21-бап. Экологиялық ақпаратты жинау және тарату Қазақстан Республикасының Экология кодексі
1. Мемлекет экологиялық ақпаратты жинау және тарату жөніндегі шараларды, оның ішінде:
1) Қазақстан Республикасының ластағыштардың шығарылуы мен көшірілуінің тіркелімін жүргізу және ашық қолжетімділікте орналастыру;
2) Қазақстан Республикасының қоршаған ортаның жай-күйі және табиғи ресурстарды пайдалану туралы ұлттық баяндамасын әзірлеу және жариялау;
3) мемлекеттік экологиялық ақпарат қорын жүргізу және оған еркін қолжетімділік беру;
4) масс-медиада, телекоммуникация желілерінде немесе онлайн-платформаларда, сондай-ақ мемлекеттік органдар жүргізетін экологиялық ағарту жөніндегі іс-шаралар шеңберінде экологиялық ақпаратты ұдайы тарату арқылы қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік органдар жұртшылыққа ақпаратқа қол жеткізу мәселелерінде, оның ішінде тиісті мемлекеттік органдардың иелігіндегі экологиялық ақпараттың түрі мен көлемі туралы және осындай ақпаратты беру және оған қол жеткізу шарттары мен тәртібі туралы толық ақпарат беру арқылы қолдау көрсетуге міндетті.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ресми интернет-ресурсында:
1) жыл сайын 1 мамырға дейін өткен жылғы:
қоршаған орта сапасының бекітілген нысаналы көрсеткіштерін және барлық тиісті индикаторлардың нақты нәтижелерін;
мемлекеттік экологиялық саясаттың жергілікті деңгейде іске асырылу барысы туралы ақпаратты;
қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін жергілікті бюджетке түскен төлемнің жалпы сомасы туралы мәліметтерді;
2) тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей:
қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының іске асырылу барысы және жергілікті бюджеттің осындай іс-шараларға арналған шығыстары туралы есепті;
қоршаған ортаға әсер ету туралы қабылданған декларациялар бойынша жиынтық деректерді орналастырады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жыл сайын 1 мамырға дейін ресми интернет-ресурста өткен жылғы:
1) мемлекеттік экологиялық саясаттың іске асырылу барысы туралы;
2) экологиялық залалды ремедиациялау жөніндегі іске асырылған іс-шаралар туралы;
3) республикалық бюджеттің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға арналған шығыстары туралы;
4) мемлекеттік экологиялық бақылау нәтижелері және Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін бюджетке өндіріп алынған айыппұлдардың жалпы сомасы туралы ақпаратты орналастырады.
Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы