Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 85-бабына түсініктеме. Тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шараларының мазмұны мен оларды қолдану мерзімдері
Ескерту кәмелетке толмаған адамға оның әрекетімен келтірілген зиянды және осы Кодексте көзделген құқық бұзушылықтарды қайталап жасаудың салдарын түсіндіруден тұрады.
Қадағалауға беру ата-аналарына немесе олардың орнындағы адамдарға не мамандандырылған мемлекеттік органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік ықпал ету және оның мінез-құлқын бақылау жөніндегі міндеттерді жүктеуден тұрады.
Келтірілген зиянды қалпына келтіру міндеті кәмелетке толмаған адамның мүліктік жағдайы мен оның тиісті еңбек дағдыларының болуын ескере отырып жүктеледі.
Бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу белгілі бір орындарға баруға, бос уақытты өткізудің белгілі бір нысандарын, оның ішінде механикалық көлік құралын басқаруға байланысты нысандарын пайдалануға тыйым салуды, тәуліктің белгілі бір уақытынан кейін үйден тыс жерде болуын, мамандандырылған мемлекеттік органның рұқсатынсыз басқа жерлерге шығуын шектеуді көздеуі мүмкін. Сондай-ақ кәмелетке толмаған адамға білім беру ұйымына қайтып оралу, оқуын жалғастыру немесе аяқтау не мамандандырылған мемлекеттік органның көмегімен жұмысқа орналасу талабы қойылуы мүмкін. Осы тізбе түпкілікті болып табылмайды.
Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына алты айдан екі жылға дейінгі мерзімге орналастыруды сот орташа ауырлықтағы қасақана қылмыс немесе ауыр қылмыс жасаған кәмелетке толмаған адамға тағайындауы мүмкін. Аталған ұйымдарда болу адамның кәмелетке толуына байланысты, сондай-ақ түзетуді қамтамасыз ететін мамандандырылған мемлекеттік органның қорытындысы негізінде сот кәмелетке толмаған адамды түзету үшін бұдан әрі осы шараны қолдану қажет емес деген қорытындыға келген жағдайда мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Осы баптың бесінші бөлігінде көзделген мерзім өткеннен кейін ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болу мерзімін ұзартуға кәмелетке толмаған адамның жалпы білім беру немесе кәсіптік даярлығын аяқтауы қажет болған жағдайда ғана жол беріледі, бірақ ол кәмелетке толғанға дейінгі мерзімнен аспауға тиіс.
Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында кәмелетке толмаған адамдардың болу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
Кәмелетке толмаған адам жәбірленушіден келтірілген зиян үшін жеке өзі кешірім сұрайды.
Пробациялық бақылау осы Кодекстің 44-бабы екінші бөлігінің қағидалары бойынша бір жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
Осы Кодекстің 84-бабы бірінші бөлігінің 2) және 4) тармақтарында көзделген тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шараларын қолдану мерзімі қылмыстық теріс қылық жасаған кезде алты айға дейін, онша ауыр емес қылмыс жасаған кезде алты айдан бір жылға дейін, орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған кезде бір жылдан екі жылға дейін және ауыр қылмыс жасаған кезде екі жылдан үш жылға дейінгі ұзақтықта белгіленеді.
Кәмелетке толмаған адам тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шарасын бір жыл ішінде екі және одан да көп рет қасақана орындамаған жағдайда, бұл шара мамандандырылған мемлекеттік органның ұсынуы бойынша соттың қаулысымен тоқтатылады және егер қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтпеген болса, материалдар кәмелетке толмаған адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін жіберіледі.
Түсіндіріліп отырған бапта тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шараларының әрбір түрінің мазмұны ашылады. Бұл ретте кәмелетке толмағандарға тән өзін-өзі бақылау деңгейінің төмендігі олардың мінез-құлқына сыртқы бақылауды қамтамасыз ететін өзге де шараларды таңдалған тәрбиелік ықпал ету шарасымен қатар қабылдауды талап ететінін ескеру қажет.
ҚР ҚК 85-бабының 1-бөлігіне сәйкес ескерту кәмелетке толмаған адамға оның әрекетімен келтірілген зиянды және ҚК-де көзделген құқық бұзушылықтарды қайталап жасаудың салдарын түсіндіруден тұрады.
Ескертудің формальды сипатта болмауы өте маңызды. Өзінің тәрбиелік ықпалы бойынша ескерту кәмелетке толмаған адамға өзінің мінез-құлқының құқыққа қайшы екенін түсінуге көмектесу және осыдан дұрыс қорытынды шығара отырып, алдағы уақытта қоғамдық тәртіп ережелері мен құқықтық нормаларды саналы түрде сақтауды мақсат етуге тиіс. Ескерту қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатылған кәмелетке толмаған адамға таза психологиялық ықпал етеді. Оның үстіне, бұл — орындалмауы тәрбиелік ықпал ету шараларының күшін жоюға әкеп соқпайтын ықпал ету шараларының бірі, өйткені ескерту босатылған адамға ешқандай міндет жүктемейді. Сондықтан судьяның сотталған адаммен мазмұнды әрі шынайы әңгімелесуі кәмелетке толмаған адамның жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасамауының кепілі болып табылады.
Сот кәмелетке толмаған адамға оның мінез-құлқының зиянды екенін түсіндіруге, оның жәбірленушілерге қандай қайғы-қасірет әкелгенін көрсетуге, жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың салдарын түсіндіруге міндетті. Ескерту кәмелетке толмаған адамда жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жазасыз қалу сезімін туғызбауға тиіс.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігіне сәйкес қадағалауға беру ата-аналарына немесе олардың орнындағы адамдарға не мамандандырылған мемлекеттік органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік ықпал ету және оның мінез-құлқын бақылау жөніндегі міндеттерді жүктеуден тұрады. Осы мәжбүрлеу шарасын қолданған кезде ата-аналардың осы міндетті орындау тәсілдері шектеледі, ата-ананың міндеті нақтыланып, оған, мысалы, баланың бос уақытын бақылауды қамтамасыз ету, баланың белгілі бір уақыттан кейін үйден шығуына жол бермеу және т.б. тапсырылады. Бұл шара ата-аналар мен басқа да адамдарға олардың баласының (қамқорлығындағы адамның) жауаптылыққа тартылуы мүмкін екендігі туралы өзіндік ескерту болып табылады және оларды тәрбиелеу қызметін неғұрлым белсенді жүзеге асыруға ынталандыруды көздейді.
Ата-аналар мен басқа да адамдар қадағалау міндетін қабылдауға келіспеген немесе денсаулық жағдайына, материалдық жағдайына, жасөспірімге тиімді бақылау жүргізу мүмкіндігінің болмауына және көрсетілген адамдардың адамгершілік қасиеттеріне, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттеріне теріс көзқарасына байланысты өз міндеттерін тиісінше орындай алмаған жағдайда, мамандандырылған мемлекеттік органға басымдық беріледі.
ҚР Жоғарғы Соты «Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары және оларды қылмыстық құқық бұзушылықтар мен өзге де қоғамға жат әрекеттер жасауға тарту жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 11-тармағында істің нақты мән-жайлары мен кәмелетке толмаған адамның өмір сүру және тұрмыс жағдайлары туралы деректерді негізге ала отырып, бұлтартпау шарасы ретінде оны ата-аналарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының және сенімге лайық басқа да адамдардың, сондай-ақ ол орналасқан және заңға сәйкес баланың құқықтарын қорғау функцияларын жүзеге асыратын ұйымның қарауына беру шарасын кеңінен қолдану қажеттігін көрсетеді. Алайда бұл ретте кәмелетке толмаған адамды ата-аналары мен басқа да адамдардың қарауына беру олардың жазбаша өтініші бойынша ғана мүмкін екенін ескеру қажет.
Егер кәмелетке толмаған айыпталушы өмір сүру және тәрбиелену жағдайлары бойынша бұрынғы тұрғылықты жерінде бола алмаса, ҚПК-нің 540-бабына сәйкес қылмыстық процесті жүргізетін органның қалауы бойынша ол заңға сәйкес баланың құқықтарын қорғау функцияларын жүзеге асыратын ұйымға орналастырылуы немесе патронатқа берілуі мүмкін.
Түсіндіріліп отырған баптың 10-бөлігіне сәйкес қадағалауға беру сияқты шара мынадай мерзімдерге белгіленеді.
Алты айға дейін — қылмыстық теріс қылық жасаған кезде,
алты айдан бір жылға дейін — онша ауыр емес қылмыс жасаған кезде;
бір жылдан екі жылға дейін — орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған кезде;
екі жылдан үш жылға дейін — ауыр қылмыс жасаған кезде.
Ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың не мамандандырылған мемлекеттік органның қадағалауына беру түріндегі тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шаралары кәмелетке толмаған адамға, соттың пікірінше, оны түзету немесе қайта тәрбиелеу үшін не оның он сегіз жасқа толуына дейін қажетті мерзім ішінде қолданылуы мүмкін, бұл туралы үкімде көрсетілуге тиіс (ҚР ЖС 2002 жылғы 11 сәуірдегі НҚ-сының 15-тармағы).
Келтірілген зиянды қалпына келтіру міндеті түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған адамның мүліктік жағдайы мен еңбек дағдыларын ескере отырып тағайындалады. Азаматтық заңнама моральдық зиянды мүліктік өтеуді көздейді, алайда кейбір жағдайларда жәбірленушінің келісімімен моральдық зиянды құқық бұзушының кешірім сұрауы арқылы қалпына келтіруге болады. Қылмыстық іс бойынша азаматтық талапты қараған кезде АК-нің 926-бабына сәйкес 14 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамдардың келтірілген зиян үшін (оның ішінде моральдық зиян үшін) жалпы негіздерде дербес жауаптылықта болатынын негізге алу қажет. Мысалы, Қарағанды политехникалық колледжінің оқушысы кәмелетке толмаған Т. полицияға телефон шалып, колледж ғимаратына бомба қойылғаны туралы хабарлаған. Тергеу барысында Т.-ның сабаққа дайын болмағаны және сондықтан сабақты болдырмау мақсатында полицияға қоңырау шалғаны анықталған. Сот талқылауы барысында сот Т.-ның қылмысты алғаш рет жасағанын, тұрғылықты жері мен оқу орны бойынша оң сипатталатынын, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекцияның есебінде тұрмағанын, сондай-ақ оқудан кейін жеке шеберханада автослесарь болып қосымша жұмыс істейтінін анықтаған. Сот Т.-ны жазадан босату туралы қаулы шығарып, оған тәрбиелік ықпал ету шараларын, атап айтқанда «ескерту және осы оқиғаға байланысты оқиға орнына барған мемлекеттік ұйымдарға келтірілген залалды қалпына келтіру міндетін жүктеу» шараларын тағайындаған.
ҚР Жоғарғы Сотының «Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары және оларды қылмыстық құқық бұзушылықтар мен өзге де қоғамға жат әрекеттер жасауға тарту жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 28-тармағында 14 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның зиянды өтеуге жеткілікті кірістері немесе өзге де мүлкі болмаған жағдайларда, егер олардың кінәсінен зиян келмегенін заңды өкілдері дәлелдей алмаса, зиян толық көлемде немесе жетіспейтін бөлігінде олардың заңды өкілдері тарапынан өтелуге тиіс екендігі көрсетілген.
Кәмелетке толмаған адам келтірген зиянды өтеу жөніндегі заңды өкілдер мен тиісті мекеменің міндеті зиян келтірген адамның он сегіз жасқа толуына байланысты не ол кәмелетке толғанға дейін зиянды өтеуге жеткілікті кірістерге немесе өзге де мүлікке ие болған жағдайда, не ол кәмелетке толғанға дейін әрекет қабілеттілігіне ие болған кезде тоқтатылады (АК-нің 17-бабының 2-тармағы, 22-1-бабы).
Егер залал бірнеше адамның бірлесіп жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтарының нәтижесінде келтірілсе, онда сотталғандар, ересектер де, кәмелетке толмағандар да, жеткілікті табысы мен мүлкі болған жағдайда, АК-нің 932-бабына сәйкес ортақ материалдық жауаптылықта болады. АК-нің 932-бабына сәйкес сот жәбірленушінің өтініші бойынша және оның мүддесі үшін зиянды бірлесіп келтірген адамдарға үлестік жауаптылық жүктей алады.
Кәмелетке толмаған сотталғандар келтірген залал үшін заңда көзделген жағдайларда жауапкер ретінде тартылған азаматтар мен ұйымдар оны үлестеріне қарай өтейді.
Түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігіне сәйкес бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу белгілі бір орындарға баруға, бос уақытты өткізудің белгілі бір нысандарын, оның ішінде механикалық көлік құралын басқаруға байланысты нысандарын пайдалануға тыйым салуды, тәуліктің белгілі бір уақытынан кейін үйден тыс жерде болуын, мамандандырылған мемлекеттік органның рұқсатынсыз басқа жерлерге шығуын шектеуді көздеуі мүмкін. Сондай-ақ кәмелетке толмаған адамға жалпы білім беретін оқу орнына қайтып оралу, оқуын жалғастыру немесе аяқтау не мамандандырылған мемлекеттік органның көмегімен жұмысқа орналасу талабы қойылуы мүмкін. Бос уақытты өткізуге қатысты көрсетілген шектеулердің тізбесі түпкілікті болып табылмайды, яғни кәмелетке толмаған адамға оны түзету үшін қажетті басқа да талаптар қойылуы мүмкін. Бұл талаптар орынды болуға, кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытуға, зиян келтіруге бағытталмауға тиіс және олардың мақсаты кәмелетке толмаған адамның қадір-қасиетін қорлау болмауы керек.
Түсіндіріліп отырған баптың 5, 6, 7-бөліктері ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру сияқты тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шарасына қатысты жалпы мәселелерді реттейді.
ҚК-нің 85-бабының 5-бөлігі орташа ауырлықтағы немесе ауыр қасақана қылмыс жасағаны үшін кәмелетке толмаған адамды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына алты айдан екі жылға дейінгі мерзімге орналастыру мүмкіндігін көздейді. Демек, онша ауыр емес қылмыс немесе аса ауыр қылмыс жасаған кәмелетке толмаған адамдар ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастырылмайды.
Осы ұйымдарда болу мерзімі мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін:
адамның кәмелетке толуына байланысты;
түзетуді қамтамасыз ететін мамандандырылған мемлекеттік органның қорытындысы негізінде сот кәмелетке толмаған адамды түзету үшін бұдан әрі осы шараны қолдану қажет емес деген қорытындыға келген жағдайда. Бұл ереже Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында да қамтылған. Атап айтқанда, ҚР 2019 жылғы 1 сәуірдегі заңымен енгізілген ҚПК-нің 545-1-бабы кәмелетке толмаған адамды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру түріндегі тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шарасынан мерзімінен бұрын босатуға арналған. ҚПК-нің 545-1-бабының 1-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған адам ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру түріндегі тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шарасынан өзінің кәмелетке толуына байланысты, сондай-ақ аталған ұйымның қорытындысы негізінде сот кәмелетке толмаған адамды түзету үшін бұдан әрі осы шараны қолдану қажет емес деген қорытындыға келген жағдайда мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. ҚПК-нің 545-1-бабының 2-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған адам, оның заңды өкілі, қорғаушысы, егер олардың пікірінше, кәмелетке толмаған адамды түзету үшін бұдан әрі осы шараны қолдану қажет болмаса, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болуды мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені қарау жөнінде осы ұйымға өтінішхат беруге құқылы.
Түсіндіріліп отырған баптың 5-бөлігінде көзделген мерзім өткеннен кейін ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болу мерзімін ұзартуға кәмелетке толмаған адамның жалпы білім беру немесе кәсіптік даярлығын аяқтауы қажет болған жағдайда ғана жол беріледі, бірақ ол кәмелетке толғанға дейінгі мерзімнен аспауға тиіс (ҚК-нің 85-бабының 6-бөлігі).
Түсіндіріліп отырған баптың 7-бөлігіне сәйкес ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында кәмелетке толмаған адамдардың болу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
ҚР 2004 жылғы 9 шілдедегі «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңының 14-бабының 1-тармағына сәйкес ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдары ерекше тәрбиелеу, оқыту және кәмелетке толмағандарды әлеуметтік оңалту жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында құрылатын оқу-тәрбие немесе емдеу-тәрбие мекемелері болып табылады.
Аталған Заңның 14-бабының 2-тармағында ерекше тәрбиелеу, оқыту жағдайларын қажет ететін және арнайы педагогикалық тәсілді талап ететін он бір жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамдар ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастырылатыны көрсетілген:
аса ауыр қылмыстар немесе екі және одан да көп қоғамға қауіпті әрекеттер жасаған, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмауына байланысты не татуласуына байланысты тоқтатылған адамдар;
олар орташа ауырлықтағы немесе ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған және сот оларды ҚК-нің 83-бабында көзделген тәртіппен қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатқан жағдайларда.
Қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған кәмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберудің орындылығы туралы шешімді ішкі істер органы ұсынуы бойынша сот қабылдайды.
14-баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген кәмелетке толмаған адамды ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жіберу туралы ұсынысты ішкі істер органдары аталған кәмелетке толмаған адамға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарылған күннен бастап отыз тәулік ішінде сотқа жібереді.
Кәмелетке толмаған адамның ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуына негіздер мыналар болып табылады: 1) қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулы шығарылғаннан кейін қайтадан қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарға қатысты сот қаулысы; 2) орташа ауырлықтағы немесе ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған және сот ҚК-нің 83-бабында көзделген тәртіппен қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатқан адамдарға қатысты сот үкімі.
Кәмелетке толмаған адамның ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымында болуы адамның кәмелетке толуына байланысты, сондай-ақ ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымы әкімшілігінің ұсынуы негізінде сот кәмелетке толмаған адамды түзету үшін бұдан әрі осы шараны қолдану қажет емес деген қорытындыға келген жағдайда мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымының қызмет тәртібі ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 17 қыркүйектегі бұйрығымен бекітілген Жалпы білім беретін ұйымдар түрлері бойынша қызметтің үлгілік қағидаларында белгіленген.
Үлгілік қағидалардың 6-тарауына сәйкес ерекше тәрбиелеу, оқыту және әлеуметтік оңалту жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарының ерекше режимінде ұсталатын ұйымдарға Заңның 14-бабының 2) тармағында көрсетілген, яғни қоғамға қауіпті, қылмыс белгілері бар әрекеттер жасаған және қылмыстық жауаптылықтан босатылған он бір жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамдар жіберіледі.
Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарының негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
кәмелетке толмағандарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту;
кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыздықтың, панасыздықтың және қоғамға жат әрекеттердің алдын алу;
кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;
кәмелетке толмағандардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыру;
оқыту мен тәрбиелеу процесінің үздіксіздігі мен бірлігін қамтамасыз ету.
Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдары он бір жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамдар үшін ер және әйел жынысты адамдарды бөлек орналастыру шартымен құрылады.
Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына кәмелетке толмаған адамдар соттың шешімі бойынша алты айдан екі жылға дейінгі мерзімге жіберіледі.
Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 13 маусымдағы «Кәмелетке толмағандарды арнайы білім беру ұйымдарында және ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында ұстауға және оқытуға кедергі келтіретін аурулар тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес денсаулық жағдайында ауытқулары бар кәмелетке толмаған адамдар жіберілмейді. Алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдарын және психотроптық заттарды, олардың аналогтарын теріс пайдаланатын кәмелетке толмағандарды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберу мәселесін қараған кезде оларға есірткіге тәуелділік ауруларынан емдеу курсынан өту тағайындаудың орындылығы міндетті түрде зерделенеді. Жеке істің құжаттары, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамдар туралы мәліметтер кәмелетке толмаған адам ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына қабылданған сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірілмей Республикалық деректер базасына енгізіледі.
Орналастыру үшін қажетті құжаттарды жинауды және кәмелетке толмаған адамдарды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жеткізуді ішкі істер органдары қамтамасыз етеді.
Түсіндіріліп отырған баптың 8-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған адам келтірілген зиян үшін жәбірленушіден жеке өзі кешірім сұрайды, жеке кешірім соттың және процеске қатысатын өзге де адамдардың қатысуымен кінәлі адамның өзі тарапынан орындалады.
Бұл шара кәмелетке толмаған адамға оң ықпал етуге байланысты және тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шараларының өзге түрлеріне қосымша шарт ретінде қолданылуы мүмкін.
Түсіндіріліп отырған баптың 9-бөлігіне сәйкес пробациялық бақылау ҚК-нің 44-бабының 2-бөлігінің қағидалары бойынша кәмелетке толмаған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшаулаусыз бір жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
ҚК-нің 44-бабының 2-бөлігіне сәйкес пробациялық бақылауды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады және соттың шешімі бойынша сотталған адамның мынадай міндеттерді орындауын қамтиды: сотталған адамның мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпей, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын өзгертпеу; белгілі бір орындарға бармау, маскүнемдіктен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, жыныстық жолмен берілетін аурулардан емдеу курсынан өту; отбасына материалдық қолдау көрсету; сотталған адамды түзетуге және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауын болдырмауға ықпал ететін басқа да міндеттер.
ҚАК-нің 3-бабының 9) тармағына сәйкес пробациялық бақылау — уәкілетті органдардың өз есебінде тұрған адамдардың заңмен және сотпен жүктелген міндеттерді орындауын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі қызметі.
ҚАК-нің 3-бабының 7) тармағына сәйкес пробация деп заңмен айқындалған санаттағы адамдардың мінез-құлқын түзетуге, олардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауын болдырмауға бағытталған қызмет түрлері мен әлеуметтік-құқықтық сипаттағы жеке айқындалған шаралар жүйесі түсініледі.
Түсіндіріліп отырған баптың 11-бөлігінде кәмелетке толмаған адамның тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шараларын қасақана орындамағаны үшін жауаптылығы белгіленген. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған адам тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шарасын бір жыл ішінде екі және одан да көп рет қасақана орындамаған жағдайда, бұл шара мамандандырылған мемлекеттік органның ұсынуы бойынша соттың қаулысымен тоқтатылады және егер қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтпеген болса, материалдар кәмелетке толмаған адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін жіберіледі.
ҚР «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңына сәйкес тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шараларының тиісінше орындалуын бақылау жөніндегі өкілеттіктер берілген мамандандырылған мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары болып табылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар