58-2-бап. Аумақтық ішкі істер органдары жүзеге асыратын мемлекеттік бақылаудың жүргізілу тәртібі Халықтың көші-қоны туралы Заңы
1. Мемлекеттік бақылау жоспардан тыс тексерулер нысанында жүргізіледі.
2. Аумақтық ішкі істер органының басшысы тағайындайтын жоспардан тыс тексеруге (бұдан әрі – тексеру) мыналар негіз болып табылады:
1) шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың заңсыз болуы туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзатын Қазақстан Республикасының азаматтары туралы куәландыратын нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;
2) прокурордың талаптары;
3) шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың заңсыз болуы туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзатын Қазақстан Республикасының азаматтары туралы куәландыратын нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;
4) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмалары.
3. Аумақтық ішкі істер органдарының лауазымды адамының (лауазымды адамдарының) тексеру жүргізу кезінде:
1) осы баптың 7-тармағында аталған құжаттарды көрсеткен кезде тексеру нысанасына сәйкес бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) тексеру нәтижелері туралы актіге қосу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ тексеру нысанасына сәйкес және мемлекеттік құпиялар және Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпия туралы талаптарды сақтай отырып, автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге қолжетімділік алуға;
3) аудио-, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын тартуға құқығы бар.
4. Аумақтық ішкі істер органдарының лауазымды адамы (лауазымды адамдары) тексеру жүргізу кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, тексерілетін субъектінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) тексеру жүргізу кезеңінде тексерілетін субъектінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;
3) тексерілетін субъектінің не оның уәкілетті өкілінің тексеру жүргізу кезінде қатысуына кедергі келтірмеуге, тексеру нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсініктемелер беруге;
4) тексерілетін субъектіге не оның уәкілетті өкіліне тексеру нысанасына қатысты қажетті ақпаратты беруге міндетті.
5. Бақылау субъектілері не олардың уәкілетті өкілдері тексеру жүргізілген кезде:
1) тексеру жүргізу үшін келген аумақтық полиция органдарының лауазымды адамын (лауазымды адамдарын) мынадай:
осы Заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес келмейтін, тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген мерзімдер асып кеткен не өтіп кеткен;
осы баптың 7-тармағында көзделген құжаттар болмаған;
тексеруді жүргізу тиісті өкілеттіктері жоқ адамдарға тапсырылған;
тексеруді тағайындау туралы бір актіде тексеруге тартылатын бірнеше бақылау субъектісі көрсетілген;
тексеру мерзімдері осы Заңда белгіленген мерзімнен асырып ұзартылған;
сол бір кезеңде сол бір мәселе бойынша бұрын тексеру жүргізілген бақылау субъектісіне тексеру тағайындалған;
өтініште (хабарламада) көрсетілген уақыт кезеңінен асатын кезеңге тексеру тағайындалған жағдайларда, тексеруге жібермеуге;
2) егер құжаттар мен мәліметтер жүргізілетін тексеру нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;
3) құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың тексеруді жүзеге асыру процесін, сондай-ақ аумақтық ішкі істер органдарының лауазымды адамының (лауазымды адамдарының) тексеру шеңберінде жасайтын жекелеген әрекеттерін лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қызметіне кедергі келтірмей, аудио- және бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеуді жүзеге асыруы мақсатында тексеруге қатысуға үшінші тұлғаларды тартуға;
4) тексеру нәтижелері туралы актіге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
6. Бақылау субъектілерінің өкілдері тексеру жүргізілген кезде:
1) аумақтық полиция органдары лауазымды адамының (лауазымды адамдарының) бақылау субъектісінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптарды сақтай отырып және тексеру нысанасына сәйкес аумақтық полиция органдарының лауазымды адамына (лауазымды адамдарына) тексеру нәтижелері туралы актіге қосу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін ұсынуға;
3) тексеру аяқталған күні тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
4) тексеру жүргізу кезеңінде бақылау субъектілерінің тексерілетін құжаттарына (мәліметтеріне) өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуіне жол бермеуге;
5) зиянды және қауіпті өндірістік әсер ету факторларынан тексеру жүргізу үшін келген адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
7. Тексеру тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде жүргізіледі.
Тексеруді тағайындау туралы акт екі данада жасалады.
Тексеруді тағайындау туралы актінің бір данасы – тексерілетін субъектіге, екіншісі тексеру басталғаннан кейін құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органға беріледі.
Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) тексерулерді тағайындау туралы актілерді есепке алу журналында тіркеу күні мен нөмірі;
2) аумақтық ішкі істер органының атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізу үшін тартылатын мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
5) бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері, сәйкестендіру нөмірі, бақылау объектілерінің тізбесі.
Заңды тұлғаның филиалы және (немесе) өкілдігі тексерілген жағдайда, тексеруді тағайындау туралы актіде оның атауы мен тұрған жері көрсетіледі.
6) тексеру нысанасы;
7) тексеру жүргізу мерзімі;
8) тексерілетін кезең;
9) тексеру жүргізудің негіздемесі;
10) бақылау субъектісінің осы баптың 4-тармағында көзделген құқықтары мен міндеттері;
11) заңды тұлға басшысының не оның уәкілетті адамының, жеке тұлғаның тексеруді тағайындау туралы актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы;
12) актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы және аумақтық ішкі істер органының мөрі.
Тексеруді тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша тексерулерді тағайындау туралы актілерді есепке алу журналында тіркеледі.
Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде тексеруді тағайындау туралы акт тексеру басталғаннан кейінгі келесі жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелуге жатады, бұл ретте бақылау субъектісін тексеру жүргізудің басталғаны туралы хабардар ету талап етілмейді.
8. Тексеру кезінде аумақтық ішкі істер органының лауазымды адамы (лауазымды адамдары) бақылау субъектісіне:
1) тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын көрсетуге міндетті.
9. Тексеру жүргізу мерзімі тексеру нысанасы, сондай-ақ алдағы жұмыстардың көлемі ескеріле отырып белгіленеді және жеті жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Тексеру жүргізу мерзімі:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан ақпарат алу;
2) өзіне қатысты тексеру жүргізілетін тұлғаның тұрған жерін анықтау қажет болған жағдайларда ғана он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзартылуы мүмкін.
Тексеру мерзімін ұзарту аумақтық полиция органы басшысының шешімімен жүзеге асырылады.
Тексеру жүргізу мерзімдерін ұзарту бақылау субъектісі хабардар етіле отырып, тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актімен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы актінің тіркелген күні мен нөмірі және ұзарту себептері көрсетіледі.
Тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша акт тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеру жүргізу мерзімі аяқталардан бір жұмыс күні бұрын құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органға ұсыныла отырып, тексерулерді тағайындау туралы актілерді есепке алу журналында тіркеледі.
Тексеру мерзімдерін ұзарту туралы хабарламаны аумақтық полиция органы табыс ету туралы хабарламамен бірге, ұзартуға дейін бір жұмыс күні бұрын бақылау субъектісіне табыс етеді.
Тексеруді тоқтата тұруға жол берілмейді.
10. Тексеру нәтижелері бойынша аумақтық полиция органының лауазымды адамы (лауазымды адамдары) тексеру нәтижелері туралы акт жасайды.
Тексеру нәтижелері туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің жасалған күні, уақыты және орны;
2) аумақтық полиция органының атауы;
3) тексеру жүргізуге негіз болған тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
4) тексеру жүргізген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) мемлекеттік органдардың, ведомстволық бағынысты және өзге де ұйымдардың тексеру жүргізу үшін тартылған мамандары, консультанттары мен сарапшылары туралы мәліметтер;
6) бақылау субъектісінің атауы, оның тұрған жері, сәйкестендіру нөмірі, бақылау объектілерінің тізбесі;
7) тексеру жүргізілген мерзім;
8) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар мен олардың сипаты туралы мәліметтер;
9) бақылау субъектісінің, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың тексеру нәтижелері туралы актімен танысқаны туралы немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартқаны туралы жазба;
10) тексеруді жүргізген лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) қолтаңбасы.
Тексеру нәтижелері туралы актіге тексеру нәтижелеріне байланысты құжаттар болған кезде сол құжаттар немесе олардың көшірмелері қоса беріледі.
11. Тексеру нәтижелері туралы акт үш данада жасалады.
Аумақтық полиция органы тексеру нәтижелері туралы актінің бірінші данасын құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органға электрондық нысанда тапсырады, екінші данасы бақылау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) танысу және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау және басқа да әрекеттер үшін қолын қойғызып қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда табыс етіледі, үшіншісі аумақтық полиция органында қалады.
Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, бақылау субъектісі (заңды тұлғаның басшысы не оның уәкілетті адамы, жеке тұлға) оларды жазбаша түрде баяндайды. Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру нәтижелері туралы актіге қоса беріледі, ол туралы тиісті белгі жасалады.
Аумақтық полиция органы бақылау субъектісінің (заңды тұлға басшысының не оның уәкілетті адамының, жеке тұлғаның) тексеру нәтижелері туралы актіге ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын қарауға және қабылданған шаралар туралы уәжді жауапты он жұмыс күні ішінде беруге тиіс.
Мұндай өтінішті қараудың белгіленген мерзімін бұзу бақылау субъектісінің пайдасына шешіледі.
Тексеру нәтижелері туралы актіні қабылдаудан бас тартылған жағдайда хаттама жасалады, оған тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адам (лауазымды адамдар) және бақылау субъектісі (заңды тұлғаның басшысы не оның уәкілетті адамы, жеке тұлға) қол қояды.
Бақылау субъектісі бас тартудың себебі туралы жазбаша түсініктеме бере отырып, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы.
12. Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтар тексеру жүргізу кезінде болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы актіде тиісті жазба жасалады.
13. Тексеруді тағайындау туралы актіде немесе тексеру мерзімдерін ұзарту туралы қосымша актіде көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірмей, бақылау субъектісіне тексеру нәтижелері туралы акт табыс етілген күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
14. Тексеру қорытындылары бойынша әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық анықталған жағдайда, бақылау субъектісіне қатысты Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында не Қазақстан Республикасының қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген шаралар қолданылады.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңы.
Бапқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Заңымен 2026 жылғы 24 маусымдағы № 326-VIII ҚРЗ
Бапқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Заңымен 2026 жылғы 7 шiлдедегi № 334-VIII ҚРЗ.
Осы Заң халықтың көші-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, көші-қон процестерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы