Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 409-бабына түсініктеме. Сот төрелігін жүзеге асыруға немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге байланысты қорқыту немесе күш қолдану әрекеттері
1. Судьяны, алқабиді, сол сияқты олардың жақындарын сотта істерді немесе материалдарды қарауға байланысты өлтіремін деп, денсаулыққа зиян келтіремін деп, мүлкін бүлдіремін немесе жоямын деп қорқыту – үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол әрекетті прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, қорғаушыға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына, сол сияқты олардың жақындарына сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға, сотта істі немесе материалдарды қарауға не үкімді, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындауға байланысты жасау –
3. екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. 3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану арқылы жасау –
5. бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
6. 4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану арқылы жасау –
7. бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қоғамдық қауіптілігі осы қылмысты жасау кезінде сот төрелігін жүзеге асыратын немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін адамдардың қалыпты қызметі бұзылатынында, олардың өз қауіпсіздігі мен жақындарының қауіпсіздігіне, мүлкінің сақталуына қатысты сенімсіздік ахуалы туындайтынында, мұның түптеп келгенде әділетсіз шешім қабылдауға алып келуі мүмкін екендігінде.
Қылмыстың объектісі соттың және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының қалыпты қызметі, яғни сот төрелігінің мүдделері болып табылады. Қосымша объект ретінде судьяның, алқабидің, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, қорғаушының, сарапшының, сот приставының, сот орындаушысының, сол сияқты олардың жақындарының денсаулығы, өмір қауіпсіздігі жағдайлары және меншік қатынастары танылады.
Мүлікті бүлдіру немесе жою жағдайында қылмыс затының, яғни жәбірленушілердің нақты мүлкінің болуы міндетті белгі болып табылады.
Жәбірленушілер судья, алқаби, прокурор, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, қорғаушы, сарапшы, сот приставы, сот орындаушысы немесе олардың жақындары болып табылады. Аталған адамдардың ұғымы ҚР ҚК-нің 407-бабының 2-бөлігі мен 408-бабын талдау кезінде егжей-тегжейлі қарастырылған (407, 408-баптарға түсініктемені қараңыз).
Қылмыстың объективтік жағы судьяға, алқабиге, сол сияқты олардың жақындарына сотта істерді немесе материалдарды қарауға байланысты өлтіремін деп, денсаулыққа зиян келтіремін деп, мүлкін бүлдіремін немесе жоямын деп қорқытудан көрінеді.
«Қорқыту» ұғымы біреуді үрейлендіру, оған қандай да бір зиян, зұлымдық келтіруге уәде беру ретінде түсіндіріледі. Қорқыту деп жәбірленушінің мінез-құлқын қорқытушы адамның мүддесіне қарай өзгерту мақсатында оған психологиялық ықпал етуді түсіну керек. Қорқыту нақты әрі шынайы болуы тиіс. Тек осындай қорқыту ғана кінәлі адамның пайдасына белгілі бір әрекеттерді орындату мақсатында жәбірленушіге психикалық ықпал ете алады.
Қорқыту деп жәбірленушіге немесе оның жақындарына қатысты физикалық күш қолдану ниеті білдірілген тікелей сөздерді ғана емес, сондай-ақ кінәлі адамның қорқыту сипатындағы әрекеттерін де, мысалы, қаруды немесе қару ретінде пайдаланылуы мүмкін заттарды (пышақ, балта және т.б.) көрсетуді де түсіну қажет.
Диспозициясында: «Өлтіремін деп немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіремін деп, сол сияқты жеке адамға қатысты өзге де ауыр күш қолданамын деп не мүлікті өртеу, жарылыс жасау немесе өзге де жалпыға қауіпті тәсілмен жоямын деп, егер бұл қорқытуды жүзеге асырады деп қауіптенуге жеткілікті негіздер болса...» деп көрсетілген ҚР ҚК-нің «Қорқыту» туралы 115-бабынан айырмашылығы, түсіндіріліп отырған бапта заң шығарушы денсаулыққа келтірілуі мүмкін зиянның ауырлығын нақтыламаған. Бұл денсаулыққа жеңіл, ауырлығы орташа немесе ауыр зиян келтіремін деп қорқыту болуы мүмкін.
Сонымен қатар, заң шығарушы ҚР ҚК-нің 409-бабында «қорқытудың шынайылығы» белгілерін көрсетпеген, ал ҚР ҚК-нің 115-бабында: «осы қорқытуды жүзеге асырады деп қауіптенуге жеткілікті негіздер болған кезде» деп ерекше атап көрсетілген. Бір жағынан, заң шығарушының мұндай шешімге келуін қылмыстық-құқықтық қорғау объектісінің – заңға сәйкес сот төрелігінің мақсаттары мен міндеттерін қамтамасыз ету жөніндегі соттың және басқа да құқық қорғау органдарының қалыпты қызметінің маңыздылығымен түсіндіруге болады. Қылмыстық жауаптылық қорқытудың шынайылығына қарамастан көзделген. Қорқытудың шынайылық дәрежесі саралауға әсер етпейді, ол жаза тағайындау кезінде ескеріледі. Екінші жағынан, заң шығарушының мұндай ұстанымы қаншалықты негізді? ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілген. Осыған байланысты заң шығарушыға бұл мәселені әлі де ойластыру қажет деп санаймыз.
Қорқытуды білдіру нысаны әртүрлі болуы мүмкін: ауызша, жазбаша, сөзсіз көрсету арқылы. Қорқыту тікелей жеке өзі немесе үшінші тұлғалар арқылы жеткізілуі мүмкін. Алайда соңғы жағдайда қорқыту жасаған адамның оны адресаттың назарына жеткізуді мақсат еткені анықталуы қажет.
Қорқыту бағытталған адамдар болмаған кезде жария түрде айтылған қорқыту қарастырылып отырған қылмыс құрамын құрмайды.
Қорқытудың ерекшелігі оның, әдетте, болашаққа бағытталуында, яғни кінәлі адам өз талаптары орындалмаған жағдайда ғана белгілі бір уақыт өткен соң жәбірленушіні нақты өмірінен айыруға, денсаулығына зиян келтіруге, мүлкін бүлдіруге немесе жоюға ниетті екенін білдіреді. Қорқытуды дереу жүзеге асыру психикалық зорлық-зомбылықты физикалық зорлық-зомбылыққа айналдырады, ал өлтіремін деп қорқыту – адам өлтіруге (ҚК-нің 99-бабы), денсаулыққа зиян келтіремін деп қорқыту – денсаулыққа қасақана зиян келтіруге (ҚК-нің 106, 107-баптары), мүлікті бүлдіремін немесе жоямын деп қорқыту – мүлікті қасақана жоюға немесе бүлдіруге (ҚК-нің 202-бабы) айналады.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамының болуы үшін заңда көрсетілген әрекеттердің біреуімен қорқыту жеткілікті.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамы үшін қорқытудың жәбірленушінің заңда көрсетілген сотта істерді немесе материалдарды қарау қызметіне байланысты болуы қажет. Бұл қызмет деп соттың істерді сотта шешу жөніндегі тәуелсіз қызметін түсіну керек. Аталған қызметтің мазмұны ҚР ҚК-нің 407-бабының 1-бөлігінде егжей-тегжейлі ашылған.
Жәбірленушінің сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі әрекеттері мен оған қатысты қорқыту арасында себептік байланыс болуы тиіс. Егер қорқыту жеке қарым-қатынастарға немесе жеке бас араздығы негізінде туындаған болса, онда осы бап бойынша жауаптылық жоққа шығарылады.
ҚР ҚК-нің 409-бабының диспозициясында көрсетілмеген өзге де әрекеттермен қорқыту (мысалы, жәбірленушінің ар-намысына нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп қорқыту) қарастырылып отырған қылмыс құрамын құрмайды. Қажетті белгілер болған жағдайда мұндай әрекеттер сот төрелігін жүзеге асыруға және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге кедергі жасау (ҚК-нің 407-бабы) ретінде қарастырылуы немесе ҚК-нің 412, 413, 414, 416, 418-баптары бойынша саралануы мүмкін.
Жәбірленушілерге қорқыту арқылы жасалатын мүлікті жою оны одан әрі мақсаты бойынша пайдалануға толық жарамсыз күйге келтіруді немесе оны қалпына келтіру мүмкін болғанымен, экономикалық тұрғыдан тиімсіз болатын жағдайды білдіреді (бүлдіру – мүлікті ішінара жарамсыз күйге келтіру, оның тұтынушылық қасиеттерінің бір бөлігін жоғалтуы, салмағының азаюы).
Құрылымы бойынша бұл қылмыстың құрамы формальды болып табылады. Қылмыс қорқыту айтылған сәттен бастап, оның кейіннен жүзеге асырылғанына немесе кінәлі адамның алдына қойған мақсатына жеткен-жетпегеніне қарамастан аяқталған болып есептеледі. Сондай-ақ кінәлі адамның болашақта өзінің қорқытуын жүзеге асыруға ниеті болған-болмағаны да маңызды емес.
Адамның әрекеттерінде қылмыс құрамының болуы үшін олардың сотта істерді немесе материалдарды қараудың қай сатысында жасалғаны маңызды емес.
Субъективтік жағынан қылмыс тек тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адамның сот төрелігін жүзеге асыруына байланысты тұлғаны өлтіремін деп, денсаулығына зиян келтіремін деп, мүлкін бүлдіремін немесе жоямын деп қорқытып отырғанын сезінеді және оны өзінің мүддесіне сай заңсыз әрекеттер жасауға көндіру немесе мәжбүрлеу мақсатында психикалық ықпал етуді қалайды.
Қылмыстың себептері әртүрлі болуы мүмкін: сот төрелігін жүзеге асыруға қатысатын судьяның, алқабидің әрекеттері үшін кек алу, аталған адамдардан іс бойынша қолайлы шешім қабылдатуға ұмтылу және т.б.
Мақсат осы қылмыстың міндетті белгісі болып табылмайды.
Қылмыстың субъектісі – он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде дәл осындай әрекетті прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, қорғаушыға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына, сол сияқты олардың жақындарына сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға, сотта істі немесе материалдарды қарауға не үкімді, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындауға байланысты жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген.
Объективтік жағы бойынша өлтіремін деп, денсаулыққа зиян келтіремін деп, мүлкін бүлдіремін немесе жоямын деп қорқыту түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігіндегі әрекеттерге ұқсас. Кінәлі адамның өлтіремін деп, денсаулыққа зиян келтіремін деп, мүлкін бүлдіремін немесе жоямын деп қорқытуы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға, сотта істі немесе материалдарды қарауға не үкімді, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындауға байланысты болғаны міндетті болып табылады. Аталған қызмет түрлерінің әрқайсысының ұғымы ҚР ҚК-нің 408-бабына түсініктемеде келтірілген.
Субъективтік жағынан бұл қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адамның сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруына, сотта істі немесе материалдарды қарауына не үкімді, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындауына байланысты тұлғаны өлтіремін деп, денсаулығына зиян келтіремін деп, мүлкін бүлдіремін немесе жоямын деп қорқытып отырғанын сезінеді және оны өзінің мүддесіне сай заңсыз әрекеттер жасауға көндіру немесе мәжбүрлеу мақсатында психикалық ықпал етуді қалайды.
Қылмыстың себебі мен мақсаты оның саралануына әсер етпейді.
ҚР ҚК-нің 409-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстың субъектісі – он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
Түсіндіріліп отырған бапта көзделген ерекше саралаушы белгілерге аталған әрекеттерді өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану арқылы жасау (3-бөлік), сондай-ақ бұл әрекеттерді өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану арқылы жасау (4-бөлік) жатады.
Өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану деп ұрып-соғу, соққы жасау, бас бостандығын шектеу немесе одан айыру, жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіру және денсаулыққа елеулі зиян келтірмеген басқа да күш қолдану әрекеттерінен көрінетін физикалық күш қолдануды түсіну керек.
ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі «Ұрлық туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 23-тармағына сәйкес, өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану деп қаруды немесе денсаулыққа зиян келтіру үшін бейімделген, қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолдану арқылы денсаулыққа зиян келтіруді, сондай-ақ жәбірленушінің денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соққан өзге де күш қолдануды түсіну қажет.
Бұл ретте жеңіл зиян да, егер ол жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті жағдайларда келтірілсе (мысалы, дененің өмірлік маңызды бөліктеріне аяқпен немесе қолмен бірнеше рет соққы жасау және т.б.) және оны емдеу үшін амбулаториялық немесе стационарлық емдеу қажет болса, жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті деп танылуы мүмкін.
Қарастырылып отырған баптың 3 және 4-бөліктері бойынша қылмысты дұрыс саралау үшін тиісті қылмыс құрамының белгісімен қосымша саралаусыз қамтылатын физикалық күш қолдану көлемін, ал қосымша саралау қажет болған жағдайда – жеке адамға қарсы қылмыстар туралы баптар бойынша саралауды анықтаудың маңызы зор.
Бүгінгі таңда бұл мәселені шешудің негізгі тәсілі нақты санкциялардың қатаңдығына сәйкестік болып табылады, өйткені қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік сипаты, қылмыстық-құқықтық қорғаудың сол немесе өзге объектісінің маңыздылық дәрежесі, оның ішінде оған келтірілген зиянның қауіптілігі санкцияда формальды түрде көрініс табады.
Күрделі күш қолдану қылмысын бір баппен (немесе баптың бір бөлігімен) саралау мұндай қылмыс үшін көзделген санкция жеке адамның өміріне немесе денсаулығына қарсы қылмыстар туралы ҚР ҚК-нің 1-тарауының тиісті баптарында күш қолданғаны үшін көзделген санкциялармен салыстырғанда қатаңырақ болған жағдайларда жүзеге асырылады.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ұрып-соғу, азаптау, денсаулыққа жеңіл, ауырлығы орташа және ауыр (ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігі) зиян келтіру ҚР ҚК-нің 409-бабының 3 және 4-бөліктерімен толық қамтылады және қосымша саралауды қажет етпейді. ҚК-нің 106-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген күш қолдану ҚР ҚК-нің 409-бабының 4-бөлігімен бірге қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
ҚР ҚК-нің 409-бабының 1 және 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 409-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы аз қылмысқа жатады.
ҚР ҚК-нің 409-бабының 4-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
**Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы – Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Приказ Решение Постановление Адвокат Алматы Юрист Юридическая услуга Юридическая консультация Гражданские Уголовные Административные дела споры Защита Арбитражные Юридическая компания Казахстан Адвокатская контора Судебные дела Декларация Указ Приказ Постановление Решение Доклад Заключение Заявление Заключение Конвенция Контракт Меморандум Методика Нормы Нота Правила Программа Устав Хартия Статья Комментарий Резолюция Регламент Протокол Проект Программа Правила Послания