардың қызметінен туындаған ортақ қылмыстық нәтижемен себептік байланыста болса, жымқыру адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған белгісімен де сараланады. Мұндай жағдайларда қылмысқа екі немесе одан да көп орындаушының қатысуы міндетті емес, сыбайлас қатысушылардың өзге түрлері болған кезде бір орындаушының болуы жеткілікті.
Жымқыруға қатысқан басқа сыбайлас қатысушылармен алдын ала сөз байласпаған, бірақ қылмысты олар жасаған кезде оларға қосылып, қатысқан адам өзі нақты жасаған әрекеттері үшін қылмыстың бірлесіп орындаушысы ретінде жауаптылықта болуға тиіс.
Осы қылмыс түрі үшін қылмыстық жауаптылық туындайтын жасқа толмаған адаммен немесе есі дұрыс емес деп танылған адаммен қасақана бірлесіп жасалған іс-әрекет адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған деп бағаланбайды. Мұндай жағдайларда қылмыстың субъектісі деп танылған адам жымқырудың орындаушысы ретінде танылуға тиіс және оған негіздер болған кезде оның әрекеттері қосымша түрде ҚК-нің «Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту» туралы 132-бабы бойынша саралануға тиіс.
Бірнеше рет жасау деп, бұрын жасалған қылмыстары үшін адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған немесе сотталмаған жағдайда, ҚК-нің 284-бабында немесе осы баптың бір бөлігінде көзделген екі немесе одан да көп қылмысты кез келген ретпен жасауды түсіну қажет.
Қызмет бабын пайдалану, ең алдымен, өзінің қызмет бабын теріс пайдалануды, заңда немесе өзге де нормативтік құқықтық актіде айқындалған қызметтік өкілеттіктерінен артықшылықтар мен пайда табуды не қызмет түріне (мемлекеттік немесе мемлекеттік емес) қарамастан, қызметтік байланыстары мен қызмет беделін пайдалануды білдіреді. Адам радиоактивті заттардың, радиоактивті қалдықтардың немесе ядролық материалдардың айналымына байланысты белгілі бір билік өкілеттіктеріне ие болуға тиіс.
Өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану деп жәбірленушіге қысқа мерзімді денсаулықтың бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін болмашы тұрақты жоғалтуға әкеп соқпаған дене ауруын келтіруге байланысты ұрып-соғуды немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасауды түсіну қажет.
ҚК-нің 284-бабының 3-бөлігі 1 және 2-бөліктерде көзделген іс-әрекеттерді мынадай жағдайларда жасағаны үшін жауаптылық белгілейді:
өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану арқылы не осындай күш қолдану қатерін төндіру арқылы. Мұндай күш қолдану деп қаруды немесе денсаулыққа зиян келтіруге бейімделген, қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолдана отырып денсаулыққа зиян келтіруді, сондай-ақ жәбірленушінің денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан өзге де күш қолдануды түсіну қажет. Жеңіл зиян да, егер ол жәбірленушінің өмірі немесе денсаулығы үшін қауіпті жағдайларда келтірілсе (мысалы, дененің өмірлік маңызды бөліктеріне аяқпен немесе қолмен бірнеше рет соққы жасау және т.б. және оны емдеу үшін амбулаториялық немесе стационарлық емдеу қажет болған жағдайда), жәбірленушінің өмірі немесе денсаулығы үшін қауіпті деп танылуы мүмкін;
қылмыстық топ жасаған (ұйымдасқан қылмыстылықтың түрлері туралы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағына, 31-бабының 3-бөлігіне түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 284-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 284-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар