Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 394-бабына түсініктеме. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру
1. Көлік құралдарын не жалған құжаттарды, не тұрғын үй немесе өзге де үй-жайды беру арқылы, сондай-ақ азаматтарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз кіру, одан шығу, оның аумағы арқылы жүріп-тұру мақсатында өзге де қызметтер көрсету арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастыру —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекетті адамның өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып немесе адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасауы —
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекет —
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 1-бабының 9) тармағына сәйкес, көші-қон — жеке тұлғалардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке, сондай-ақ мемлекет ішінде тұрақты немесе уақытша, ерікті немесе мәжбүрлі түрде орын ауыстыруы.
Қазақстан Республикасындағы көші-қонның құқықтық негіздерін регламенттейтін және көші-қон саласындағы қатынастарды реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілерге мыналар жатады: 1995 жылғы 19 маусымдағы «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы; 2000 жылғы 13 желтоқсандағы «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы «Иммигранттардың Қазақстан Республикасына келу және онда болу, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан кету қағидаларын және көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына кіруге тыйым салынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» қаулысы; Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 5 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының тұжырымдамасы туралы» қаулысы, халықаралық келісімдер және басқалар.
ҚК-нің 394-бабында көзделген қылмыстың қоғамдық қауіптілігі заңсыз көші-қонды ұйымдастыру нәтижесінде халықтың көші-қоны саласындағы белгіленген қағидалардың, Қазақстандағы көші-қон процестерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерінің бұзылуында болып табылады. Заңсыз көші-қон ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі және көлеңкелі экономиканың дамуы, ұлттық қақтығыстар, қарулы шабуылдар, террористік актілер сияқты проблемалардың туындауына себеп болуы мүмкін.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі халықтың көші-қоны саласындағы қоғамдық қатынастар, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтудің белгіленген тәртібін және оның аумағында жүріп-тұру тәртібін реттейтін қоғамдық қатынастар болып табылады.
ҚК-нің 394-бабында көзделген қылмыстың объективтік жағы көлік құралдарын не жалған құжаттарды, не тұрғын үй немесе өзге де үй-жайды беру арқылы, сондай-ақ азаматтарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз кіру, одан шығу, оның аумағы арқылы жүріп-тұру мақсатында өзге де қызметтер көрсету арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастырудан көрінеді.
1991 жылғы 20 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары болып мыналар танылады: Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын; Қазақстан Республикасының аумағында туған және шет мемлекеттің азаматтығында тұрмайтын; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адамдар.
Қазақстан Республикасының азаматына басқа мемлекеттің азаматтығы танылмайды.
1995 жылғы 19 маусымдағы «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасында шетелдіктер деп Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын және басқа мемлекеттің азаматтығына жататынын растайтын дәлелдемелері бар адамдар танылады.
Азаматтығы жоқ адамдар деп Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын және басқа мемлекеттің азаматтығына жататынын растайтын дәлелдемелері жоқ адамдар танылады.
Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру — Конституцияға негізделген, «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан және өзге де нормативтік актілерден туындайтын көші-қон саласындағы заңнама талаптарын бұза отырып, жеке тұлғалардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке, сондай-ақ мемлекет ішінде орын ауыстыру мүмкіндігін жасауға немесе осындай орын ауыстыруды жүзеге асыруға бағытталған қызмет.
Ұйымдастырушылық қызмет заңда белгіленген визасыз, жеке басын куәландыратын құжаттарсыз, жалған құжаттарды ұсына отырып, көші-қон картасын алу және толтыру міндетін бұза отырып, мигранттардың Қазақстан Республикасына кіруін қамтамасыз етуге, Қазақстанда белгіленген тіркеу тәртібін бұза отырып болуына, болу мерзімі аяқталғаннан кейін жүріп-тұруына және т.б. бағытталуы мүмкін.
«Көлік», «көлік құралы» ұғымдары тиісінше 1994 жылғы 21 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 28) тармағында қамтылған.
Көлік құралын беру — көлік құралын жолдардың шегінде, сондай-ақ оларға іргелес орналасқан және көлік құралдарының қозғалысына арналған аумақтарда немесе көлік құралының түріне байланысты теміржол жолдарының, су және әуе кеңістігінің шегінде оның қозғалысына байланысты пайдалануға мүмкіндік беру.
Қарастырылып отырған бап шеңберінде көлік құралдарын беру деп Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға көлік құралын кез келген заңсыз тәсілмен, яғни заңды бұзатын, заңға сәйкес келмейтін тәсілмен беруді түсіну қажет.
Жалған деп мәліметтері шындыққа сәйкес келмейтін құжат танылады. Жалған жасау екі тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін: құжатты бұрмалау және тұтастай жалған құжат жасау. Бұрмалау тәсілі материалдық болуы мүмкін, бұл ретте түпнұсқа құжаттың мазмұнына оны бұрмалайтын түзетулер енгізіледі (тазарту, қосып жазу, жапсыру, химиялық жолмен өшіру, мәтінді түзету, мәтінді басқа мәтінмен ауыстыру, күнін, тегін өзгерту, қолтаңбаны, мөр бедерін қолдан жасау және т.б.), яғни түпнұсқа құжаттың бастапқы мәтініне өзгерістер енгізіледі, сондай-ақ интеллектуалдық сипатта болуы мүмкін, бұл жағдайда нысаны бойынша түпнұсқа болып табылатын және талаптарға сәйкес келетін құжатта жалған мәліметтер көрсетіледі.
Қарастырылып отырған бап шеңберінде құжаттарға мыналарды жатқызу қажет: паспорт, дипломатиялық, қызметтік, шетелдік паспорттар, жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі, Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігі, қайтып оралуға арналған куәлік, туу туралы куәлік, мемлекеттік билік органдары берген, иесінің жеке басын сәйкестендіруге арналған өмірбаяндық ақпаратты қамтитын өзге де жеке құжаттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында танылатын және шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттар (виза, тұруға ықтиярхат және т.б.).
Осылайша, жалған құжаттарды беру — Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқ адамдарға олардың Қазақстан Республикасының аумағына кедергісіз кіруіне, одан шығуына, оның аумағы арқылы жүріп-тұруына мүмкіндік алу мақсатында жалған құжаттарды беру.
Үй-жайлар мен тұрғын үй-жайлардың ұғымдары мен сипаттамалары 1997 жылғы 16 сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында қамтылған.
Үй-жай — ғимараттың ішінде орналасқан, белгілі бір функционалдық мақсаты бар және құрылыс конструкцияларымен шектелген кеңістік.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2-бабының 28) тармағына сәйкес, тұрғын үй-жай (тұрғынжай) деп тұрақты тұруға арналған және пайдаланылатын, белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сәйкес келетін тұрғын бірлік (жеке тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме) түсініледі.
Жоғарыда аталған Заңға сәйкес, тұрғын емес үй-жай — көппәтерлі тұрғын үйдегі құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сәйкес келетін, жобалау сатысында көзделген, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, шекаралары қабырғалардың, еденнің және төбенің (қабатаралық жабындардың) ішкі беттері болып табылатын, тұрақты тұрудан басқа мақсаттарда (кеңсе, дүкен, кафе, қонақүй, хостел және халыққа қызмет көрсету саласының басқа да объектілері) пайдаланылатын және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін қоспағанда, жеке (оқшауланған) меншікте болатын жеке ішкі кеңістік. Паркинг те тұрғын емес үй-жайға жатады.
Сонымен қатар, үй-жайлар өндірістік, сауда, коммуналдық-тұрмыстық, кеңселік, қоғамдық тамақтандыру объектілері, медициналық мекемелер, дәріханалар, медициналық практикаға арналған мүліктік кешендер — тиісті емханалар, кабинеттер, білім беру, театр-ойын-сауық, спорттық, шығармашылық, әмбебап мекемелер — түнгі клубтар, казинолар, ойын залдары, ойын-сауық орталықтары, гараждар, мұрағаттар, агенттіктер, байланыс бөлімшелері және т.б. болуы мүмкін.
Демек, тұрғын үй немесе өзге де үй-жайды беру дегеніміз Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға жекелеген үй-жайларды пайдалануға беру, оларды осындай үй-жайлармен қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз кіру, одан шығу, оның аумағы арқылы жүріп-тұру мақсатында өзге де қызметтер көрсету деп заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың кез келген тәсілдерін пайдалануды түсіну қажет. Мұндай әрекеттер заңсыз көші-қонды қамтамасыз етумен айналысатын топ құрудан, Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз кіру, одан шығу және оның аумағы арқылы жүріп-тұру тәсілдері мен маршруттарын әзірлеуден, заңсыз көші-қонға ниет білдірген адамдарды іздестіруден, оларды тиісті құжаттармен қамтамасыз етуден, ел аумағына кіру, одан шығу және оның аумағында жүріп-тұру тәртібін бақылауды жүзеге асыратын, визалар берумен айналысатын адамдармен заңсыз байланыстар орнатудан және Қазақстан Республикасының азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз кіруін, одан шығуын және оның аумағы арқылы жүріп-тұруын қамтамасыз етуге бағытталған өзге де әрекеттерді жасаудан көрінуі мүмкін.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбекші-мигранттар және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасына визасыз кіреді, сондай-ақ тіркеу мерзімі ішінде Қазақстан Республикасында визасыз болады және одан визасыз шығады.
Қазақстан Республикасының соттарының үкімдері бойынша бас бостандығынан айыруға сотталған шетелдіктер Қазақстан Республикасында визасыз және тіркеусіз болады.
Қазақстан Республикасының соттарының үкімдері бойынша қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларға шартты түрде сотталған, сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған шетелдіктер Қазақстан Республикасында тіркеу мерзімі ішінде визасыз болады. Қазақстан Республикасынан шығу үшін оларға тиісті санаттағы виза ресімделеді.
Иммигранттар Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктердің келуіне ашық жерлерде еркін жүріп-тұра алады және халықтың көші-қоны саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес тұрғылықты жерін таңдай алады. Жүріп-тұру және тұрғылықты жерді таңдау жөніндегі шектеулер Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңының 7-бабының 7) тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан белгіленеді.
Шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағында жүріп-тұру тәртібі, сондай-ақ олардың шетелдіктердің келуіне жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) кіру тәртібі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің келісімі бойынша айқындалады.
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін иммигранттардың Қазақстан Республикасына кіруі және Қазақстан Республикасынан шығуы үшін Қазақстан Республикасының транзиттік визалары ресімделеді.
Шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жүріп өтуіне, үшінші мемлекетке кіру үшін жарамды құжаттары (визалары) болған жағдайда, бес тәуліктен аспайтын мерзімге рұқсат етіледі.
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы азаматтығы бар мемлекетімен визасыз кіру туралы келісімі бар елге транзитпен өтетін шетелдіктер Қазақстан Республикасының транзиттік визасын ресімдейді.
Түсіндіріліп отырған қылмыс құрамының құрылымы бойынша формальдық сипатта болады, сондықтан адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісінің өзі жеткілікті. Іс-әрекет баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттердің кез келгенін жасаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Қарастырылып отырған қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адамның заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға бағытталған әрекеттерді жасап отырғанын сезінеді және оларды жасауды қалайды.
Себеп пен мақсат саралауға әсер етпейді, бірақ жаза тағайындау кезінде сот оларды ескереді.
Талданып отырған іс-әрекеттің субъектісі — есі дұрыс, он алты жасқа толған жеке тұлға.
ҚК-нің 394-бабының 2-бөлігінде заңсыз көші-қонды көлік құралдарын не жалған құжаттарды, не тұрғын үй немесе өзге де үй-жайды беру арқылы, сондай-ақ азаматтарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз кіру, одан шығу, оның аумағы арқылы жүріп-тұру мақсатында өзге де қызметтер көрсету арқылы адамның өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып немесе адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша ұйымдастыру саралаушы белгі ретінде көзделген.
Қызметтік өкілеттіктер — адамның атқаратын лауазымына байланысты заңмен берілген құқықтары мен міндеттері. Адамның өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалануы — оның қызметтік міндеттерінің шеңберіне кіретін әрекеттерді қызмет мүдделеріне қайшы келетін заңсыз түрде жасауы не атқаратын лауазымына байланысты жасауға міндетті әрекеттерді жасамауы.
Осылайша, адамның өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалануы деп қылмысты жасауды жеңілдету мақсатында қандай да бір функцияларды жүзеге асыруына байланысты адамға берілген өкілеттіктер көлемін қылмыстық мақсаттарда қолдануды түсіну қажет.
«Қылмысты адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасау» саралаушы белгісі ҚК-нің 385-бабының 2-бөлігін талдау кезінде ашып көрсетілген.
Түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігінде көлік құралдарын не жалған құжаттарды, не тұрғын үй немесе өзге де үй-жайды беру арқылы, сондай-ақ азаматтарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз кіру, одан шығу, оның аумағы арқылы жүріп-тұру мақсатында өзге де қызметтер көрсету арқылы заңсыз көші-қонды алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы немесе қылмыстық топ жасаған жағдайда ұйымдастырғаны үшін жауаптылық көзделген.
Қылмыстық топ ұғымы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағында және 31-бабының 3-бөлігінде берілген.
ҚК-нің 394-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 394-бабының 2-бөлігінде көзделген іс-әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 394-бабының 3-бөлігінде көзделген іс-әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилович Борчашвили.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар