Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 160-бабына түсініктеме. Басқыншылық соғысты жоспарлау, оған дайындалу, оны тұтандыру немесе жүргізу
1. Басқыншылық соғысты жоспарлау немесе оған дайындалу — он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Басқыншылық соғысты тұтандыру немесе жүргізу — он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
Бірқатар халықаралық құқықтық актілерде (Нюрнберг және Токио әскери трибуналдарының жарғылары, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1946 жылғы 11 желтоқсандағы қарары, 1970 жылғы 24 қазандағы БҰҰ-ның мемлекеттер арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастыққа қатысты халықаралық құқық қағидаттары туралы декларациясы және т.б.) басқыншылық соғысты жоспарлау, оған дайындалу, оны тұтандыру немесе жүргізу аса ауыр халықаралық қылмыс ретінде заңдық тұрғыдан сараланған.
Басқыншылыққа тыйым салған және оны заңнан тыс деп жариялаған алғашқы көпжақты акт 1928 жылғы Париж пакті болды. Ол мемлекеттердің соғыстан ұлттық саясат құралы ретінде бас тартуы жөніндегі халықаралық-құқықтық міндеттемесін көздеді.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 1970 жылғы 24 қазандағы 2625 (XXV) қарарымен қабылданған Мемлекеттер арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастыққа қатысты халықаралық құқық қағидаттары туралы декларацияда мынадай ереже қамтылған: «Мемлекеттер өздерінің халықаралық қатынастарында кез келген мемлекеттің аумақтық тұтастығына немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттарына сәйкес келмейтін кез келген өзге де түрде күш қолдану қатерінен немесе оны қолданудан бас тартады».
БҰҰ Бас Ассамблеясының 1984 жылғы 12 қарашадағы 39/11 қарарымен бекітілген Халықтардың бейбітшілікке құқығы туралы декларацияда: «Біздің планетамыздың халықтарының бейбітшілікке деген қасиетті құқығы бар», «халықтардың бейбітшілікке деген құқығын сақтау және оны жүзеге асыруға жәрдемдесу әрбір мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады» деп жарияланған.
1923 жылдың өзінде-ақ басқыншылық соғысты Ұлттар Лигасы халықаралық қылмыс деп жариялаған болатын.
1992 жылғы 20 наурызда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттері арасындағы өзара қарым-қатынастарда күш қолданбау немесе күш қолдану қатерін төндірмеу туралы декларация қабылдады.
Қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі оның мемлекеттер мен халықтардың бейбіт қатар өмір сүруіне нұқсан келтіруінде, орасан зор адам шығынына, орасан экономикалық залалға, мәдени және тарихи құндылықтардың жойылуына әкеп соғуында, мемлекеттер мен халықтардың тағдырына теріс ықпал етуінде.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі — мемлекеттер мен халықтар арасындағы бейбітшілік және бейбіт қатар өмір сүру.
Қосымша объектілер ретінде өмір, денсаулық, меншік және т.б. (әскери іс-қимылдар салдарынан зардап шегуі мүмкін барлық нәрсе) болуы мүмкін.
Халықаралық құқықта бейбітшілік мемлекеттер арасындағы өшпенділіктің, ашық саяси даулардың, соғыстың және әскери (қарулы) қақтығыстардың болмауымен сипатталатын жағдай (ахуал) ретінде түсіндіріледі.
Бейбіт қатар өмір сүру деп мемлекеттер арасындағы соғыстан, даулы мәселелерді шешу құралы ретінде күш қолданудан немесе күш қолдану қатерін төндіруден бас тартуды, оларды БҰҰ Жарғысының негізінде бейбіт құралдармен шешуді; ішкі істерге араласпауды және бір-бірінің заңды мүдделерін ескеруді; халықтың еркін әлеуметтік-саяси таңдау жасау құқығын; мемлекеттердің егемендігін қатаң құрметтеуді; толық тең құқықтылық пен өзара тиімділік негізінде ынтымақтастықты; халықаралық құқық нормалары мен халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерді адал орындауды көздейтін қатынастар түрі түсініледі.
ҚР Конституциясының 8-бабында былай делінген: «Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, бірінші болып қарулы күшті қолданудан бас тартады».
Осы қылмыстың объективтік жағы баламалы әрекеттермен сипатталады және төрт ықтимал нысанда көрініс табады (жалғасатын және созылмалы әрекеттер):
басқыншылық соғысты жоспарлау (1-бөлік);
басқыншылық соғысқа дайындалу (1-бөлік);
басқыншылық соғысты тұтандыру (2-бөлік);
басқыншылық соғысты жүргізу (2-бөлік).
Көрсетілген әрекеттердің кез келгенін жасау қылмыстың аяқталғанын анықтау үшін жеткілікті.
Соғыс — мемлекеттер, халықтар және әлеуметтік топтар арасындағы қатынастардың өзгеруімен, саяси, экономикалық және басқа да мақсаттарға қол жеткізу үшін қарулы күш қолдану құралдарын пайдалануға көшумен байланысты қоғамдық-саяси құбылыс (Қазақстан Республикасының Президентінің 2017 жылғы 27 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы).
Соғыс — саяси құрылымдар (мемлекеттер, тайпалар, саяси топтар және т.б.) арасындағы олардың қарулы күштері арасындағы ұрыс қимылдары нысанында өтетін қақтығыс. Карл фон Клаузевицтің (1780–1831 жж.) тұжырымдауынша, «соғыс — саясаттың басқа құралдармен жалғасы» (нем. Vom Kriege — әскери өнер туралы трактат). Осы мағынада соғыс — саяси мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған ұйымдасқан қарулы зорлық-зомбылық.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 1974 жылғы 14 желтоқсандағы 3314 (XXIX) қарарына сәйкес, агрессия (лат. aggressio — шабуыл) дегеніміз — мемлекеттің басқа мемлекеттің егемендігіне, аумақтық қол сұғылмаушылығына немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы не Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына қайшы келетін кез келген басқа түрде қарулы күш қолдануы. Құжатта «мемлекет» терминін түсіндіруге қатысты ескерту бар, оған сәйкес бұл терминді қолдану мемлекетті тану мәселесін немесе мемлекеттің Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып табылатын-табылмайтынын алдын ала шешпейді.
Қарардың 8 бабы агрессияны анықтаудың өзіне арналған. Бұл анықтама мыналарды қамтиды: а) агрессияның жалпы анықтамасы (1-бап); б) агрессия актілері ретінде сараланатын әрекеттер тізбесі (3, 4-баптар); в) агрессия актісінің prima facie — бастапқы дәлелі болып табылатын объективтік өлшем (2-бап); г) ұғымды толық анықтау үшін қажетті нақтылаулар (5, 6, 7, 8-баптар). Аталған элементтердің жиынтығы ғана агрессия ұғымын тұтас категория ретінде құрайды.
Анықтамадан көрініп тұрғандай, агрессия қарулы интервенцияның (араласудың) синонимі ретінде қарастырылады. Араласудың басқа түрлері (экономикалық, идеологиялық және т.б.) агрессия ұғымына жатпайды. Экономикалық, идеологиялық, ақпараттық агрессияның нақты тұжырымдамасын қамтитын халықаралық құжат жоқ.
БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғарыда аталған қарарында агрессия актілерінің үлгілік тізбесі көзделген. Агрессия актілері тікелей және жанама болып бөлінеді. Тікелей агрессия — мемлекеттің қарулы күштерінің басқа мемлекеттің аумағына басып кіруі немесе шабуыл жасауы; осындай басып кірудің немесе шабуылдың нәтижесінде орын алған кез келген әскери оккупация, тіпті уақытша болса да; басқа мемлекеттің аумағын кез келген аннексиялау (күшпен қосып алу). Тікелей агрессияға сондай-ақ шет мемлекетті бомбалау немесе оған қарсы қару қолдану; бір мемлекеттің порттарын немесе жағалауларын басқа мемлекеттің қарулы күштерімен қоршау; мемлекеттің қарулы күштерінің басқа мемлекеттің құрлықтағы, теңіздегі немесе әуе күштеріне (флоттарына) шабуыл жасауы; басқа мемлекеттің аумағында әскери болудың халықаралық келісіммен белгіленген шарттарын бұзу да жатады.
Жанама агрессия — мемлекеттің басқа мемлекетке қарсы қарулы күш қолдану актілерін жүзеге асыратын қарулы бандалар мен топтарды, тұрақты күштерді немесе жалдамалыларды жіберуі, бұл ретте олардың әрекеттері жоғарыда аталған актілерге тең дәрежеде ауыр сипатта болуы немесе мемлекеттің осындай әрекеттерге елеулі түрде қатысуы.
Мемлекеттің өзі басқа мемлекеттің иелігіне берген аумағын соңғысының үшінші мемлекетке қарсы агрессия актісін жасау үшін пайдалануына жол беруі агрессияға қатысу актісі болып есептеледі.
Агрессорды анықтау кезінде БҰҰ Жарғысын бұза отырып, агрессия актісін жасаудағы бірінші болу (немесе бастамашылық) белгісі негізге алынады. Бұл мән-жайды ескермей, құқыққа қайшы әрекеттер мен заңды өзін-өзі қорғау шараларының аражігін ажырату қиын. Осыған байланысты халықаралық-құқықтық ғылымда ұсынылғандай, қарулы күш қолданудың құқыққа қайшылығының негізгі өлшемі ретінде «бірінші болу қағидатын немесе оқиғалардың хронологиялық реттілігін есепке алу қағидатын» қарастыру қажет.
Басқыншылық соғыстың бар-жоғын анықтау үшін оның ресми түрде жарияланғаны немесе жарияланбағаны маңызды емес.
Халықаралық құқықта агрессия ұғымы екі өлшемде өмір сүретінін ескеру қажет: жалпы халықаралық құқық тұрғысынан, мұнда осы әрекеттің субъектілері ретінде тек мемлекеттер ғана танылуы мүмкін, және халықаралық қылмыстық құқық тұрғысынан, мұнда қылмыс жеке тұлғаның қылмыстық жауаптылығына әкеп соғады.
Қолданыстағы халықаралық заңнамаға сәйкес, соғыс немесе әскери іс-қимылдар тек БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан ғана басқыншылық сипаттағы деп саралануы мүмкін екенін ескеру қажет, бұл ретте жоғарыда аталған агрессия анықтамасы тек мемлекеттердің халықаралық қылмыстық-құқықтық жауаптылығына қатысты қолданылуы мүмкін (1945 жылғы 26 маусымда қол қойылған БҰҰ Жарғысының 39-бабы). Алайда мемлекет агрессия актісін тек жекелеген адамдардың әрекеттері арқылы жасай алады. Демек, мемлекеттің агрессияға тыйым салатын норманы бұзуы агрессияны жоспарлауға, дайындауға және жүзеге асыруға кінәлі тиісті адамдардың қылмыстық жауаптылығының туындауына негіз болады.
Мемлекетішілік қарулы қақтығыстар халықаралық сипатқа ие болмайды. Осындай қақтығыстар барысында жасалған қылмыстар — кісі өлтіру (ҚК-нің 99-бабы), кепілге алынған адамдарды басып алу (ҚК-нің 261-бабы), диверсиялар (ҚК-нің 184-бабы), террористік актілер (ҚК-нің 255-бабы) және т.б. — жалпы қылмыстық мемлекетішілік қылмыстар ретінде сараланады.
Айта кету керек, мемлекет тарапынан күш қолданудың заңды болып табылатын екі жағдайы бар. Басқыншылық соғысқа қарама-қарсы соғыс — басқыншылық сипатта емес, әділетті, азаттық соғысы. БҰҰ Жарғысының 51-бабында қарулы шабуыл жасалған жағдайда жеке немесе ұжымдық өзін-өзі қорғаудың ажырамас құқығы жарияланған. Тағы бір ерекшелік — халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау немесе қалпына келтіру мақсатында белгілі бір мемлекетке қарсы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі санкциялаған қарулы күш қолдану (БҰҰ Жарғысының 42-бабы).
Басқыншылық соғысты жоспарлау дегеніміз — соғыс идеясын әзірлеу және негіздеу, оның саяси тұжырымдамасын, жұмылдыру және әскери іс-қимылдарды бастау тәртібін және т.б. қамтитын қызмет жүйесін стратегиялық және (немесе) тактикалық тұрғыдан әзірлеу. Агрессияны жоспарлау әскери жоспарлар жасаумен ғана шектелмейді, ол басқыншылық соғысты тұтандыру үшін экономикалық, дипломатиялық және саяси жағдайлар жасауды да қамтиды. Объективтік жағынан алғанда, «жоспарлау» ұғымы «соғысқа дайындалу» ұғымымен қамтылмайды. Бұл өз уақытында Германия мен Жапонияның қару-жарақ пен әскери техниканы өндіруге және сатып алуға, бекініс құрылыстарын салуға және т.б. қатысқан лауазымды тұлғаларын жауаптылыққа тартуға мүмкіндік берді.
Басқыншылық соғысқа дайындалу деп соғыс жүргізу құралдарын алдын ала әзірлеуге, қарулы күштерді белгілі бір бағыттарға шоғырландыруға, барлау іс-шараларын жүргізуге, басқа мемлекеттердің халықтары арасында өшпенділік тудыруға бағытталған үгіт-насихат жүргізуге және қарулы күштердің басқа елдің аумағына басып кіруіне ықтимал кедергілерді жоюға, басқыншылық соғысты сәтті жүзеге асыру үшін жағдайлар жасауға бағытталған өзге де әрекеттер танылады. Басқыншылық соғысқа дайындалудың мысалы ретінде рекогносцировканы, яғни алдағы басып кіру ауданындағы қарсыласты және жергілікті жерді армиялар мен әскери бөлімдердің қолбасшылары мен командирлері жүзеге асыратын барлауды атауға болады.
Қылмыстың объективтік жағының құрылымы бойынша ҚК-нің 160-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс құрамының конструкциясы келте болып табылады, яғни қылмысқа дайындалу сәтінен: басқыншылық соғысты жоспарлау немесе оған дайындалу кезінен бастап аяқталған деп танылады.
ҚК-нің 160-бабының 2-бөлігінде заң шығарушы осы әрекеттің сараланған құрамын көздейді, ол басқыншылық соғыстың аса қауіпті кезеңдерімен — оны тұтандырумен немесе жүргізумен сипатталады.
Басқыншылық соғысты тұтандыру деп басқа мемлекетпен қақтығысты арандатудан, басқа мемлекеттің аумағына қарулы басып кіру немесе шабуыл жасау үшін сылтау жасаудан және оны пайдаланудан көрініс табатын агрессияның, әскери іс-қимылдардың нақты басталуын түсіну қажет. «Тұтандыру» ұғымына соғыс басталғанға дейінгі де, оның барысында да жүзеге асырылатын қызмет кіреді, яғни басшылардың арандатушылық мәлімдемелері, әскерлерді шекара маңына шоғырландыру, қарсы тарапты қарулы қақтығысқа арандату, қарулы күштердің опасыздықпен шабуыл жасауы, басқыншылық мақсаттағы дипломатиялық демарштар, «барлаумен ұрыс жүргізу», яғни шет мемлекеттің шекарашыларына жекелеген қарулы шабуылдар жасау, оның кемелерін басып алу және т.б., агрессиялық мінез-құлықтың жекелеген актілері жатады.
Басқыншылық соғысты жүргізу — оны тұтандырғаннан кейін басқыншылық соғыс жоспарларын іске асыру мақсатында әскери іс-қимылдарды басқару — басқа мемлекетке қарсы оның аумағын басып алу немесе өзге де геосаяси мақсаттарға қол жеткізу мақсатында шабуыл жасау, басып кіру, басып алу түріндегі толық ауқымды агрессияны білдіреді, мұның нәтижесінде халықаралық қауіпсіздіктің негіздеріне нұқсан келтіріледі. Қарастырылып отырған қылмыс созылмалы болып табылады, оған қылмыс құрамының үздіксіз жүзеге асырылуы тән. Қылмыс қылмыстық әрекет жасалған сәттен басталып, кінәлінің қылмысты тоқтатуға бағытталған әрекеттері (агрессия актісін немесе жауынгерлік операцияларды жүргізуді тоқтату) немесе қылмыстың жасалуына кедергі келтіретін оқиғалардың басталуы (мысалы, агрессордың толық талқандалуы) салдарынан аяқталады.
Қылмыс құрамы — формальды. Қылмыс қылмыстық-құқықтық норманың диспозициясында көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Осы қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі басқыншылық соғысты жоспарлау, оған дайындалу, оны тұтандыру немесе жүргізу жөніндегі әрекеттерді жасап отырғанын сезінеді, оның ауыр зардаптарын жалпылама түрде болжайды және олардың туындауын қалайды.
Іс-әрекеттің мақсаттары мен себептері әртүрлі болуы мүмкін: саяси, идеологиялық, діни, мансапқорлық және т.б.
Қылмыстың субъектісі — жалпы, яғни 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға. Алайда объективтік және субъективтік жақтарын түсіндіруден туындайтындай, іс жүзінде субъект — өзінің саяси немесе қызметтік мәртебесіне байланысты мемлекеттің сыртқы саясатына, әскери жоспарлау және басқару шешімдерін қабылдауға тікелей ықпал ете алатын, әдетте мемлекеттік қызмет органдарында, ҚР Қарулы Күштерінде немесе соғыс және бейбітшілік мәселелерін шешу құзыретіне кіретін атқарушы органдарда жоғары мемлекеттік лауазымдарды атқаратын тұлға. Атап айтқанда, бұлар мемлекет және үкімет басшылары, парламенттік фракциялардың көшбасшылары, саяси партиялардың жетекшілері, дипломатиялық миссиялардың басшылары, әскери қолбасшылар және т.б. болуы мүмкін.
Соғыс тұтқындары, әскери қызметшілер және соғыстың басқа да қатысушылары әскери операцияларға тікелей қатысқаны үшін ҚК-нің 160-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды, өйткені олар осы қылмыстың субъектілері болып табылмайды. Олар ҚК-нің 38-бабының негізінде де жауаптылыққа тартылмайды, оған сәйкес қылмыстық заңмен қорғалатын мүдделерге міндетті бұйрықты немесе өкімді орындау кезінде зиян келтірген адамның әрекеті қылмыс болып танылмайды. Алайда егер соғыс тұтқыны, сондай-ақ әскери қызметші бейбіт тұрғындарды өлтіруге және азаптауға қатысса, соғыс жүргізудің заңдары мен әдет-ғұрыптарын өзге де бұзушылықтарға жол берсе, олар қылмыстық жауаптылыққа тартылады, бірақ тек ҚК-нің 163–165-баптары бойынша ғана.
ҚК-нің 160-бабының 1, 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер аса ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилұлы Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заңы Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар