Шет елден келу, кету қызметтер көрсету арқылы заңсыз көш-қонды ұйымдастырған
Қызылорда облысы Қызылорда қаласының № 2 сотының 2019 жылғы 22 шілдедегі үкімімен: К. бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 394-бабының екінші бөлігімен 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу, ҚК-нің 385-бабының екінші бөлігімен 1 жылға бас бостандығын шектеу тағайындалған, ҚК-нің 385-бабының үшінші бөлігімен 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған. ҚК-нің 58-бабының екінші бөлігінің негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы түпкілікті 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге сотталған. Сол мерзімге пробациялық бақылау белгіленіп, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жылына 100 сағатқа мәжбүрлі түрдегі еңбекке тартылған. Осы үкіммен Т. мен Қ. сотталған, оларға қатысты сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттар келтірілмеген. Сот үкімімен К. адамдар тобымен алдын-ала сөз байласып, шетелдіктерге қолдан жасалған құжаттар беріп, олардың Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз келу, кету және орын ауыстыру үшін өзге де қызметтер көрсету арқылы заңсыз көш-қонды ұйымдастырғаны және адамдар тобымен алдын-ала сөз байласып, құқықтар беретін немесе міндеттерден босататын қолдан жасалған ресми құжатты бірнеше рет өткізгені және көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған. Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 3 кыркүйектегі қаулысымен сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған. Сотталған К. өтінішхатында қабылданған сот актілерімен келіспейтінін, оның әрекетіне А.-ның апостильденген жалған дипломмен және жұмыс өтілі туралы анықтамалармен қамтамасыз ету кіргенін, ол көрінеу жалған құжатты пайдаланбағанын, сондықтан ҚК-нің 385-бабы бойынша әрекеті негізсіз қосымша сараланғанын көрсетіп, сот актілерін өзгертіп, әрекетінен ҚК-нің 385-бабының екінші, үшінші бөліктерін алып тастауды және өтінішхатты өзінің қатысуымен қарауды сұраған.
Сотталған К.-нің кінәсі өзінің ішінара мойындап берген айғақтарынан басқа, осы іс бойынша сотталғандар Т. мен Қ.-ның куәлар А.-ның, М.-ның берген айғақтарымен, беттестіру, айғақ заттарды алу хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен дәлелденген. Сотталған К.-нің қылмыстық іс-әрекеті ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігімен және ҚК-нің 385-бабының екінші бөлігімен дұрыс саралаған. Алайда соттың К.-нің көрінеу жалған құжаттарды пайдаланумен айналысқан деген тұжырымы негізсіз болып табылады. Басты сот талқылауы барысында куә А. берген айғағында, К.-ні танитындығын және ол тізім бойынша ұсынылған Қытай азаматтарын апостильденген жалған дипломмен және жұмыс өтілі туралы анықтамалармен қамтамасыз етіп, ол үшін адамдар әзірленген ресми жалған құжатты «Е-Лицензиялау» жүйесі арқылы Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жолдап отырғандығын айтып көрсеткен. Сонымен қатар сот талқылауының аудио-,бейне жазбасын зерделеу көрсеткендей, сотта К. 2017 жылы өзінің танысы А. хабарласып, құжаттар бойынша көмектесуін сұрағанын, сол уақытта Бішкек қаласында өзінің танысы болғанын, оған хабарласқан кезде көмектесе алатындығын айтқан соң өзі такси жүргізушісі арқылы А.-дан алған флэшканы беріп жібергенін, кейін 86-адамға қатысты құжаттар келгенін, өзі оларды А.-ға беріп, ол үшін сыйақысын алғанын. Аталған құжаттарды ашып қарамағанын, куәландырмағанын және оларды аудармағанын, одан кейін де А.-ның 2 мәрте хабарласқанын, ол кезде тек флэшканы такси жүргізушісі арқылы танысына беріп жібергенін, одан кейін құжаттарды А.-ның өзі сапаржайдан күтіп алғанын, ол құжаттарды мүлдем көрмегенін көрсеткен.
Шет елден келу, кету қызметтер көрсету арқылы заңсыз көш-қонды ұйымдастырған
Сотта зерттелген дәлелдемелерге сәйкес К. қытайлық азаматтарды апостильденген жалған дипломмен және жұмыс өтілі туралы анықтамамен қамтамасыз етіп, құжаттың аудармасын А.-ға ұсынып отырған. Демек, К. құжаттарды бірнеше рет әзірлеп беруге көмектескен, бірақ өзі оларды пайдаланбаған. Істің мұндай тұрғысынан, К.-нің іс-әрекетінен ҚК-нің 385-бабының үшінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы көрінбейді. Сондықтан К.-нің іс-әрекетінде ҚК-нің 385-бабының үшінші бөлігіндегі қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, сот үкімі өзгертіліп, ҚК-нің 385-бабының үшінші бөлігімен кінәлі деп таныған бөлігінің күші жойылып, іс тоқтатылуға жатады. Сонымен қатар сот сотталған Қ.-ға жаза тағайындағанда оның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстық құқық бұзушылықты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасағанын негізсіз таныған. ҚК-нің 54-бабының екінші бөлігіне сәйкес, егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретiнде қайта ескерілмейді. «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының 4-тармағына сәйкес ҚК-нің 53-бабында немесе 54-бабында көзделген мән-жай қылмысты саралайтын белгілердің бірі ретінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлігіндегі бабының диспозициясында көрсетілсе, сот оны осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауаптылық пен жазаны ауырлататын мәнжай ретінде тани алмайды. Іс бойынша анықталғандай, бірінші сатыдағы сот К. жаза тағайындағанда, оның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген әрекетіне шын ниетпен өкінуін, жас балалары барын ескерген.
Сонымен қатар қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстық құқық бұзушылықты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасағанын таныған. Ал, сотталғанның қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттерінің бірі ретінде ҚК-нің 394-бабының екінші бөлігімен, ҚК-нің 385-бабының екінші бөлігімен, яғни адамдар тобы болып, алдын ала сөз байласып, заңсыз көшіқонды ұйымдастыру белгісімен саралаған. Сондықтан сотталғанның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстық құқық бұзушылықты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасағаны қайта ескерілуге жатпайды. Сондықтан сотталған К.-нің айыбынан «адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен» деген саралау белгісі алып тасталуға жатады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған К.-ге қатысты жергілікті соттардың сот актілерін өзгертіп, үкімнің ҚК-нің 385-бабының үшінші бөлігімен кінәлі деп таныған бөлігінің күшін жойып, қылмыстық іс тоқтатылды. Сотталған К.-нің айыбынан «адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен» деген саралау белгісі алып тасталды, сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Сотталған К.-нің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Шет елден келу, кету қызметтер көрсету арқылы заңсыз көш-қонды ұйымдастырған
378 рет жүктеп алынды