Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 222-бабына түсініктеме. Ұйымдардан салық төлеуден жалтару
1. Ұйымдардан салықты немесе мемлекеттік бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді төлеуден жалтару, егер декларацияны тапсыру міндетті болып табылатын жағдайларда жиынтық жылдық табыс туралы декларацияны тапсырмау жолымен не декларацияға немесе салықтарды немесе мемлекеттік бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді есептеуге немесе төлеуге байланысты өзге де құжаттарға кірістер немесе шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу жолымен не салық салу объектілерін немесе өзге де міндетті төлемдер объектілерін, не ұйымның нақты орналасқан жерін жасыру жолымен жасалып, егер бұл әрекет салықтың немесе міндетті төлемдердің ірі мөлшерде төленбеуіне әкеп соқса, —
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, не төрт айдан алты айға дейінгі мерзімге қамауға алумен, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен, үш жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның үш айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салумен немесе онсыз жазаланады.
2. Дәл сол әрекет бірнеше рет жасалса, —
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен, белгілі бір лауазымдарды атқару және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі жүзден бес жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе сотталған адамның екі айдан бес айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салумен немесе онсыз жазаланады.
Ескерту. Ұйымның салықты немесе мемлекеттік бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді төлемеуі, егер төленбеген салықтың немесе міндетті төлемдердің сомасы екі мың айлық есептік көрсеткіштен асса, ірі мөлшерде жасалған деп танылады.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық салу объектілері болып тек жеке тұлғалар ғана емес, заңды тұлғалар да табылады. Заңды тұлғалардың салықтарды немесе ірі мөлшердегі өзге де міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 222-бабында көзделген қылмыстық жазаланатын әрекет болып табылады.
Салық қылмыстарының қоғамдық қауіптілігі салықтардың қоғамның экономикалық қызметіндегі жоғары маңыздылығымен айқындалады, соның нәтижесінде мемлекетіміздің экономикасына елеулі зиян келтіріледі.
Қылмыстың объектісі мемлекеттің заңға негізделген қаржылық қызметін жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастар болып табылады.
Объективтік жағынан аталған қылмыс мынадай әрекетсіздік нысандарымен сипатталады:
1) декларацияны тапсыру міндетті болып табылатын жағдайларда жиынтық жылдық табыс туралы декларацияны тапсырмау;
2) салық салудың немесе өзге де міндетті төлемдердің басқа объектілерін жасыру;
сондай-ақ мынадай әрекет нысанында көрініс табады:
3) декларацияға немесе бухгалтерлік құжаттарға кірістер немесе шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу.
Резидент салық төлеушінің жиынтық жылдық табысы Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерлерде алынған кірістерден тұрады. Резидент деп Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға түсініледі.
Салық салынуға жататын жиынтық жылдық табыс деп күнтізбелік жыл ішінде алынған жалпы табыс пен осы табысты алуға байланысты құжаттамалық түрде расталған шығыстар арасындағы айырмашылық түсініледі. Сондықтан кірістер туралы декларацияға көрінеу бұрмаланған деректерді енгізуді нақты алынған кірістер туралы мәліметтерді саналы түрде төмендету немесе салық салынатын базаны азайтуға мүмкіндік беретін шығыстар мөлшерін асыра көрсету ретінде анықтауға болады.
Салық салынатын базаны есептеу үшін бухгалтерлік құжаттарға енгізілуге жататын кірістер мен шығыстар туралы деректердің тізбесі 2001 жылғы 12 маусымдағы Қазақстан Республикасының Салық кодексімен (кейінгі өзгерістері мен толықтыруларын қоса алғанда) белгіленеді. K080000099_
Көрінеу бұрмаланған деп салықтарды есептеу кезінде ескерілетін кірістердің, шығыстардың немесе жеңілдіктердің мөлшеріне қатысты арнайы өзгертілген және іс жүзінде шындыққа сәйкес келмейтін деректер, сондай-ақ елеулі маңызды мәліметтерді елемеу салдарынан нақты жағдайды дұрыс көрсетпейтін деректер танылады. Деректерді бұрмалау алынған кірістерді жасыру немесе төмендету; кіріс көздерін жасыру немесе оларды дұрыс көрсетпеу; жұмсалған шығыстарды асыра көрсету және өзге де жалған ақпарат беру жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Міндетті белгісі — әрекеттердің көрінеулілігі, яғни тұлғаның декларацияға немесе бухгалтерлік құжаттарға енгізілетін деректердің бұрмаланғанын, нақты шындыққа сәйкес келмейтінін білуі.
Көрінеу бұрмаланған деректер бухгалтерлік құжаттарға енгізілді деп танылады, егер соңғылары салық органдарына ұсынуға дайындалып, тиісті тәртіппен ресімделген болса.
Салық салудың өзге де объектілері болып кәсіпорынның мүлкі, қосылған құн, пайдаланылатын ресурстар және нормативтік-құқықтық актілерде айқындалған басқа да объектілер табылады.
Салық салудың басқа объектілерін жасыру деп бухгалтерлік құжаттамада салық салуға жататын қандай да бір объектілерді көрсетпеу; салық салынатын базаны заңсыз азайту; оны көрінеу дұрыс есептемеу және т.б. түсініледі.
Аталған қылмыс жиынтық жылдық табыс туралы декларацияны тапсырмаған кезде, осы норманың диспозициясында тікелей көзделген жағдайларда, салықты немесе өзге де міндетті төлемдерді ірі мөлшерде төлеуден жалтарған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. Осы баптың ескертуіне сәйкес, ұйымдардан салық төлеуден жалтару, егер төленбеген салық сомасы қылмыс жасалған сәтте Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген екі мың айлық есептік көрсеткіштен асса, ірі мөлшерде жасалған деп танылады.
Салық төлеуден жалтару, мәні бойынша алдау болып табылатындықтан, ұйымның жекелеген шаруашылық операциясы бойынша түсімді бастапқы және есептік құжаттарда жасыру сәтінен басталады, салық салу кезеңінің бүкіл мерзімі бойы жалғасады және салық органдарына салық салынуға жататын объектілердің бар-жоғы мен мөлшері туралы анық емес ақпарат қамтылған есептік құжаттарды жолдау сәтінде аяқталады. Басқаша айтқанда, салық салу объектілерін жасыру салық салынатын объектілер туралы жалған мәліметтер қамтылған есептік құжаттаманы салық қызметінің тиісті аумақтық органдарына тапсырған сәттен бастап немесе есептілік уақтылы тапсырылмаған жағдайда оны тапсыру үшін белгіленген күннен бастап аяқталған деп есептелуге тиіс.
Егер бухгалтерлік есеп құжаттарына жалған мәліметтер енгізілген болса, ал есептік құжаттама салық органдарына әлі тапсырылмаған немесе оны тапсыру мерзімі әлі басталмаған болса, онда мұндай жағдайларда аталған қылмысты жасауға оқталу орын алады.
Қылмыстың субъектісі болып лауазымды адамдар (басшы және бас бухгалтер), сондай-ақ бухгалтерлік есепті жүргізуге және есептілікті ұсынуға жауапты әрі қаржылық-банктік және есептік құжаттарға қол қою құқығы берілген коммерциялық немесе өзге де ұйымдағы басқару функцияларын орындайтын адамдар табылады. Сондықтан өзге де тұлғалар (экспедиторлар, сатушылар, кассирлер және т.б.) мән-жайларға байланысты тек қылмысқа қатысушылар ретінде ғана әрекет етуі мүмкін деп есептейміз.
Субъективтік жағынан қылмыс тек тікелей қасақаналықпен жасалады. Салық салу объектілері туралы көрінеу жалған мәліметтерді ұсына отырып, тұлға салық қызметі органдарын жаңылыстырып отырғанын түсінеді және соны қалайды. Қылмыс негізінен пайдакүнемдік ниетпен жасалады. Мұндай қылмыстық әрекеттердің мақсаты — салық төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындаудан жалтару, бюджетке төленбеген қаражатты өз қажеттіліктеріне ұстап қалу не осы қаражатты басқа тұлғалардың меншігіне айналдыру.
Осы қылмыстың сараланған түрі ретінде заң шығарушы ұйымдардан салық төлеуден бірнеше рет жалтаруды көрсеткен. Егер кінәлі адам қарастырылып отырған бапта көзделген екі немесе одан да көп әрекетті жасаса және бұл ретте алдыңғы қылмысы үшін соттылығы заңда белгіленген тәртіппен алынбаған немесе өтелмеген болса, ұйымдардан салық төлеуден бірнеше рет жалтару деп танылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2007 жылғы түсініктеме. Авторы: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі И.Ш. Борчашвили.
Актінің өзгертілген күні: 02.08.2007 ж.
Актінің қабылданған күні: 02.08.2007 ж.
Қабылданған орны: ЖОҚ.
Актіні қабылдаған орган: 180000000000.
Қолданылу өңірі: 100000000000.
Нормативтік құқықтық актіге нормашығармашылық орган берген тіркеу нөмірі: 167.
Актінің мәртебесі: жаңа.
Құқықтық қатынастар саласы: 028000000000.
Актінің нысаны: ТҮСІНІКТЕМЕ.
Заңдық күші: 1900.
Актінің тілі: орыс тілі.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау