10-бап. Сайлау органдары, олардың жүйесi мен өкiлеттiктерiнiң мерзiмi Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңы
1. Қазақстан Республикасында сайлауды әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастыратын мемлекеттiк сайлау органдары сайлау комиссиялары болып табылады.
2. Сайлау комиссияларының бiртұтас жүйесiн мыналар құрайды:
1) Республиканың Орталық сайлау комиссиясы;
2) аумақтық сайлау комиссиялары;
2-1) округтік сайлау комиссиялары;
3) алып тасталды – ҚР 29.06.2018 № 162-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.
4) учаскелiк сайлау комиссиялары.
3. Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі аумақтық және округтік сайлау комиссияларын – Орталық сайлау комиссиясы, ал мәслихаттардың депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларын және учаскелік сайлау комиссияларын тиісті аумақтық сайлау комиссиялары құрады.
Егер бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша округтердің шекаралары әкімшілік аумақтық бірліктердің шекараларымен тұспа-тұс келсе, округтік сайлау комиссиялары құрылмайды, олардың өкілеттіктерін аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
Орталық сайлау комиссиясын қоспағанда, сайлау комиссияларының құрамдарын тиісті мәслихаттар қалыптастырады.
Сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi бес жылды құрайды.
Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды.
Әрбiр саяси партия тиiстi сайлау комиссиясының құрамына бiр кандидатура ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшелерi болып табылмайтын кандидатураларды ұсынуға құқылы.
Мәслихат белгiлеген, сайлау комиссияларын құру мерзiмiне дейiн он бес күннен кем болмауға тиiс мерзiмде саяси партиялардың ұсыныстары болмаған жағдайда, мәслихаттар сайлау комиссиясын өзге қоғамдық бiрлестiктердiң және жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша сайлайды.
Сайлау комиссиясының құрамына ұсынылатын адамдар оның жұмысына қатысуға келісетіні туралы өтiнiштерiн қоса бередi. Сайлау комиссиясының төрағасы, төрағасының орынбасары, хатшысы сайлау комиссиясының отырысында сайланады.
Аумақтық сайлау комиссияларының мәслихаттар сайлайтын мүшелері Орталық сайлау комиссиясы бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс.
Сайлау комиссияларының жаңа құрамын қалыптастыру сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi аяқталардан кемінде екi ай бұрын басталады және олардың өкілеттiк мерзiмiнің бiтуіне үш күн қалғанда аяқталады.
Сайлау комиссияларының құрамдарын қалыптастыратын органдар сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi iшiнде олардың құрамына өзгерiстер енгiзуге құқылы.
4. Сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру туралы шешiмдер, олардың құрамы мен орналасқан жерi бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
5. Сайлау комиссияларының өз құзыретiнiң шегiнде қабылдаған шешiмдерi тиiстi аумақтағы барлық мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, сондай-ақ олардың лауазымды адамдарының орындауы үшiн мiндеттi.
6. Сайлау комиссиялары өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы кезінде олардың қызметіне араласуға жол берілмейді.
7. Сайлау комиссиясының қызметi сайлау комиссиясын құратын органның шешiмi бойынша немесе Орталық сайлау комиссиясының өтініші негiзiнде сот шешiмiмен тоқтатылуы мүмкiн.
8. Сайлау комиссиясының мүшесiн, осы Конституциялық заңның 19-бабының 6 және 7-тармақтарында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, өкiлеттiктерiнен айыруға болмайды.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңы.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы