577-бап. Мүлікті іздестіру, оған тыйым салу және оны тәркілеу ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салудың (тапсырманың, өтінішхаттың) негізінде Қазақстан Республикасының құзыретті органдары қылмыстық жолмен алынған мүлікті, ақша мен құндылықтарды, сондай-ақ күдіктілерге, айыпталушыларға немесе сотталған адамдарға тиесілі мүлікті анықтау және оған тыйым салу мақсатында осы Кодексте көзделген процестік әрекеттерді жүргізеді.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мүлікке тыйым салынған кезде сот осы мүлікке қатысты шешім қабылдағанға дейін оны сақтау мақсатында қажетті шаралар қамтамасыз етіледі, бұл туралы сұрау салушы тарапқа хабарланады.
3. Табылған мүлік сұрау салушы тараптың сұрау салуы бойынша:
1) осы Кодекстің 573-бабының талаптары сақтала отырып, оған тыйым салынуы және қылмыстық іс жүргізу бойынша дәлелдеме ретінде немесе иесіне қайтару үшін сұрау салушы тараптың құзыретті органына берілуі мүмкін;
2) егер бұл сұрау салушы тарап сотының заңды күшіне енген үкімінде немесе өзге де шешімінде көзделсе, тәркіленуі мүмкін.
Сұрау салушы тарап сотының мүлікті тәркілеу туралы үкімін немесе өзге де шешімін тану осы Кодекстің 608-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес тыйым салынған мүлік сұрау салушы тарапқа берілмейді немесе бұл мүлік Қазақстан Республикасында азаматтық немесе қылмыстық істі қарау мақсатында қажет болса, оны беру кейінге қалдырылуы немесе ол уақытша берілуі мүмкін немесе ол заңда көзделген өзге де негіздер бойынша шетелге шығарылмауы мүмкін.
5. Осы баптың үшінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес тәркіленген мүлік осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген жағдайлардан басқа кезде, Қазақстан Республикасының кірісіне беріледі.
6. Қазақстан Республикасы орталық органының өтінішхаты бойынша сот осы баптың үшінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес тәркіленген мүлікті, сондай-ақ оның ақшалай баламасын:
1) қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды жәбірленушіге өтеу үшін тәркілеу туралы шешім қабылдаған сұрау салушы тарапқа;
2) тәркіленген мүлікті немесе оның ақшалай баламасын бөлу мәселесін реттейтін Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес беру туралы шешім қабылдауы мүмкін.
7. Қазақстан Республикасының құзыретті органдары сұрау салушы тараптың сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге процестік шараларды да қабылдауы мүмкін.
8. Сот осы бапта көзделген сұрау салуларды мүлкіне қатысты шет мемлекет сотының үкімімен, қаулысымен немесе өзге де шешімімен тәркілеу туралы шешім қабылданған тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты жері немесе тұрған жері бойынша, ал егер бұл тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері немесе тұрған жері болмаса не оның тұрған жері белгісіз болса, оның тәркіленуге жататын мүлкінің Қазақстан Республикасында тұрған жері бойынша қарайды.
Ескерту. 577-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы