Тұрақты ақшалай сомада алимент өндіру туралы сот практикасы
2026 жылғы 12 ақпан №5266-25-00-2/8826 Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты құрамында: төрағалық етуші судья А.М.Рустемова сот отырысының хатшысы А.Қожабаеваның қатысуымен, ашық сот отырысында,қойылған талап бойынша азаматтық істі қарады:
ТАЛАП ҚОЮШЫ: ТАА
ЖАУАПКЕР: МЕШ
ТАЛАП ҚОЮШЫ ЖАҒЫНАН ДАУДЫҢ НЫСАНАСЫНА ДЕРБЕС ТАЛАПТАРЫН МӘЛІМДЕМЕЙТІН ҮШІНШІ ТҰЛҒА: Шымкент қаласы жеке сот орындаушысы Біләлов Бауыржан Мелдеханұлы
ТАЛАП ҚОЮШЫНЫҢ ТАЛАБЫ: тұрақты ақшалай сомада алимент өндіру туралы
Талап қоюшы А.А.Т мен жауапкер Е.Ш.М
кәмелетке толмаған 2009 жылы 21 тамызда туылған Ш Ж Е ,
2011 жылы 15 қарашада туылған ШҚЕ және
2016 жылы 25 қарашада туылған ШМЕ ата-анасы болып келеді.
Заңды күшіне еңген 2020 жылғы 20 қарашадағы Шымкент қаласының Абай аудандық сотының шешімі негізінде тараптар арасында тіркелген некесі бұзылған. Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2019 жылғы 26 қыркүйектегі №5210-19-00-2/6048 сот бұйрығы негізінде жауапкер Б.С.Қыдырдан талап қоюшы А.Әсеттың пайдасына кәмелетке толмаған
2009 жылы 21 тамызда туылған ШЖЕ,
2011 жылы 15 қарашада туылған Ш ҚЕ және
2016 жылы 25 қарашада туылған Ш МЕ
асырап-бағу үшін ай-сайынғы табысының және /немесе/ өзге де кірісінің 1/2 (екіден бір) бөлігі мөлшерінде 2019 жылғы 24 қыркүйектен бастап алимент өндірілген. Талап қоюшы А.А.Т сотқа талап қоюмен жүгініп келесідей уәждеді: жауапкер Е.Ш.Мтен ортақ балаларын күтіп-бағуына 2019 жылдан бастап алимент ресми еңбекақысынан ұсталып келетіні, осы жылдар бойы оның табысы құжаттарда ең төменгі жалақы мөлшеріне толық сәйкес болған алдымен 44 000, кейін 60 000, 70 000, 85 000 теңге.
Еңбек нарығы өзгеріп отырған жағдайда және Е.Ш.Мтың іс жүзінде атқаратын лауазымның жауапкершілік деңгейін ескере отырып, табыстың мұндай «тұрақтылығы» тек жұмыс берушінің ресми төлемдерді қасақана төмендетуімен және нақты табысты жасыруымен ғана түсіндірілуі мүмкін екені, нәтижесінде А.А.Тның балалары өте мардымсыз алимент алып келгені, әр балаға ай сайын бар болғаны 14 000 теңгеден, бұл ең төменгі күнкөріс деңгейін де жаппайтыны, баланың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмайтыны, бұл баланы лайықты қамтамасыз етуге жеткіліксіз екені, Е.Ш.Мтың нақты жалақысы шамамен 1 000 000 теңге, бұл ресми мәліметтермен сәйкес келмейтіні, нақты табыстарын қасақана жасырып жатқаны туралы көрсетіп, Е.Ш.Мтен өзінің, яғни А.А.Тның пайдасына ай сайын 100 АЕК мөлшерінде тұрақты ақшалай сома түрінде алимент өндіруді сұрады.
Жауапкер Е.Ш.М талап қоюға қарсы пікір келітіріп, онда 2019 жылдың 26 қыркүйектегі сот бұйрығы негізінде А.А.Тның пайдасына үш баланы асырап бағуына заң талаптарына сәйкес үздіксіз алимент төлеп жатқаны, алимент төлеуден жалтармағаны, талап етіп отырған 100 АЕК мөлшерде алиментті төлеуге материалдық жағдайы жетпейтіні, қазіргі таңдағы жалақысы 108 000 теңге құрайтыны, сондай-ақ жұмыс беруші әр 4-5 айда айлық жалақысының мөлшерін көтеріп отыруға уәде бергені, өзге де табыстары бар деген уәжі шындыққа жанаспайтыны, өйткені өзі жеке кәсіпкер емес екені, жұмыс орны ауысқан уақытта сот орындаушыға мәлімдейтіні, талап қоюшының өзі де хабардар болатыны, тұрақты мөлшерде алимент өндіруге негіз болмауына байланысты талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұрайтынын көрсеткен.
Сот отырысында талап қоюшы А.А.Т талап қоюдың талаптарын қолдап, онда көрсетілген дәлелдемелерге сілтеме жасап, жауапкердің төлеп жатқан алимент мөлшері ешнәрсеге жетпейтіні, тұрмыстық жағдайына, сондай-ақ балалардың бала бақшасына, мектебіне ай-сайын ақша төлеп тұруына алименттің ақшасы жетпейтіні, өзі жұмыс істейтіні, айлық жалақысы 687 000 теңге құрайтыны, алайда үш кәмелетке толмаған баласын асырап-бағуына, толыққанды өмір сұрулерін қамтамасыз етуіне жалғыз өзіне қиын екені туралы көрсетіп, талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұрады.
Сот отырысында талап қоюшының сенімді өкілі Г.Т.Саржанов талап қоюдың талаптарын қолдап, онда көрсетілген дәлелдемелерге сілтеме жасап, талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұрады.
Жауапкер Е.Ш.М сот отырысында талап қоюды мойындамай, талап қоюшымен 2020 жылы ажырасып кеткені, алайда ортақ балаларына алиментті 2019 жылдан бастап төлеп жатқаны, алимент бойынша қарызы 230 000 теңге екені, қазіргі таңда айлық жалакысы 108 000 теңге құрайтыны, сондай-ақ жұмыс беруші әр 4-5 айда айлық жалақысының мөлшерін көтеріп отыруға уәде бергені, өзге де табыстары жоқ екені, балаларына алимент төлеуден бас тартпайтыны, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.
Жеке сот орындаушысы Б.М.Б жауапкердің алимент бойынша қарызы 231 000 теңге құрайды, ай-сайын алимент ұстау жалақыдан жүргізілетіні, басқа кірістер анықталмағаны туралы айтып көрсетті.
Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексiнің (әрі қарай Кодекс) 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларды күтіп- бағуға сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға - ата- анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің - төрттен бір бөлігін, екі балаға - үштен бір бөлігін, үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.
Бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайларын және назар аударарлық өзге де мән-жайларды ескере отырып, кемітуі немесе көбейтуі мүмкін. Сотта анықталғандай, жауапкер Е.Ш.Мтен талап қоюшы А.А.Тның пайдасына 2009 жылы 21 тамызда туылған Ш ЖЕ, 2011 жылы 15 қарашада туылған Ш ҚЕ және 2016 жылы 25 қарашада туылған Ш МЕ асырап-бағу үшін оның табысының немесе өзге де кірісінің тен жартысы бөлігі мөлшерінде 2019 жылғы 24 қыркүйектен бастап бастап алимент өндіру туралы сот бұйрығы бар.
Кодекстің 141-бабының 1-бөлігіне сәйкес ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеу туралы келісімі болмаған кезде және ата-ананың табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлестік қатынаста алимент өндіріп алу мүмкін болмаған, қиындық тудырған немесе тараптардың бірінің мүдделерін елеулі түрде бұзатын жағдайларда, сот тұрақты ақша сомасында немесе бір мезгілде үлеспен және тұрақты ақша сомасында ай сайын өндіріп алынатын алимент мөлшерін айқындауға құқылы.
Мұндай жағдайларға тұрақты емес, өзгермелі табысы және (немесе) өзге де кірісі бар не, егер ата-ана табысын және (немесе) өзге де кірісін толығымен немесе ішінара заттай алатын ата-аналардан алимент өндіріп алу жатады. 2019 жылғы 29 қарашадағы №6 «Соттардың алименттерді өндіріп алу жөніндегі істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 28-тармағына сәйкес АПК-нің 240-бабының жетінші бөлігіне сәйкес, жауапкерден мерзімдік төлемдерді өндiріп алынатын шешiм заңды күшiне енгеннен кейiн төлемдердiң мөлшерiн анықтауға немесе олардың ұзақтығына ықпал ететiн мән-жайлар өзгерсе, тараптардың әрқайсысы жаңа талап қою арқылы мерзімді төлемдердiң мөлшерi мен мерзiмдерiн өзгертудi талап етуге құқылы.
Алименттер төлеушінің табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлестік қатынаста сот шешімі (сот бұйрығы) бойынша кәмелетке толмаған балаға алименттер өндіріп алу алименттер алушыға заңда көзделген негіздер болған кезде (Кодекстің 141-бабы) алименттерді тұрақты ақша сомасында және (немесе) бір мезгілде үлеспен және тұрақты ақша сомасында өндіріп алуды талап етуге кедергі келтірмейді. 2019 жылғы 29 қарашадағы №6 «Соттардың алименттерді өндіріп алу жөніндегі істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 11-тармағына сәйкес егер алименттер төлеуге міндетті ата-ананың тұрақты емес, өзгермелі табысы және (немесе) өзге де кірісі болса не осы ата-ана табысын және (немесе) өзге де кірісін толығымен немесе ішінара заттай немесе шетел валютасында алса немесе оның табысы және (немесе) өзге де кірісі болмаса, сондай-ақ алименттерді ата-ананың табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлестік қатынаста өндіріп алу мүмкін болмаған, қиындық туғызатын немесе тараптардың бірінің мүдделерін едәуір бұзатын басқа жағдайларда, сот ай сайын өндіріліп алынатын алименттердің мөлшерін тұрақты ақша сомасында немесе бір мезгілде үлеспен және тұрақты ақша сомасында айқындауға құқылы.
Сот отырысында жауапкер Е.Ш.М «KazProjectbuild» жауапкершілігі шектеулі серіктістігінде жобалаушы электрші болып қызмет атқарғаны және айлық еңбекақысы 108 000 теңге екені сенімді түрде анықталды, айлық туралы анықтамасымен расталды. Жауапкердің жалақы мөлшері анықталған, заттай түрде немесе шетел валютасында табысы жоқ.
Алиментті үлістік қатынаста есептеу қиындық тудырмайды, сондықтан сот, алиментті тұрақты ақша сомасында түрінде өндіруге объективті және заңды негіздер жоқ деп есептейді. 2003 жылғы 11 шілдедегі №6 «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 11-тармағына сәйкес, шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес.
Талап қоюшының себеп деп көрсеткен, алып жатқан алименттің мөлшері аз болғандығынан, тұрақты ақша сомасында ай сайын өндіріп алынатын алимент мөлшерін айқындауға негіз бола алмайды. Қолданыстағы неке-отбасы заңнамасының нормаларына сәйкес кәмелетке толмаған баланы асырауға алиментті тұрақты ақша сомасында түрінде тағайындау, тек Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 141-бабында тікелей көзделген жағдайларда ғана мүмкін. Көрсетілген мән-жайлардың болмауына байланысты сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде қорытындыға келеді.
АПК-нің 48-бабы 2-тармағына және 225- бабы 2-тармағына сай, сот өз бастамасы бойынша талап қою нысанасын немесе негізін өзгертуге құқылы емес. Сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешеді. ҚАРАР БӨЛІГІ: Жоғарыдағылардың негізінде, АПК-нің 223-226, 229-баптарын басшылыққа алып,
Сот ШЕШІМ ЕТТІ: Талап қоюшы ТААның жауапкер МЕШке, үшінші тұлға Шымкент қаласы жеке сот орындаушысы Біләлов Бауыржан Мелдеханұлына тұрақты ақшалай сомада алимент өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылсын.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Иск о взыскании алиментов в твердой денежной сумме РусКаз
3 рет жүктеп алынды -
Сот шешімі
2 рет жүктеп алынды