351-1-бап. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес біржолғы зейнетақы төлемінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) кодексі
2026 жыл 1 қаңтардан бастап "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) күші жойылды деп танылсын, 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ Салық кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты.
1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес біржолғы зейнетақы төлемі кезінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы төлемдерін алушының және (немесе) уәкілетті оператордың банктік шотына аударған кезде салық агенті жеке табыс салығын есептеуді жүргізеді.
Жеке табыс салығы осы Кодекстің 320-бабында белгіленген мөлшерлемелерді осы Кодекстің 353-бабының 3-1-тармағына сәйкес айқындалатын төлем көзінен салық салынатын кіріс сомасына қолдану арқылы есептеледі.
2. Егер осы баптың 4, 5, 6 және 6-1-тармақтарында өзгеше көзделмесе, жеке табыс салығының сомасын ұстап қалуды салық агенті жеке тұлғаның таңдауы бойынша мынадай тәсілдердің бірі бойынша:
1) осы Кодекстің 351-бабында көзделген тәртіппен;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы төлемдері үшін белгілеген график бойынша ай сайын тең үлестермен он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде жүргізеді.
Осы тармақта көрсетілген ұстап қалу зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық агентіне ұсынылған жеке табыс салығын ұстап қалу туралы өтініш негізінде жүргізіледі.
3. Салық агенті ұстап қалынған жеке табыс салығы сомасын аударуды:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда – біржолғы зейнетақы төлемі жүзеге асырылған келесі айдың;
2) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы төлемдері үшін белгілеген графикке сәйкес зейнетақы төлемін аудару басталған және жүзеге асырылатын келесі айдың;
3) осы баптың 4, 5, 6 және 6-1-тармақтарында белгіленген жағдайларда жеке табыс салығының сомасы біржолғы ұсталған келесі айдың күнтізбелік жиырма бес күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.
4. Жеке тұлға Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен кезде салық агенті біржолғы зейнетақы төлемінен ұстап қалмаған және аудармаған жеке табыс салығының сомасы осы Кодекстің 351-бабында көзделген тәртіппен зейнетақы төлемінің сомасынан біржолғы ұстап қалуға жатады.
5. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен зейнетақы жинақтары мұраға қалдырылған адамға төленген кезде салық агенті біржолғы зейнетақы төлемінен ұстап қалмаған және аудармаған жеке табыс салығының сомасы осы Кодекстің 351-бабында көзделген тәртіппен зейнетақы төлемінің сомасынан біржолғы ұстап қалуға жатады.
6. Жеке тұлғаның сақтандыру ұйымымен жасалған зейнетақы аннуитеті шарты болған кезде біржолғы зейнетақы төлемі сомасынан жеке табыс салығын салық агентінің осы Кодекстің 351-бабында көзделген тәртіппен мынадай жағдайларда:
1) зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударған кезде – зейнетақы жинақтарының сомасынан;
2) осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігі 2) тармақшасының ережелері біржолғы зейнетақы төлемі түріндегі кіріске бұрын қолданылған кезде – зейнетақы жинақтарының сомасынан;
3) біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асырған кезде жеке тұлғаның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке зейнетақы шотында қалған сомадан біржолғы ұстап қалуына жатады.
6-1. Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушы болып табылатын жеке тұлғаға біржолғы зейнетақы төлемі кезінде салық агенті осы Кодекстің 351-бабында көзделген тәртіппен жеке табыс салығын ұстап қалуды жүргізеді.
Осы тармақтың ережелері зейнетақы жинақтарының сомасынан жеке табыс салығын ұстап қалу арқылы осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жеке табыс салығын ұстап қалу тәсілі жеке тұлғаның кірістеріне бұрын қолданылған жағдайда да қолданылады.
7. Осы баптың мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салық агенті деп танылады.
Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Кедендік реттеу туралы Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Әкімшілік рәсімдік-процестік Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология Әлеуметтік кодекс Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы