549-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасына немесе судьясына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
Ескерту. 549-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасына немесе судьясына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы немесе судьясы қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасына немесе судьясына қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Төрағасының немесе судьясының іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын немесе судьясын қылмыс орнында не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оларды өз өкілеттігі мерзімі ішінде тиісінше Қазақстан Республикасы Президентінің не Қазақстан Республикасы Құрылтайының келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстауға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну енгізеді.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстауға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Құрылтайына ұсыну енгізеді.
Ұсыну Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасына немесе судьясына күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттілігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын немесе судьясын күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысының негізінде шешеді. Көрсетілген адамдарға қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Президентінің не Қазақстан Республикасы Құрылтайының шешiмiн алғаннан кейін iс бойынша одан әрі iс жүргiзу осы Кодекстiң 547-бабының алтыншы, жетiншi, сегiзiншi, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөлiктерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау