Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 413-бабына түсініктеме. Қылмыстық жауаптылықтан көрінеу заңсыз босату
1. Прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қылмыс жасағаны үшін күдікті немесе айыпталушы адамды қылмыстық жауаптылықтан көрінеу заңсыз босатуы –
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі сот төрелігінің мүдделеріне, сондай-ақ қылмыстан зардап шеккен адамдардың мүдделеріне нұқсан келтіріліп, құқық қорғау органдарының беделіне елеулі нұқсан келтірілуінде. Осы қылмысты жасау нәтижесінде сот төрелігінің негізгі қағидаты – бірде-бір кінәсіз адам сотталмауға және бірде-бір кінәлі адам жазадан құтылып кетпеуге тиіс деген қағидат бұзылады. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік әділеттілікке және азаматтардың заң алдындағы теңдігіне деген сенімі төмендейді, ал қылмыс жасаған адамдарда жазасыз қалу сезімі пайда болып, бұл жаңа қылмыстар жасауға алып келуі мүмкін.
Қылмыстың объектісі прокуратура, алдын ала тергеу және анықтау органдарының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру жөніндегі қалыпты қызметін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қосымша объект ретінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге қатысты жәбірленуші адамның мүдделері болуы мүмкін.
Объективтік жағынан қылмыс қылмыс жасағаны үшін күдікті немесе айыпталушы адамды қылмыстық жауаптылықтан заңсыз босатудан көрінеді.
Қылмыстық жауаптылықтан заңсыз босату деп қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың нормаларын өрескел бұза отырып, жасалған қылмыстың нақты мән-жайларын ескермей, ақиқатты бұрмалау арқылы жүзеге асырылған босату танылады.
Қылмыстық жауаптылықтан босату – құқық қолданушының мемлекет адамның қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тану құқығын іске асырудан бас тартатынын білдіретін актісі. Мұндай шешімнің процестік көрінісі қылмыстық істі тоқтату болып табылады.
Қылмыстық жауаптылықтан босату қылмыстық істі тоқтату түрінде де, қылмыстық қудалауды тоқтату түрінде де жүзеге асырылуы мүмкін. Заң қылмыстық жауаптылықтан заңсыз босату туралы шешім қабылданған адамның процестік жағдайын нақты айқындайды. Мұндай адам ретінде күдікті немесе айыпталушы танылады.
ҚПК-нің 64-бабына сәйкес, күдікті – бұл: 1) өзіне қатысты күдікті деп тану туралы қаулы шығарылған; 2) ҚПК-нің 131-бабында көзделген тәртіппен ұсталған; 3) өзіне қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылған; 4) қылмыстық теріс қылық жасады деген күдікке байланысты жауап алынған адам.
ҚПК-нің 65-бабына сәйкес, айыпталушы – бұл өзіне қатысты: 1) прокурор айыптау актісін бекіткен; 2) прокурор қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекітіп, қылмыстық істі қылмыстық заңның тиісті бабы (баптары) бойынша сотқа жіберу туралы шешім қабылдаған; 3) сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚПК-нің 617-бабының 4-бөлігінде көзделген тәртіппен процестік келісім жасасумен аяқталған; 4) анықтау органының бастығы қылмыстық теріс қылық туралы іс бойынша бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекіткен адам.
Күдікті мен айыпталушы қылмыстық процестің қатысушылары ретінде тек жоғарыда көрсетілген процестік шешімдер қабылданғаннан кейін ғана пайда болады. Сондықтан, мысалы, арызды Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне (СДТБТ) тіркеуден заңсыз бас тарту осы бап бойынша сараланбайды.
Қылмыстық жауаптылықтан көрінеу заңсыз босату қылмыс жасағаны үшін күдікті немесе айыпталушы адамға қатысты қылмыстық істі немесе қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы шығарудан көрінеді.
Қылмыстық жауаптылықтан босатудың заңды түрлері ретінде ҚК-де көзделген мынадай негіздер танылады: шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚК-нің 65-бабы); қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚК-нің 66-бабы); процестік келісім талаптарын орындауға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚК-нің 67-бабы); татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚК-нің 68-бабы); жағдайдың өзгеруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚК-нің 70-бабы); ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚК-нің 71-бабы); рақымшылық жасау актісі негізінде қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚК-нің 78-бабының 2-бөлігі); ҚК-нің Ерекше бөлімінің баптарына ескертпелерде көзделген жағдайларда қылмыстық жауаптылықтан босату. Кәмелетке толмағандарға қатысты да ҚК-нің 83-бабының 1 және 3-бөліктері негізінде қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкін.
ҚК-де көзделген қылмыстық жауаптылықтан босату негіздерінен басқа, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын процестік негіздер де бар (ҚПК-нің 35 және 36-баптары).
Қылмыстық жауаптылықтан көрінеу заңсыз босату мынадай жағдайларда орын алды деп танылады:
қылмыстық ісі (қылмыстық қудалауы) тоқтатылған адам әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері болған;
ҚК-де көзделген қылмыстық жауаптылықтан босату негіздері болмаған;
ҚПК-де көзделген қылмыстық істі (қылмыстық қудалауды) тоқтатуға кедергі келтіретін процестік тосқауылдар болған.
Прокурор немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, жоғарыда көрсетілген талаптарды елемейді және адамды қылмыстық жауаптылықтан заңсыз босатады. Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану нысандары әртүрлі болуы мүмкін: оқиғаның нақты мән-жайларын бұрмалау, қылмыстық жауаптылықты жоққа шығаратын кінә нысанын көрінеу дұрыс айқындамау және т.б.
Көрсетілген қылмысты жасау тәсілдері ретінде мынадай әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) тануға болады:
қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша адамды ұстауға негіздер болған кезде оны ұстамау;
адамды күдікті деп тану туралы қаулыны немесе күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны шығарудан заңсыз бас тарту;
д) күдіктіге немесе айыпталушыға қатысты заңды негіздер болмаған кезде қылмыстық істі (қылмыстық қудалауды) тоқтату туралы қаулы шығару.
Заңға сәйкес қарастырылып отырған қылмысты жасау тек сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында ғана мүмкін болады.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыс күдіктіні немесе айыпталушыны қылмыстық жауаптылықтан заңсыз босатқан сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Егер қылмыс дәлелдемелерді қолдан жасау арқылы жасалса, әрекет ҚК-нің 416-бабы бойынша қосымша саралануға тиіс.
Қылмыстың субъективтік жағы кінәнің тікелей қасақаналық нысанымен сипатталады, бұл көрінеулілік туралы нұсқаудан туындайды.
Кінәлі адам күдіктіні немесе айыпталушыны қылмыстық жауаптылықтан заңсыз босата отырып, өз әрекетінің қоғамдық қауіпті сипатын сезінеді, оның салдарын алдын ала біледі және соны тілейді.
Бұл ретте басшылыққа алатын себептері әртүрлі болуы мүмкін және саралауға әсер етпейді. Егер көрсетілген әрекеттер пара алуға байланысты жасалса, онда жасалған іс-әрекет ҚК-нің 413 және 366-баптарында көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Қылмыстың субъектісі – арнайы субъект. Түсіндіріліп отырған баптың диспозициясында қылмыс субъектілері ретінде прокурор немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам көзделген.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру анықтау, алдын ала тергеу (жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру) және хаттамалық нысанда жүргізіледі.
Анықтау нысанындағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ҚПК-нің 191-бабының 2–12-бөліктерінде көрсетілген қылмыстар бойынша қылмыстық қудалау органы жүргізеді (ҚПК-нің 189-бабының 2-бөлігі).
Алдын ала тергеу нысанындағы сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚПК-нің 187-бабында көрсетілген қылмыстар бойынша, кәмелетке толмағандар немесе өзінің дене не психикалық кемістіктеріне байланысты қорғалу құқығын өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдар жасаған барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша, сондай-ақ ҚПК-нің 32-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерді қоспағанда, қылмыс жасады деген күдік келтірілген адам белгісіз болып қалған анықтау істері бойынша жүзеге асырылады (ҚПК-нің 189-бабының 3-бөлігі).
Хаттамалық нысандағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қылмыстық қудалау органы ҚПК-нің 191-бабының 16–24-бөліктерінде көзделген қылмыстық теріс қылықтар бойынша жүргізеді (ҚПК-нің 189-бабының 6-бөлігі).
ҚПК-нің 7-бабының 23) тармағына сәйкес, қылмыстық қудалау органдары (лауазымды адамдары) болып прокурор (мемлекеттік айыптаушы), тергеуші, анықтау органы, анықтаушы табылады.
ҚК-нің 413-бабында көзделген әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасының ІІМ еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар