1045-бап. Мұрадан лайықсыз мұрагерлердi шеттету Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi
1. Мұра қалдырушыны немесе мүмкiн болатын мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ. Бұған өсиет қалдырушы оның өмiрiне қастандық жасалғаннан кейiн өздерiне қатысты өсиет қалдырған адамдар кiрмейдi.
2. Мұра қалдырушының соңғы еркiн жүзеге асыруға қасақана кедергi жасаған және сол арқылы олардың өздерiн немесе оларға жақын адамдарды мұрагерлiкке шақыруға не мұраның оларға тиесілі үлесін көбейтуге ықпал жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ.
3. Балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылған және мұра ашылған кезде бұл құқықтарын қалпына келтiрмеген ата-аналардың балаларынан қалған мұраны, сондай-ақ мұра қалдырушыны күту жөнiнде өздерiне заң күшiмен жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарған ата-аналардың (асырап алушылардың) және кәмелетке толған (асырап алынған) балалардың заң бойынша мұраны алуға құқығы жоқ.
4. Лайықсыз мұрагерлердi мұрагерлiктен шеттетуге негiз болатын мән-жайларды сот белгiлейдi.
4-1. Осы баптың негiзiнде мұрагерлiкке құқығы жоқ немесе мұрагерлiктен шеттетiлген адам (лайықсыз мұрагер) мұраның құрамынан негiзсiз алған барлық мүлiктi қайтаруға мiндеттi.
Мұрагерлiк мүлiктi қайтару мүмкiн болмаған кезде лайықсыз мұрагер оның нарықтық құнын өтеуге мiндетi.
5. Осы баптың ережелерi өсиеттiк бас тартуға да қолданылады (осы Кодекстiң 1057-бабы).
Лайықсыз бас тартушы үшiн белгiлi бiр жұмысты орындау немесе оған белгiлi бiр қызмет көрсету өсиеттiк бас тартудың нысаны болған жағдайда, ол өсиеттiк бас тартуды орындаған мұрагерге атқарған жұмыстың немесе оған көрсетiлген қызметтiң құнын өтеуге мiндеттi.
6. Осы баптың ережелерi барлық мұрагерлерге, соның iшiнде міндеттi үлеске құқығы бар мұрагерлерге де қолданылады.
Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы