51-1-бап. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы Тұрғын үй қатынастары туралы Заңы
1. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы жиналыста пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері қатарынан үш жыл мерзімге сайланады және үй кеңесінің мүшесі болып табылады.
Пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесімен тұрақты тұратын пәтер, тұрғын емес үй-жай меншік иесінің отбасы мүшелері (жұбайы (зайыбы), ерлі-зайыптылардың ортақ немесе біреуінің балалары (оның ішінде асырап алған балалары), ата-анасы және жұбайының (зайыбының) ата-анасы, балаларының отбасылары мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы болып сайлана алады.
2. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы барлық соттарда, мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда мүліктің меншік иелері бірлестігінің атынан сенімхатсыз және жиналыстың шешімінсіз өкілдік етуге құқылы.
3. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы:
осы Заңның 31-бабының 2-тармағында көрсетілген көппәтерлі тұрғын үй құжаттамасының (ол болған кезде);
көппәтерлі тұрғын үйдің қаржылық құжаттамасының (бастапқы есептік құжаттардың, қаржылық есептіліктің, ағымдағы және жинақ шоттары бойынша операцияларға байланысты құжаттардың);
жиналыстар хаттамаларының;
коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдармен кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға коммуналдық қызметтер көрсету туралы жасалған шарттардың;
кондоминиум объектісін басқару бойынша көрсетілген қызметтерді қабылдау актілерінің;
кондоминиум объектісін басқару бойынша ай сайынғы және жылдық есептердің;
мөрлердің (олар бар болса);
кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамына кіретін тұрғын емес үй-жайлар кілттерінің;
кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамына кіретін жабдықтарға қол жеткізудің электрондық кодтарының;
ағымдағы, жинақтаушы және нысаналы жарналар есебінен сатып алынған тауарлық-материалдық құндылықтардың;
көппәтерлі тұрғын үйді пайдалану үшін қажетті өзге де құжаттаманың, техникалық құралдар мен жабдықтардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
4. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы кондоминиум объектісін басқару жөніндегі өз қызметін тоқтатқан кезде он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылдау-беру актісінің негізінде мүліктің меншік иелері бірлестігінің жаңа төрағасына немесе пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқарудың тікелей бірлесіп басқару түріндегі нысанын таңдаған кезде кондоминиум объектісін басқару субъектісіне не ол болмаған жағдайда тұрғын үй инспекциясына осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттаманы, техникалық құралдар мен жабдықтарды беруге міндетті.
5. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы:
1) мүліктің меншік иелері бірлестігін мемлекеттік тіркеуді және қайта тіркеуді;
2) пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар, орынтұрақ орындары, қоймалар меншік иелерінің тізімін қалыптастыруды;
3) пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар, орынтұрақ орындары, қоймалар меншік иелерінің тұруы (болуы) үшін қауіпсіз және жайлы жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асыруды;
4) жиналыстың өткізілуін ұйымдастыруды;
5) коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдармен кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға коммуналдық қызметтер көрсету туралы шарттар жасасуды;
6) еңбек шарттарын жасасуды;
7) жиналыстың және үй кеңесінің шешімдерін орындауды;
8) кондоминиум объектісін басқаруға арналған шығыстардың жылдық сметасының және кондоминиум объектісін басқару жөніндегі жылдық есептің жобаларын жасауды және оларды үй кеңесінің қарауына ұсынуды;
9) үй кеңесіне кондоминиум объектісін басқару жөніндегі ай сайынғы есепті ұсынуды;
10) күнтізбелік он бес күн ішінде екінші деңгейдегі банктерде ағымдағы және жинақ шоттарын ашуды;
11) пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар, орынтұрақ орындары, қоймалар меншік иелерінің ағымдағы, жинақтаушы, нысаналы жарналарды және орынтұрақ орындарын, қоймаларды күтіп-ұстауға арналған ағымдағы жарналарды енгізуіне мониторингті жүзеге асыруды;
12) жазбаша талап ету бойынша бір ай ішінде Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасында белгіленген талаптарды ескере отырып, пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың, орынтұрақ орнының, қойманың меншік иесіне ағымдағы және жинақ шоттары бойынша операцияларға байланысты қаржылық құжаттаманың (үзінді көшірмелер), кондоминиум объектісін басқару жөніндегі ай сайынғы және жылдық есептердің, жиналыс шешімдерінің көшірмелерін қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық нысанда ұсынуды;
13) коммуналдық көрсетілетін қызметтердің сапасына және олардың пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың, орынтұрақ орындарының, қоймалардың меншік иелеріне үздіксіз берілуіне мониторингті жүзеге асыруды;
14) кондоминиум объектісін басқару жөніндегі ай сайынғы және жылдық есептерді, жиналыс және үй кеңесі қабылдаған шешімдер туралы ақпаратты және өзге де ақпаратты (бар болса) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасында белгіленген талаптарды ескере отырып, жалпыға қолжетімді орындарда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағыцифрланандыру объектілерінде орналастыруды;
15) инженерлік желілер мен жабдықтарды жылыту маусымына дайындау, лифтілер мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына арналған көтергіштерді, түтін жою, өрт дабылы, ішкі өртке қарсы су құбыры жүйелерін тиісінше пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруды;
16) цифрланы электрондық нысанда қалыптастыру, өңдеу, сондай-ақ орталықтандырылған түрде жинау және сақтау, оның ішінде тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы цифрланандыру объектілерінің жұмыс істеу қағидаларында көрсетілген талаптарға сәйкес ақпарат беруді;
17) кондоминиум объектісін басқаруға байланысты өзге де функцияларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
6. Егер мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы уақытша еңбекке жарамсыздығы себебінен немесе өзге де себеппен өз функцияларын күнтізбелік он бес күннен артық орындай алмаса, үй кеңесі мүліктің меншік иелері бірлестігінің жаңа төрағасы сайланғанға дейін алты айдан аспайтын мерзімге үй кеңесі мүшелерінің арасынан мүліктің меншік иелері бірлестігі төрағасының міндетін уақытша атқарушыны сайлайды.
Мүліктің меншік иелері бірлестігі төрағасының міндетін уақытша атқарушы осы баптың 5-тармағының 1), 5) және 10) тармақшаларында көзделген функцияларды жүзеге асыруға құқылы емес.
7. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы кондоминиум объектісін басқару үшін көппәтерлі тұрғын үйді басқарушымен еңбек шартын жасасуға құқылы.
Көппәтерлі тұрғын үйді басқарушы Қазақстан Республикасының азаматы болуға және оның "Кәсіптік біліктілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіптік біліктілігін тану туралы құжаты болуға тиіс.
Көппәтерлі тұрғын үйді басқарушы кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты алғаннан кейін, сондай-ақ мүліктің меншік иелері бірлестігімен еңбек шартын жасасқан кезде осы мәліметтерді кондоминиум объектісін басқару субъектілері мен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарушылар тізіліміне енгізу үшін төрағаның атынан тұрғын үй инспекциясына ақпарат жібереді.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N 94 Заңы.
Қазақстан Республикасының Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы