133-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталған адамды босатудың негіздері туралы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне түсініктеме
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұсталған адам, егер:
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік расталмаса;
2) ұсталған адамға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын немесе қамаққа алу түріндегі жазаны не Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығарып жіберуді қолдануға негіздер болмаса;
3) ұстау осы Кодекстің 131-бабының талаптарын елеулі түрде бұза отырып жүргізілсе;
4) ұстаудың заңды негіздері болмаса,
сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам немесе прокурордың қаулысы бойынша босатылуға жатады.
2. Егер нақты ұсталған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде, ал кәмелетке толмағандарға қатысты — жиырма төрт сағат ішінде ұсталған адамды ұстау орнының бастығына күдіктіні күзетпен ұстауға санкция беру туралы сот қаулысы келіп түспесе, ұсталған адамды ұстау орнының бастығы, осы Кодекстің 131-бабы төртінші бөлігінің 1) — 6) тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзінің қаулысымен оны дереу босатады және бұл туралы іс жүргізуінде іс жатқан адам мен прокурорды хабардар етеді.
Осы Кодекстің 131-бабы төртінші бөлігінің 1) — 6) тармақтарында көзделген жағдайларда, егер ұсталған адамды ұстау орнының бастығына нақты ұсталған кезден бастап жетпіс екі сағат ішінде күдіктіні күзетпен ұстауға санкция беру туралы сот қаулысы келіп түспесе, ол өзінің қаулысымен адамды дереу босатады және бұл туралы іс жүргізуінде іс жатқан адам мен прокурорды хабардар етеді.
3. Осы баптың екінші бөлігінің талаптары орындалмаған жағдайда, ұсталған адамды ұстау орны әкімшілігінің басшысы заңда белгіленген жауаптылықта болады.
4. Ұсталған адам босатылған кезде оған кімнің ұстағаны, ұстаудың негіздері, орны мен уақыты, жеткізілген уақыты, босатудың негіздері мен уақыты көрсетілген анықтама беріледі.
5. Осы баптың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көзделген жағдайларда, заңсыз ұстау барысында немесе заңсыз ұстаудан кейін ұсталған адамның қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің нәтижесінде алынған деректер дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін деп танылады.
Ескерту. 133-бапқа Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 118-VI Заңымен өзгеріс енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Ұстау процесінің ажырамас бөлігі болып күдік бойынша ұсталған адамды ұсталғандарды ұстау орнынан босатудың негіздері мен тәртібін реттейтін ҚПК-нің 133-бабының нормалары табылады.
ҚПК-нің 133-бабының 1-бөлігі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның немесе прокурордың қаулысы бойынша ұсталған адамды ұстау мерзімдері шегінде босатудың төрт негізін бекітеді. Аталған мерзімдер ҚПК-нің 131-бабының 4-бөлігінде көрсетілген және ұстау мән-жайларына байланысты жеке-жеке немесе жиынтық түрде қолданылады. Алғашқы екі негізден айырмашылығы, үшінші және төртінші негіздер ұсталған адамның ұстау орындарында болуының заңсыздығын куәландыратын мән-жайларды сипаттайды.
ҚПК-нің 133-бабы 1-бөлігінің 1) тармағының қағидалары ұстаудың тиісті мерзімдері шегінде күдіктінің айғақтарын тексеру тәртібімен алынған дәлелдемелерді қоса алғанда, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікті растамайтын дәлелдемелердің алынуын білдіреді. Мұндай жағдайда адамды ұстау орнынан дереу босату қажет.
ҚПК-нің 133-бабы 1-бөлігінің 2) тармағының қағидалары ұсталған адамға күзетпен ұстауды қолдану қажеттілігінің жоқтығын білдіреді, өйткені бұл жасалған қылмыстың сипатына, күдіктінің, айыпталушының жеке басына, оның жасына, денсаулық жағдайына, отбасылық жағдайына, айналысатын кәсібіне, мүліктік жағдайына, тұрақты тұрғылықты жерінің болуына және басқа да мән-жайларға байланысты болады. Мұндай жағдайларда өзге бұлтартпау шарасы қолданылады не келу туралы міндеттеме алынады (ҚПК-нің 137, 156-баптары).
Сонымен қатар, қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін ұсталған шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар, егер қылмыстық теріс қылық жасаған адамға қатысты қамаққа алу түріндегі қылмыстық жаза қолдануға негіздер болмаса не шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға қатысты Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығарып жіберу түріндегі қосымша қылмыстық жаза қолдануға негіздер болмаса, ұсталған адамдарды ұстау орындарынан босатылуға жатады (ҚК-нің 40-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы, 45, 51, 392–393-баптары).
ҚПК-нің 133-бабы 1-бөлігінің 3) тармағының қағидалары ҚПК-нің 131-бабының нормаларында көрсетілген ұстаудың процестік нысанынан кез келген ауытқумен байланысты. Яғни, баптың қағидаларын оның нормаларында көрсетілген дәйектілікпен және нысанда орындамау осы бап талаптарының елеулі түрде бұзылғанын білдіреді. Осыған байланысты заңсыз ұстау барысында немесе заңсыз ұстаудан кейін ұсталған адамның қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің нәтижесінде алынған деректер дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін деп танылады (ҚПК-нің 133-бабының 1-бөлігі).
Сол сияқты, ҚПК-нің 133-бабы 1-бөлігінің 4) тармағының қағидалары іс материалдарында ҚПК-нің 128-бабының 2-бөлігінде көрсетілген адамды ұстаудың заңды негіздерін қамтитын дәлелдемелердің жоқтығын білдіреді. Басқаша айтқанда, бұл ҚПК-нің 128-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ҚПК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 1) тармағында көзделген негізді қоспағанда, қылмыс жасады деген күдік бойынша адамдарды ұстау тек қажетті кезек күттірмейтін тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылатыны туралы қағиданың сақталмауы болып табылады.
Нақты ұсталған кезден бастап, бірақ ҚПК-нің 131-бабының 4-бөлігінде көрсетілген ұстау мерзімдері шегінде тергеу судьясының күзетпен ұстауға санкция беру туралы қаулысының келіп түспеуі күдіктіні уақытша ұстау изоляторынан оның басшысы босатуы үшін міндетті негіз болып табылады (ҚПК-нің 133-бабының 2-бөлігі). Заңның бұл ережесінде оның қылмыстық қудалау органдарынан тәуелсіздігі көрініс табады. ҚПК-нің осы талабын бұзу уақытша ұстау изоляторы бастығын күдіктіні көрінеу заңсыз күзетпен ұстауға қатысушы ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартудың сөзсіз негізі болып табылады.
Ұсталған адамды ұстау орны әкімшілігінің басшысының жауаптылығы ҚК-нің 414-бабында көзделген. ҚПК-нің 134-бабының мағынасы бойынша ұсталған адамды ұстау орны әкімшілігінің басшыларына уақытша ұстау изоляторларының, гауптвахталардың, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің, анықтау органының бастықтары, сондай-ақ жергілікті жердің коменданттары жатады.
ҚПК-нің 133-бабының 2–4-бөліктері ұсталған адамды босатуға негіздер болған кезде ұсталған адамдарды ұстау орындарының бастықтары орындауға міндетті әрекеттерді реттейді: осы туралы қаулы шығару, бұл туралы іс жүргізуінде іс жатқан адам мен прокурорды хабардар ету, ұсталған адамға кімнің ұстағаны, ұстаудың негіздері, орны мен уақыты, жеткізілген уақыты, босатудың негіздері мен уақыты көрсетілген анықтама беру. Бұл анықтама адамды қылмыстық қудалау органына жеткізу нәтижелері бойынша берілетін анықтамамен бірдей емес (ҚПК-нің 129-бабының 3-бөлігі).
Өзіне қатысты күдік расталмаған күдіктіге анықтама беру қылмыстық қудалау органының немесе уақытша ұстау изоляторы бастығының міндетті функциясына жатады. Бұл қылмыстық қудалау органының заңсыз әрекеті салдарынан бұзылған оның азаматтық құқықтарын қалпына келтіру үшін қажет (ҚПК-нің 38-бабының нормаларына түсініктемені қараңыз).
Сонымен қатар, көрінеу заңсыз ұстау, оның ішінде ұстау хаттамасын жасау уақытын немесе нақты ұстау уақытын қолдан жасау қылмыстық қудалау органының лауазымды адамының қылмыстық жауаптылығына әкеп соғады (ҚК-нің 414-бабы).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы: Марат Чекишевич Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар