Кінәлінің жан күйзелісінің кенеттен және жәбірленушінің моральға жат әрекетімен тікелей байланысты пайда болуы жан күйзелісі жағдайында адам өлтірудің саралау белгілері болып табылады.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2011 жылғы 27 желтоқсандағы үкімімен, М., бұрын сотталмаған: ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге сотталған. М. мен жәбірленуші А. екеуінің арасындағы бұрынғы бас араздықтары себебінен жанжал туындап, төбелес барысында М. өрт сөндіруге арналған ұзын, басы үшкір темір сойылмен А.-ны мойнынан ұрып өлтірген. Сот үкімімен ол басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату мақсатымен өлтіргені үшін кінәлі деп танылған. Алматы облыстық сотының апелляциялық сот алқасының қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған. Кассациялық сот алқасының қаулысымен сот үкімі өзгертіліп, сотталған М.-ның қылмыстық әрекеті ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігінен ҚК-нің 98-бабының 1-бөлігіне қайта сараланып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Жазасын өтеу орны қатаң тәртіптегі мекемеден жалпы тәртіптегі мекемеге ауыстырылған. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған. Жәбірленушінің қорғаушысы кассациялық сот алқасының қаулысымен келіспей, Жоғарғы Соттың қадағалау сот алқасына өтініш беріп, кассациялық сот сатысының үкімін бұзып, бірінші сатыдағы сот үкімі мен апелляциялық сот алқасының қаулысын өзгеріссіз қалдыруды сұраған. Қадағалау сот алқасы прокурордың пікірін, жәбірленуші мен сотталғанның қорғаушыларының уәждерін тыңдап, іс материалдарын зерттеп, жәбірленушінің қорғаушысының өтінішін қанағаттандырды. Темір жол мекемесінде бөлімше бастығы болып істейтін сотталған М.-мен осы мекеменің жұмысшысы жәбірленуші А.-ның арасында бұрынғы бас араздықтары салдарынан жанжал туындаған. Жанжал барысында А. бірінші болып М.-ны жұдырығымен соққан. Темір жол техникаларын жөндеу шебері Қ. жанжалдасып тұрған М. мен А.-ға басу айтып, соңғының қолындағы темірді, М.-ның қолындағы ағашты алып, екеулерін ажыратып ортасында тұрған. Осы сәтте М. өрт сөндіруге арналған тақтадан ұзын, басы үшкір темір сойылды алып, кісі өлтіру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату мақсатымен жәбірленуші А.-ның өмірлік маңызды жері-мойнынан ұрған. Сотдәрігерлік сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші А.-ға адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті ауыр дене жарақаттары салынған, мойнының ұйқы және қан тамырлары қиылған, осы ауыр жарақаттар салдарынан жәбірленуші көп қан жоғалтып, қансырап өлген.
Кінәлінің жан күйзелісінің кенеттен және жәбірленушінің моральға жат әрекетімен тікелей байланысты пайда болуы жан күйзелісі жағдайында адам өлтірудің саралау белгілері болып табылады.
Психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысында сотталған М.-ның қылмыстық әрекеттер кезінде жан күйзелісі (физиологиялық аффект) жағдайында болғаны көрсетілген. ҚІЖК-нің 120-бабында сарапшының қорытындысы - осы Кодекстің талаптарына сәйкес ресімделген сот - сараптамалық зерттеудің барысы мен нәтижелерін көрсететін құжат екендігі, сарапшының қорытындысы қылмыстық істі жүргізуші орган үшін міндетті болып табылмайтындығы, алайда, оның қорытындымен келіспеушілігі дәлелді болуы тиіс екендігі көрсетілген. «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстарды саралау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотыньң 2007 жылғы 11 мамырдағы №1 нормативтік қаулысының 26-бабында әрекетті саралаған кезде кінәлінің физиологиялық жан күйзелісінің бар-жоғы, оның кенеттен пайда болуы және жәбірленушінің әрекетімен байланысты болғаны қажетті шарт екендігі көрсетілген. Жан күйзелісі жағдайы кінәлінің өзін өзі ұстау және әрекет ету қабілетіне билік ететін қысқа мерзімді, интенсивті көңіл күйді білдіреді.
Жәбірленушінің әрекеті мен кінәлінің жауап қайтару әрекеттері арасындағы уақыттың ұзақтығы ҚК-нің 98 немесе 108-баптарының қолданылуын жоққа шығарады. Сотталған М. алдын ала тергеу кезінде қылмысты қалай жасағаны, жәбірленушіні үшкір темір сойылмен қалай ұрғаны туралы өз еркімен айтып көрсеткен. М.-ның алдын ала тергеу кезіндегі жауаптарына сот баға бергенде оның қылмыс оқиғасының қалай басталғаны, өзінің және жәбірленушінің іс - әрекеттері туралы тыңғылықты, толық баяндап бергенін, сотталғанның жауаптары іс бойынша жиналған дәлелдерге, жанжалға куә болған куәлардың жауаптарына сәйкес келетіндігін анықтаған. Осыған орай, сотталған М. өзінің іс-әрекетіне толық жауап беретін, өзін өзі ұстау және әрекет ету қабілетіне билік ете алатын жағдайда болған деген қорытындыға келген. Жанжалға тікелей куә болған Б., Қ., Ж.-ның жауаптары бойынша сотталған мен жәбірленушінің арасындағы жанжал шамамен 5-6 минутқа созылған, сонымен қатар, куә Б. жәбірленуші мен сотталғанды арашалаған кезде А.-ның қолындағы темір сойылды, М.-ның қолындағы ағашты тартып алғанын көрсеткен. Яғни Б. екеуін де бір сәтке тыныштандырған, осы үзіліс кезінде М. өзінің іс-әрекеттеріне есеп беріп, ашу-ызасын басатындай мүмкіндік алған, сондықтан бұл жерде ерекше жан күйзелісі болды деуге, ал болған жағдайда жан күйзелісі кенеттен пайда болды деуге ешбір негіз жоқ деген бірінші сатыдағы соттың тұжырымы дұрыс және істің мән-жайына сәйкес. Демек, бірінші сатыдағы сот іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығының негізінде сотталған М.-ның қылмыстық іс- әрекеттерін ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігімен дұрыс саралаған. Сондықтан кассациялық сот алқасының қаулысы бұзылып, бірінші сатыдағы соттың үкімі мен апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде қалдырылуға жатады.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Кінәлінің жан күйзелісінің кенеттен және жәбірленушінің моральға жат әрекетімен тікелей байланысты пайда болуы жан күйзелісі жағдайында адам өлтірудің саралау белгілері болып табылады.
151 рет жүктеп алынды -
Кінәлінің жан күйзелісінің кенеттен және жәбірленушінің моральға жат әрекетімен тікелей байланысты пайда болуы жан күйзелісі жағдайында адам өлтірудің саралау белгілері болып табылады.
156 рет жүктеп алынды