Жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан жағдайда бұзу негіздері
Жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша оның жұмыста алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған, оның ішінде жұмыс күні ішінде алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайын туғызатын заттарды пайдаланған жағдайда, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық жағдайын туғызатын заттарды пайдалану фактісін анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан жағдайда бұзу негіздері (Еңбек кодексінің 52-бабы 1-бөлігінің 9), 10) тармақшалары)
Еңбек кодексінің 52-бабы бірінші бөлігінің 9), 10) тармақшаларына сәйкес жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша:
жұмыскер жұмыста алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайында болған, оның ішінде жұмыс күні ішінде алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық (соларға ұқсас) жағдайын туғызатын заттарды пайдаланған;
алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық жағдайын туғызатын заттарды пайдалану фактісін анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан жағдайларда бұзылуы мүмкін.
НҚ-ның 21-тармағына сәйкес жұмыскер жұмыста алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаңдық (сол тектестер) жағдайында болған, сонымен қатар алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық (сол тектестер) жағдайын туғызатын заттарды жұмыс күні ішінде пайдаланған кезде еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша (Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 9) және 10) тармақшалары) бұзылуы мүмкін. Еңбек шартын осы негіздер бойынша бұзу үшін жұмыскердің осындай жағдайға байланысты жұмыстан шеттетілген-шеттетілмегенінің маңызы болмайды. Жұмыскер жұмыс уақытында өзінің жұмыс орнында емес, өзі жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша еңбек функциясын орындауға тиіс болатын ұйымның немесе объектінің аумағында осындай жағдайда болған немесе көрсетілген заттарды пайдаланған кезде де еңбек шартын осы негіздер бойынша бұзу орын алуы мүмкін. Жұмыскердің мас күйі не есірткілік масаюы немесе өзге типтегі уыттануы медициналық қорытындымен расталуға тиіс. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну фактісін және масаң күйде екенін анықтау үшін медициналық куәландыру (бұдан әрі – медициналық куәландыру) – есірткілік, алкогольдік масаңдық және басқа ПБЗ-дан масаң күйде болу жағдайын анықтау мақсатында адамды амбулаториялық зерттеп-қарау.
Жұмыскерді медициналық куәландыруға жіберу туралы шешімді жұмыс берушінің өкілі қабылдайды. Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 40) тармақшасына сәйкес жұмыс берушілердің өкілдері – құрылтай құжаттары және (немесе) сенімхат негізінде жұмыс берушінің немесе жұмыс берушілер тобының мүдделерін білдіруге уәкілеттік берілген жеке және (немесе) заңды тұлғалар.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы бұйрығымен бекітілген Психикалық белсенді затты тұтыну фактісін және мас болу күйін анықтау үшін медициналық куәландыру жүргізу қағидаларының 3-тармағына сәйкес психоактивті затты тұтыну фактісін және мас күйін анықтау үшін медициналық куәландыруға жіберу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 4 маусымдағы № 528 қаулысымен бекітілген Мас күйін куәландыруға жіберу, мас күйін куәландыру және оның нәтижелерін ресімдеу ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Жұмыскер медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан жағдайда, тиісті акт жасалады, ол еңбек шартын Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес бұзуға негіз болып табылады. Еңбек кодексінің 53-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында көзделген негіз бойынша еңбек шартын бұзу жұмыскердің медициналық куәландыруды өтуден бас тартуы туралы актімен расталуға тиіс.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы бұйрығымен бекітілген Психикалық белсенді затты тұтыну фактісін және мас болу күйін анықтау үшін медициналық куәландыру жүргізу қағидаларының 4-тармағына сәйкес медициналық куәландыру мемлекеттік медициналық ұйымдарда жүргізіледі.
Талап қоюшылар Қ. мен Ж. ЖШС-да 2011 және 2012 жылдары жұмыс істеді.
2021 жылғы 13 желтоқсандағы № 279 ж/қ, № 278 ж/қ бұйрықтармен Қ.-мен және Ж.-мен еңбек шартары Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 9) тармақшасы негізінде бұзылды.
Талап қоюшылардың актісімен және ЖШС медициналық қызмет көрсету қызметкерінің қорытындысымен белгіленген спиртті ішімдіктерді тұтыну фактісі еңбек шартын бұзуға негіз болды.
Талап қоюшылар жұмыстан шығарылғандарына келіспей, жұмыстан шығару туралы бұйрықтарды заңсыз деп тану және бос жүруге мәжбүр болған уақытына жалақыны өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Ақтөбе облыстық соты сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен күшінде қалдырылған Ақтөбе қаласы сотының 2022 жылғы 13 мамырдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды.
Талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, соттар Қ. мен Ж. еңбек қызметін вахталық әдіспен жүзеге асыра отырып, жұмыс беруші белгілеген ішкі еңбек тәртібінің ережелерін бұзғанын, алкогольдік ішімдіктер ішу фактісіне жол бергенін көрсеткен. Куәландыруды вахталық қалашық аумағында ЖШС мен Медициналық орталық арасында жасалған шарт бойынша ЖШС үшін медициналық қызмет көрсететін Мердігерлік ұйым жүргізген. Осы шарт бойынша басқа да медициналық көрсетілетін қызметтердің арасында наркологиялық орталықта маманданудан өткен және растайтын сертификаты бар медицина қызметкері жүргізетін наркологиялық бақылау бойынша көрсетілетін қызмет те бар. Куәландыруды Медициналық орталықтың осындай зерттеу жүргізу үшін тиісті мамандануы мен сертификаты бар медицина қызметкері жүргізді. Осыған байланысты жұмыс берушінің бастамасы бойынша олармен еңбек шарттарын бұзу жоғарыда аталған негіз бойынша заңды деп танылды.
Шынында да, талап қоюшылар сілтеме жасайтын № ҚР ДСМ-203/2020 Кағидалардың 4-тармағына сәйкес медициналық куәландыру мемлекеттік медициналық ұйымдарда жүргізіледі.
Сонымен бірге 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрыққа сәйкес (Міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен мерзімділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін және «Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы) жеке тұлғада алкогольдік ішімдіктерді, есірткіні, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну белгілерінің немесе мұндай тұтынудың қалдық құбылыстарының болуын анықтау немесе растау үшін мемлекеттік медициналық ұйымдарда ғана емес, медициналық тексерулер жүргізілуі мүмкін.
Бұдан басқа, соттар Ж.-ны және Қ.-ны медициналық куәландыру кезінде Қазақстанда ресми тіркелген және 2021 жылғы 2 қазанда метрологиялық тексеруден өткен техникалық өлшеу құралы пайдаланылды.
Жұмыс берушінің Ж. мен Қ.-ны мемлекеттік медициналық ұйымға жеткізуге шаралар қабылдамауы жүргізілген алкотест нәтижелерінің болуына және оларды жоққа шығаратын дәлелдемелердің ұсынылмауына байланысты олардың алкогольдік ішімдіктерді тұтыну фактісін жоққа шығаруға болмайды деп танылмайды.
Басқа жағдайда соттар талап қоюды қанағаттандырды
М. ЖШС-ға жұмысқа қайта алу және бос жүруге мәжбүр болған уақытына орташа жалақысын өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
М.-мен еңбек шарты 2021 жылғы 19 қазандағы бұйрықпен Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 10) тармақшасы негізінде бұзылды.
Талап қоюшы 2021 жылғы 1 қыркүйекте вахтада болғанын көрсетіп, бұйрықтың күшін жоюды өтінді. Көрсетілген күні қауіпсіздік қызметінің қызметкері талап қоюшының алкогольді мас күйінде болу фактісін тіркеді. Сағат 23:46-да талап қоюшыға алкогольдік мас болуын немесе болмауын тексеру үшін куәландырудан өту ұсынылды. Куәландыру актісіне сәйкес талап қоюшының қанындағы 0, 45 mg/L мөлшеріндегі алкогольдің құрамы анықталды, талап қоюшы оған келісті. Кейіннен талап қоюшыға алғашқы медициналық куәландыруға жолдама берілді, М. оны өтуден бас тартты, бұл туралы жұмыскердің қайта куәландырудан бас тарту актісі жасалды, оған жұмыскер қол қойды.
Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы № 2 аудандық сотының 2021 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен М.-нің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылды.
Бірінші сатыдағы сот М.-ның талап қоюын қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшының медициналық куәландырудан бас тарту фактісінің дәлелденгенін негізге алды, бұл оны жұмыстан шығару үшін заңды негіз болып табылады.
Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылды, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданды.
Бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоя отырып және іс бойынша жаңа шешім қабылдай отырып, сот алқасы талап қоюшымен жасалған еңбек шарты оған құқықтық негіздерсіз бұзылды деген тұжырымға келді, өйткені талап қоюшыны медициналық куәландыруға жіберуге негіз болған жоқ. Алқа өз тұжырымына мынадай уәждер келтірді:
2021 жылғы 1-3 қыркүйек аралығында М.-де түнгі уақытта жұмыстарды орындамай, сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін № 19 жұмыс кестесі белгіленген.
Еңбек кодексінің 135-бабының ережелеріне сәйкес вахталық әдіс жұмыскерлердің тұрақты тұратын жеріне күнделікті қайтып келуі қамтамасыз етіле алмайтын кезде, олардың тұрақты тұрғылықты жерінен тысқары жерде еңбек процесін жүзеге асырудың ерекше нысаны болып табылады.
Жұмыс беруші еңбек, ұжымдық шарттарға және (немесе) жұмыс беруші бекітетін вахталық жұмыс әдісі туралы ережеге сәйкес вахталық жұмыс әдісін қолдану тәртібін айқындайды, сондай-ақ жұмыскердің жұмыс жүргізілетін объектіде және тұру үшін арнайы жабдықталған орындарда (вахталық кенттерде) болуына қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.
Жұмыскер вахтада болған кезінде жұмыс жүргізілетін объектіде және тұру үшін арнайы жабдықталған орындарда (вахталық кенттерде) жұмыс беруші белгілеген тәртіптемені сақтауға міндетті. Объектіде жұмыстарды орындау уақытын және ауысымаралық тынығу уақытын қамтитын кезең вахта болып есептеледі. Жұмыстың вахталық әдісі кезінде тоқсан ішіндегі немесе өзге де неғұрлым ұзақ, бірақ күнтізбелік бір жылдан аспайтын кезең немесе белгілі бір жұмысты орындау кезеңі ішіндегі жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленеді.
Есептік кезең шегіндегі жұмыс уақыты мен тынығу уақыты вахтадағы жұмыс кестесімен (вахталар кестесімен) бекітіледі. Есептік кезең жұмыс уақытын, тынығу уақытын, жұмыс беруші орналасқан жерден немесе жиналатын жерден жұмыс орнына дейінгі және одан кері қайту жолының уақытын, сондай-ақ уақыттың осы күнтізбелік бөлігіне дәл келетін өзге де кезеңдерді қамтиды. Бұл ретте, есептік кезеңдегі жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы Еңбек кодексінде белгіленген нормалардан аспауға тиіс. Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін әрбір жұмыскердің жұмыс уақыты мен тынығу уақытының есебін жүргізуге міндетті.
Жұмыс беруші орналасқан жерден немесе жиналу пунктінен жерден жұмыс орнына дейін және одан кері қайту жолының уақыты жұмыс уақытына қосылмайды.
Жұмыскер вахтада болған және оның жұмыс берушінің аумағында тұрған кезеңдегі ауысымаралық демалыс кезеңі жұмыс беруші жұмыскерге медициналық куәландырудан бас тартқаны үшін жұмыстан шығару түріндегі тәртіптік жаза қолдануға құқылы болатын жұмыс уақытына жатпайды.
НҚ-ның 21-тармағының түсініктемесінен жұмыскер жұмыста алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаңдық (сол тектестер) жағдайында болған, сонымен қатар алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаңдық (сол тектестер) жағдайын туғызатын заттарды жұмыс күні ішінде пайдаланған кезде еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша (Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 9) және 10) тармақшалары) бұзылуы мүмкін екені туындайды. Еңбек шартын осы негіздер бойынша бұзу үшін жұмыскердің осындай жағдайға байланысты жұмыстан шеттетілген-шеттетілмегенінің маңызы болмайды.
Жұмыскер жұмыс уақытында өзінің жұмыс орнында емес, өзі жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша еңбек функциясын орындауға тиіс болатын ұйымның немесе объектінің аумағында осындай жағдайда болған немесе көрсетілген заттарды пайдаланған кезде де еңбек шартын осы негіздер бойынша бұзу орын алуы мүмкін. Жұмыскердің мас күйі не есірткілік масаюы немесе өзге типтегі уыттануы медициналық қорытындымен расталуға тиіс.
Жұмыскерді медициналық куәландыруға жіберу туралы шешімді жұмыс беруші уәкілеттік берген адам қабылдайды.
Жұмыскер медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан жағдайда, тиісті акт жасалады, ол еңбек шартын Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес бұзуға негіз болып табылады.
Келтірілген құқық нормасы жұмыскердің жұмыс уақытында өзінің жұмыс орнында не жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша жұмыскер еңбек функцияларын мас күйінде не есірткіге мас күйінде орындайтын ұйымның немесе объектінің аумағында болған жағдайларға қатысты. Бұл жағдайды тексеру үшін жұмыс беруші жұмыскерді медициналық куәландыруға жіберу туралы шешім қабылдайды.
Вахтада ауысымаралық демалыста болған кезеңде жұмыскерлердің алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйде (олардың аналогы) болу жағдайларына дау айту бөлігінде сот практикасының материалдарын талдай келіп, соттар вахталық әдіспен еңбек етудің ерекшелігін ескеруге міндетті. Еңбек кодексінің 135-бабының 4-тармағына сәйкес объектіде жұмыстарды орындау уақытын және ауысымаралық тынығу уақытын қамтитын кезең вахта болып есептеледі. Ауысымаралық демалыс демалыс нысандарының бірі болып табылады, өйткені вахта ретінде объектіде жұмыстарды орындау уақыты ғана емес, жұмыс уақытына жатпайтын ауысымаралық демалыс уақыты да есептеледі. Алайда Еңбек кодексінің 135-бабы 2-тармағының ережелерін ескере отырып, жұмыс беруші жұмыс берушінің актісі болып табылатын жұмыс беруші бекітетін вахталық жұмыс әдісі туралы ережеге сәйкес вахталық жұмыс әдісін қолдану тәртібін айқындайды, сондай-ақ жұмыскердің жұмыс жүргізілетін объектіде және тұру үшін арнайы жабдықталған орындарда (вахталық кенттерде) болуына қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.
Вахталық әдiс туралы ережемен танысқаннан кейiн жұмыскер вахтада болғанда жұмыс өндiру объектiсiнде және тұру үшiн арнайы жабдықталған орындарда (вахталық кенттерде) жұмыс берушi белгiлеген тәртiптi сақтауға мiндеттi. Демек, жұмыстың вахталық әдісі туралы ережеде жұмыс беруші вахтада болған кезеңде жұмыскерлердің шалғай жерде жаппай жиналғанын ескере отырып, жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс уақытында ғана емес, жұмыскерлердің ауысымаралық демалыста болған кезеңінде де психобелсенді заттарды пайдалануға тыйым салуға құқылы.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы бұйрығымен бекітілген Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтыну фактісін және масаң күйде екенін анықтау үшін медициналық куәландырудан өткізу қағидаларына сәйкес психикаға белсенді әсер ететін заттар – бір рет қабылдағанда адамның психикалық және тәндік функцияларына, мінез-құлқына әсер ететін, ал ұзақ уақыт тұтынған кезде психикалық және тәндік тәуелділік туғызатын синтетикалық немесе табиғи жолмен алынған заттар (алкоголь, есірткі, психотроптық заттар, олардың аналогтары, басқа да есеңгірететін заттар).
Жұмыскердің ауысымаралық демалыс кезеңінде алкогольдік немесе есірткілік мас болу фактісін анықтау Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 9) және 10) тармақшалары бойынша жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу үшін негіз болып табылмайды. Алайда жұмыс беруші белгілеген талаптар мен шектеулерді бұзғаны, ауысымаралық демалыс кезеңінде алкогольдік немесе есірткілік мас болу фактісіне жол бергені үшін жұмыс берушінің актісін тиісінше орындамағаны үшін ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылады.
Еңбек кодексінің 53-бабының 7-тармағына сәйкес жұмыскерді тәртіптік жауапкершілікке тарту медициналық куәландыруға жіберу кезінде мемлекеттік медициналық ұйымдарда жүргізілуі тиіс медициналық қорытынды болған кезде ғана мүмкін болады. Жұмыскерді медициналық куәландыруға жіберу туралы шешімді жұмыс берушінің өкілі қабылдайды.
Медициналық куәландыруды жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы бұйрығымен бекітілген Психикалық белсенді затты тұтыну фактісін және мас болу күйін анықтау үшін медициналық куәландыру жүргізу қағидаларымен регламенттеледі.
Соттылық
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының (бұдан әрі - НҚ) 5-тармағына сәйкес еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар бойынша талаптар жауапкердің – заңды тұлға органының орналасқан жері бойынша немесе дауда жауапкер ретінде болатын жұмыс беруші жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша жалпы азаматтық сот ісін жүргізу қағидалары бойынша сотқа қойылуға жатады.
АПК-нің 29-бабының екінші бөлігіне сәйкес заңды тұлғаға талап қою құрылтай құжаттарына сәйкес және (немесе) Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген мекенжайға сәйкес заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
АПК-нiң 30-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен филиалдың немесе өкiлдiктiң орналасқан жерi бойынша талап қоюлар берiлген кезде тек заңды тұлғалар ғана жауапкер бола алады.
Қорытылатын санаттағы істер бойынша соттылық мәселелері қиындық туғызбайды.
Мысалы, Өскемен қалалық сотының ұйғарымымен Ж.-ның ЖШС-ға залалды өндіру, үстеме жұмыс үшін ақы төлеу, моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюға қатысты азаматтық іс мәні бойынша қарау үшін соттылығы бойынша Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына берілді.
Соттың ұйғарымы дұрыс, өйткені жауапкер - заңды тұлға Астана қаласы, Д.Қонаев көшесі мекенжайында орналасқан және тіркелген, еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар бойынша талап қоюлар жауапкердің орналасқан жері бойынша азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша сотқа берілуге тиіс.
Бұдан басқа, соттардың назарын Еңбек кодексінің 19-бабының талаптарына аудару қажет деп есептеймін, оған сәйкес шетелдік заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің басшысы осы заңды тұлға атынан жұмыс берушінің барлық құқықтарын жүзеге асырады және барлық міндеттерін атқарады. Демек, қызметкер филиал басшысының заңды тұлғаның мүдделерін білдіру құқығын алдын ала тексеріп, шетелдік заңды тұлға филиалының орналасқан жері бойынша талап қоюмен жүгінуге құқылы.
Жұмыс беруші оңалтылған не банкрот болған жағдайда еңбек дауларының соттылығын айқындау мәселесі
Сонымен АПК-нің 35-бабы сегізінші бөлігінің ережелеріне сәйкес оңалту рәсімін және олардың банкроттығы рәсімін қолдану туралы шешім шығарған судья, соттылығы АПК-нің 31-бабында белгіленген даулар бойынша істерді қоспағанда, оңалту рәсімі және олардың банкроттығы рәсімі шеңберінде туындайтын даулар бойынша, оның ішінде борышкер жасасқан мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы, борышкердің мүлкін қайтару туралы, оңалтуды немесе банкроттықты басқарушының талап қоюлары бойынша дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы істерді қарайды.
Ақтөбе қалалық сотының 2021 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымымен Ж.-ның ЖШС-ға жұмыстан шеттету, шығару туралы, жұмысқа қайта алу, үстеме жұмыс үшін жалақыны өндіріп алу туралы, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыны өндіру, өсімпұлды, моральдық зиянды өндіру туралы бұйрықтардың күшін жою туралы талап қоюы осы соттың соттылығына жатпайтындықтан, КК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасы негізінде қайтарылған.
Сот талап қоюды қайтара отырып, Ақтөбе облысы МАЭС-тің шешімімен Серіктестікке қатысты оңалту рәсімі қолданылғанын, осыған байланысты АПК-нің 35-бабының 8-бөлігіне сәйкес іс экономикалық соттың қарауына жататынын көрсетті.
Заңды күшіне енген Ақтөбе облысы МАЭС-тің 2016 жылғы 14 қазандағы шешімімен Серіктестікке қатысты оңалту рәсімі іс жүзінде қолданылған.
«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 67-бабының 5, 7) тармақшаларының ережелеріне сәйкес сот борышкер жауапкер ретiнде әрекет ететін мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша iсті өзiнiң іс жүргiзуiне қабылдайды, сондай-ақ оңалту рәсіміне қатысушылар арасындағы дауларды шешеді.
Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына сәйкес еңбек дауы – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскер (жұмыскерлер) мен жұмыс беруші (жұмыс берушілер), оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болғандар арасындағы келіспеушіліктер.
Тараптар арасындағы дау еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтыны, еңбек заңнамасының нормаларына және еңбек шарттарының талаптарына негізделгені және оңалту рәсімін жүзеге асырумен байланысты еместігі анықталды.
Сот АПК-нің 35-бабы сегізінші бөлігінің ережелерін дұрыс қолданбағандықтан, сот алқасының 2021 жылғы 12 наурыздағы ұйғарымымен мәселені бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға бере отырып, сот ұйғарымының күші жойылды.
Жұмыс беруші банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған жағдайда еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар (жұмысқа қайта алу, жалақыны өндіріп алу және т.б. туралы) жалпы юрисдикция соттарында қаралуға және шешілуге жатады, АПК-нің 35-бабының сегізінші бөлігі ережелерінің нормалары еңбек дауларына қолданылмайды.
Мемлекеттік баж
СК-нің 610-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес мүлiктiк емес сипаттағы талап қою арыздарынан – 0,5 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж алынады.
СК-нің 951-бабы 1-тармағының талаптары негізінде моральдық зиян – жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы.
АПК-нің 149-бабының талаптарына сәйкес, талап қоюға мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
СК-нің 616-бабының 1) тармақшасына сәйкес соттарда талап қоюшылар еңбекке ақы төлеу сомасын өндіріп алу туралы талап қою және еңбек қызметіне байланысты басқа да талаптар бойынша мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Талап қою қанағаттандырылған жағдайда сот АПК-нің 117-бабына сәйкес мемлекет кірісіне мемлекеттік бажды оны төлеуден босатылмаған жауапкерден өндіріп алуға міндетті.
Соттардың АПК-нің 149-бабы 1-бөлігінің 2) тармақшасын бұза отырып, мемлекеттік баж төленбеген талап қоюларды соттың іс жүргізуіне қабылдаған жекелеген жағдайлары анықталды.
Іс материалдарынан анықталғандай, А. ЖШС-ға жалақыны, бос тұрып қалғаны үшін өтемақыны, моральдық зиян өтемақысын өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен күшінде қалдырылған Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының 2022 жылғы 13 сәуірдегі шешімімен ЖШС-дан А.-ның пайдасына жалақыны өндіру бойынша берешекті, тұрақсыздық айыбын, моральдық зиян өтемақысын, өкілдің көмегіне ақы төлеу шығыстары өндірілді.
ЖШС-ға 2021 жылғы 22 маусымнан бастап 2021 жылғы тамызға дейін А.-ның еңбек қызметінің кезеңіне зейнетақы аударымдары мен басқа да міндетті төлемдерді жүргізу міндеті жүктелді.
Дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтау
Еңбек кодексінің 159-бабының талаптарын қолдану практикасы
АПК-нің 148-бабы талап қоюдың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың тізбесін қамтиды. АПК-нің 148-бабы 1-тармағының алтыншы бөлігіне сәйкес, егер бұл заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, арызда жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.
Еңбек тәртібінің 159-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыс беруші мен микрокәсіпкерлік субъектінің, жұмыскерлерінің саны он бес адамнан аспайтын коммерциялық емес ұйымның жұмыскері, үй жұмыскері, заңды тұлғаның жеке-дара атқарушы органы, заңды тұлға атқарушы органының басшысы, сондай-ақ заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа да мүшелері арасында туындайтын дауларды қоспағанда, жеке еңбек дауларын – келісу комиссиялары, ал реттелмеген мәселелер не келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы бойынша дауларды соттар қарайды.
Яғни жұмыс беруші мен микрокәсіпкерлік субъектінің, жұмыскерлерінің саны он бес адамнан аспайтын коммерциялық емес ұйымның жұмыскері, үй жұмыскері, заңды тұлғаның жеке-дара атқарушы органы, заңды тұлға атқарушы органының басшысы, сондай-ақ заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа да мүшелері арасында туындайтын даулар бойынша келісу комиссиясында дауды алдын ала қарауды сақтау талап етілмейді.
Келісу комиссиясына жүгіну туралы талап еңбегі Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттелетін жұмыскерлердің жекелеген санаттарына, оның ішінде әскери қызметте тұратын жұмыскерлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды.
Нормативтік база
Қорытылатын санаттағы істерді қарау кезінде қолдануға жататын негізгі нормативтік құқықтық актілер:
Қазақстан Республикасының Конституциясы;
1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Жалпы бөлім);
1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім) (бұдан әрі - АК);
2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі - АПК);
2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі (бұдан әрі - Еңбек кодексі);
2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VI ҚРЗ Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) (бұдан әрі - СК);
2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V ҚРЗ Кәсіпкерлік кодексі;
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ Кодексі;
«Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Қазақстан Республикасының Заңы;
«Нотариат туралы» 1997 жылғы 14 шілдедегі № 155-I Қазақстан Республикасының Заңы;
«Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» 1998 жылғы 22 сәуірдегі № 220-1 Қазақстан Республикасының Заңы;
«Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамырдағы № 415 Қазақстан Республикасының Заңы;
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының:
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2017 жылғы 6 қазандағы № 9;
«Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7;
«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5;
«Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 9 нормативтік қаулылары.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы