93-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесін меншік иесінен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою Жер кодексі Қазақстан Республикасының
1. Жер учаскесін немесе оның бір бөлігін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдалану Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Егер жер учаскесі Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
3. Жер учаскесін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдалану жағдайларына:
1) жер учаскесін немесе оның бір бөлігін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбау;
2) жер учаскесін немесе оның бір бөлігін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану қағидаларында және жайылымдарды ұтымды пайдалану қағидаларында айқындалған талаптарды бұза отырып пайдалану;
3) осы Кодекстің 99-бабында белгіленген талаптарды сақтамау;
4) жер учаскесін экологиялық залалға әкеп соғатындай етіп пайдалану жатады.
4. Егер жер учаскесінің меншік иесінің немесе жер пайдаланушының Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбауын білдірсе, онда жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы алған кезден бастап екі ай ішінде жер учаскесі орналасқан жер бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне оның нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш білдіру құқығы беріледі.
5. Жер учаскесін немесе оның бір бөлігін пайдалану ауыл шаруашылығы жері құнарлылығының едәуір төмендеуіне не экологиялық залалға алып келген жағдайларда, жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес залалды жоюға міндетті.
Ескерту. 93-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 02.01.2021 № 401-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.06.2021 № 59-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2024 № 65-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Жер кодексі Орман кодексі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кәсіпкерлік Кодексі Еңбек Кодексі Экология Әлеуметтік Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарий) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы