Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 246-бабына түсініктеме. Салық төлеушінің салық берешегі, кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша төлеушінің берешегі есебіне билік етуі шектелген мүлікке қатысты заңсыз әрекеттер
1. Мемлекеттік кірістер органдары билік етуге шектеу қойған мүлікті ысырап ету, иеліктен шығару, жасыру немесе заңсыз беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда осындай мүлікті беруден бас тарту, мүлкіне шектеу қойылған адам жасаған әрекеттер, сол сияқты мемлекеттік кірістер органдары шығыс операцияларын тоқтата тұрған банктік шоттар бойынша банктің немесе банктік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қызметшісінің банктік операциялар жасауы —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Осы қылмыстық теріс қылықтың қоғамдық қауіптілігі салық төлеушінің салық берешегі, кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша төлеушінің берешегі есебіне билік етуі шектелген мүлікке қатысты заңсыз әрекеттерден туындайды, бұл ұйымдар мен мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне елеулі зиян келтіруі мүмкін.
Осы қылмыстық теріс қылықтың объектісі заңды және жеке тұлғалардың салық міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуге бағытталған қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қылмыстық теріс қылықтың нысанасы мемлекеттік кірістер органдары билік етуге шектеу қойған мүлік, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары шығыс операцияларын тоқтата тұрған ақша қаражаты (салымдар) болып табылады.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (Салық кодексі) 1-бабы 1-тармағының 44) тармақшасына сәйкес, мемлекеттік кірістер органы — өз құзыреті шегінде салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеуді, Қазақстан Республикасының заңнамасымен осы органның қарауына жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік орган.
Осы қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы төмендегі әрекеттердің бірін жасаудан көрінеді:
мемлекеттік кірістер органдары билік етуге шектеу қойған мүлікті ысырап ету;
мемлекеттік кірістер органдары билік етуге шектеу қойған мүлікті иеліктен шығару;
мемлекеттік кірістер органдары билік етуге шектеу қойған мүлікті жасыру;
мемлекеттік кірістер органдары билік етуге шектеу қойған мүлікті заңсыз беру;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, мүлкіне шектеу қойылған адам жасаған осындай мүлікті беруден бас тарту;
мемлекеттік кірістер органдары шығыс операцияларын тоқтата тұрған ақша қаражаты (салымдары) бар банктік шоттар бойынша банктің немесе банктік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қызметшісінің банктік операциялар жасауы.
Ысырап ету деп мүліктің пайдаланылып, жұмсалуына және оның қолда болмауына әкеп соғатын әрекеттер түсініледі.
Иеліктен шығару деп мүліктің басқа адамның иелігіне өтуіне әкеп соғатын әрекет түсініледі, мысалы, сату, сыйға тарту, айырбастау, кепілге беру және т.б.
Жасыру деп мүліктің оны табу мүмкін болмайтын жерге орналастырылуына әкеп соғатын әрекеттерді түсіну керек.
Мемлекеттік кірістер органдары билік етуге шектеу қойған мүлікті заңсыз беру, адам осы мүлікті мемлекеттік кірістер органдары өкілдерінің хабарынсыз кез келген тұлғаға берген жағдайда орын алады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, мүлкіне шектеу қойылған адам жасаған осындай мүлікті беруден бас тарту адамның мемлекеттік кірістер органдарының осындай мүлікті белгілі бір заңды әрекеттерді жасау үшін беруге қатысты заңды талаптарын елемеуінен көрінеді.
Банктік операциялардың тізбесі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңының 30-бабының 2-тармағында берілген (ҚК-нің 242-бабына түсініктемені қараңыз).
Құрылымы бойынша қарастырылып отырған қылмыстық теріс қылықтың құрамы формальдық болып табылады. Қылмыстық теріс қылық түсіндіріліп отырған баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттердің бірін жасаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағынан қылмыстық теріс қылық қасақана жасалады. Адам мемлекеттік кірістер органдары билік етуге шектеу қойған мүлікті ысырап етумен, иеліктен шығарумен, жасырумен немесе заңсыз берумен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда осындай мүлікті беруден бас тартумен айналысып жатқанын сезінеді, салдардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және соны қалайды.
Қылмыстық теріс қылықтың субъектісі — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
Мемлекеттік кірістер органдары билік етуге шектеу қойған мүлікті ысырап ету, иеліктен шығару, жасыру немесе заңсыз беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда осындай мүлікті беруден бас тарту кезінде субъектісі мүлкіне билік етуге шектеу қойылған адам болуы мүмкін.
Мемлекеттік кірістер органдары шығыс операцияларын тоқтата тұрған ақша қаражатымен (салымдармен) банктік операциялар жасаған кезде субъектісі кредиттік ұйымның қызметшісі болуы мүмкін.
ҚК-нің 246-бабында көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстандағы заңгерлік компания Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Послание