Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 407-бабына түсініктеме. Сот төрелігін жүзеге асыруға және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге кедергі жасау
1. Сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау мақсатында сот қызметіне қандай да бір нысанда араласу –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жан-жақты, толық және объективті жүргізілуіне кедергі жасау мақсатында прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қызметіне қандай да бір нысанда араласу –
жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған адам –
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1 және 3-бөліктері – қылмыстар, 2-бөлігі – қылмыстық теріс қылық) оны жасау нәтижесінде соттың, прокуратура органдарының, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының қалыпты қызметі бұзылуында, сот төрелігінің, соттың конституциялық негіздеріне және құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтіруінде көрініс табады.
Объектісі – соттың сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі, сондай-ақ прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қызметін заңнамамен регламенттелген қалыпты қызметін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар.
ҚР ҚК 407-бабының 1-бөлігі бойынша объективтік жағы сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау мақсатында сот қызметіне қандай да бір нысанда араласу арқылы көрініс табады.
ҚР Конституциясының 77-бабына сәйкес, судья сот төрелігін атқару кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Соттың сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Осыған ұқсас ереже 2000 жылғы 25 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңының 1-бабының 3-тармағында және ҚР Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамырдағы «Сот билігі туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысында бекітілген.
ҚР ҚПК-нің 51-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот сот билігінің органы ретінде қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырады.
Қылмыстық істі тек заңды, тәуелсіз, құзыретті және бейтарап сот құрамы ғана қарай алады.
ҚР-да қылмыстық істер бойынша сот төрелігін Жоғарғы Сот; облыстық және оларға теңестірілген соттар, Әскери сот; аудандық және оларға теңестірілген соттар; қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар, мамандандырылған тергеу соттары, мамандандырылған ауданаралық тергеу соттары, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттар, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар, гарнизондардың әскери соттары жүзеге асырады (ҚПК-нің 51-бабының 3-бөлігі).
ҚР Азаматтық процестік кодексінің 12-бабына сәйкес, судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялар азаматтық істерді оларға қандай да бір бөгде ықпал етуге жол бермейтін жағдайларда қарайды және шешеді. Судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметіне қандай да бір араласуға тыйым салынады және ол заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді.
Судьялардың тәуелсіздігінің кепілдіктері ҚР Конституциясында және заңда белгіленген.
Сот қызметіне араласу – сот төрелігін жүзеге асыратын адамға заңсыз ықпал ету. Мұндай адам еліміздің сот жүйесінің кез келген сатысындағы (аудандық, қалалық, облыстық немесе Жоғарғы Соттағы) судья, сондай-ақ алқаби болуы мүмкін.
ҚПК-нің 54-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істі өз құзыреті шегінде жеке-дара қарайтын, сот отырысын дайындау немесе оның үкімінің не өзге шешімінің орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі өкімдік әрекеттерді жүзеге асыратын, ҚПК-нің 53-бабының 3-бөлігінде көрсетілген өтінішхаттар мен шағымдарды шешетін судья соттың өкілеттіктеріне ие болады.
Судья – ҚР Конституциясында және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сот төрелігін жүзеге асыру өкілеттіктері берілген, өз міндеттерін тұрақты негізде атқаратын және сот билігінің иесі болып табылатын мемлекеттік лауазымды тұлға (Конституциялық заңның 23-бабы).
Араласу дегеніміз – біреудің ісіне, қарым-қатынасына заңсыз араласу, оған белсенді түрде қатысу; қандай да бір әрекеттің жолын кесетін, оны тоқтататын іс-қимылдар. Араласудың нысандары әртүрлі болуы мүмкін: өтініштер, үгіттеу, кеңестер беру, қызмет көрсетуге уәде ету, бопсалау, талап қою, сот және тергеу істерін, заттай дәлелдемелерді ұрлау және т.б. Бұл ретте өтініштер немесе талаптар бопсалаумен, қандай да бір игіліктерді уәде етумен немесе, керісінше, жеке өмірде, тұрмыста және т.б. қолайсыз жағдайлар туғызумен ұштасуы мүмкін. Олар ауызша да, жазбаша да нысанда білдірілуі, сот төрелігін жүзеге асыруға қатысатын адамға жасалған ишаралармен, өтініштермен сүйемелденуі мүмкін. Әртүрлі нысандағы араласу тікелей судьяға, прокурорға немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, сондай-ақ үшінші тұлғалар – туыстары, таныстары, әріптестері және т.б. арқылы бағытталуы мүмкін.
ҚР Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамырдағы «Қазақстан Республикасындағы сот билігі туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 4-тармағына сәйкес, сот қызметіне араласу деп «судьяның нақты іс бойынша объективті және бейтарап сот төрелігін жүзеге асыруына кедергі жасау мақсатында оған ықпал етудің кез келген нысандарын түсіну қажет. Мұндай араласу түрлеріне, атап айтқанда, белгілі бір адамның сот процесінің нақты бір тарапының пайдасына шешім қабылдау туралы тікелей нұсқауы немесе жанама өтініші, судьяны белгілі бір шешім қабылдауға мәжбүр ететін жағдайларды қасақана жасау және осыған ұқсас басқа да әрекеттер жатқызылуы мүмкін. Соттың іс жүргізуіндегі істі мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының бақылауға алуы сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау мақсатында сот қызметіне араласу ретінде бағалануға тиіс».
ҚР «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 1-бабының 1-тармағына сәйкес, сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жататын азаматтар мен ұйымдардың өтініштері, арыздары мен шағымдары мәні бойынша қаралуға немесе қандай да бір басқа органдардың, лауазымды және өзге де адамдардың бақылауына алынуға жатпайды.
Осыған байланысты ҚР Жоғарғы Соты жоғарыда аталған нормативтік қаулының 6-тармағында соттарға мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының белгілі бір істі шешуге қатысты ұсынымдары баяндалған жазбаша немесе ауызша өтініштерін қараусыз қалдыруды, ал қажетті жағдайларда, бұдан бөлек, осы адамдарды жауаптылыққа тарту мәселесін қоюды түсіндіреді.
Қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік істерді қарау жөніндегі ұсынымдар түріндегі, сондай-ақ апелляциялық, кассациялық тәртіппен немесе қадағалау тәртібімен істерді қарау кезінде сот алқаларының қаулыларында қамтылған нұсқаулар түріндегі сот жұмысына ықпал ету заңды болып саналады. Сондай-ақ, мысалы, сот қателіктеріне жол бермеу мақсатында нақты істі немесе материалдарды қарау кезінде тағылымдамадан өтіп жүрген жас судьяға тәжірибелі судьяның ауызша немесе жазбаша нысанда беретін консультациялары мен нұсқауларын заңды деп тануға болады. Қылмыстық-процестік заңнаманың басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін елеулі бұзушылықтарын анықтаған кезде, сондай-ақ жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері немесе процестік келісім жасалған істер бойынша басты сот талқылауы барысында осындай бұзушылықтар анықталған жағдайда, сот істі прокурорға қайтара отырып, оларды жою жөнінде нұсқаулар берген кезде қылмыстық жауаптылық туындамайды (ҚПК-нің 323-бабы). Сол сияқты прокурор немесе тергеу бөлімінің не анықтау бөлімінің бастығы қылмыстық істі толық, жан-жақты және объективті тергеп-тексеруді қамтамасыз етуге бағытталған нұсқаулар берген кезде де қылмыстық жауаптылық туындамайды. Процеске қатысушылардың өтінішхаттары, тараптардың жарыссөзі кезінде өз пікірлерін білдіруі заңды болып танылады. Мұндай мінез-құлық сыртқы жағынан сот қызметіне араласуға ұқсас болғанымен, ол заңды, өйткені қылмыстық-процестік заңнамада көзделген.
Соттың өзге қызметкерлеріне (сот отырысының хатшысына, консультантқа, сот приставына) қарсы заңсыз ықпал ету осы қылмыстың құрамын құрамайды. Мұндай әрекет қажетті белгілер болған кезде басқару тәртібіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылық немесе жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралануы мүмкін.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамының бар екенін тану үшін араласудың заңсыз болуы, яғни іс бойынша мәселенің шешілуіне ықпал ететін адамның мұндай құқыққа ие болмауы және араласу нәтижесінде судьяның, прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның кінәлі тұлғаның мүддесіне сай шешім қабылдауға бейімделуі немесе мәжбүрленуі талап етіледі.
Бұл қылмыстың құрамы құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыс кінәлінің сот төрелігінің және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қалыпты қызметіне кедергі жасауға бағытталған мақсатына қол жеткізген-жеткізбегеніне қарамастан, ҚР ҚК 407-бабында көрсетілген адамдардың қызметіне араласқан сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Араласу нәтижесінде қабылданған шешім осы қылмыстық құқық бұзушылықтың шегінен тыс болады және дербес бағалануға тиіс. Ол сот төрелігіне қарсы қылмысты не мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтарды құрауы мүмкін. Мысалы, көрінеу әділетсіз үкім, шешім немесе өзге де сот актісін шығару ҚР ҚК-нің 418-бабы бойынша саралануға тиіс. Соттың немесе прокурордың, тергеушінің не анықтауды жүргізетін адамның қызметіне араласу нәтижесінде дәлелдемелер болып табылмайтын құжаттарды қолдан жасау ҚР ҚК-нің 369-бабы бойынша саралануға тиіс.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі өзі жасаған араласудың қоғамдық қауіптілігін және заңға қайшылығын сезінеді, оны алдын ала біледі және соны қалайды.
Субъективтік жақтың міндетті белгісі – сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау мақсаты. Сондықтан ҚР ҚК-нің 407-бабын қолдану кезінде сот пен құқық қорғау органдары дәл осы мақсаттың бар-жоғын анықтауға тиіс. Егер араласу басқа мақсатта жасалса, ҚР ҚК-нің 407-бабы бойынша жауаптылық туындамайды.
Сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі жасау себептері әртүрлі болуы мүмкін: жеке басының мүддесі, пайдакүнемдік, жақын адамның тағдырына мүдделілік және т.б. Саралау үшін себептің маңызы жоқ, бірақ ол соттың жаза тағайындауы кезінде ескеріледі.
Субъектісі – он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚР ҚК-нің 407-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылықтың объективтік жағы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жан-жақты, толық және объективті жүргізілуіне кедергі жасау мақсатында прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қызметіне қандай да бір нысанда араласу арқылы көрініс табады.
ҚПК-нің 24-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот, прокурор, тергеуші, анықтаушы істі дұрыс шешу үшін қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу мақсатында заңда көзделген барлық шараларды қабылдауға міндетті.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган кінәсіздігі немесе кінәнің аз дәрежесі туралы, сондай-ақ күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны ақтайтын не олардың жауаптылығын жеңілдететін дәлелдемелердің болуы туралы, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау және бекіту кезінде тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану туралы барлық мәлімдемелерді тексеруге тиіс.
Қылмыстық процесте сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайларын анықтауға және дәлелдемелер базасын қалыптастыруға арналған сотқа дейінгі іс жүргізудің кезеңдерінің бірі болып түсініледі.
ҚПК-нің 7-бабының 41) тармағына сәйкес, сотқа дейінгі іс жүргізу – сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап прокурордың қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберуіне не іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға дейінгі іс бойынша іс жүргізу, сондай-ақ жеке айыптаушы мен қорғау тарапының қылмыстық іс бойынша материалдарды дайындауы.
Тергеп-тексерілетін қылмыстық құқық бұзушылықтардың санаттарына қарай заң шығарушы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің анықтау және алдын ала тергеу нысандарында жүргізілетінін белгілеген.
Анықтау нысанындағы сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚПК-нің 191-бабының 2–11-1-бөліктерінде көрсетілген қылмыстар бойынша қылмыстық қудалау органы арқылы жүргізіледі (ҚПК-нің 189-бабының 2-бөлігі).
Алдын ала тергеу нысанындағы сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚПК-нің 187-бабында көрсетілген қылмыстар бойынша, кәмелетке толмағандар немесе өзінің дене немесе психикалық кемістіктеріне байланысты қорғану құқығын өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдар жасаған барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша, сондай-ақ ҚПК-нің 32-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қоспағанда, қылмыс жасады деп күдік келтірілген адам белгісіз болып табылатын анықтау істері бойынша жүзеге асырылады (ҚПК-нің 189-бабының 3-бөлігі).
Жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ егер жиналған дәлелдемелермен қылмыстың фактісі мен оны жасаған адам анықталса, ол өз кінәсін толық мойындаса, келтірілген залалдың (зиянның) мөлшерімен (сомасымен) келіссе, бұл туралы күдіктіге хабарланып, оған осы шешімнің құқықтық салдары түсіндірілсе, ауыр қылмыстар бойынша да жүргізілуі мүмкін (ҚПК-нің 190-бабының 2-бөлігі).
Хаттамалық нысандағы сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚПК-нің 191-бабының 16–24-бөліктерінде көзделген қылмыстық теріс қылықтар бойынша қылмыстық қудалау органы арқылы жүргізіледі (ҚПК-нің 189-бабының 6-бөлігі).
ҚПК-нің 7-бабының 23) тармағына сәйкес, қылмыстық қудалау органдары (лауазымды адамдары) болып прокурор (мемлекеттік айыптаушы), тергеуші, анықтау органы, анықтаушы табылады.
ҚПК-нің 8-тарауында қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар – прокурор, тергеу бөлімінің бастығы, тергеуші, анықтау органы, анықтау органының бастығы, анықтаушы айқындалған.
Осылайша, ҚР ҚК-нің 407-бабының 2-бөлігі бойынша қызметіне араласу жүзеге асырылатын лауазымды адамдар прокурор, тергеу бөлімінің бастығы, тергеуші, анықтау органының бастығы, анықтаушы болып табылады. Қылмыстық-процестік заңнамада «біріктірілген» процестік мәртебелердің (мысалы, процестік прокурор немесе тергеу тобының жетекшісі) бар екенін ескеру қажет, олардың әрқайсысы сөзсіз ҚР ҚК-нің 407-бабының 2-бөлігі бойынша қызметіне араласу жүзеге асырылуы мүмкін тұлға болып табылады.
Прокурор – өз құзыреті шегінде жедел-іздестіру қызметінің, анықтаудың, тергеудің және сот шешімдерінің заңдылығына, қылмыстық процестің барлық сатыларында қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға қадағалау жүргізетін, сондай-ақ ҚР Конституциясының 83-бабына және ҚПК-ге сәйкес өкілеттіктерді жүзеге асыратын лауазымды адам: ҚР Бас Прокуроры, ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары, орынбасарлары, олардың аға көмекшілері мен көмекшілері, ҚР Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың прокурорлары және олардың орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелердің бастықтары, олардың орынбасарлары, аға көмекшілері мен көмекшілері, басқармалар мен бөлімдердің аға прокурорлары мен прокурорлары, аудандардың, қалалардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, аға прокурорлары мен прокурорлары, ҚПК-де белгіленген өкілеттіктер шегінде әрекет ететін адамдар. Қылмыстық істі сотта қарауға қатысатын прокурор айыптауды қолдау арқылы мемлекеттің мүдделерін білдіреді және мемлекеттік айыптаушы болып табылады (ҚПК-нің 58-бабының 1-бөлігі).
ҚПК-нің 59-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тергеу бөлімінің бастығы – сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органның тергеу бөлімшесінің бастығы және оның өз құзыреті шегінде әрекет ететін орынбасарлары.
ҚПК-нің 60-бабының 1-бөлігі негізінде тергеуші – қылмыстық іс бойынша өз құзыреті шегінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды адам: ішкі істер органдарының тергеушісі, ұлттық қауіпсіздік органдарының тергеушісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісі және экономикалық тергеу қызметінің тергеушісі, сондай-ақ ҚПК-де көзделген жағдайларда прокурор.
ҚПК-нің 62-бабының 1-бөлігіне сәйкес, анықтау органдарының бастығының қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы ҚПК-нің 191-бабында көзделген істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өз құзыреті шегінде өкілеттіктеріне анықтау органының Бас басқармасының (департаментінің), басқармасының, бөлімінің бастығы және олардың орынбасарлары ие болады.
Анықтаушы – іс бойынша өз құзыреті шегінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды адам (ҚПК-нің 63-бабының 1-бөлігі).
ҚР ҚК-нің 407-бабының 2-бөлігінің диспозициясында көрсетілген қызмет деп қылмыстық-процестік заңда көзделген сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап прокурордың айыптау актісін бекітіп, қылмыстық істі сотқа жіберуіне дейінгі әрекеттер түсініледі.
ҚПК-нің 179-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы – қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздың, хабарламаның Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелуі не алғашқы кезек күттірмейтін тергеу әрекетінің жасалуы, ал ҚПК-нің 305-бабының 1-бөлігіне сәйкес аяқталу сәті – прокурордың айыптау актісін бекітуі және қылмыстық істі сотқа жіберуі болып табылады.
Аталған тұлғалардың ішінде негізгі тұлға, сөзсіз, тергеуші болып табылады, өйткені ол тергеу нысанында тергелетін істерді қоса алғанда, қылмыстық істердің басым көпшілігі бойынша іс жүргізуді жүзеге асырады және басқа да іске қатысушылардан айырмашылығы, процестік шешімдер қабылдау кезіндегі дербестікке негізделген ерекше құқықтық мәртебеге ие.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу кезінде барлық шешімдерді тергеуші заңда прокурордың немесе соттың санкциясын, не сот шешімін алу көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес қабылдайды және олардың заңды әрі уақтылы орындалуы үшін толық жауаптылықта болады. Тергеушінің қызметіне заңсыз араласу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Тергеуші кез келген уақытта өз қаулысымен істі өз өндірісіне қабылдап, анықтау органдарының кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерін орындауын күтпестен оны тергеп-тексеруге кірісуге құқылы (ҚПК-нің 60-бабының 6-бөлігі).
Тергеушінің қылмыстық іс бойынша өз өкілеттіктері шегінде шығарған қаулысы, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берген тапсырмалары мен нұсқаулары барлық ұйымдардың, лауазымды адамдардың және азаматтардың міндетті түрде орындауына жатады (ҚПК-нің 60-бабының 7-бөлігі).
Қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды, хабарламаны Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеу кезеңінде немесе алғашқы кезек күттірмейтін тергеу әрекетін жасау кезінде не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулы шығару кезінде прокурордың, тергеушінің, анықтаушының және басқа да тұлғалардың қызметіне ықпал ету сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға араласу болып табылады.
Прокурордың (оның ішінде процестік прокурордың) қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметіне араласу, егер прокурорлық тексеру нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактілері немесе сотта қаралуға тиіс басқа да фактілер мен оқиғалар анықталса, қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағының белгілерін қамтуы мүмкін.
Прокурордың қызметіне араласу деп, мысалы, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданбауды талап етуді, қылмыстық істі сотта қарау кезінде сотталушыға қатаң жаза тағайындауды ұсынбауды, наразылық келтіруден бас тартуды және т.б. талап етуді де тануға болады.
Қылмыстық істі тергеп-тексеруге араласу прокурорға (оның ішінде процестік прокурорға), тергеушіге, анықтаушыға мәжбүрлеу шарасын таңдау, түпкілікті және аралық процестік шешімдер қабылдау, кінәлі адамның жасаған қылмыстық құқық бұзушылығын саралау, қылмыстық жауаптылықтан босату, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату немесе іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру және т.б. мәселелерді шешу кезінде қысым көрсету түрінде болуы мүмкін.
Егер ҚК-нің 407-бабының 2-бөлігінде көрсетілген адамдардың қызметіне олардың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруына байланысты емес, мысалы, прокурордың қандай да бір кәсіпорында қолданыстағы заңнаманың сақталуын тексеруіне байланысты немесе ішкі істер органдары тергеушісінің қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі іс-шараларға қатысуына байланысты араласу орын алса, кінәлінің әрекеттері ҚР ҚК-нің 407-бабының 2-бөлігі бойынша емес, басқару тәртібіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық көздейтін ҚР ҚК-нің 16-тарауының нормалары бойынша саралануға тиіс.
Қарастырылып отырған қылмыстық теріс қылық құрылымы бойынша формальды құрамға жатады және прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қызметіне қандай да бір нысанда араласқан кезде аяқталған болып танылады. Бұл ретте кінәлі адамның сотқа дейінгі іс жүргізуге кедергі келтіре алған-алмағаны маңызды емес.
Түсіндіріліп отырған қылмыстық теріс қылықтың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі өзі жасаған араласудың қоғамдық қауіптілігін және оның істі жан-жақты, толық әрі объективті тергеп-тексеруге кедергі жасау мақсатында жүзеге асырылып отырғанын сезінеді, теріс салдардың туындауын алдын ала біледі және соны қалайды.
ҚР ҚК-нің 407-бабының 2-бөлігін қолдану кезінде сот пен құқық қорғау органдары дәл осы мақсаттың бар-жоғын анықтауға тиіс. Егер араласу басқа мақсатта жасалса, осы бап бойынша жауаптылық туындамайды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға кедергі жасау себептері әртүрлі болуы мүмкін және олар саралауға әсер етпейді. Қылмыстық теріс қылық жеке себептер бойынша: пайдакүнемдік, жақын туысының тағдырына жеке мүдделілік және т.б. негіздерде жасалуы мүмкін. Қылмыстық теріс қылықты саралау үшін себептің маңызы жоқ, бірақ ол соттың жаза тағайындауы кезінде ескеріледі.
Субъектісі – он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚР ҚК-нің 407-бабының 3-бөлігі бойынша соттың, прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қызметіне өзінің қызмет бабын пайдалана отырып араласқаны үшін жауаптылық көзделген. Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасалған бұл әрекетті лауазымды адам да, мемлекеттік органдардың өзге де қызметшілері де жасауы мүмкін.
ҚР ҚК-нің 407-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстың субъектісі көбінесе судья немесе қылмыстық іс бойынша шешім қабылдайтын құқық қорғау органдарының қызметкерлері өзіне тәуелді жағдайда болатын адам болып табылады. Мысалы, прокурор лауазымы бойынша жоғары тұрған прокурорға тәуелді болады. Құқық қорғау органдарының тергеушілері мен анықтаушылары өздерінің тікелей басшыларына – тергеу бөлімінің немесе анықтау бөлімінің бастықтарына, сондай-ақ басқа да басшыларға тәуелді болады.
Нақты қылмыстық іс бойынша нұсқаулар беруге өкілеттігі бар жоғары тұрған лауазымды адам істің нәтижесіне мүдделі бола отырып, өзінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, заңға қайшы келетін нұсқаулар берген жағдайларда, оның әрекеті соттың сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметіне немесе прокурордың, тергеушінің не анықтауды жүргізетін адамның істі жан-жақты, толық және объективті тергеп-тексеру жөніндегі қызметіне заңсыз араласу ретінде қарастырылуға тиіс. Мұндай адамның қылмыстық әрекеті ҚР ҚК-нің түсіндіріліп отырған бабының 3-бөлігі бойынша саралануға тиіс.
Соттың, прокуратураның, тергеушінің немесе басқа да құзыретті адамның қызметіне араласу адам өлтірумен, денсаулыққа зиян келтірумен, мүлікті бүлдірумен немесе жоюмен қорқыту арқылы жасалған жағдайларда, жасалған әрекет қылмыстар жиынтығы бойынша ҚР ҚК-нің 407 және 409-баптары бойынша саралануға тиіс.
ҚР ҚК-нің 407-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 407-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚР ҚК-нің 407-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы – Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар