Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 338-бабына түсініктеме. Жануарлар дүниесін қорғау қағидаларын бұзу
*1. Өндірістік процестерді жүзеге асыру немесе көлік құралдарын пайдалану, өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды немесе басқа да препараттарды қолдану кезінде жануарлар дүниесін қорғау қағидаларын бұзу, соның салдарынан жануарлар дүниесінің жаппай жойылуына немесе қырылуына әкеп соғу, сол сияқты аңшылық алқаптарды, балық шаруашылығы су айдындарын пайдалану немесе қорғау тәртібін бұзу, ірі залал келтіру —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.*
Жануарлар дүниесін қорғау қағидаларын бұзудың қоғамдық қауіптілігі экологиялық қауіпсіздікке нұқсан келтіруде, жануарлар дүниесінің жаппай жойылуында немесе қырылуында көрініс табады.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі жануарлар дүниесін қорғау, оны ұтымды пайдалану және қажетті санын қамтамасыз ету арқылы қамтамасыз етілетін экологиялық қауіпсіздік болып табылады.
Объективтік жағынан қылмыс өндірістік процестерді жүзеге асыру немесе көлік құралдарын пайдалану, өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды немесе басқа да препараттарды қолдану кезінде жануарлар дүниесін қорғау қағидаларын бұзу, соның салдарынан жануарлар дүниесінің жаппай жойылуына немесе қырылуына әкеп соғу, сондай-ақ аңшылық алқаптарды, балық шаруашылығы су айдындарын пайдалану немесе қорғау тәртібін бұзу, ірі залал келтіру арқылы көрініс табады.
Жануарлар дүниесінің жаппай жойылуына немесе қырылуына әкеп соққан жануарлар дүниесін қорғау қағидаларын бұзу мынадай жағдайларда жасалуы мүмкін:
өндірістік процестерді жүзеге асыру кезінде;
көлік құралдарын пайдалану кезінде;
өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды немесе басқа да препараттарды қолдану кезінде;
аңшылық алқаптарды, балық шаруашылығы су айдындарын пайдалану тәртібін бұзу кезінде;
аңшылық алқаптарды, балық шаруашылығы су айдындарын қорғау тәртібін бұзу кезінде.
Жануарлар дүниесінің жаппай жойылуы немесе қырылуы деп белгілі бір аумақта табиғи еркіндік жағдайында жүрген жабайы аңдардың, құстардың, балықтардың және басқа да су жануарларының көп мөлшерінің (үйірлердің, табындардың және т.б.) жойылуы түсініледі.
Жануарларды және олардың мекендеу ортасын қорғау құралдарымен қамтамасыз етілмеген объектілерді пайдалануға енгізуге және технологияларды қолдануға тыйым салынады.
Елді мекендерді, кәсіпорындарды, құрылыстарды және басқа да объектілерді орналастыру, жобалау және салу, өндірістік процестерді жүзеге асыру және көлік құралдарын пайдалану, қолданыстағы технологиялық процестерді жетілдіру және жаңа технологиялық процестерді енгізу, пайдаланылмайтын жағалау, батпақты, бұталы аумақтарды шаруашылық айналымына енгізу, жерлерді мелиорациялау, орман ресурстары мен су объектілерін пайдалану, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, пайдалы қазбаларды өндіру, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю және айдап өту орындарын белгілеу, туристік маршруттарды әзірлеу және халықтың жаппай демалу орындарын ұйымдастыру кезінде жануарлар дүниесі объектілерінің мекендеу ортасы мен көбею жағдайларын, жануарлардың көшу жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөніндегі іс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, сондай-ақ жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретінде ерекше құндылығы бар учаскелердің қол сұғылмаушылығы қамтамасыз етілуге тиіс.
Жануарлар дүниесінің жай-күйіне әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін кез келген қызметті жүзеге асыру кезінде жеке және заңды тұлғалар жануарлардың мекендеу ортасын, көбею жағдайларын және көшу жолдарын қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ өндірістік процестерді жүзеге асыру кезінде, оның ішінде жануарлар үшін қауіпті препараттарды, химиялық заттар мен қосылыстарды сақтау, тасымалдау және қолдану, қалдықтарды жинақтау және жою, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, ағаш дайындау және басқа да жұмыстарды жүргізу, сондай-ақ электр желілері мен көлік құралдарын пайдалану кезінде жануарлардың қырылуын болдырмау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
Жануарлар санын реттеуге, аңшылық және балық шаруашылығын жүргізуге қойылатын экологиялық талаптар Экологиялық кодекстің 254 және 255-баптарында көзделген.
Өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштарды және шаруашылық немесе өзге де қызметте пайдаланылатын басқа препараттарды тасымалдау, сақтау және қолдану, сондай-ақ жаңа препараттарды жасау кезінде жеке және заңды тұлғалар аталған препараттарды тасымалдау, сақтау және қолдану қағидаларын сақтауға және жануарлардың ауруға шалдығуы мен қырылуына жол бермеуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі мүддесінде, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларының ауруларының алдын алу, қоршаған ортаға, шаруашылық және өзге де қызметке зиян келтіруге жол бермеу мақсатында жабайы жануарлардың жекелеген түрлерінің санын реттеуге бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылады. Бұл іс-шаралар жабайы жануарлардың мекендеу ортасын сақтауды қамтамасыз ететін және оларға зиян келтіруге жол бермейтін тәсілдермен жүзеге асырылуға тиіс.
Қылмыстық кодекстің 338-бабының диспозициясынан туындайтындай, қылмыстық жауаптылықтың міндетті шарты ірі залал келтіру болып табылады. Ірі залал ұғымы ҚК-нің 335-бабы 4-бөлігінің 1) тармағында көзделген экологиялық қылмысты талдау кезінде қарастырылған.
ҚК-нің 338-бабында көзделген қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық құрамға жатады, бұл қылмыс ірі залал келтірілген жағдайда ғана аяқталған болып есептеледі.
Қарастырылып отырған қылмыстың субъективтік жағы жанама қасақаналықпен сипатталады (ҚК-нің 324-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысқа берілген түсініктемені қараңыз).
Қылмыстың субъектісі он алты жасқа толған, есі дұрыс кез келген жеке тұлға болуы мүмкін.
ҚК-нің 338-бабында көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар