Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Республика аумағы бойынша заңсыз келу, кету, орын ауыстыру заңсыз көші-қонды ұйымдастыру
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының 2019 жылғы 24 қыркүйектегі үкімімен: К. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 394-бабының екінші бөлігімен оның іс-əрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты ақталған; Ч. бұрын сотталмаған, ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігімен кінəлі деп танылып, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге 5 жыл мерзімге шығарылып, 2 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалған. Сот үкімімен Ч. адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен Қытай елінің транзитпен өтетін азаматтарының 72 сағаттық визасыз режимі арқылы кіруге рұқсат етілгенін пайдаланып, Алматы қаласының халықаралық əуежайы арқылы Республика аумағына ҚХР-ның 31 азаматының заңсыз көші-қонын ұйымдастырғаны үшін кінəлі деп танылған. Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысымен үкім өзгертіліп, қарар бөлігінен сотталған Ч. ҚК-нің 51-бабының негізінде тағайындалған Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне 5 жыл мерзімге тыйым салу белгілене отырып, Қазақстан Республиксы шегінен тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі қосымша жазасы шығарылып тасталған, үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Бас Прокурордың міндетін атқарушы өзінің наразылығында Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының 2019 жылғы 24 қыркүйектегі үкімінің жəне Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысының К.-ға қатысты ақтау бөлігінің жəне Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысының Ч. қатысты қосымша жазасын алып тастау бөлігінің күшін жоюды және қылмыстық істің К.-ге қатысты бөлігін Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына жаңадан қарауға жіберуді сұраған. Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың К.-ні ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігімен ақтаған үкімін заңды деп таныды. Қылмыстық іс құжаттарына қарағанда, К. ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы кінәлілігінің дәлелдемесі ретінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы 2019 жылғы 11 сәуірдегі маманның қорытындысын, 2019 жылғы 25 сәуірдегі нәрселер мен құжаттарды қарап-тексеру хаттамасын, «Iphone Х» маркалы ұялы телефонын, сыйымдылығы «SEAGATE Expansion Portable Drive 1 ТВ» және «64 GВ DTSE9» флеш-жинақтаушыларын ұсынған. 2019 жылғы 21 ақпандағы алу хаттамасына қарағанда, анықтаушы И.-мен ақталған К. «iPhone 7» маркалы ұялы телефоны алынып, оның алынған ұялы телефоны суретке түсіріліп, іске тіркелген. Түсірілген бірінші фото-кестеге сәйкес К. алдыңғы беті ақ түсті ұялы телефоны алынған. 2019 жылғы 21 ақпандағы қарап-тексеру хаттамасына сәйкес К. алынған «iPhone 7» маркалы ұялы телефонына қарап-тексеру жүргізіліп, оның телефонында «Wechat» қосымшасы бар екені, оның 18 605 523 499 номерімен тіркелгені, ішінде мәліметтер жоқ екені анықталып, ұялы телефонының сыртқы бейнесі суретке қайта түсірілген және іске тіркелген. Анықтаушының 2019 жылғы 15 наурыздағы қаулысына сәйкес К.-дан алынған «iPhone 7» маркалы ұялы телефонына компьютерлік-техникалық зерттеу жүргізу тағайындалған. Ал 2019 жылғы 11 сәуірдегі маманның қорытындысына қарағанда, К. тиесілі деп көрсетілген «iPhone X» маркалы ұялы телефонға зерттеу жүргізілген. Сондай-ақ анықтаушының 2019 жылғы 25 сәуірдегі нәрселер мен құжаттарды қарап-тексеру хаттамасына сәйкес осы «iPhone X» маркалы ұялы телефонына қарау жүргізілген. Бірақ, іс бойынша «iPhone Х» ұялы телефоны алынбаған. Сонымен қатар басты сот талқылауында тергеу тобының мүшелері сотқа «iPhone Х» ұялы телефонының қандай көзден алынғаны, алынған «iPhone 7» маркалы ұялы телефоны қайда екені жөнінде нақты жауап бере алмаған. Басты сот талқылауында компьютерлік-зерттеу жүргізген маман Қ. К.-ге тиесілі телефон маркісі анықтаушының қаулысына сәйкес «iPhone 7» ретінде көрсетілген, ал зерттеуге «iPhone Х» маркалы ұялы телефоны ұсынылғанын және соңғысы бойынша зерттеу жүргізгенін көрсеткен.
Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Республика аумағы бойынша заңсыз келу, кету, орын ауыстыру заңсыз көші-қонды ұйымдастыру
Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы соттың «iPhone X» маркалы ұялы телефоны белгiсiз көзден алынған деп танып, оны дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол берiлмейдi деп санап, сол ұялы телефоны бойынша жасалған барлық тергеу әрекеттерін, яғни 2019 жылғы 10 наурыздағы «iPhone X» маркалы ұялы телефоны заттай дәлелдеме деп тану туралы қаулыны, 2019 жылғы 11 сәуірдегі маманның қорытындысын, 2019 жылғы 25 сәуірдегі нәрселер мен құжаттарды қарап-тексеру хаттамасын, 2019 жылғы 5 мамырдағы «SEAGATE Expansion Portable Drive 1 ТВ» және «64 GВ DTSE9» флеш-карталарды заттай дәлелдеме деп тану туралы қаулыны жарамсыз деп танып, дәлелдемелер қатарынан шығарылуға жатады деген тұжырымын сот алқасы негізді деп санайды. Істің мұндай тұрғысында К.-ге қатысты ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігімен айыптауға негіз болған «iPhone X» маркалы ұялы телефоны, оған қатысты жүргізілген тергеу әрекеттерін сот заңсыз деп танығандықтан, олар К.-ге қатысты айыптау үкімін шығаруға негіз болмайды және ол қылмыстық жауапкершілікті туындатпайды деген соттың тұжырымдарын да алқа негізді деп санайды.
Сонымен қатар сот алқасы Ч.-ға қатысты апелляциялық сатыдағы соттың 2019 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысын заңды деп есептейді. Себебі соңғының сотталып отырған, яғни ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігінің диспозициясында тысқары жерге шығарып жіберу жазасы көзделмеген. Сондай-ақ ҚК-нің 51-бабында аталған қосымша жазаны соттың қалауы бойынша тағайындау құзыры қарастырылмаған. Конституцияға сәйкес адамның кез келген құқығын шектеу заңда көрсетілуі тиіс. Яғни сот өз бастамасымен сотталғанға Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу түріндегі қосымша жаза тағайындап, ҚК-нің 52-бабының бірінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп танылған адамға осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында белгiленген шектерде және осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң ережелерi ескерiле отырып, әдiл жаза тағайындалады деген талаптарын бұзған. Сондықтан сот алқасы апелляциялық соттың Ч.-ға заңсыз тағайындалған қосымша жазаның күшін жою жөніндегі шешімін дұрыс деп табады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған К.-ге және Ч.-ға қатысты жергілікті соттардың сот актілерін өзгеріссіз қалдырды. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының міндетін атқарушының наразылығы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы