Тәртіптік жазасы бар жұмыскермен еңбек шартын бұзу
Тәртіптік жазасы бар жұмыскер еңбек міндеттерін дәлелсіз себептермен қайтадан орындамаған немесе тиісінше қайтадан орындамауына байланысты еңбек шартын бұзу (Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасы)
Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына сәйкес жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша тәртіптік жазасы бар жұмыскер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамаған немесе қайталап тиісінше орындамаған жағдайда бұзылуы мүмкін.
Келтірілген құқықтық нормадан жұмыскерді осы тармаққа сәйкес жұмыстан шығару мынадай мән-жайлар сақталған кезде ғана заңды болатыны туындайды: 1) жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасауы, яғни еңбек міндеттерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы орын алған; 2) жұмыскерде тәртіптік жазасы бар және тәртіпті қайталап бұзған кезде ол алынбаған және өтелмеген; 3) тәртіптік жаза қолдану қағидалары мен мерзімдері сақталған.
Басқаша айтқанда, Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасында заң шығарушы алынбаған және өтелмеген тәртіптік жазасы бар қызметкер тәртіпті теріс қылықты қайталап жасағанда оны жұмыстан шығару түріндегі жоғары тәртіптік жауапкершілікті көздеген.
А. сотқа Университетке бұйрықтарды жарамсыз деп тану және күшін жою, жұмысқа қайта алу, бос жүруге мәжбүр болған уақытына жалақыны өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінді. Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты.
Іс бойынша талап қоюшының үш рет тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. 2022 жылғы 30 қарашадағы бұйрықпен сөгіс, 2023 жылғы 5 қаңтардағы бұйрықпен қатаң сөгіс жарияланған, 2023 жылғы 2 ақпандағы бұйрықпен Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасы бойынша еңбек шарты бұзылған.
Соттар 2022 жылғы 30 қарашадағы бұйрықты негізді түрде заңды деп таныды. 2023 жылғы 5 қаңтардағы бұйрықтың күшін жоюдан бас тарта отырып, жергілікті соттар медициналық жабдықтардың уақтылы жөнделмеуінде талап қоюшының кінәсі жоқтығын ескерген жоқ.
2023 жылғы 2 ақпандағы бұйрықтан А.-ға аудиторлық тексеру қорытындысы бойынша анықталған қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кінә тағылатыны туындайды.
Талап қоюшының өз лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамау фактілері расталды.
Сонымен қатар, көрсетілген аудит 2021 жылғы 1 шілдеден бастап 2022 жылғы 31 шілдеге дейінгі кезеңде жүргізілді, яғни талап қоюшыға тағылған барлық бұзушылықтар осы кезеңде жасалған, алайда оларды жасау кезінде А.-ның алынбаған немесе өтелмеген тәртіптік жазасы бар. Бірінші жаза оған 2022 жылдың 30 қарашасында ғана қолданылған.
Демек, мұндай жағдайда қайталану белгісі жоқ, талап қоюшыны Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасы бойынша жұмыстан шығару үшін жұмыс берушіде негіз болған жоқ.
Кассациялық алқаның қаулысымен сот актілері өзгертілді, 2023 жылғы 5 қаңтардағы және 2023 жылғы 2 ақпандағы бұйрықтар заңсыз деп танылды және күші жойылды, талап қоюшының бұрынғы лауазымы қалпына келтірілді.
М. КеАҚ-қа бұйрықтарды заңсыз деп тану және күшін жою, жұмысқа қайта алу, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыны және сыйлықақыны өндіріп алу, моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді
Қостанай қалалық сотының 2021 жылғы 3 қарашадағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылды.
М.-ге ескерту; сөгіс жариялау туралы тәртіптік жаза қолдану туралы, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтар заңсыз деп танылды және күші жойылды. М. жұмысқа қайта алынды; оның пайдасына КеАҚ-тан бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақы, моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылды.
Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілді, талап қоюды қанағаттандыру бөлігінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылып, күші жойылды, қалған бөлігінде шешім өзгеріссіз қалдырылды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 18 мамырдағы қаулысымен апелляциялық сатының 2022 жылғы 8 ақпандағы қаулысының күші жойылды, іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілді.
Жаңадан қарау кезінде апелляциялық сатыдағы сот қайталану белгісінің жоқтығы туралы дұрыс тұжырымға келді, алайда талап қоюшының оны бұрынғы лауазымына қайта алу туралы талаптары мынадай негіздер бойынша қанағаттандырылмады.
НҚ-ның 11-тармағының талаптарына сәйкес соттар жұмыскерді жұмыстан шығарудың заңдылығы туралы дауды шешу кезінде еңбек шартын белгілі бір немесе белгіленбеген мерзімге жасау салдарының аражігін ажыратуы тиіс.
Еңбек кодексінің 30-бабы 1-тармағы 2) тармақшасының үшінші бөлігіне, 49-бабының 2) тармақшасына, 51-бабының 1-тармағына сәйкес еңбек шарты мерзімінің аяқталуы оның қолданылуын тоқтату үшін негіз болып табылады.
Заң нормаларының мағынасы бойынша белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты заңсыз бұзылған жұмыскерді бұрынғы жұмысына қайта орналастыруға осындай шарттың қолданылу мерзімі шегінде ғана жол беріледі.
Егер дауды қарау кезiнде мұндай шарттың қолданылу мерзiмi аяқталса, онда жұмыскерге жұмыстан заңсыз шығарылған күннен бастап белгiлi бiр мерзiмге жасалған еңбек шартының қолданылу мерзiмi аяқталған күнге дейiнгi кезеңге орташа табысы төленедi.
М.-мен еңбек шарты 2021 жылғы 25 қарашаға дейін белгілі бір мерзімге жасалды.
Демек, еңбек шарты мерзімінің аяқталуы оның қолданылуын тоқтатуға негіз болып табылады.
Еңбек кодексінің 161-бабының 1-тармағында жұмыс берушінің сотпен бұрынғы жұмысына қайта алынған жұмыскерге бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысын, бірақ алты айдан аспайтын уақытқа төлеу міндеті көзделген.
Осыған байланысты, сот алқасы М.-нің пайдасына орташа табысын өндіру туралы тұжырымға дұрыс келді.
Соттар жұмыскерлерді еңбек шартының қолданылу мерзімінен тыс жұмысқа қайта алу туралы талаппен байланысты еңбек дауларын қарау және шешу кезінде сот практикасында біркелкі қолдану мақсатында НҚ-ға мынадай мазмұндағы толықтыру енгізу қажет: Белгілі бір мерзім кемінде бір жылға, белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына, уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру уақытына, маусымдық жұмысты орындау уақытына жасалған еңбек шарты заңсыз бұзылған немесе тоқтатылған жұмыскерді бұрынғы жұмысына қайта алуға осындай шарттың қолданылу мерзімі шегінде ғана жол беріледі. Егер еңбек дауын қарау сәтінде мұндай шарттың қолданылу мерзімі аяқталса, онда жұмыскерге жұмыстан заңсыз шығарылған күннен бастап еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталған күнге дейінгі кезең үшін жалақы төленеді.
Соттылық
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының (бұдан әрі - НҚ) 5-тармағына сәйкес еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар бойынша талаптар жауапкердің – заңды тұлға органының орналасқан жері бойынша немесе дауда жауапкер ретінде болатын жұмыс беруші жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша жалпы азаматтық сот ісін жүргізу қағидалары бойынша сотқа қойылуға жатады.
АПК-нің 29-бабының екінші бөлігіне сәйкес заңды тұлғаға талап қою құрылтай құжаттарына сәйкес және (немесе) Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген мекенжайға сәйкес заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
АПК-нiң 30-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен филиалдың немесе өкiлдiктiң орналасқан жерi бойынша талап қоюлар берiлген кезде тек заңды тұлғалар ғана жауапкер бола алады.
Қорытылатын санаттағы істер бойынша соттылық мәселелері қиындық туғызбайды.
Мысалы, Өскемен қалалық сотының ұйғарымымен Ж.-ның ЖШС-ға залалды өндіру, үстеме жұмыс үшін ақы төлеу, моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюға қатысты азаматтық іс мәні бойынша қарау үшін соттылығы бойынша Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына берілді.
Соттың ұйғарымы дұрыс, өйткені жауапкер - заңды тұлға Астана қаласы, Д.Қонаев көшесі мекенжайында орналасқан және тіркелген, еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар бойынша талап қоюлар жауапкердің орналасқан жері бойынша азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша сотқа берілуге тиіс.
Бұдан басқа, соттардың назарын Еңбек кодексінің 19-бабының талаптарына аудару қажет деп есептеймін, оған сәйкес шетелдік заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің басшысы осы заңды тұлға атынан жұмыс берушінің барлық құқықтарын жүзеге асырады және барлық міндеттерін атқарады. Демек, қызметкер филиал басшысының заңды тұлғаның мүдделерін білдіру құқығын алдын ала тексеріп, шетелдік заңды тұлға филиалының орналасқан жері бойынша талап қоюмен жүгінуге құқылы.
Жұмыс беруші оңалтылған не банкрот болған жағдайда еңбек дауларының соттылығын айқындау мәселесі
Сонымен АПК-нің 35-бабы сегізінші бөлігінің ережелеріне сәйкес оңалту рәсімін және олардың банкроттығы рәсімін қолдану туралы шешім шығарған судья, соттылығы АПК-нің 31-бабында белгіленген даулар бойынша істерді қоспағанда, оңалту рәсімі және олардың банкроттығы рәсімі шеңберінде туындайтын даулар бойынша, оның ішінде борышкер жасасқан мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы, борышкердің мүлкін қайтару туралы, оңалтуды немесе банкроттықты басқарушының талап қоюлары бойынша дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы істерді қарайды.
Ақтөбе қалалық сотының 2021 жылғы 15 ақпандағы ұйғарымымен Ж.-ның ЖШС-ға жұмыстан шеттету, шығару туралы, жұмысқа қайта алу, үстеме жұмыс үшін жалақыны өндіріп алу туралы, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақыны өндіру, өсімпұлды, моральдық зиянды өндіру туралы бұйрықтардың күшін жою туралы талап қоюы осы соттың соттылығына жатпайтындықтан, КК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасы негізінде қайтарылған.
Сот талап қоюды қайтара отырып, Ақтөбе облысы МАЭС-тің шешімімен Серіктестікке қатысты оңалту рәсімі қолданылғанын, осыған байланысты АПК-нің 35-бабының 8-бөлігіне сәйкес іс экономикалық соттың қарауына жататынын көрсетті.
Заңды күшіне енген Ақтөбе облысы МАЭС-тің 2016 жылғы 14 қазандағы шешімімен Серіктестікке қатысты оңалту рәсімі іс жүзінде қолданылған.
«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 67-бабының 5, 7) тармақшаларының ережелеріне сәйкес сот борышкер жауапкер ретiнде әрекет ететін мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша iсті өзiнiң іс жүргiзуiне қабылдайды, сондай-ақ оңалту рәсіміне қатысушылар арасындағы дауларды шешеді.
Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына сәйкес еңбек дауы – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскер (жұмыскерлер) мен жұмыс беруші (жұмыс берушілер), оның ішінде бұрын еңбек қатынастарында болғандар арасындағы келіспеушіліктер.
Тараптар арасындағы дау еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтыны, еңбек заңнамасының нормаларына және еңбек шарттарының талаптарына негізделгені және оңалту рәсімін жүзеге асырумен байланысты еместігі анықталды.
Сот АПК-нің 35-бабы сегізінші бөлігінің ережелерін дұрыс қолданбағандықтан, сот алқасының 2021 жылғы 12 наурыздағы ұйғарымымен мәселені бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға бере отырып, сот ұйғарымының күші жойылды.
Жұмыс беруші банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған жағдайда еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар (жұмысқа қайта алу, жалақыны өндіріп алу және т.б. туралы) жалпы юрисдикция соттарында қаралуға және шешілуге жатады, АПК-нің 35-бабының сегізінші бөлігі ережелерінің нормалары еңбек дауларына қолданылмайды.
Мемлекеттік баж
СК-нің 610-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес мүлiктiк емес сипаттағы талап қою арыздарынан – 0,5 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж алынады.
СК-нің 951-бабы 1-тармағының талаптары негізінде моральдық зиян – жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы.
АПК-нің 149-бабының талаптарына сәйкес, талап қоюға мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
СК-нің 616-бабының 1) тармақшасына сәйкес соттарда талап қоюшылар еңбекке ақы төлеу сомасын өндіріп алу туралы талап қою және еңбек қызметіне байланысты басқа да талаптар бойынша мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Талап қою қанағаттандырылған жағдайда сот АПК-нің 117-бабына сәйкес мемлекет кірісіне мемлекеттік бажды оны төлеуден босатылмаған жауапкерден өндіріп алуға міндетті.
Соттардың АПК-нің 149-бабы 1-бөлігінің 2) тармақшасын бұза отырып, мемлекеттік баж төленбеген талап қоюларды соттың іс жүргізуіне қабылдаған жекелеген жағдайлары анықталды.
Іс материалдарынан анықталғандай, А. ЖШС-ға жалақыны, бос тұрып қалғаны үшін өтемақыны, моральдық зиян өтемақысын өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен күшінде қалдырылған Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының 2022 жылғы 13 сәуірдегі шешімімен ЖШС-дан А.-ның пайдасына жалақыны өндіру бойынша берешекті, тұрақсыздық айыбын, моральдық зиян өтемақысын, өкілдің көмегіне ақы төлеу шығыстары өндірілді.
ЖШС-ға 2021 жылғы 22 маусымнан бастап 2021 жылғы тамызға дейін А.-ның еңбек қызметінің кезеңіне зейнетақы аударымдары мен басқа да міндетті төлемдерді жүргізу міндеті жүктелді.
Дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтау
Еңбек кодексінің 159-бабының талаптарын қолдану практикасы
АПК-нің 148-бабы талап қоюдың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың тізбесін қамтиды. АПК-нің 148-бабы 1-тармағының алтыншы бөлігіне сәйкес, егер бұл заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, арызда жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.
Еңбек тәртібінің 159-бабының 1-тармағына сәйкес жұмыс беруші мен микрокәсіпкерлік субъектінің, жұмыскерлерінің саны он бес адамнан аспайтын коммерциялық емес ұйымның жұмыскері, үй жұмыскері, заңды тұлғаның жеке-дара атқарушы органы, заңды тұлға атқарушы органының басшысы, сондай-ақ заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа да мүшелері арасында туындайтын дауларды қоспағанда, жеке еңбек дауларын – келісу комиссиялары, ал реттелмеген мәселелер не келісу комиссиясы шешімінің орындалмауы бойынша дауларды соттар қарайды.
Яғни жұмыс беруші мен микрокәсіпкерлік субъектінің, жұмыскерлерінің саны он бес адамнан аспайтын коммерциялық емес ұйымның жұмыскері, үй жұмыскері, заңды тұлғаның жеке-дара атқарушы органы, заңды тұлға атқарушы органының басшысы, сондай-ақ заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа да мүшелері арасында туындайтын даулар бойынша келісу комиссиясында дауды алдын ала қарауды сақтау талап етілмейді.
Келісу комиссиясына жүгіну туралы талап еңбегі Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттелетін жұмыскерлердің жекелеген санаттарына, оның ішінде әскери қызметте тұратын жұмыскерлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге қолданылмайды.
Нормативтік база
Қорытылатын санаттағы істерді қарау кезінде қолдануға жататын негізгі нормативтік құқықтық актілер:
Қазақстан Республикасының Конституциясы;
1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Жалпы бөлім);
1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім) (бұдан әрі - АК);
2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі - АПК);
2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі (бұдан әрі - Еңбек кодексі);
2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VI ҚРЗ Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) (бұдан әрі - СК);
2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V ҚРЗ Кәсіпкерлік кодексі;
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ Кодексі;
«Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Қазақстан Республикасының Заңы;
«Нотариат туралы» 1997 жылғы 14 шілдедегі № 155-I Қазақстан Республикасының Заңы;
«Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» 1998 жылғы 22 сәуірдегі № 220-1 Қазақстан Республикасының Заңы;
«Акционерлік қоғамдар туралы» 2003 жылғы 13 мамырдағы № 415 Қазақстан Республикасының Заңы;
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының:
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2017 жылғы 6 қазандағы № 9;
«Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7;
«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5;
«Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 9 нормативтік қаулылары.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы