Әкімшілік жаза тағайындау Құқық бұзушыға жаза тағайындағанда уәкілетті орган мен соттар айыппұл мөлшерін дұрыс анықтамаған
Ақтөбе қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) «№ 35 «Балбұлақ» мектепке дейінгі ұйымы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнына (бұдан әрі – Балабақша) тексеріс жүргізген. Аталған балабақшада бала саны 190 болған, ал балабақшаның сыйымдылығы 150 орын деп көрсетілген, яғни Басқарма санитариялық нормаларға сәйкес келмейтіні туралы қорытынды жасап, 2019 жылғы 17 мамырдағы қаулымен Балабақшаның меңгерушісі М.-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 425-бабының бірінші бөлігімен кінәлі деп танып, оған 230 АЕК мөлшерінде – 580 750 теңге айыппұл салған. Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының мамандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 18 шілдедегі қаулысымен Басқарманың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Ақтөбе облыстық сотының 2019 жылғы 8 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған. Бас Прокурор орынбасарының наразылығында М.-ның әрекетінде құқық бұзушылық құрамы жоқ, өйткені бала санының толықтығы мен артуы қала әкімдігі мен білім бөлімінің әрекетінің салдары деп көрсетіп, қаулыларды бұзу қажеттігін көрсеткен.
Әкімшілік жаза тағайындау Құқық бұзушыға жаза тағайындағанда уәкілетті орган мен соттар айыппұл мөлшерін дұрыс анықтамаған
Алқа М. мен прокурордың наразылықты қолдаған, уәкілетті органның қаулыларды күшінде қалдыру жөнінде пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, наразылықтың уәждерін талқылап, қаулылар өзгеріссіз қалдыруға жатады деп есептейді. Іс құжаттарына сәйкес Ақтөбе қаласы әкімінің 2012 жылғы 22 қазандағы қаулысымен «№ 35 «Балбұлақ» мектепке дейінгі ұйымы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны құрылған. Балабақшаның жобалық сыйымдылығы 150 орын деп белгіленген. Осыған байланысты Ақтөбе қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тексеріс жүргізіп, Балабақшада бала саны 190, ал балабақшаның сыйымдылығы 150 орын деп, яғни санитариялық нормаларға сәйкес келмейтіні туралы қорытынды жасаған. Осыған байланысты Балабақша меңгерушісі М. ӘҚБтК-нің 425-бабының бірінші бөлігімен әкімшілік жазаға тартылған. «Мектепке дейінге ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы № 615 бұйрығы бойынша санитариялық қағидаларының 2 және 4-қосымшаларына сәйкес ойын бөлмесінің көлемі бөбектер мен мектепке дейінгі топтар үшін 1 балаға кемінде 2,0 м² есебінен болуы, бір топта 25-тен артық бала болмауы қажет. Балабақшаны тексеру кезінде көрсетілген санитариялық талаптар бұзылғандығы анықталған. Осы заң бұзушылық фактісі жөнінде наразылықта дау айтылмайды. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының (бұдан әрі – Заң) 48-бабының 1, 2, 6-тармақтарына сәйкес білім беру ұйымдарында білім алушылардың, тәрбиеленушілердің науқастануын болдырмау, денсаулығын нығайту, тән саулығын жетілдіру, салауатты өмір салтына қалыптастыру жөніндегі қажетті шаралардың орындалуы қамтамасыз етіледі, оқу жүктемесі, сабақ режимі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, санитариялықэпидемиологиялық ережелер мен нормалар, оқу жоспарлары мен денсаулық сақтау және білім беру органдарының ұсынымдары негізінде әзірленген білім беру ұйымдары бекітетін ережелермен айқындалады.
Білім беру ұйымдарында оқытудың, тәрбиелеудің, еңбек пен тынығудың салауатты және қауіпсіз жағдайларын жасау үшін жауапкершілік олардың басшыларына жүктеледі. Сонымен бірге осындай талаптар Балабақша меңгерушісінің бекітілген лауазымдық міндеттерінде көрсетілген. М. міндеттерімен танысқан. Яғни Балабақшаға санитариялық-эпидемиологиялық ережелерге сәйкес сыйымдылық нормасы бойынша балаларды орналастыру және қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілік басшыға жүктелген. Білім бөлімі өкілінің жауаптары бойынша М. жыл сайын Балабақшаға қанша бала қабылдайтын индикативті жоспар тапсырады, 2018 жылдан бері балаларды қабылдау электронды түрде жүзеге асырылады, Білім бөлімі оған қатыспайды. Мұндай жағдайда М.-ның ӘКБтК-нің 425-бабының бірінші бөлігі бойынша кінәлі деп шығарылған қаулылар заңға сәйкес келеді. ӘҚБтК-тің 30-бабына сәйкес лауазымды адам өз қызметтiк мiндеттерiн орындамауына немесе тиiсiнше орындамауына байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған жағдайда әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылады. М. Балабақшадағы балалардың сыйымдылығы санитариялық нормаларға сәйкес келмеген жағдайда, балаларды қабылдаудан бас тартуға тиісті шаралар қабылдауды қажет еді. Бірақ іс құжаттарында осы мәселе бойынша дәлелдемелер анықталмаған. Сондықтан прокурордың наразылығын қанағаттандыруға негіз жоқ. Сонымен қатар жаза тағайындағанда уәкілетті орган мен соттар заңды дұрыс қолданбаған. ӘҚБтК-нің 40-бабының үшінші бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылық жасаған тұлғаға дене азабын келтіруді немесе адами қадiрқасиетiн қорлауды мақсат тұтпайды. Балабақша меңгерушісінің жалақысы 94 344 теңгеден аспайды, ал салынған айыппұлдың мөлшері оның жалақысынан 6 есе көп, сондықтан оған салынған айыппұлдың мөлшері отбасын асырауына зиян келтіреді. М.-ның жауапкершілігін ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сондықтан алқа ӘҚБтК-нің 819-бабының екінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік айыппұл мөлшерін отыз пайыздан асырмай қысқартуға болады деп есептейді. Жоғарыда баяндалғанның негізінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы М.-ға қатысты жергілікті сот актілерін өзгертіп, оған қатысты ӘҚБтК-нің 425-бабының бірінші бөлігі бойынша айыппұлды 406 525 (төрт жүз алты мың бес жүз жиырма бес) теңгеге дейін төмендетті. Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы