474-бап. Қосылған құн салығынан босатылған, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдар Қазақстан Республикасының Салық кодексі
Өткізу орны Қазақстан Республикасы болып табылатын мынадай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдар қосылған құн салығынан босатылады:
1) осы Кодекстің 475 – 478-баптарында көрсетілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;
2) мемлекеттік ислам арнаулы қаржы компаниясының мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару талаптарына сәйкес жасалған шарттар бойынша сатып алынған ғимараттарды, құрылысжайларды және осындай мүлік орналасқан жер учаскелерін мүліктік жалдау (жалға беру) шарттары бойынша уақытша иеленуге және пайдалануға беруі бойынша көрсетілетін қызметтер;
3) лотерея операторы лотереяға қатысушыға беретін ұтыстар түріндегі мүлік;
4) ЕАЭО-ның кедендік аумағына кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырыла отырып әкелінген тауарларды қайта өңдеу және (немесе) жөндеу бойынша көрсетілетін қызметтер;
5) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, көппәтерлі тұрғын үй мүлкінің меншік иелері бірлестігінің, пәтерлердің (тұрғын емес үй-жайлардың) меншік иелері кооперативінің кондоминиум объектісін басқару жөніндегі қызметі шеңберінде көрсетілетін қызметтер;
6) ұлттық валюта банкноттары мен монеталары;
7) егер өткізу жүзеге асырылған салықтық кезеңде, сондай-ақ алдыңғы төрт салықтық кезең ішінде бір мезгілде мынадай шарттар сақталса:
мүгедектігі бар адамдардың орташа саны жұмыскерлердің жалпы санының кемінде 51 пайызын құраса;
мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеу бойынша шығыстар еңбекке ақы төлеу бойынша жалпы шығыстардың кемінде 51 пайызын құраса, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер.
Бұл ретте, егер мүгедектігі бар адамдар болып табылатын жұмыскерлердің саны кемінде 10 адамды құраса және тауарларды өндіру, қызметтерді көрсету, жұмыстарды орындау осындай жұмыскерлердің қатысуымен жүзеге асырылса, осы тармақшаның ережелері қолданылады.
Осы тармақшаның ережелері акцизделетін тауарларды өткізу бойынша айналымдарға қолданылмайды.
Ұзақ мерзімді келісімшарттар шеңберіндегі өткізу бойынша айналымдарға қатысты осы тармақшаның ережелері осы тармақта белгіленген шарттар сақталған кезде, осындай келісімшарттың бүкіл қолданылу мерзімі ішінде қолданылады;
8) егер мәміле шарттарында салық төлеушінің өткізілген тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің сапасына кепілдік беруі көзделсе, тауарларды пайдаланудың мәміледе белгіленген кепілдік мерзімі кезеңінде, қосалқы бөліктері мен бөлшектерінің құнын қоса алғанда, тауарларды өтеусіз жөндеу және (немесе) оларға техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;
9) егер осы Кодекстің 472-бабында өзгеше белгіленбесе, қор биржасында жасалған мәміле негізінде не егер осындай мәміле тараптарының бірі екінші деңгейдегі банк, "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлттық Банк шығарған құймадағы аффинирленген алтынды өзінің айырбастау пункттері арқылы сатып алуды және (немесе) сатуды жүзеге асыруға құқығы бар уәкілетті ұйым, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы-заңды тұлға немесе Ұлттық Банк болып табылса, құймалар мен тілімшелер түріндегі инвестициялық алтын;
10) туроператордың келу және ішкі туризм бойынша көрсетілетін қызметтері;
11) ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен ақшалай нысанда кредит (қарыз, микрокредит) бойынша сыйақылар;
12) бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар;
13) түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтары;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни бірлестіктердің діни ғұрыптар мен рәсімдер өткізуі бойынша көрсетілетін қызметтер;
15) Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің діни мақсаттағы заттары.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген тауарлардың тізбесін және оны қалыптастыру өлшемшарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді;
16) жерлеу бюроларының жерлеу жоралғысы қызметтері, зираттар мен крематорийлердің көрсетілетін қызметтері;
17) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес коммерциялық емес ұйымдар жүзеге асыратын арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер;
18) Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырма шеңберінде жүзеге асырылатын мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларды, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу бойынша көрсетілетін қызметтер;
19) музейлердің мәдени, білім беру, ғылыми-зерттеу функцияларын жүзеге асыруы және Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының кеңінен танылуын қамтамасыз етуі бойынша көрсетілетін қызметтер;
20) кітапханалардың ақпараттық, мәдени, білім беру функцияларын жүзеге асыруы бойынша көрсетілетін қызметтер;
21) театрлар, филармониялар, мәдени-демалыс ұйымдары жүзеге асыратын мәдениет және білім беру саласындағы көрсетілетін қызметтер мен жұмыстар;
22) қызметтің осы кіші түрін жүзеге асыру құқығына арналған лицензия негізінде жүргізілетін, тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялау жұмыстары;
23) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы білім беру қызметтері;
24) білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензиясы бар білім беру ұйымы көрсететін қосымша білім беру бойынша көрсетілетін қызметтер;
25) білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензиялар бойынша жүзеге асырылатын білім берудің көрсетілетін қызметтері;
26) дербес білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мынадай білім беру деңгейлері бойынша білім беру қызметін жүзеге асыру бойынша көрсетілетін қызметтері:
мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қамтитын бастауыш мектеп;
негізгі мектеп;
орта мектеп;
орта білімнен кейінгі білім беру;
жоғары білім беру;
жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру;
27) осы тармақтың 26) тармақшасына сәйкес білім беру қызметін жүзеге асыратын дербес білім беру ұйымдары көрсететін қосымша білім берудің көрсетілетін қызметтері;
28) дәрілік заттар және медициналық көрсетілетін қызметтер, оның ішінде медициналық қызметке арналған лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектісінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде;
орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу үшін кешенді түрде көрсететін қызметтері.
Осы тармақшада көрсетілген дәрілік заттар мен медициналық көрсетілетін қызметтердің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді;
29) бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
өткізілетін көлік құралының және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасының, сондай-ақ олардың құрауыштарының құрамына бұрын әкелінген, осы Кодекстің 479-бабы 1-тармағының 9) тармақшасына немесе 525-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығынан босатылатын шикізат және (немесе) материалдар, сондай-ақ олардың құрауыштары кірсе;
өткізілетін көлік құралының және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасының, сондай-ақ олардың құрауыштарының құрамында шикізатты және (немесе) материалдарды, сондай-ақ олардың құрауыштарын әкелуді көрсетілген көлік құралдарын және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасын, сондай-ақ олардың құрауыштарын өткізетін заңды тұлға жүзеге асырса;
көлік құралдары және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасы, сондай-ақ олардың құрауыштары инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша бекіткен, өткізілуі қосылған құн салығынан босатылатын көлік құралдарының және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасының, сондай-ақ олардың құрауыштарының тізбесіне енгізілсе, көлік құралдары және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасы, сондай-ақ олардың құрауыштары;
30) шектері ЕАЭО кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара тұспа-тұс келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағында өткізілетін тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер;
31) Қазақстан Республикасының ғылым және технологиялық саясат туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыруға арналған шарттар, сондай-ақ басым бағыттар бойынша мемлекеттік тапсырыс шарттары негізінде жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстар;
32) мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыруға арналған шарттар негізінде дене шынықтыру-спорт ұйымдары көрсететін қызметтер;
33) осы Кодекстің 17-бабының шарттарына сәйкес келетін "Астана-Хаб" қатысушылары өндіретін және өткізетін тауарлар; 33-тармақша 2029 жыл 1 қаңтарға дейін қолданылады
34) осы Кодекстің 17-бабының шарттарына сәйкес келетін "Астана-Хаб" қатысушылары өткізетін жұмыстар, көрсететін қызметтер; 34-тармақша 2029 жыл 1 қаңтарға дейін қолданылады
35) бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтарының аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдармен тауарларды беруге арналған шарт (келісімшарт) болса;
арнайы экономикалық аймаққа қатысушыға тауарлардың тиеп-жөнелтілгенін растайтын құжаттар болса;
арнайы экономикалық аймаққа қатысушы-сатып алушының тауарларды алғанын растайтын құжаттар болса, арнайы экономикалық аймақтардың аумағында басым қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде өндірілген және өткізілетін тауарлар;
36) өткізілетін көлік құралдары және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасы өндірушіден осы баптың бірінші бөлігінің 29) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығынсыз сатып алынған жағдайда, көлік құралдарын және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасын өндірушінің уәкілетті өкілі болып табылатын заңды тұлғаның көлік құралдарын және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасын өткізуі.
Осы тармақшаны қолдану мақсатында көлік құралдарын және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасын өндірушімен жасалған мәміле шеңберінде уәкілетті өкіл болып тағайындалған және өндірушісінен сатып алынған көлік құралдарын және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасын өткізу кезінде қосылған құн салығынан босатуды қолданатын уәкілетті өкілдердің тізбесіне енгізілген заңды тұлға көлік құралдарын және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасын өндірушінің уәкілетті өкілі болып танылады.
Өндірушісінен сатып алынған көлік құралдарын және (немесе) ауыл шаруашылығы техникасын өткізу кезінде қосылған құн салығынан босатуды қолданатын уәкілетті өкілдердің тізбесін өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган бекітеді;
37) тағайындалған оператордың Дүниежүзілік пошта одағының актілеріне сәйкес бірыңғай құжаттармен ресімделген, Дүниежүзілік пошта одағына мүше басқа елдердің тағайындалған операторларының халықаралық пошта жөнелтілімдерін Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу бойынша көрсетілетін қызметтері;
38) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қор нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымның қайырымдылық көмегі шеңберінде өтеусіз негіздегі тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;
39) бағалы металдарды өндіру субъектілері Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын зергерлік және басқа да бұйымдарды өндіру субъектілеріне өткізетін аффинирленген алтын және (немесе) күміс;
40) мынадай шарттар сақталған кезде:
тұрмыстық аспаптарды және (немесе) тұрмыстық электроника аспаптарын, сондай-ақ олардың құрауыштарын өндіруші үшін – өткізілетін тұрмыстық аспаптың және (немесе) тұрмыстық электроника аспабының, сондай-ақ олардың құрауыштарының құрамына бұрын әкелінген, осы Кодекстің 479-бабының 2-тармағына немесе 525-бабының 5-тармағына сәйкес қосылған құн салығынан босатылатын шикізат және (немесе) материалдар кірсе;
тұрмыстық аспаптарды және (немесе) тұрмыстық электроника аспаптарын, сондай-ақ олардың құрауыштарын өндірушінің уәкілетті өкілі үшін – тұрмыстық аспаптар және (немесе) тұрмыстық электроника аспаптары, сондай-ақ олардың құрауыштары өндірушіден осы тармақшаға сәйкес қосылған құн салығынсыз сатып алынса;
тұрмыстық аспаптарды және (немесе) тұрмыстық электроника аспаптарын, сондай-ақ олардың құрауыштарын өткізетін өзге де тұлғалар үшін – көрсетілген тұрмыстық аспаптар және (немесе) тұрмыстық электроника аспаптары, сондай-ақ олардың құрауыштары өндірушіден немесе уәкілетті өкілден осы тармақшаға сәйкес қосылған құн салығынсыз сатып алынса, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген тұрмыстық аспаптар және (немесе) тұрмыстық электроника аспаптары, сондай-ақ олардың құрауыштары.
Осы тармақшаны қолдану мақсатында уәкілетті өкілдердің және тұрмыстық аспаптарды және (немесе) тұрмыстық электроника аспаптарын өткізетін өзге де тұлғалардың тізбесіне енгізілген заңды тұлға тұрмыстық аспаптарды және (немесе) тұрмыстық электроника аспаптарын, сондай-ақ олардың құрауыштарын өндірушінің уәкілетті өкілі және тұрмыстық аспаптарды және (немесе) тұрмыстық электроника аспаптарын, сондай-ақ олардың құрауыштарын өткізетін өзге де тұлға деп танылады.
Осы тармақшаға сәйкес қосылған құн салығынан босатуды қолданатын уәкілетті өкілдердің және тұрмыстық аспаптарды және (немесе) тұрмыстық электроника аспаптарын өткізетін өзге де тұлғалардың тізбесін өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган бекітеді;
40 тармақша 2028 жыл 1 қаңтарға дейін қолданылады.
41) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ерекше маңызды концессиялық жобалар бойынша қолжетімділік үшін төлемақыны қолдана отырып, мемлекеттік меншіктегі концессия объектісін концессионердің пайдалануы;
42) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ерекше маңызды концессиялық жобалар бойынша қолжетімділік үшін төлемақыны қолдана отырып, концессионердің концессия объектісін басқаруы;
43) өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторларының қалдықтарды жинауды, тасуды, қайта пайдалануға дайындауды, қайта өңдеуді, залалсыздандыруды және (немесе) кәдеге жаратуды ұйымдастырғаны үшін төлемақы алуы;
44) Қазақстан Республикасында экологиялық таза автомобиль көлік құралдарының (ЕАЭО техникалық регламентінде белгіленген экологиялық сыныпқа сәйкес келетін; электр қозғалтқыштары бар) және олардың құрауыштарының өндірісін ынталандыру шеңберінде кәсіпорындардың қаржыландыруды алуы;
45) осы Кодекстің 175-бабына сәйкес акцизделетін тауарларды таңбалауға арналған есепке алу-бақылау маркалары;
46) отандық басылым кітаптары, баспа түрінде кітаптар шығару бойынша көрсетілетін қызметтер;
47) археологиялық жұмыстар;
48) Қазақстан Республикасының Үкіметі жалғыз акционері болып табылатын, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабында айқындалған қызмет бойынша өткізетін тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер. 48-тармақша 2029 жыл 1 қаңтарға дейін қолданылады
Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 18 шiлдедегi № 214-VIII ҚРЗ Кодексі
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
______________________________
2026 жыл 1 қаңтардан бастап "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) күші жойылды деп танылсын, 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ Салық кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты.
474-бап. Салықтан шегеру Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) кодексі
1. Салық төлеушiнiң осы Кодекстiң 472-бабына сәйкес есептелген акциз сомасын осы бапта белгiленген шегерулерге азайтуға құқығы бар.
2. Осы бапқа сәйкес басқа акцизделетін тауарларды өндіру үшін негізгі шикізат ретінде пайдаланылған акцизделетін тауарлар бойынша Қазақстан Республикасында төленген акциз сомалары шегеруге жатады.
3. Мыналар:
1) акцизделетiн тауарларды сатып алған немесе Қазақстан Республикасының аумағына импорттау кезінде Қазақстан Республикасының аумағында;
2) өзі өндірген акцизделетін шикізат үшін;
3) акцизделетін алыс-беріс шикізатынан дайындалған акцизделетін тауарларды беру кезінде төленген акциз сомалары шегеруге жатады.
Спирттің барлық түріне, шикі мұнайға, газ конденсатына акциз сомалары шегеруге жатпайды.
4. Шегеру салық кезеңiнде акцизделетiн тауарлар дайындауға іс жүзінде пайдаланылған акцизделетiн шикiзат көлемi негізге алынып есептелген акциз сомасына жүргізіледі.
5. Акцизделетін шикізатты Қазақстан Республикасының аумағында сатып алу кезінде төленген акциз сомасын шегеру мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады:
1) акцизделетін шикізатты сатып алу-сату шарты;
2) акцизделетін шикізатқа төлем жасалғанын растайтын төлем құжаттары немесе бақылау-касса машинасының чектері қоса берілген кіріс-кассалық ордерге түбіртек;
3) акцизделетін шикізат беруге тауар-көлік жүкқұжаттары;
4) акциз сомасы бөлек жолмен бөліп көрсетілген шот-фактура;
5) купаж парақтары (алкоголь өнімін өндірген кезде);
6) акцизделетін шикізатты өндіріске есептен шығару туралы акт.
6. Өзі өндірген акцизделетін шикізат үшін төленген акциз сомаларын шегеру мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады:
1) акциздің бюджетке төленгенін растайтын төлем құжаттары немесе өзге де құжаттар;
2) купаж парақтары (алкоголь өнімін өндірген кезде);
3) акцизделетін шикізатты өндіріске есептен шығару туралы акт.
7. Акцизделетін шикізатты Қазақстан Республикасының аумағына импорттаған кезде Қазақстан Республикасында төленген акциз сомасын шегеру мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады:
1) акцизделетін шикізатты сатып алу-сату шарты;
2) кедендік декларациялау кезінде акциздің бюджетке төленгенін растайтын төлем құжаттары немесе өзге де құжаттар;
3) акцизделетін шикізат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған кезде импортталатын акцизделетін шикізатқа тауарларға арналған декларация немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына импортталған кезде тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш;
4) купаж парақтары (алкоголь өнімін өндірген кезде);
5) акцизделетін шикізатты өндіріске есептен шығару туралы акт.
8. Қазақстан Республикасының аумағында акцизделетін алыс-беріс шикізатынан дайындалған акцизделетін тауарларды беру кезінде төленген акциз сомасы да мынадай құжаттар болған кезде шегеруге жатады:
1) акцизделетін алыс-беріс шикізатының меншік иесі мен қайта өңдеуші арасындағы алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу туралы шарт;
2) акцизделетін алыс-беріс шикізаты меншік иесінің акцизді бюджетке төлегенін растайтын төлем құжаттары немесе өзге де құжаттар;
3) акцизделетін шикізатты беруге арналған жүкқұжат немесе қабылдап алу-беру актісі.
9. Акцизделетін тауарларды өндірушілер акцизделетін шикізатты Қазақстан Республикасының аумағында сатып алған немесе импорттаған кезде төлеген акциз сомалары осы шикізаттан дайындалған акцизделетін тауарлар үшін есептелген акциз сомасынан асып кеткен жағдайда, мұндай асып кету сомасы шегеруге жатпайды.
Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Кедендік реттеу туралы Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Әкімшілік рәсімдік-процестік Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология Әлеуметтік кодекс Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарий) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы