34-1-бап. Жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз беру ерекшелiктерi Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Заңы
1. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жеке тұлғамен кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шартын жасағанға дейін банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі қағидаларына сәйкес қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін (төлем қабілеттілігін) жан-жақты, толық және сапалы бағалауды (бұдан әрі – қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін тиісінше бағалау) жүзеге асыруға міндетті.
Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның:
1) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қалауы бойынша мынадай құжаттардың бірімен:
жеке зейнетақы шотынан берілетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының соңғы алты айдағы үзінді-көшірмесімен;
жұмыс орнынан берілген соңғы алты айдағы кірістері туралы анықтамамен;
қарыз алушының – жеке тұлғаның жеке табыс салығы бойынша соңғы салық кезеңіндегі салық декларациясымен;
банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі құжаттарына және рәсімдеріне сәйкес жеке тұлғаның кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемелерін орындау мүмкіндігінің бар екенін көрсететін өзге де құжаттармен расталған, жеке тұлғаның кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемелерді орындау мүмкіндігінің болуын;
2) қарыз алушының соңғы алты айдағы кредиттік тарихының бар екенін не жоқ екенін;
3) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегінің бар екенін не жоқ екенін;
4) үшінші тұлғалар алдында кредиттік есепте көрсетілген берешектің бар екенін не жоқ екенін айқындау жөніндегі іс-шаралары осы баптың мақсаттары үшін қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін тиісінше бағалау болып танылады.
Қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін қарыз алушы жөніндегі мәліметтермен жиынтықта тиісінше бағалау жеке тұлғаның кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарызды қайтару жөніндегі міндеттемелердің орындалуы үшін ынтамақты жауапты ретінде әрекет ететін жеке тұлға (қоса қарыз алушы) жөніндегі мәліметтерді ескереді.
Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның осы тармақта көзделген қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін тиісінше бағалауды жүзеге асыруы үшін қарыз алушының (қоса қарыз алушының) анық емес ақпарат ұсынғаны үшін банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жауапты болмайды.
2. Жеке тұлға өтініш жасаған күннің алдындағы қатарынан алты ай ішінде шетел валютасында кірісі болмаған жеке тұлғаларға кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыздарды шетел валютасында беруге тыйым салынады.
3. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарттары бойынша ипотекалық қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комиссия белгілеуге және алуға құқылы емес.
4. Жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы шартының талаптарын өзгерту немесе ипотекалық тұрғын үй қарызы шартын өтеу мақсатында жаңа қарыз беру кезінде мерзімі өткен сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) негізгі борыш сомасына капиталдандыруға (жинақтауға) жол берілмейді.
5. Жеке тұлға болып табылатын қарыз алушы ипотекалық тұрғын үй қарызының нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ипотекалық тұрғын үй қарызы шартында белгіленген тәртіппен жеке тұлғаның ипотекалық тұрғын үй қарызының нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.
Жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы нысаналы пайдаланылмаған кезде қарыз алушы банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға ипотекалық тұрғын үй қарызын мерзімінен бұрын қайтаруға және ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалану бөлігінде ипотекалық тұрғын үй қарызының нысанасы пайдаланылған бүкіл кезең үшін ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша есепке жазылған сыйақы төлеуге міндетті.
6. Қарыз алушының жеке басына байланысты өзгерістер болған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарыз алушы банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға осындай барлық өзгерістер туралы ақпарат береді.
Қарыз алушының жеке басына байланысты өзгерістерге оның тұрғылықты жерінің өзгеруі, тегінің, атының, әкесінің атының (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) ауысуы, жеке басты куәландыратын құжаттарды ауыстыруы, қарыз алушымен байланысу үшін пайдаланылатын байланыс ақпаратының және байланыс тәсілінің өзгеруі жатады.
Егер қарыз алушы ақпараттың тиісті түрде жіберілгенін дәлелдесе, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушыдан оның жеке басына байланысты барлық өзгерістер туралы ақпарат алмағаны туралы мәлімдемесі қарыз алушының тарапынан осы баптың талаптарын бұзу болып табылмайды.
7. Алып тасталды – ҚР 24.05.2021 № 43-VII (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 8. Алып тасталды – ҚР 24.05.2021 № 43-VII (01.10.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
9. Жеке тұлға болып табылатын қарыз алушы берешегінің ұлғаюын болғызбау мақсатында банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу міндеттемесін орындау мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күн өткен соң есепке жазылған сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлды), сондай-ақ қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді төлеуді талап етуге тыйым салынады.
10. Егер қарыз алушы жүргізген төлем сомасы жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемесін орындау үшін жеткіліксіз болса, ол қарыз алушының берешегін мынадай кезектілікпен өтейді:
1) сыйақы бойынша берешек;
2) ипотекалық қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер бойынша берешек;
3) осы Заңның 35-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалған мөлшерде тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;
5) ипотекалық қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер;
6) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның орындауды алу бойынша шығасылары;
7) негізгі борыш бойынша берешек;
8) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы.
11. Тұрғынжай банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның меншігіне өткен және (немесе) тұрғынжай акт бойынша берілген және "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын кепіл беруші-жеке тұлғаның меншігінде өзге тұрғынжай болмаған жағдайларда, осындай тұрғынжай банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның меншігіне өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға өзіне осы тұрғынжайды жалға беру, соның ішінде оны сатып алу шартымен жалға беру туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
12. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осы баптың 11-тармағында көзделген өтінішті алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде оны қарайды және жеке тұлғаға мынадай шешімдердің бірі туралы:
1) сатып алу шартымен немесе онсыз тұрғын үйді мүліктік жалдау (жалға алу) шартын жасасуға келісетіні туралы;
2) осы Заңда белгіленген негіздер бойынша мүліктік жалдау (жалға алу) шартын жасасудан бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін көрсете отырып, осындай шарт жасасудан бас тартатыны туралы хабарлайды.
13. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым мынадай жағдайларда:
1) өтініш беруші халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатына жататыны жөнінде анық емес мәліметтерді ұсынған;
2) өтініш беруші кіріс көздерінің болмауына байланысты жалға алу ақысын төлей алмайтын;
3) өтініш берушінің банкроттығы;
4) өтініш берушінің меншік құқығында тұрғын үйі болған жағдайларда, осы баптың 11-тармағында көзделген өтініш бойынша мүліктік жалдау (жалға алу) шартын жасасудан бас тартуға құқылы.
14. Мүліктік жалдау (жалға алу) шарты тұрғынжайды сатып алу шартымен жасалған жағдайда тұрғынжайға меншік құқығы жалға алушы жалға алу бойынша соңғы төлемді не тұрғынжайдың мүліктік жалдау (жалға алу) шартында айқындалған құнын толық мерзімінен бұрын өтеуді жүзеге асырғаннан кейін жалға алушыға ресімделеді.
Жалға алушы мүліктік жалдау (жалға алу) шарты бойынша міндеттемелерді қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен астам мерзімде орындамаған жағдайда мүліктік жалдау (жалға алу) шарты тоқтатылады, бұл ретте банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның мерзімі өткен төлемдерге тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды) есепке жазуына және талап етуіне тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы N 2444 Заңы.
Қазақстан Республикасының Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы