Жер даулары бойынша Дау айтылған қаулы өндірістік кооперативтің жер учаскесіне қатысты құқығына нұқсан келтіреді және заң талаптарына қайшы болғандықтан, жарамсыз деп танылуға жатады
Талап қоюшы «З» өндірістік кооперативі (бұдан әрі – ӨК, Кооператив) Қазығұрт ауданы әкімдігіне 2013 жылғы 15 шілдедегі № 350 қаулыны жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 9 қазандағы шешімімен Кооперативтің арызы қанағаттандырусыз, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Арыз беруші Ж. өтінішхатында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Іс құжаттарына қарағанда, «З» ӨК 2002 жылғы 23 қаңтардан бастап мемлекеттік тіркеуде тұрған. Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі кезде – Түркістан облысы) Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2002 жылғы 8 ақпандағы № 72а қаулысымен «З» ӨК-ге Жаңа базар ауылдық округінің аймағында орналасқан жалпы аумағы 97,5 га жер учаскесі (бұдан әрі – даулы жер учаскесі) 49 жылға уақытша пайдалануға берілген. Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2013 жылғы 15 шілдедегі № 350 қаулысымен жоғарыда аталған қаулының күші жойылып, Кооперативке берілген даулы жер учаскесі ауданның арнайы жер қорына қайтарылған. Аталған қаулының қабылдануына Қазығұрт аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының «З» ӨК-нің тарапынан жер заңнамасының нормалары сақталмай отырғандығы туралы хаты негіз болған. Атап айтқанда хатта «З» ӨК Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 65-бабын сақтамай, жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттарын ресімдемеген, жер учаскесін жалға алу туралы шартын жасамаған деп көрсетілген. Алайда жергілікті атқарушы орган 2013 жылғы 15 шілдедегі № 350 қаулысын шығарғанда «З» ӨК-де даулы жер учаскесінің қандай негіздер бойынша пайда болғанын ескермеген және осы қаулының заңдылығын тексеру барысында сот сатылары да бұған дұрыс мән бермеген. Жоғарыда көрсетілген Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2002 жылғы 8 ақпандағы № 72а қаулысында «З» ӨК-ге жер учаскесі жер үлесі құқығын беру шарттарына сәйкес 97,5 га (оның ішінде егістік – 33,7 га, одан суармалы егістік – 0,64 га, шабындық - 23,7 га, жайылым – 32,3 га және 7,8 га өзге жер) келісілген жобаға лайық берілсін делінген. Сонымен қатар осы қаулының орындалуы, яғни ауданның жер есебіне тиісті өзгерістер енгізу, жерді пайдалануға құқық беретін құжаттарды, шартты ресімдеу аудандық жер ресурстарын басқару комитетіне тапсырылған. Демек қаулының орындалуына жер пайдаланушымен бірге өкілетті орган да тиісті шара қолданбаған.
Жер даулары бойынша Дау айтылған қаулы өндірістік кооперативтің жер учаскесіне қатысты құқығына нұқсан келтіреді және заң талаптарына қайшы болғандықтан, жарамсыз деп танылуға жатады
Сонымен қатар Жаңа базар ауылы әкімі жекешелендіру комиссиясының 2002 жылғы 15 қаңтардағы № 454 қаулысына қарағанда, «Қарабастау-1» ӨК-ден бөлініп шыққан кезде дәл осы көлемдегі жер учаскесі – 97,5 га «З» ӨК-нің мүшелеріне берілген. Әрі қарай 2002 жылғы 25 қаңтарда жасалған жер үлесі құқығын беру шарттары негізінде «З» ӨК-нің мүшелері жер үлесіне құқығы жөніндегі куәлік иесі бола тұра, ол жерге өз үлес құқығын Кооперативке 49 жыл мерзімге берген. Бұл құжаттардың заңдылығына дау айтылмаған, құжат Түркістан облысы мемлекеттік архивінде сақтаулы, іске архивтік көшірмелері тіркелген. Жер кодексінің 43-бабының 11-тармағына сәйкес осы Кодекс қолданысқа енгiзiлгенге дейiн азаматтар мен заңды тұлғаларға бұрын қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлген жер учаскелерiне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгiленген жер учаскелерiне құқықтардың өзгеруi ескерiле отырып, заңдық күшiн сақтайды. Жер кодексіне сәйкес мұндай құжаттарды жер учаскелерiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын куәландыратын құжаттарға ауыстыру құқық иеленушілердiң қалауы бойынша жүзеге асырылады. «З» ӨК-ге жер учаскесiне жер пайдалану құқығы заң талаптарына сәйкес берілгеніне қарамастан, Жер кодексінің 81-бабында қарастырылған негіздерсіз оның жер пайдалану құқығы тоқтатылған. Ал, 2013 жылғы 17 қыркүйекте «З» ӨК-нің бұрынғы төрағасы Ж.-ның (2006 жылдан бері еңбекке жарамсыз мүгедек болып танылған) даулы жерден бас тарту және қаулының күшін жою туралы өтініші, Қазығұрт аудандық әкімдігінің дау нысаны болып отырған қаулы шыққаннан кейін берілген. «Өндірістік кооператив туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 9, 12-тармақтарына сәйкес, егер жалпы жиналысқа кооператив мүшелерінің немесе олардың сенімді өкілдерінің жартысынан астамы қатысса ол құқылы деп саналады, егер жалпы жиналыстың шешімі үшін жиналысқа қатысқан кооператив мүшелерінің немесе олардың сенім білдірген адамдарының жартысынан астамы дауыс берсе, ол қабылданды деп саналады. «З» ӨК-де кооператив мүшелерінің жиналысы өткізілмегендіктен, жазылған өтініштің күші жоқ деп саналады және бұл жағдай жер пайдаланушының жер пайдалану құқығынан бас тартуы болып есептелмейді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 267-бабының 1-тармағына сәйкес, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады. Сотта анықталғандай, Кооператив мүшелері даулы жер учаскесін өздеріне тиісті деп санап, осы күнге дейін салықтарын төлеп, жоңышқа, бидай егіп пайдалануда. Ал дау айтылған қаулы Кооперативтің жер учаскесіне қатысты құқығына нұқсан келтіреді және заң талаптарына қайшы болғандықтан, жарамсыз деп танылуға жатады. Дауланып отырған қаулы туралы «З» ӨК 2019 жылғы 17 мамырда, Түркістан облысы Қазығұрт ауданды әкімі орынбасарының 2019 жылғы 2 мамырдағы № 1444 хатын алғаннан кейін білген. Мұндай жағдайда АПК-нің 294-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сотқа жүгіну мерзімі арыз беруші тарапынан өтіп кетпеген. Жоғарыда баяндалғанның негізінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша арыз берушінің талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдады. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2013 жылғы 15 шілдедегі № 350 қаулысы жарамсыз деп танылды. Қазығұрт ауданы әкімдігіне жол берілген заң бұзушылықтарды толық көлемде жойып, заңды тұлғаның мүдделерін қалпына келтіру міндеттелді. Арыз берушінің өтінішхаты қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы