49-3-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қызметін мемлекеттік бақылау Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы Заңы
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының (бұдан әрі – тексерілетін мемлекеттік орган) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қызметін мемлекеттік бақылау осы бапқа сәйкес мерзімдік, жоспардан тыс тексерулер және қашықтан бақылау нысанында жүзеге асырылады.
2. Мерзімдік тексеру уәкілетті орган немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган тексеру жүргізу жылының алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан және ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 маусымынан кешіктірмей әзірлеген және бекіткен жартыжылдық жоспарлар негізінде жүргізіледі.
Мерзімдік тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарында мыналар қамтылады:
1) жоспардың бекітілген күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексерілетін мемлекеттік органның атауы, оның тұрған жері;
4) тексерудің нысанасы;
5) тексеру жүргізу мерзімдері;
6) жоспарға қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы.
Мерзімдік тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспары мерзімдік тексеру жүргізу туралы хабарлама болып табылады және тексеру жүргізу жылының алдындағы жылдың 10 желтоқсанынан және ағымдағы күнтізбелік жылдың 10 маусымынан кешіктірілмей уәкілетті органның немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосы мен олардың аумақтық бөлімшелерінің интернет-ресурсында орналастырылады.
Мерзімдік тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тексерілетін мемлекеттік орган таратылған, қайта ұйымдастырылған, оның атауы өзгерген, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай туындаған, төтенше жағдай режимі енгізілген, эпидемияның, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың таралуы, уланулар, радиациялық авариялар және солармен байланысты шектеулер туындаған немесе олардың туындау қатері төнген жағдайларда жүзеге асырылады.
Осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген жағдайлар бсталған кезде мерзімдік тексеру ұзартылуы не тоқтатыла тұруы мүмкін.
Мерзімдік тексерулер жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартыла отырып, он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс. Мерзімдік тексеру жүргізу мерзімі мерзімдік тексеруді жүргізу тоқтатыла тұрған кезде үзіледі және мерзімдік тексеру қайта басталған кезден бастап жалғасады.
Мерзімдік тексерулер жүргізу мерзімі бір рет қана ұзартылуы мүмкін. Ұзарту уәкілетті органның ведомствосы немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосы басшылығының немесе олардың аумақтық бөлімшелері басшыларының шешімімен жүзеге асырылады. Мерзімдік тексерулерді жүргізу мерзімдерін ұзарту тексерілетін мемлекеттік орган хабардар етіле отырып, мерзімдік тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша бұйрықпен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы бұйрықтың күні мен нөмірі және ұзарту себептері көрсетіледі. Мерзімдік тексеру мерзімін ұзарту туралы хабарламаны уәкілетті органның ведомствосы немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосы немесе олардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары табыс етілгені туралы хабарламамен ұзартылғанға дейін бір жұмыс күні бұрын тексерілетін мемлекеттік органға табыс етеді.
3. Мерзімдік тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын қалыптастыру үшін мынадай ақпарат көздері пайдаланылады:
1) есептілік пен мәліметтер мониторингінің, оның ішінде автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы алынған нәтижелері;
2) уәкілетті орган ведомствосының немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының және (немесе) олардың аумақтық бөлімшелерінің сұрау салуы бойынша мемлекеттік органдар ұсынған мәліметтерді талдау нәтижелері;
3) алдыңғы мемлекеттік бақылау мен өзге де тексерулердің нәтижелері;
4) қашықтан бақылау нәтижелері.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарын талдау және іріктеу кезінде мерзімдік тексерулердің жартыжылдық жоспарларын қалыптастыру үшін өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғандағы деректер пайдаланылуы мүмкін.
4. Тексеруді тағайындау туралы бұйрықтың негізінде тексерілетін мемлекеттік органға бару арқылы тексеру жүргізіледі, онда мыналар көрсетіледі:
1) бұйрықтың күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) тексеру жүргізуге тартылатын мамандар, консультанттар және сарапшылар туралы мәліметтер;
5) тексерілетін мемлекеттік органның атауы, оның тұрған жері;
6) тағайындалған тексерудің нысанасы;
7) тексеру түрі;
8) тексеру жүргізу мерзімдері;
9) тексеру жүргізу негіздері;
10) тексерілетін кезең;
11) тексерілетін мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттері;
12) тексерілетін мемлекеттік орган басшысының не оның уәкілетті адамының бұйрықты алғаны туралы немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы;
13) бұйрыққа қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы.
Мерзімдік тексерулерді тағайындау, ұзарту, тоқтата тұру және қайта бастау туралы бұйрықтарға уәкілетті орган ведомствосының немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының басшылығы немесе олардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары қол қояды.
Тексерілетін мемлекеттік органға тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген күн тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.
5. Жоспардан тыс тексеруге мыналар негіз болып табылады:
1) тексеру және (немесе) қашықтан бақылау нәтижелері бойынша қорытындыда көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау;
2) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;
3) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірудің нақты фактілері бойынша не нұқсан келтіру қатері туралы прокуратураның талабы;
4) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірудің нақты фактілері бойынша, сондай-ақ жойылмауы жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары.
Уәкілетті органның ведомствосы немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосы немесе олардың аумақтық бөлімшелері тексерілетін мемлекеттік органды тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып, жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталатыны туралы оның басталғанынан кемінде бір тәулік бұрын хабардар етуге міндетті.
6. Жоспардан тыс тексеру жүргізу мерзімі он жұмыс күніне дейін ұзартыла отырып, он жұмыс күнінен аспайтын мерзімді құрауға тиіс.
Жоспардан тыс тексеру жүргізу мерзімі бір рет қана ұзартылуы мүмкін. Ұзарту уәкілетті органның ведомствосы немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосы басшылығының немесе олардың аумақтық бөлімшелері басшыларының шешімімен жүзеге асырылады. Жоспардан тыс тексеру жүргізу мерзімдерін ұзарту тексерілетін мемлекеттік органды хабардар ете отырып, жоспардан тыс тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша бұйрықпен ресімделеді, онда тексеруді тағайындау туралы алдыңғы бұйрықтың күні мен нөмірі және ұзарту себептері көрсетіледі. Жоспардан тыс тексеру мерзімдерін ұзарту туралы хабарламаны уәкілетті органның немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосы немесе олардың аумақтық бөлімшелері табыс етілгені туралы хабарламамен ұзартылғанға дейін бір жұмыс күні бұрын табыс етеді.
7. Жоспардан тыс тексерулер анонимдік жолданымдар болған жағдайда жүргізілмейді.
8. Қашықтан бақылау тексерілетін мемлекеттік органға бармай мынадай әрекеттер жасау арқылы жылына бір рет жүргізіледі:
1) тексерілетін мемлекеттік органның қызметін мониторингтеу;
2) тексерудің нысанасына қатысты қажетті ақпаратты беру туралы сұрау салу;
3) тексерудің нысанасына қатысты қажетті ақпаратты алу мақсатында тексерілетін мемлекеттік органның басшысын не оның уәкілетті адамын шақыру.
Қашықтан бақылау жүргізу мерзімі он жұмыс күнінен аспауға тиіс. Қашықтан бақылау жүргізу аяқталған күні тексерілетін мемлекеттік органға қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды (бұзушылықтар болған кезде) жіберіледі.
9. Қашықтан бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда үш данада қорытынды жасалады, онда мыналар көрсетіледі:
1) қорытындының жасалған күні, нөмірі мен орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексерілетін мемлекеттік органның атауы, оның тұрған жері;
4) қашықтан бақылау жүргізудің негізі мен нысанасы;
5) қашықтан бақылау жүргізудің кезеңі мен мерзімдері;
6) анықталған бұзушылықтар және талаптарды орындау және бұзушылықтарға жол берген адамдарға қатысты шаралар қабылдау мерзімін көрсете отырып, оларды жою туралы талаптар.
Бұл ретте анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптарды орындау мерзімі қорытынды табыс етілген күннен бастап кемінде он жұмыс күнін құрайды;
7) қашықтан бақылау жүргізген лауазымды адамның қолтаңбасы.
Қашықтан бақылау нәтижелері бойынша қорытындының бір данасы табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында не тексерілетін мемлекеттік органның электрондық поштасының мекенжайы бойынша электрондық құжат арқылы немесе өзге де қолжетімді тәсілмен тексерілетін мемлекеттік органға жіберіледі. Екінші данасы уәкілетті органның ведомствосында немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосында немесе олардың аумақтық бөлімшелерінде қалады, үшінші данасы электрондық нысанда өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға тапсырылады.
Қашықтан бақылау нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, тексерілетін мемлекеттік орган оларды жазбаша түрде жазады және оны қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның ведомствосына немесе о балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосына немесе олардың аумақтық бөлімшелеріне жібереді.
Уәкілетті органның немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосы немесе олардың аумақтық бөлімшелері өз құзыреттері шегінде тексерілетін мемлекеттік органның ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын он жұмыс күні ішінде қарауға және уәжді жауап беруге тиіс.
10. Тексеру нәтижелері бойынша үш данада қорытынды жасалады.
Тексеру нәтижелері туралы қорытындыда мыналар көрсетіледі:
1) қорытындының жасалған күні, нөмірі мен орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер олар жеке басты куәландыратын құжаттарда көрсетілсе) және лауазымдары;
4) тексеру жүргізуге тартылатын мамандар, консультанттар мен сарапшылар туралы мәліметтер;
5) тексерілетін мемлекеттік органның атауы, оның тұрған жері;
6) тексеруді жүргізудің негізі мен нысанасы;
7) тексеру түрі;
8) тексеру жүргізу кезеңі;
9) тексеру жүргізу мерзімі;
10) анықталған бұзушылықтар және талаптарды орындау және (немесе) бұзушылықтарға жол берген адамдарға қатысты шаралар қабылдау мерзімін көрсете отырып, оларды жою туралы талаптар;
11) тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың қорытындымен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартқаны туралы жазба;
12) тексеру жүргізген лауазымды адамдардың қолтаңбасы.
Тексеру нәтижелері туралы қорытындыға болған кезде тексеру нәтижелеріне байланысты құжаттар немесе олардың көшірмелері қоса беріледі.
11. Тексеру нәтижелері туралы қорытындының бірінші данасы электрондық нысанда өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға тапсырылады, екінші данасы анықталған бұзушылықтармен танысу және оларды жою жөнінде шаралар және басқа да әрекеттер қабылдау үшін тексерілетін мемлекеттік органға (басшыға не оның уәкілетті адамына) қағаз жеткізгіште қол қойғыза отырып немесе электрондық нысанда табыс етіледі, үшінші данасы уәкілетті органның ведомствосында немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосында немесе олардың аумақтық бөлімшелерінде қалады.
Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, тексерілетін мемлекеттік орган оларды жазбаша түрде жазады және оны тексеру нәтижелері туралы қорытынды табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосына немесе олардың аумақтық бөлімшелеріне жібереді. Тексеру жүргізген лауазымды адам тексеру нәтижелері туралы қорытындыға тиісті жазба жасайды.
Уәкілетті органның немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосы немесе олардың аумақтық бөлімшелері өз құзыреттері шегінде тексерілетін мемлекеттік органның ескертулерін және (немесе) қарсылықтарын он жұмыс күні ішінде қарауға және уәжді жауап беруге тиіс.
12. Тексеру жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы қорытындыда тиісті жазба жасалады.
13. Тексеруді тағайындау туралы бұйрықта (тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша бұйрық болған кезде, сонда) көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірмей тексерілетін мемлекеттік органға тексеру нәтижелері туралы қорытынды табыс етілген күн тексеру мерзімінің аяқталуы деп есептеледі.
14. Тексеру немесе қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар тексерілетін мемлекеттік органдардың орындауы үшін міндетті болып табылады.
Тексеру немесе қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін тексерілетін мемлекеттік орган тексеру немесе қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда белгіленген мерзім ішінде уәкілетті органның немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосына және (немесе) олардың аумақтық бөлімшелеріне анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты ұсынуға міндетті.
Тексерілетін мемлекеттік орган анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбаған немесе толық ұсынбаған жағдайларда, уәкілетті органның немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосы және (немесе) олардың аумақтық бөлімшелері жоспардан тыс тексеруді тағайындайды.
Тексерілетін мемлекеттік орган анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ұсынылған ақпаратқа бұзушылықтардың жойылу фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді. Бұл жағдайда жоспардан тыс тексеру жүргізу талап етілмейді.
15. Уәкілетті орган ведомствосының немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының және (немесе) олардың аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының тексеру жүргізу кезінде:
1) тексерілетін мемлекеттік органның аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) тексеру немесе қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыға қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ тексерудің нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік алуға;
3) мамандарды, консультанттар мен сарапшыларды тартуға;
4) аудио -, фото- және бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
5) осы бапта көрсетілген жағдайларда тексеруді ұзартуға, тоқтата тұруға және қайта бастауға құқығы бар.
16. Уәкілетті органның немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның тексеру жүргізуге келген лауазымды адамдары тексерілетін мемлекеттік органға:
1) тексеруді тағайындау туралы бұйрықты;
2) қызметтік куәлігін (сәйкестендіру картасын) көрсетуге міндетті.
17. Тексерілетін мемлекеттік органдар не олардың уәкілетті өкілдері тексеру жүргізілген кезде:
1) егер құжаттар мен мәліметтер жүргізілетін тексерудің немесе қашықтан бақылаудың нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;
2) тексеру немесе қашықтан бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша қосымша уақыт және (немесе) қаржы шығындары қажет болған жағдайда үш жұмыс күнінен кешіктірмей бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішпен уәкілетті органның ведомствосына немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосына немесе олардың аумақтық бөлімшелеріне жүгінуге;
3) тексеру немесе қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыға, сондай-ақ уәкілетті орган ведомствосының немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының немесе олардың аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) уәкілетті орган ведомствосының немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының немесе олардың аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының тексерілетін мемлекеттік органның қызметін шектейтін, заңға негізделмеген тыйымдарын орындамауға;
5) тексеруді немесе қашықтан бақылауды жүзеге асыру процесін, сондай-ақ лауазымды адамның тексеру немесе қашықтан бақылау шеңберінде жүргізетін жекелеген әрекеттерін лауазымды адамның қызметіне кедергі келтірмей аудио- және бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеп-белгілеуге құқылы.
18. Тексерілетін мемлекеттік органдар не олардың уәкілетті өкілдері тексеру жүргізілген кезде:
1) уәкілетті орган ведомствосының немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының немесе олардың аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының тексерілетін мемлекеттік органның аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) коммерциялық, салықтық не Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, уәкілетті орган ведомствосының немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының лауазымды адамдарына тексеру немесе қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыға қоса тіркеу үшін қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ тексеру немесе қашықтан бақылау нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділікті ұсынуға;
3) тексеруді тағайындау туралы бұйрықты тексеру басталған күні және жүргізілген тексерудің немесе қашықтан бақылаудың нәтижелері туралы қорытындыны олар аяқталған күні алғаны туралы белгі жасауға;
4) егер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексеру немесе қашықтан бақылау жүргізу кезеңінде тексерілетін құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол бермеуге;
5) басшының не оның уәкілетті адамының тексерілетін мемлекеттік органның тұрған жерінде тексерудің тағайындалған мерзімдерінде болуын қамтамасыз етуге міндетті.
19. Егер тексеру жүргізу нәтижесінде тексерілетін мемлекеттік органның жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы талаптарды бұзу фактісі анықталса, әкімшілік құқық бұзушылық құрамының белгілерін көрсететін жеткілікті деректер болған кезде уәкілетті орган ведомствосының немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының немесе олардың аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары өкілеттіктері шегінде бұзушылықтарға жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдайды.
Уәкілетті орган ведомствосының немесе балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының немесе олардың аумақтық бөлімшелерінің тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамының тексеру жүргізу үшін қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген не анық емес ақпарат ұсынылған, бұзушылықтарды жою туралы заңды талаптар орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайларда бұзушылықтарға жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылданады.
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі N 593 Заңы.
Осы Заң жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану, сондай-ақ қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және қазiргi және келешек ұрпақтың мүдделерiн ескере отырып, адамның экологиялық, экономикалық, эстетикалық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру мақсатында жануарлар дүниесiн, оның биологиялық сан алуандығын сақтау, жануарлар дүниесi объектiлерiн орнықты пайдалану шарттарын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы