Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 241-бабына түсініктеме. Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу
1. Бухгалтерлік есеп жүргізуге уәкілетті адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мәліметтерді құжаттаудан жалтаруы не осы адамның бухгалтерлік құжаттамаға ұйымның шаруашылық және қаржылық қызметі туралы көрінеу жалған ақпарат енгізуі, сол сияқты бухгалтерлік құжаттаманы сақтау мерзімдері өткенге дейін жоюы, ірі залал келтіруге әкеп соқса, —
сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Ескерту. Осы бапта көзделген іс-әрекетті алғаш рет жасаған адам, егер залалды өз еркімен өтесе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Бұл құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуы белгілі бір теріс пайдаланушылықтардың жасалуына әкеп соғуы мүмкін екендігінде, олар көбінесе материалдық құндылықтарды жымқыру, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару және т.б. түрінде көрініс табады.
Осы қылмыстық теріс қылықтың объектісі — ұйымның, кәсіпорынның немесе мекеменің ведомстволық тиесілігіне қарамастан, бухгалтерлік есеп жүргізудің және қаржылық есептіліктің қолданыстағы тәртібі. Бұл тәртіп 2007 жылғы 28 ақпандағы «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» ҚР Заңымен, ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 241 бұйрығымен бекітілген Бухгалтерлік есеп жүргізу қағидаларымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 270 қаулысымен бекітілген Бухгалтерлік есепті ұйымдастыру қағидаларымен реттеледі.
Қылмыстық теріс қылықтың нысанасы бухгалтерлік құжаттама болып табылады. ҚР «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңының 7-бабына сәйкес бухгалтерлік құжаттамаға бастапқы құжаттар, бухгалтерлік есеп тіркелімдері, қаржылық есептілік және есеп саясаты кіреді. Бухгалтерлік жазбалар бастапқы құжаттардың негізінде жүргізіледі.
Қарастырылып отырған құқық бұзушылықтың объективтік жағын төмендегі әрекеттердің бірін жасау құрайды:
бухгалтерлік есеп жүргізуге уәкілетті адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мәліметтерді құжаттаудан жалтаруы;
бухгалтерлік есеп жүргізуге уәкілетті адамның бухгалтерлік құжаттамаға ұйымның шаруашылық және қаржылық қызметі туралы көрінеу жалған ақпарат енгізуі;
бухгалтерлік құжаттаманы оны сақтау мерзімдері өткенге дейін жоюы.
Мәліметтерді құжаттаудан жалтару дегеніміз — ҚР заңнамасына сәйкес бухгалтерлік құжаттарда міндетті түрде көрсетілуге тиіс мәліметтерді есепке алу құжаттарына енгізуден жалтару.
Ұйымның шаруашылық және қаржылық қызметі туралы көрінеу жалған ақпаратты бухгалтерлік құжаттамаға енгізу құжаттарға шындыққа сәйкес келмейтін, дұрыс емес мәліметтерді енгізу арқылы көрініс табады.
Бухгалтерлік құжаттама қағаз немесе электрондық түрде ұсынылуға тиіс. ҚР «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңының 6-бабына сәйкес жеке кәсіпкерлер мен ұйымдар бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілікті мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде жасауды қамтамасыз етеді. Осы Заңның 11-бабына сәйкес жеке кәсіпкерлер мен ұйымдар бастапқы құжаттарды, бухгалтерлік есеп тіркелімдерін қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде, қаржылық есептілікті, есеп саясатын, есептік деректерді электрондық өңдеу бағдарламаларын ҚР заңнамасында белгіленген мерзім ішінде сақтауға міндетті.
Бухгалтерлік құжаттаманы оны сақтау мерзімдері өткенге дейін жою деп осындай құжаттарды оларды сақтау мерзімдерін сақтамай физикалық түрде жою танылады.
Құқық бұзушылық құрамының құрылымы бойынша бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзу материалдық құрамға жатады және ұйымның шаруашылық немесе қаржылық қызметіне ірі залал келтіру түріндегі салдар туындаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес осы қылмыстық теріс қылыққа қатысты ірі залал деп азаматқа екі жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде келтірілген залал танылады.
Субъективтік жағынан қылмыстық теріс қылық тікелей немесе жанама қасақаналықпен жасалады. Адам өзінің ҚР заңнамасында көзделген мәліметтерді құжаттаудан жалтарып отырғанын не бухгалтерлік құжаттамаға ұйымның шаруашылық және қаржылық қызметі туралы көрінеу жалған ақпарат енгізіп отырғанын, сол сияқты бухгалтерлік құжаттаманы оны сақтау мерзімдері өткенге дейін жойып отырғанын сезінеді, ірі залал келтіру мүмкіндігін немесе оның болмай қоймайтынын алдын ала біледі, соны қалайды немесе оған немқұрайлы қарайды.
Қылмыстық теріс қылықтың субъектісі арнайы болып табылады. Ол тек бухгалтерлік есеп жүргізуге уәкілетті адам ғана бола алады, оның лауазымдық дәрежесіне қарамастан (мысалы, қатардағы бухгалтер, ұйымның бухгалтерлік бөлімшесінің басшысы, сондай-ақ бухгалтерлік есеп жүргізуге уәкілетті өзге де адамдар). Бухгалтерлік құжаттаманы оны сақтау мерзімдері өткенге дейін жою жағдайында қылмыс субъектісі 16 жасқа толған, есі дұрыс кез келген адам болуы мүмкін.
Жоғарыда аталған Заңның 8-бабына сәйкес басшылық немесе жеке кәсіпкер есеп саясатын келіседі және (немесе) бекітеді; бухгалтерлік есепті ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Осыдан бухгалтерлік есепті ұйымдастыруға ұйымның басшылығы немесе жеке кәсіпкер жауапты болатыны туындайды. Аталған Заңның 9-бабына сәйкес бухгалтерлік қызметтің басшысы бас бухгалтер немесе бухгалтерлік есептің жүргізілуін, қаржылық есептіліктің жасалуын және ұсынылуын, есеп саясатының қалыптастырылуын қамтамасыз ететін өзге де лауазымды тұлға болып табылады.
Бухгалтерлік есепті ұйымдастыру және жүргізу қағидаларының 4-тармағында бухгалтерлік қызметтің басшысы бухгалтерлік есептің жүргізілуін, қаржылық есептіліктің жасалуын және ұсынылуын, есеп саясатының қалыптастырылуын, бухгалтерлік есеп мәселелері бойынша басқа да ішкі құжаттарды дайындауды, сондай-ақ оларды ұйымның басшысына (не оны алмастыратын адамға) немесе өзге де басқару органына бекітуге ұсынуды қамтамасыз ететін лауазымды тұлға болып табылатыны белгіленген.
Егер жеке кәсіпкердің бухгалтерлік қызметі болмаса және бухгалтерлік есепті өзі жүргізсе, онда бухгалтерлік есеп жүргізуге уәкілетті тұлға, яғни осы қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі жеке кәсіпкердің өзі деп танылуы мүмкін.
ҚР ҚК-нің 241-бабында көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.*
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар