480-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы Қазақстан Республикасының Салық кодексі
1. Қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын, салық төлеушілер базасында тіркелген, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы, егер алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер өткізу бойынша салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылса немесе пайдаланылатын болса, осы баптың 6 және 7-тармақтарына сәйкес құжатта көрсетілген алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін төленуге жататын қосылған құн салығының сомасы болып танылады.
2. Шығыстары халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын төлеушінің шығыстары деп танылған және осы Кодекстің 260-бабына сәйкес іссапарлар кезінде өтемақы ретінде шегерімге жатқызылуға тиіс көрсетілетін қызметтерді жеке тұлға алған жағдайда, осы баптың 6-тармағының 1) және 2) тармақшаларының талаптары сақталған кезде қосылған құн салығын осындай төлеушінің осы аталған көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызуға құқығы бар.
3. Осы Кодекстің 483, 484 және 485-баптарында көзделген алып тастау, ұлғайту немесе азайту жағдайлары басталған кезде осы Кодекстің 481-бабына сәйкес есепке жатқызылатын қосылған құн салығы есепке алынатын сол салықтық кезеңде есепке жатқызылатын қосылған құн салығының мөлшері осындай алып тастау, ұлғайту немесе азайту ескеріле отырып айқындалады.
4. Қосылған құн салығы бойынша есепке жатқызу осы Кодекстің 449-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген талап орындалғаннан кейін қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясы ұсынылған салықтық кезеңде салық төлеушінің қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылуына байланысты қосылған құн салығының асып кету сомасына азайтылуға жатады.
5. Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, пошта жөнелтілімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын теміржол тасымалдаушысына теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау кезінде магистральдық теміржол желісінің қызметтерін өтеусіз негізде, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау кезінде магистральдық теміржол желісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифке 0 мөлшеріндегі уақытша төмендету коэффициентін қолдана отырып көрсету үшін Ұлттық инфрақұрылым операторы пайдаланған немесе пайдаланатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасы осы баптың 1-тармағында белгіленген шарттар сақталған кезде есепке жатқызылуға тиіс.
6. Осы баптың 7-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған жағдайда осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшін есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы мынадай құжаттардың бірі негізінде оларда қосылған құн салығы бөліп көрсетіліп және өнім беруші-салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі көрсетіле отырып, айқындалады:
1) шот-фактураны жазып беру күніне қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын өнім беруші жазып берген шот-фактура немесе жол жүру билеті (қағаз жеткізгіште, электрондық билет, электрондық жол жүру құжаты);
2) әуе көлігімен жол жүру фактісін растайтын, осындай құжаттарды жазып беру күніне қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын өнім беруші жазып берген құжат;
3) жалпыға бірдей қолжетімді телекоммуникациялық желілердегі интернет-ресурста орналастырылғандарды қоса алғанда, есепті салықтық кезеңде алынған мерзімді баспасөз басылымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өзге де өнімінің құнына тура келетін бөлікте осы Кодекстің 493-бабының 6-тармағына сәйкес жалпыға бірдей қолжетімді телекоммуникациялық желілердегі интернет-ресурста орналастырылғандарды қоса алғанда, сатып алынған мерзімді баспасөз басылымдары және бұқаралық ақпарат құралдарының өзге де өнімі бойынша жазып берілген шот-фактура;
4) мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды шығару кезінде мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органның ведомствосы жазып берген шот-фактура. Қосылған құн салығының сомасы мынадай формула бойынша, бірақ осы тауарларды мемлекеттік материалдық резервке беру кезінде төленген салық сомасынан асырылмай айқындалады:
ҚҚС = ҚШТ х МҚҚС / (100 % + МҚҚС), мұнда:
ҚҚС – қосылған құн салығының сомасы;
ҚШТ – қосылған құн салығы салынатын шығарылатын тауарлардың құны;
МҚҚС – тауарлар шығарылған күні қолданыста болатын қосылған құн салығының мөлшерлемесі.
Электрондық нысанда жазып берілген шот-фактура негізінде есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті алу кезеңі көрсетіле отырып, электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде көрсетілуге жатады.
7. Осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшін осы тармақта көрсетілген жағдайларда есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасы:
1) тауарлар импортталған жағдайда – ЕАЭО-ның кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес ресімделген тауарларға арналған декларация негізінде, бірақ Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген және кедендік рәсімнің шарттарына сәйкес қайтарылуға жатпайтын салық сомасынан асырылмай немесе тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш (өтініштер) негізінде, бірақ Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген және қайтарылуға жатпайтын салық сомасынан асырылмай;
2) бейрезидент берген және осындай жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушының айналымы болып табылатын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған жағдайда:
қосылған құн салығының мұндай сомасы төлем құжатында немесе уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық органы берген және қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжатта көрсетілген жағдайда, электрондық нысанда жазылған шот-фактура негізінде;
тұрған жерінде Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері шекарасында ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желілері жоқ қосылған құн салығын төлеушілер үшін – қосылған құн салығы бойынша декларация негізінде, бірақ төлем құжатында немесе уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық органы берген және қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжатта көрсетілген салық сомасынан асырылмай айқындалады. Аумағында ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желілері жоқ Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктері туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Қосылған құн салығының сомасы электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде жұмысты, көрсетілетін қызметті алу кезеңі және осындай шот-фактура бойынша есепке жатқызылуға тиіс қосылған құн салығының сомасы көрсетілген жағдайда электрондық нысанда жазып берілген шот-фактура негізінде есепке жатқызылады;
3) осы Кодекстің 447-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тұлға қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған жағдайда – 6-тармаққа немесе осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес осындай сома расталған жағдайда, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күнге дейін салық төлеуші сатып алған, жасаған, салған және қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күніне меншік құқығында болатын тауарлар бойынша, осы Кодекстің 205-бабының 4-тармағына сәйкес жасалған салықтық тіркелім негізінде айқындалады.
Осы тармақшаның ережелері қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан құрылған заңды тұлға алған тауарларға қатысты қолданылмайды.
8. Салық төлеуші электрондық нысанда алынған шот-фактура бойынша есепке жатқызылатын қосылған құн салығының сомасын таныған жағдайда, электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесінде қосылған құн салығының осындай сомасы есепке жатқызылатын сома ретінде есепке алынған қосылған құн салығы бойынша декларация ұсынылғанға дейін осындай тану туралы белгі жасайды.
9. Осы баптың 6 және 7-тармақтарында көрсетілген қосылған құн салығының сомаларын есепке жатқызу үшін бірнеше негіз болған кезде қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызу неғұрлым ерте болатын негіз бойынша бір рет жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 18 шiлдедегi № 214-VIII ҚРЗ Кодексі
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
______________________________
2026 жыл 1 қаңтардан бастап "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) күші жойылды деп танылсын, 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ Салық кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты.
480-бап. Импортталатын акцизделетiн тауарларға акциз төлеу мерзiмдерi Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) кодексі
1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан импортталатын акцизделетін тауарларға акциздер осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында кедендік төлемдерді төлеу үшін айқындалған күні уәкiлеттi орган айқындаған тәртіппен төленеді.
2. Осы Кодекстің 172-бабына сәйкес таңбалануға жататын импортталатын акцизделетiн тауарларға акциз сәйкестендіру құралдарын, есепке алу-бақылау маркаларын алғанға дейiн төленедi.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген акцизделетін тауарлар импортын жүзеге асырған кезде акциз сомасы нақтылануға жатады және акцизделетін тауарларды импорттау күні қолданыста болатын акциз мөлшерлемесі қолданылады.
3. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған акцизделетін тауарлар бойынша (таңбаланатын акцизделетін тауарларды қоспағанда) акциздер импортталған акцизделетін тауарлар есепке қабылданған айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде төленеді.
Таңбаланатын акцизделетін тауарлар бойынша акциздер төлеу осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.
4. Қазақстан Республикасының аумағына импорты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес акцизді төлемей жүзеге асырылған акцизделетін тауарлар оларға байланысты төлеуден босату немесе төлеудің өзге тәртібі берілген мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдаланылған жағдайда, осы акцизделетін тауарлар осы Кодекстің 463 және 479-баптарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен белгіленген тәртіппен және акциздер мөлшерлемелері бойынша акциз салынуға жатады.
Ескерту. 480-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2021 № 85-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Кедендік реттеу туралы Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Әкімшілік рәсімдік-процестік Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология Әлеуметтік кодекс Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарий) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы