Еңбек даулары бойынша бұйрықтың күшін жою, жұмысқа қайта алу, жалақы және моральдық зиян үшін өтемақы өндіру туралы
Талап қоюшы К. жауапкер «B» АҚ-ға (Банк) 2018 жылғы 12 қазандағы № 1367-л/с бұйрықтың күшін жою, жұмысқа қайта алу, жалақы және моральдық зиян үшін өтемақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген. Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының 2019 жылғы 21 қаңтардағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылып, «B» АҚ-ның 2018 жылғы 12 қазандағы № 1367-л/с бұйрығының күші жойылып, К. Банктің Шымкент қаласындағы филиалының операциялық басқармасының басшысы лауазымына жұмысқа қайта орналастырылып, оның пайдасына жауапкерден 2018 жылғы 12 қазаннан бастап амалсыз бос жүрген уақыты үшін айлық жалақысы және моральдық зиян үшін 50 000 теңге өтемақы өндірілген. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына мемлекеттік баж ретінде төленген 3 000 теңге және өкілдің көмегі үшін төленген 100 000 теңге сот шығындары, мемлекет кірісіне 1 812 теңге мемлекеттік баж өндірілген. Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 20 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған. «B» АҚ өзінің өтінішхатында жергілікті соттардың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюды, К.-ның талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы жауапкер «В» АҚ-ның өкілі Е.-нің өтінішхаттағы уәждерін қолдаған түсініктерін, талап қоюшы К.-нің және оның өкілі З.-нің өтінішхатқа қарсылықтарын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актілері төмендегі негіздерге байланысты өзгеріссіз, өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді. Іс құжаттарынан анықталғандай, К. 2010 жылғы 21 маусымдағы № 4-64 еңбек шарты бойынша (бұдан әрі – № 4-64 Еңбек шарты) 2010 жылғы 21 маусымнан бастап «B» АҚ-на жұмысқа қабылданған, 2016 жылғы 1 шілдеден бастап Банктің Шымкент қаласындағы филиалының операциялық басқармасының басшысы лауазымында қызмет атқарған. 2016 жылғы 1 шілдедегі К. мен «B» АҚ-ның арасында № 4-64 Еңбек шартына қосымша келісім (бұдан әрі – Қосымша келісім) жасалып, оның 7.10.-тармағында Еңбек шарты тараптардың келісімімен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодекс) 50-бабымен белгіленген тәртіппен бұзылуы мүмкін деген шарт енгізілген. Қосымша келісімнің 7.10.1., 7.10.2.-тармақтарына сәйкес көрсетілген негіз бойынша еңбек шартын бұзғысы келген тарап басқа тарапқа хабарландыру жолдайды; хабарландыруды алған тарап үш жұмыс күні ішінде жазбаша түрде қабылданған шешім туралы хабарлауы тиіс; еңбек шартын нақты бұзу күні тараптардың келісімі бойынша анықталады. «B» АҚ-ның 2018 жылғы 12 қазандағы № 1367-л/с бұйрығымен К.-мен еңбек қатынасы тоқтатылған. Бұйрықты шығарған кезде Банк Қосымша келісімнің 7.10.3.-тармағына сілтеме жасап, К.-ні жұмыстан босатудың негіздемесін «тараптардың келісімі бойынша» деп көрсеткен. Талап қоюшы К. 2018 жылғы 12 қазанда К. № 1367-л/с бұйрықпен танысып, онымен келіспейтіндігін жазбаша түрде мәлімдеген. 2018 жылғы 15 қазанда К. Банктің келісу комиссиясына № 1367-л/с бұйрықтың күшін жою туралы арыз жолдап, оған 24-апталық жүктілігі жөнінде дәрігерлік-консультациялық комиссиясының 2018 жылғы 12 қазандағы қорытындысын тіркеген. «B» АҚ-ның жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының 2018 жылғы 23 қазандағы № 4 хаттамалық шешімімен К.-нің № 1367-л/с бұйрығының күшін жою туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Сөйтіп, жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының пікірінше, К. жұмыс берушінің Қосымша келісімнің 7.10.3.-тармағында, яғни Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағында көзделген тәртіп бойынша еңбек қатынастарын тоқтатуына Қосымша келісімге қол қойған кезде келісімін бергендіктен, даулы бұйрықты заңсыз деп тануға негіздер жоқ деп тапқан. Алайда жұмыс беруші 2018 жылғы 12 қазандағы № 1367-л/с бұйрығын шығару кезінде және келісу комиссиясы еңбек дауын шешу барысында іс бойынша орын алған мән-жайларға дұрыс баға бермеген және материалдық заңның тиісті нормалары дұрыс қолданбаған.
Атап айтқанда К. жұмыс берушінің № 1367-л/с бұйрығымен танысып, онымен келіспейтіндігін бірден білдіргені, 2018 жылғы 15 қазанда Банктің келісу комиссиясына даулы бұйрықтың күшін жою туралы арызданғаны, арызына дәрігерлік-консультациялық комиссияның өзінің жүктілігі туралы қорытындысын тіркегені, Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаға шағымданғаны, кейін сотқа талап арызбен жүгінгені іс бойынша анықталған. Аталған мән-жайлар талап қоюшының оны жұмыстан шығаруға жауапкерге келісімін бермегенін көрсетеді, яғни еңбек қатынастарын «тараптардың келісімі бойынша» тоқтатылуына негіз болмаған. Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағына сәйкес еңбек шартында жұмыс берушінің Еңбек кодексінің 50-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарды сақталмастан (сондай-ақ еңбек шартын бұзуға ниетті хабарламамен білдіріп, оған жазбаша нысанда жауапты үш күн ішінде күту, еңбек шартының бұзылу күнін келісіммен айқындау) еңбек шартын бұзу құқығы көзделуі мүмкін. Бірақ кез келген сәтте осы тәртіппен жұмыстан шығару тек тараптардың өз еркімен келісімдері бойынша ғана орын алуы керек. Келісу комиссиясы талап қоюшының жауапкер «В» АҚ-мен еңбек қатынастарын тоқтатылуына өз еркімен келісім білдірген деп танығанда, 2016 жылы Қосымша келісім жасақталғанда К. жүкті болмағанын, ал даулы бұйрық шығарылған кезде оның үш баланың анасы болғанына қоса, 24-апталық жүктілігі екенін, басқа жұмыс орнына орналасуға мүмкіндігі қарастырылмағанын назарға алмаған. Еңбек кодексінің 54-бабының 2-тармағына сәйкес жұмыс берушінің бастамасымен жүкті әйелдермен сол Кодекстiң 52-бабының 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша ғана (яғни, жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған; жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі төмендеген жағдайларда) еңбек шартын бұзуға жол берілмейді. Банк К.-нің Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген себептермен емес, басқа негіздермен жұмыстан босатылғаны туралы уәждер келтірген. Алайда іс бойынша анықталғандай, К.-нің жүктілігін есептемегенде онымен еңбек қатынастарын тоқтатуға жұмыс берушінің басқа ешқандай негіздері немесе себептері болмаған. Халықаралық Еңбек Конференциясының «Ананы қорғау туралы» 1952 жылғы (қайта қаралған) 103-конвенцияны қайта қарау туралы Женева қаласында 2000 жылғы 15 маусымда қабылданған 183-конвенцияның (Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 14 ақпандағы № 554-IV Заңымен ратификацияланған) 8-бабының 1-тармағы бойынша жұмыс берушінің әйелді жүктілігі және соның салдарына байланысты емес себептермен жұмыстан босатуын қоспағанда, оның жүктілігі кезеңінде жұмыстан босатуы заңсыз болып табылады.
Жұмыстан босатудың себебі жүктілікке және соның салдарына байланысты емес екенін дәлелдеу ауыртпалығы жұмыс берушіге жүктеледі. Сонымен қатар «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы» 1979 жылғы 18 желтоқсандағы Конвенцияның (бұл Конвенцияға Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 29 маусымдағы № 248 Заңымен қосылған) 11-бабы 2-тармағының а) тармақшасына сәйкес ана болуына байланысты әйелдерге қарсы кемсітудің алдын алу үшін және оларға еңбекке тиімді құқығына кепіл беруге қатысушы мемлекеттер үйлесімді шараларды қабылдауға, сондай-ақ, жаза қолдану қаупімен жүктілікке байланысты жұмыстан шығаруға тыйым салуға міндеттенеді. Жоғарыда аталғандардың негізінде К.-ні жұмыстан босатудың себебі оның жүктілікке және соның салдарына байланысты емес екенін жұмыс беруші дәлелдей алмағандықтан, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың «B» АҚ-ның 2018 жылғы 12 қазандағы № 1367-л/с бұйрығының заңсыздығы туралы тұжырымдарын, нәтижесінде оның күшін жою, талап қоюшыны бұрынғы жұмысына қайта орналастыру туралы шешімдерін Жоғарғы Сот алқасы негізді деп санайды. Бұл ретте жергілікті соттар анықталған мән-жайларға, олардың қатыстылығы, жарамдылығы мен анықтығын ескере отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығына азаматтық істі шешу үшін жеткіліктігі тұрғысынан дұрыс баға бергендіктен, Жоғарғы Соттың сот алқасы дауланып отырған сот актілерін өзгертуге немесе күшін жоюға негіздер жоқ деп тапты. АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сәйкес мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде сот актілерін заңсыз деп тануына әкеп соқтыратын мән-жайлар мен заң бұзушылықтар анықталмаған. Жоғарыда баяндалғанның негізінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың сот актілерін күшінде қалдырып, «B» акционерлік қоғамының өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы