Еңбек шартын жарамсыз деп тану
Жергілікті соттар талап қоюшының уәжіне құқықтық тұрғыдан баға бермеген және дауды қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтамаған Талап қоюшы Ш. жауапкер «С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Университет/жұмыс беруші) 2020 жылғы 27 ақпандағы № 349-жқ бұйрығын заңсыз, 2020 жылғы 20 ақпандағы шартын жарамсыз деп тану, химиялық фармацевтика пәндер кафедрасының доценті лауазымына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 2 026 920 теңге орташа жалақы және 10 000 000 теңге моральдық зиян өтемақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген. Алматы қаласы Алмалы ауданының № 2 аудандық сотының 2020 жылғы 2 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған: - Университеттің 2020 жылғы 27 ақпандағы № 349-жқ бұйрығымен 2020 жылғы 20 ақпандағы қосымша шарт заңсыз деп танылған; - Ш. Университеттің құрылымдық бөлімшесіне доцент лауазымына қайта орналастырылған; - Ш.-ның пайдасына 2020 жылғы 27 ақпаннан 27 тамызға дейін бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 2 071 515 теңге жалақысы, 50 000 теңге моральдық зиянның өтемақысы өндірілген; - шешімнің Ш.-ны жұмысқа қайта орналастыру және үш айдан аспайтын жалақыны өндіру туралы бөлігі дереу орындауға жолданған; - талаптың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған; - жауапкерден мемлекет пайдасына 20 715 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Еңбек шартын жарамсыз деп тану
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Университет өкілдерінің өтінішхатты қолдаған пікірін, талап қоюшының қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілерінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген. Іс құжаттарынан анықталғандай, Ш. 2016 жылғы 5 қыркүйектегі № 2458 еңбек шартының негізінде Университетке доцент лауазымына жұмысқа қабылданған. 2018 жылғы 1 қыркүйекте жасалған қосымша шартқа сәйкес аталған еңбек шартының 1-тармағы өзгертіліп, ол Университеттің химиялық фармацевтика пәндер кафедрасының доцент лауазымында бір жүктемеде жұмыс атқаруға келіскен. Жұмыс берушінің 2019 жылғы 26 тамыздағы № 285 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасы негізінде белгісіз себептермен үш сағат жұмыс орнында болмағаны үшін Ш.-мен жасалған еңбек шарты бұзылған. Алматы қаласы Алмалы ауданы № 2 аудандық сотының заңды күшіне енген 2020 жылғы 20 ақпандағы шешімімен Университеттің еңбек шартын бұзу туралы 2019 жылғы 26 тамыздағы № 285 бұйрығы заңсыз деп танылып, Ш. доцент лауазымына қайта орналастырылып, оның пайдасына бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 1 423 744 теңге жалақысы өндірілген. Аталған шешімнің және атқару парағының негізінде Университет Ш.-ны химия кафедрасының доценті лауазымына қайта орналастыру туралы № 338 бұйрық шығарған. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 4 мамырдағы № 321-VІ Заңымен күші жойылған Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағына сәйкес еңбек шартында жұмыскермен келісім бойынша жұмыс берушінің осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптарды сақтамай, өтемақы төлемін алумен еңбек шартын бұзу құқығы көзделуі мүмкін, оның мөлшері еңбек шартында айқындалады. 2020 жылғы 20 ақпанда еңбек шартына жасалған қосымша шарттың 3-тармағына сәйкес тараптар сол кезде қолданыста болған Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағына сәйкес жұмыс беруші Ш.-ға бір лауазымдық ақы мөлшерінде өтемақы төлеп, еңбек шартын бұзуға құқылы екені көзделген.
Университеттің 2020 жылғы 27 ақпандағы № 349-жқ бұйрығына сәйкес Ш.-мен еңбек қатынастары Еңбек кодексінің 49-бабының 1) тармақшасы және 50-бабының 3-тармағы негізінде осы баптың 2-тармағында белгіленген талаптары сақталмай, өтемақы төлеумен тоқтатылған. Алматы қаласы Алмалы ауданы № 2 аудандық сотының шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылып, «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Жоғарғы Соттың 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 18, 19-тармақтарына сілтеме жасалған. Ш.-ның 2019 жылғы 13-19 тамыз аралығында жұмыс орнында болғанын көрсеткен. Осыған байланысты еңбек қатынастарын тоқтату туралы даулы бұйрықтың күшін жойып, ол бұрынғы жұмысына қайта орналастырылып, алты айдан аспайтын уақыты үшін жалақысы және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 951-бабы негізінде моральдық зиян өтемі үшін 50 000 теңге өндірілген. Алматы қалалық соты 2020 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысында бірінші сатыдағы сот іс бойынша анықталған мән-жайларға, дәлелдемелерге, іс құжаттарына дұрыс баға бергенін, қабылданған шешім істің мәнжайларына сәйкес келетінін атап көрсеткен. АПК-нің 225-бабына сәйкес шешiм шығарған кезде сот дәлелдемелерді бағалайды, iс үшiн маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын, тараптардың құқықтық қатынастарының қандай екенiн, осы iс бойынша қандай заң қолданылуға тиiс екенiн және мәлімделген талаптың қанағаттандырылуға жататынын-жатпайтынын айқындайды. Сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешеді. Іс бойынша Ш.-мен еңбек қатынастары Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағына сәйкес тоқтатылған.
Алайда жергілікті соттар оның 2019 жылғы 13-19 тамыз аралығында жұмыс орнында болғанын көрсетіп, жұмыс берушінің бір жұмыс күні ішінде қатарынан үш сағат немесе одан да астам уақыт ішінде жұмыста болмағанын көрсетіп, оның еңбек шартын бұзды деген уәжі заңға қайшы келеді деген тұжырым жасаған. Ал істің негізгі талап қою нысаны бойынша еңбек қатынастарын Еңбек кодексінің 50-бабының 3-тармағына сәйкес тоқтатудың заңдылығы соттың қарау нысаны болмаған. «Сот шешiмi туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысына сәйкес шешімнің уәждеу бөлігі сот шешімді қабылдау кезінде негізге алған құқық нормаларын келтіруден басталады. Сот олардың мазмұндарын негізге ала отырып, іс үшін маңызды болып табылатын мән-жайлардың ауқымын анықтайды. Ұсынылған дәлелдемелердің бағалануы сотқа iс үшiн маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғаны және қандай мән-жайлардың анықталмағаны жөнінде түйіндеуге мүмкіндік береді. Алайда бірінші сатыдағы сот қабылданған шешімнің уәждеу бөлігінде қандай негіздерді басшылыққа алып, қабылданғанын көрсетпеген, құқықтық тұрғыдан баға бермеген, талап қою шеңбері бойынша іс үшін маңызды болып табылатын мән-жайлардың ауқымын дұрыс анықтамаған. Бірінші сатыдағы сот талап қоюшы Ш.-ның «Еңбек шартын бұзу туралы» 2020 жылғы 27 ақпандағы № 349 бұйрықты заңсыз деп тану, Университеттің химия фармацевтикалық пәндер кафедрасына доцент лауазымына қайта алдыру туралы және де амалсыз бос жүрген уақытындағы орташа жалақыны өндіру туралы № 2, № 5, № 6 талаптары қанағаттандырылуға жатады деген қорытындыға келген. Сот алқасы жергілікті соттар қабылданған сот актілерінде бұрын қаралған азаматтық іс бойынша шығарылған Алматы қаласы Алмалы ауданы № 2 аудандық сотының 2020 жылғы 20 ақпандағы шешімімен анықталған мән-жайлар көрсетіліп, ал аталған іс бойынша, яғни талап қоюшының сотқа талап қоюға себеп болған уәжіне тиісті құқықтық баға бермеген деп санайды. Сонымен қатар жергілікті соттар дауды қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтамаған, алайда дау нысаны мен қабылданған сот актілері бір-біріне қарама-қайшы келеді. Бірінші сатыдағы сот шешімінің уәждеу бөлігінде Ш.-ның пайдасына өкілдің көмегі үшін 50 000 теңге өндірілуге жататындығы көрсетілген, алайда бұл сома шешімнің қарар бөлігінде көрсетілмеген.
Еңбек шартын жарамсыз деп тану
Бұдан басқа, бірінші сатыдағы сот шешімнің уәждеу бөлігінде Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 541-бабының талабына сілтеме жасап, «талапкерлер мемлекеттік баж салығынан босатылған» - деп көрсеткен, алайда аталған бап салық декларациясын тапсыру мерзімін айқындайтын бап болып табылады. Кассациялық сот алқасы жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайларды дұрыс дәлелдемеген, тараптардың келтірген уәжеріне дұрыс баға бермеген, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деген тұжырымға келді. Сондықтан іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды. Жоғарыда баяндалғанның негізінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшы Ш.-ның жауапкер «С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қатысты талап қою арызымен қозғалған азаматтық істі жаңадан қарау үшін апелляциялық сатыдағы сот алқасына жолдады. «С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өтінішхаты ішінара қанағаттандырылды.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Еңбек шартын жарамсыз деп тану
269 рет жүктеп алынды