Жәбірленушіге келтірген материалдық шығын елеулі зиян болып табылмағандықтан, сотталғанның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды
Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық сотының 2017 жылғы 17 наурыздағы үкімімен А. бұрын сотталмаған, ҚК-нің 361-бабының 2-бөлігімен мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырып, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2016 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Рақымшылық туралы заң) 2-бабының 1-тармағының, 7-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес негізгі жазаны өтеуден босатылған. Сот үкімімен А. Түркістан қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымын атқара жүріп, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген лауазымды адам бола тұра, өзінің қызметтік өкілеттігін өзіне пайда мен артықшылық алып, басқа адамдарға зиян келтіру мақсатында бөлімге комиссия келеді деген сылтаумен, қызмет бабын теріс пайдаланып, өзі басшылық жасайтын бөлімнің әлеуметтік көмек көрсету секторының жетекшісі Д.-дан 115 000 теңге ақшасын алып, оның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылған. Іс апелляциялық тәртіппен қаралмаған. ҚПК-нің 340-бабы 1-бөлігінің талаптарына сәйкес басты сот отырысы тек сотталушыға қатысты және оның сотқа берілген айыптау шектерінде ғана жүргізіледі. «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Сот үкімі туралы» 2002 жылғы 15 тамыздағы № 19 нормативтік қаулысының 5-тармағына сай сот қылмыстың орын алғанын, оны сотталушының жасағандығын, оның қылмыс жасаудағы кінәсін, кінәсі заң талаптарын сақтай отырып жиналған дәлелдемелермен расталғандығын даусыз анықтаса ғана айыптау үкімін шығарады.
Қылмыстық қудалау органы сотталған А.-ның әрекетін ҚК-нің 361-бабының 2-бөлігімен саралап, оның әрекетінен Д.-ға 115 000 теңге көлемінде материалдық шығын келіп, соның салдарынан оның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келген деп айып таққан. Ал, А.-ның әрекетінен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне басқаша елеулі зиян келтіргені үшін оған айып тағылмаған. Қылмыстық іс құжаттарына қарағанда, сотталған А. Түркістан қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымын атқара отырып, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген лауазымды адам бола тұра, өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, өзіне пайда мен артықшылық алып, басқа адамдарға зиян келтіру мақсатында бөлімге комиссия келеді деген сылтаумен, қызмет мүдделерін қайшы пайдаланып, өзі басшылық ететін бөлімнің сенім артқан қызметкер атаулы әлеуметтік көмек көрсету секторының жетекшісі К. арқылы, әлеуметтік көмек көрсету секторының жетекшісі Д.-дан 115 000 теңге ақшасын алып, оның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіріп, өзінің іс-әрекетімен ҚК-нің 361-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған. Сотталған А.-ның кінәсі өзі басшылық ететін бөлімнің қызметкерлерінен ақша жинауға тапсырма бергені туралы куә К.-нің, жәбірленуші Д.-ның айғақтарымен, А. мен жәбірленуші Д.-ның екеуінің арасында болған әңгіме жазылған бейнежазбамен, беттестіру, айғақ затты алу хаттамаларымен, сот сараптама қорытындыларымен, сондай-ақ істе жинақталған басқа да дәлелдемелермен толық бекітілген. Алайда, бірінші сатыдағы сот А.-ның әрекетінен Д.-ға 115 000 теңге мөлшерінде материалдық шығын келіп, соның салдарынан оның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келгенін дұрыс көрсете отырып, үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде оның әрекетінен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне басқаша елеулі зиян келген деп, тағылған айыптың шегінен шығып негізсіз тұжырым жасаған. Соттың А.-ға тағылған айып бойынша қауіптілік зардабын бағалауы ҚК-нің 3-бабы 14-бөлігінің талаптарына сәйкес келмейді, яғни азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне материалдық тұрғыдан елеулі зиян келтіру- айтарлықтай залал келтіру болып танылады. Сонымен бірге ҚК-нің 3-бабының 2-бөлігінде көрсетілген түсіндіруге сәйкес, айлық есептік көрсеткіштен бір жүз есе асатын залал мөлшеріайтарлықтай залал болып танылады. 2016 жылғы айлық есептік көрсеткіш 2 121 теңге көлемінде бекітілген, ал жүз айлық есептік көрсеткіш 212 100 теңгені құрайды. Ал, сот лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған қылмыстық құқық бұзушылық деп таныған А.-ның әрекетінен азаматтарға келген шығын мөлшері айлық есептік көрсеткіштен бір жүз есе аспаған.
Сотталған А.-ның әрекетінен жәбірленуші Д.-ға келтірілген 115 000 теңге материалдық шығын айтарлықтай залал болып табылмайды. Сонымен қатар іске тіркелген құжаттарды қарау барысында, оқиға орнынан алынған 115 000 теңге ақшаның тек 15 000 теңгесі Д.-ға тиесілі екені, ал қалған 100 000 теңге оған қылмыстық қудалау органымен ұсынылғаны көрінеді. Бұл тұрғыда, сотталған А.-ның әрекетінен жәбірленуші Д.-ға тек 15 000 теңге мөлшерінде материалдық шығын келген. Үкімде көрсетілгендей, сотталған А.-ның әрекетінен Д.-ға 115 000 теңге мөлшерінде материалдық шығын келгенін есептегеннің өзінде, ол елеулі зиян болып табылмайды. Демек, сотталған А.-ның әрекетінде ҚК-нің 361-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қылмыс құрамы бар деген соттың тұжырымы жеткілікті дәлелдемелердің жиынтығымен расталмайды. Себебі, А.-ға қылмыстық қудалау органымен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне келтірген басқаша елеулі зиян үшін айып тағылмаған. ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына сәйкес, іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмаған жағдайда қылмыстық iс тоқтатылуға жатады. Сотталған А.-ның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығы дәлелденгендіктен, ол қылмыстық жауаптылыққа емес, тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ҚК-нің 361-бабының 2-бөлігімен сотталған А.-ға қатысты бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, А.-ның іс-әрекетінде ҚК-нің 361-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бас Прокурордың наразылығы қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Жәбірленушіге келтірген материалдық шығын елеулі зиян болып табылмағандықтан, сотталғанның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды
378 рет жүктеп алынды -
Жәбірленушіге келтірген материалдық шығын елеулі зиян болып табылмағандықтан, сотталғанның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды
278 рет жүктеп алынды