33-бап. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы Конституциялық заңы
1. Судьяның өкiлеттiгi, егер:
1) партиялық тізімдерге енгізу жағдайларын қоспағанда, судья "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген тәртіппен кандидат ретінде тіркелсе;
1-1) судья Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі болып тағайындалса;
1-2) саяси партияға кіру ниетінің болуына байланысты судья лауазымынан босату туралы өтініш берілсе;
2) судья заңды күшiне енген сот шешiмiмен хабарсыз кеткен деп танылса;
3) судьяны қылмыстық жауапқа тартуға келiсiм берiлсе;
3-1) осы Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 11) және 11-1) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша судьяның өкiлеттiктерiн тоқтату қажеттiгi туралы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның немесе Сот жюриінің шешiмi болса;
3-2) алып тасталды - ҚР 2012.02.16 № 559-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен;
4) басқа жұмысқа ауысса;
5) судья лауазымынан өз еркі бойынша босату туралы өтініш берсе, тоқтатыла тұрады.
2. Судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұруды:
Жоғарғы Соттың Төрағасына қатысты – Қазақстан Республикасының Президентi;
Республиканың қалған барлық судьяларына қатысты – Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы жүзеге асырады.
Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы уәкілетті органның растайтын құжат қоса берілген хабарының негізінде судьяның өкілеттігін тоқтата тұру мәселелерін қарайды.
2-1. Судьяның өкілеттігі тоқтатыла тұрған кезде оның тиісті соттың төрағасы немесе сот алқасының төрағасы лауазымындағы өкілеттігі тоқтатыла тұрады.
2-2. Судья лауазымынан өз еркі бойынша босату туралы өтініш берген кезде оның өкілеттігі осы өтініш берілген күннен бастап бір ай өткен соң тоқтатыла тұрады.
2-3. Судья Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі болып тағайындалған кезде оның судья атағы мен судьялар қоғамдастығына жататыны сақтала отырып, өкілеттігі тоқтатыла тұрады.
3. Егер судьяның өкiлеттiгiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға негiз болған мән-жай жойылса, судьяның өкiлеттiгi қалпына келтiрiледi.
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы № 132 Конституциялық заңы.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы