197-бап. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексі
1. Пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес бұзылған жерлерді рекультивациялау арқылы жүргізіледі.
Барлауға арналған лицензия бойынша айрықша құқық негізінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру үшін берілген жер қойнауы учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттеме өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттеменің көлеміне енгізіледі.
2. Барлау учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға осындай учаскеде пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензияның қолданысы тоқтатылғаннан кейін алты айдан кешіктірілмей барлау жөніндегі операциялардың салдарын жоюды аяқтауға міндетті.
Аталған тұлғаның өтініші бойынша пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган, егер жоюды жүргізу мүмкін болмаса немесе табиғи және (немесе) табиғи-климаттық жағдайларға орай едәуір қиын болса, осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім өткен күннен бастап алты айға дейінгі кезеңге барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою мерзімін ұзартады.
3. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 199-бабына сәйкес бас тартқан барлау учаскесінің бір бөлігінде пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою осындай бас тартылғанға дейін жүргізіледі.
4. Егер жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды барлау жөніндегі операцияларды жер қойнауын пайдаланушы бас тартқан барлау учаскесінде немесе барлау учаскесінің бір бөлігінде жүзеге асырмаса немесе операциялар жер беті қабатын (су айдындарының түбін) бұзбай жүргізілсе, осындай барлау учаскесінде немесе барлау учаскесінің бір бөлігінде жою жұмыстарын жүргізу талап етілмейді.
Мұндай жағдайда барлау учаскесіне (барлау учаскесінің бір бөлігіне) жою жұмыстарын жүргізудің қажеттілігі жоқ екенін растайтын зерттеу актісі жасалады, оған осы баптың 5-тармағында аталған тұлғалар қол қояды.
5. Жою актісіне қол қойылған күннен бастап барлау учаскесінде (оның бір бөлігінде) барлау жөніндегі операциялардың салдарын жою аяқталды деп есептеледі. Жою актісіне облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың тиісті жергілікті атқарушы органы өз өкілдері мен қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерінен құратын комиссия және жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға, ол болған кезде) қол қояды. Егер жою жеке меншіктегі, тұрақты немесе ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүзеге асырылса, жою актісіне жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы да қол қояды.
6. Барлау жөніндегі операциялар салдарын жою актісіне қол қою жер қойнауын пайдалану құқығын өзге тұлғаларға кейіннен ұсыну мақсатында мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті мәліметтерді енгізуге негіз болып табылады.
Ескерту. 197-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.01.2021 № 401-VI (01.03.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы