Түсініктеме 312-бабына Пара беру Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің
1. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға не оған теңестірілген адамға жеке өзі немесе делдал арқылы пара беру –
жеті жүзден екі мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе сотталған адамның бес айдан жеті айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де кірісі мөлшерінде айыппұл салуға не екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не үш айдан алты айға дейінгі мерзімге қамаққа алуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Лауазымды адамға пара беру, сол сияқты көрінеу заңсыз әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағаны үшін пара беру –
мыңнан үш мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе сотталған адамның жеті айдан бір жылға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де кірісі мөлшерінде айыппұл салуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамға пара беру –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, мүлкін тәркілеумен немесе онсыз бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар:
а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен немесе ұйымдасқан топпен;
б) ірі мөлшерде;
в) бірнеше рет жасалса, –
мүлкін тәркілеумен немесе онсыз жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші немесе төртінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар аса ірі мөлшерде жасалса, –
мүлкін тәркілеумен он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Заң шығарушы бұл қылмысты мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға не оған теңестірілген адамға жеке өзі немесе делдал арқылы пара беру ретінде айқындайды.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі мемлекеттік аппараттың заңмен регламенттелген қалыпты қызметі және онымен байланысты мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқарудың мүдделері болып табылады. Қосымша объект ретінде азаматтар мен ұйымдардың заңды мүдделері танылуға тиіс.
Пара берудің объектісі мен заты пара алу қылмысы құрамының (ҚР ҚК-нің 311-бабы) тиісті белгілерімен толық сәйкес келеді. Айтылғандар пара беруді қылмыстық жазаланатын іс-әрекет ретінде тәртіптік теріс қылықтан ажырату мәселесіне де қатысты. ҚР ҚК-нің 312-бабына 1-ескертпеге сәйкес, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға не оған теңестірілген адамға бұрын жасаған заңды әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін алғаш рет берілген, мөлшері немесе құны екі айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сыйлықты, егер лауазымды адамның жасаған әрекеттері (әрекетсіздігі) алдын ала уағдаластықпен байланысты болмаса, беру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды.
Объективтік жағынан іс-әрекет мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға не оған теңестірілген адамға жеке өзі немесе делдал арқылы пара беруден көрінеді. Пара беру параның ең болмағанда бір бөлігін берген сәттен бастап аяқталған қылмыс болып есептеледі. Егер пара делдалға берілген, қылмыстың арнаулы субъектісінің қаржылық шотына жіберілген, бірақ оған байланысты емес мән-жайлар бойынша мұндай адам оны қабылдамаған жағдайларда, кінәлінің әрекеттері ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі және 311-бабының 1-бөлігі бойынша пара беруге оқталу ретінде саралануға тиіс. Мемлекеттік, қоғамдық немесе жеке ұйымдар үшін қандай да бір артықшылықтар алу мақсатында пара беретін адамдардың әрекеттері пара беру ретінде, ал тиісті негіздер болған кезде басқа қылмыстармен (жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Бағыныстылығындағы қызметкерлерге мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға не оған теңестірілген адамға, сондай-ақ лауазымды адамға пара беру арқылы қалаған әрекетке немесе әрекетсіздікке қол жеткізуді ұсынған мемлекеттік, қоғамдық немесе жеке кәсіпорындардың, мекемелердің немесе жеке ұйымдардың басшылары пара беруді ұйымдастырушылар (ҚК-нің 28-бабының 3-бөлігі) не пара беруге айдап салушылар (ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігі) ретінде жауаптылықта болады. Пара үшін келісілген әрекеттерді орындау туралы уағдаласып, параны табыстаған қызметкер пара бергені үшін жауаптылықта болуға тиіс (ҚР ҚК-нің 312-бабының 1-бөлігі).
Субъективтік жағынан пара беру тікелей қасақаналықпен және пара алушыны пара берушінің немесе ол өкілдік ететін адамдардың пайдасына ҚР ҚК-нің 311-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауға көндіру мақсатымен сипатталады. Субъект мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға не оған теңестірілген адамға өзінің немесе өзі өкілдік ететін адамдардың пайдасына белгілі бір әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағаны үшін не қызметі бойынша жалпы қамқорлық немесе жол берушілік көрсеткені үшін пара беріп отырғанын сезінуге тиіс.
ҚР Жоғарғы Сотының Пленумы жоғарыда аталған қаулысында атап өткендей, «құндылықтарды, қызметтерді немесе жеңілдіктерді алу шарттары арнайы келісілмегенімен, қылмысқа қатысушылар параның пара берушінің мүдделерін қанағаттандыру мақсатында беріліп отырғанын сезінген жағдайларда да кінәлілердің әрекеттері пара беру және пара алу деп танылуға тиіс» (қаулының 3-тармағы).
Бұл ретте пара беруші парамен шартталған әрекеттердің (әрекетсіздіктің) субъектінің қызметтік өкілеттіктеріне кіретінін не мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның немесе оған теңестірілген адамның, не лауазымды адамның өзінің лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге (әрекетсіздікке) ықпал ете алатынын сезінуге тиіс.
Құндылықтарды өзге мақсатпен беру (мысалы, мемлекеттік қызметші өзінің бастығына оның ықыласына ие болу мақсатында бағалы сыйлық табыстайды) пара беру құрамын құрамайды.
Пара беру субъектісі он алты жасқа толған кез келген адам болуы мүмкін.
ҚР ҚК-нің 312-бабының 2-бөлігінде (лауазымды адамға пара беру, сол сияқты көрінеу заңсыз әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағаны үшін пара беру), ҚР ҚК-нің 312-бабының 3-бөлігінде (жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамға пара беру) және ҚР ҚК-нің 312-бабының 4-бөлігінде (адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған, ірі мөлшерде және бірнеше рет жасалған пара беру) көзделген белгілердің сипаттамасы ауырлататын мән-жайлар кезінде пара алу белгілеріне ұқсас (ҚР ҚК-нің 311-бабының 2, 3 және 4-бөліктерін қараңыз).
ҚР ҚК-нің 312-бабының 5-бөлігінде аса ірі мөлшерде пара бергені үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген (ҚР ҚК-нің 311-бабына түсініктемені қараңыз).
ҚР ҚК-нің 312-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген қылмыстар ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 312-бабының 3 және 4-бөліктерінде көзделген қылмыстар ауыр қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 312-бабының 5-бөлігінде көзделген қылмыстар аса ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2007 жылғы түсініктеме. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі И.Ш. Борчашвили.
Актінің өзгертілген күні: 02.08.2007
Актінің қабылданған күні: 02.08.2007
Қабылданған орны: ЖОҚ
Актіні қабылдаған орган: 180000000000
Қолданылу өңірі: 100000000000
Нормашығармашылық орган берген нормативтік құқықтық актінің тіркеу нөмірі: 167
Актінің мәртебесі: қолданыстағы
Құқықтық қатынастар саласы: 028000000000
Актінің нысаны: ТҮСІНІКТЕМЕ
Заңдық күші: 1900
Актінің тілі: орыс тілі
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау