14-1-бап. Синдикатталған қарыз шартының ерекшеліктері Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы Заңы
1. Синдикатталған қарыз шарты бойынша бірнеше кредитор (бұдан әрі – кредиторлар синдикаты) бір-бірімен келісе отырып, қарыз алушының меншігіне әрбір кредитор үшін шартта көзделген мөлшерде және мерзімдерде ақша беруге немесе беріп тұруға міндеттенеді, ал қарыз алушы кредиторларға олардан алған ақшаны қайтаруға, сыйақыны, сондай-ақ, егер шартта өзге де төлемдерді төлеу міндеті көзделсе, оларды төлеуге міндеттенеді.
1-1. Синдикатталған қарыз шарты қарыз алушы кредиторлар синдикатының бірнеше болашақ қатысушыларымен қарыз (банктік қарыз) шарттарын жасасқаннан кейін жасалуы мүмкін. Мұндай жағдайда синдикатталған қарыз шарты, егер бұрын туындаған міндеттемелерге қатысушылардың құрамы мен синдикатталған қарыз шартына қатысушылардың құрамы толығымен сәйкес келсе, аталған тұлғалардың бұрын туындаған міндеттемелерін өзгертеді, бұл ретте синдикатталған қарыз шарты кепіл шартын және (немесе) қарыз алушының міндеттемелеріне байланысты өзге де келісімді тоқтатуды немесе өзгертуді көздеуі мүмкін.
2. Қарыз алушы мен кредиторлар синдикатына қатысушылар (кредиторлар синдикатына бастапқы қатысушылар) арасында жасалған синдикатталған қарыз шартында оған кредиторлар синдикатына жаңа қатысушылардың қосылу мүмкіндігі көзделуі мүмкін, оларға қатысты синдикатталған қарыз шарты кредиторлар синдикатына жаңа қатысушылардың шартта көзделген тәртіппен оған қосылған кезінен бастап қолданылады. Егер синдикатталған қарыз шартында өзгеше көзделмесе, кредиторлар синдикатына жаңа қатысушылар шартқа қосылған кезде кредиторлар синдикатына бастапқы қатысушылардың және қарыз алушының міндеттемелері өзгермейді.
2-1. Егер заңды тұлға мен осы Заңға сәйкес кредиторлар синдикатының қатысушысы (бастапқы кредитор) болуға құқылы өзге тұлға арасында екіжақты қарыз (банктік қарыз) шарты жасалса, аталған тұлғалардың қатысуымен синдикатталған қарыз шарты мынадай тәсілдердің бірімен:
1) екіжақты қарыз (банктік қарыз) шарты тараптарының үшінші тұлғамен (үшінші тұлғалармен) келісім жасасуы арқылы жасалуы мүмкін, оған сәйкес үшінші тұлға (үшінші тұлғалар) бастапқы кредитормен келісе отырып, қарыз алушыға көрсетілген келісімде белгіленген мөлшерде және мерзімдерде ақша беру немесе беріп отыру міндетін қабылдайды және (немесе) кредитор тарапында бастапқы міндеттемеге кіріседі;
2) егер бұл ретте бастапқы кредитор мен жаңа кредитор немесе жаңа кредиторлар арасында қарыз беруге, оған қызмет көрсетуге және қайтаруға байланысты барлық кредиторлардың қарыз алушыға және өзге де тұлғаларға қатысты шешімдер қабылдауының және олардың міндеттерді орындауының тәртібі туралы келісім жасалса және қарыз алушы өзі қатысатын қатынастарға қатысты осы Заңның ережелерін қолдануға кез келген уақытта келісім берсе, бастапқы кредитордың екіжақты қарыз шарты бойынша талап ету құқықтарын жаңа кредиторға немесе жаңа кредиторларға беруі арқылы жасалуы мүмкін.
3. Синдикатталған қарыз шартында жиынтығында қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде үштен екісін құрайтын қаржыландыру үлесі бар кредиторлар қабылдаған шешімдер негізінде және осындай шешімде көзделген тәртіппен:
1) кредиторлар синдикатына барлық қатысушылардың құқықтарды жүзеге асыруы немесе белгілі бір құқықтардан бас тартуы;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шартта көзделген жағдайларда қарыз алушыға синдикатталған қарыз шартынан бас тарту туралы хабарламаны немесе оны өзгерту не бұзу туралы талапты жіберу;
3) кредиторлар синдикатына қатысушылар немесе үшінші тұлғалар қатарынан банк-агентті және (немесе) кепілді басқарушыны таңдау, оларға белгілі бір өкілеттіктер беру және оларға осындай өкілеттіктерді жүзеге асыру мәселелері бойынша нұсқаулар жіберу;
4) синдикатталған қарыз шарты бойынша барлық кредиторлардың талап ету құқықтарын кредиторлар синдикатына басқа қатысушыға, сондай-ақ осы Заңға сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылар болуға құқылы тұлғаларға беру;
5) синдикатталған қарыз шартында айқындалған жағдайларда, қарыз нысанасының барлық немесе қалған бөлігін сыйақымен бірге мерзімінен бұрын қайтару;
6) кепілге салынған мүлікке соттан тыс тәртіппен не сот тәртібімен өндіріп алуды қолдану;
7) синдикатталған қарыз шарты бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгіну;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушыға қатысты оңалту рәсімін қолдану не қарыз алушыны банкрот деп тану туралы арызбен сотқа жүгіну жүргізілетіні көзделуге тиіс.
4. Синдикатталған қарыз шарты жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Синдикатталған қарыз шартының жазбаша нысанын сақтамау оның маңызсыз болуына алып келеді.
5. Егер синдикатталған қарыз шартын жасасу күніне "Астана" халықаралық қаржы орталығының банктері, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері және (немесе) халықаралық қаржы ұйымы қарыз алушыға синдикатталған қарыз шарты бойынша соманың кемінде үштен екісін беретін жағдайларда синдикатталған қарыз шарты шетелдік кәсіптік ұйым әзірлеген үлгілік талаптардағы синдикатталған қарыз шарты түрінде жасалуы мүмкін.
Тараптар шетелдік кәсіптік ұйым әзірлеген үлгілік талаптарда жасалған синдикатталған қарыз шартына осы синдикатталған қарыз шартында айқындалған тәртіппен және талаптарда өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге құқылы.
6. Кредиторлар синдикатына қатысушылардың бірі синдикатталған қарыз шартын бұзу туралы талапты мәлімдеген жағдайда осындай шарт кредиторлар синдикатының басқа қатысушыларының кемінде екеуі қалған кезде соларға қатысты өз қолданысын сақтайды.
Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы N 126 Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасында жобалық қаржыландырудың және секьюритилендірудің құқықтық негіздері мен шарттарын белгілейді, жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру кезінде талап ету құқықтарын басқаға беруді жүзеге асырудың ерекшеліктерін және мүліктің құқықтық режимін, арнайы қаржы компаниясының құқықтық жағдайын, сондай-ақ синдикатталған қаржыландырудың құқықтық негіздері мен шарттарын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы