Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға қатысты сот белгілеген әкімшілік қадағалаудан жалтару туралы 431-бабына түсініктеме
1. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға қатысты сот белгілеген әкімшілік қадағалаудан жалтару, ол қадағалаудағы адамның тұрғылықты жерін өз бетінше тастап кетуінен немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін таңдап алынған тұрғылықты жеріне демалыс және мереке күндерін есептемегенде бес тәулік ішінде келмеуінен көрініс тапса, - бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың өздерінің мінез-құлқы мен өмір салты арқылы айналасындағыларға теріс ықпал етуі және сол арқылы қылмыс жасауы мүмкін адамдар шеңберін кеңейтуі мүмкін екендігінде. Әкімшілік қадағалауды белгілеу және жүзеге асыру белгілі бір санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған және қылмыстық жауаптылыққа тартылған адамдар тарапынан қайталама қылмыстылықтың алдын алуды, оларға қажетті тәрбиелік-профилактикалық ықпал етуді мақсат етеді.
Қылмыстың объектісі сот төрелігінің мүдделері және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамға қатысты әкімшілік қадағалау белгілеу туралы сот қаулысын орындау тәртібі болып табылады.
Объективтік жағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға қатысты сот белгілеген әкімшілік қадағалаудан жалтарудан, атап айтқанда, қадағалаудағы адамның тұрғылықты жерін өз бетінше тастап кетуінен немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін таңдап алынған тұрғылықты жеріне демалыс және мереке күндерін есептемегенде бес тәулік ішінде келмеуінен көрініс табады.
Әкімшілік қадағалауды белгілеу және жүзеге асыру тәртібі ҚАК-нің 171-бабымен және Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шілдедегі «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әкімшілік қадағалау туралы» Заңымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2019 жылғы 31 мамырдағы «Әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы қолданудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысымен реттеледі.
Аталған Заңның 1-бабына сәйкес, әкімшілік қадағалау қайталама қылмыстылықтың алдын алу нысаны болып табылады, заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін сақтау негізінде іске асырылады және заңнамада белгіленген белгілі бір шектеулер қойылған бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың мінез-құлқын бақылауды белгілеу түріндегі мәжбүрлеу шарасы ретінде судьяның қаулысы негізінде ішкі істер органдары жүзеге асырады. Бұл шектеулер олардың тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында белгіленеді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы қолданудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 2-тармағында: «Әкімшілік қадағалау заңда көзделген қылмыстардың белгілі бір түрлері үшін сотталғандығы бар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың сот белгілеген уақытша құқықтары мен бостандықтарын шектеу, оларға міндеттер жүктеу және ішкі істер органдарының аталған адамдардың (қадағалаудағы адамдардың) әкімшілік шектеулерді сақтауын бақылауды жүзеге асыруы арқылы қылмыстарды қайталап жасауының алдын алуға бағытталған шара болып табылады. Әкімшілік қадағалау қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жаза болып табылмайды», - делінген.
Әкімшілік қадағалау тек сот арқылы, адам әкімшілік қадағалауға жататын нақты негіздер көрсетілуге тиіс аталған Заңның 3-бабында көзделген негіздер бойынша қаулы шығару жолымен белгіленеді.
Аталған Заңның 3, 4 және 5-баптарына сәйкес, әкімшілік қадағалау белгілеу туралы ұсынумен сотқа ішкі істер органдарының бастықтары жүгінуге құқылы; әкімшілік қадағалау мерзімін ұзарту және бұрын белгіленген әкімшілік шектеулерді толықтыру туралы сотқа ішкі істер органы жүгінеді; әкімшілік қадағалауды мерзімінен бұрын тоқтату немесе әкімшілік шектеулерді ішінара жою, қысқарту туралы өтінішхатпен ішкі істер органы және (немесе) қадағалаудағы адам, оның қорғаушысы жүгіне алады.
Прокурор қадағалаудағы адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында, егер қадағалаудағы адам денсаулық жағдайына, жасына немесе басқа да дәлелді себептерге байланысты сотқа өзі жүгіне алмаса, әкімшілік қадағалауды мерзімінен бұрын тоқтату немесе әкімшілік шектеулерді ішінара қысқарту туралы ұсынумен сотқа жүгінуге құқылы.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің бастығы осы мекемеден босатылуға жататын сотталған адамға қатысты әкімшілік қадағалау белгілеу туралы ұсынуды негіздеуге және оған сотталған адамға қатысты үкімнің, апелляциялық, кассациялық сатылар қаулыларының көшірмелерін, заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар және әкімшілік қадағалау белгілеу қажеттілігін растайтын өзге де материалдарды, оның ішінде сотталған адамның жазасын өтеу кезіндегі мінез-құлқын сипаттайтын мәліметтерді, сондай-ақ сотталған адамның мінез-құлқының үшінші теріс дәрежесін айқындау туралы қаулыны қоса беруге міндетті.
Аталған Заңның 7-бабына сәйкес, әкімшілік қадағалау белгіленетін адамдарға олардың өмір салтына, отбасындағы және тұрғылықты жеріндегі мінез-құлқына, қадағалаудағы адамның жеке басын сипаттайтын өзге де мән-жайларға байланысты толық көлемде немесе бөлек мынадай тыйым салу түріндегі шектеулер қолданылуы мүмкін:
тұрғын үйден ішкі істер органдары белгілеген уақытта шығуға;
ауданның (қаланың) ішкі істер органдары белгілеген белгілі бір жерлерінде болуға;
қадағалауды жүзеге асыратын ішкі істер органдарының рұқсатынсыз ауданның (қаланың) шегінен тыс жерлерге шығуға;
кәмелетке толмағандардың ата-аналарының не заңды өкілдерінің келісімінсіз оларды іздеуге, оларға баруға, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен қарым-қатынас жасауға;
алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды пайдалануға тыйым салу.
Әкімшілік қадағалау белгіленетін адамдарға қолданылатын шектеулердің бұл тізбесі кеңейтілген түсіндіруге жатпайды.
Аталған Заңның осы нормасының ережелерінен туындайтындай, әкімшілік қадағалауды белгілеу, оның мерзімін ұзарту немесе бұрын белгіленген әкімшілік шектеулерді толықтыру туралы сот қаулысында бір немесе бірнеше әкімшілік шектеу айқындалуға тиіс.
Сот ішкі істер органының ұсынуында көрсетілмеген өзге де әкімшілік шектеулерді белгілеуге құқылы, алайда олар аталған Заңның 7-бабында көзделген тізбенің шегінде болуға тиіс.
Нақты әкімшілік шектеулерді таңдау ерікті сипатта болмауға тиіс, оларды қолдану жеке профилактикалық ықпал етуді қамтамасыз етуге бағытталуы керек.
Қадағалаудағы адамның тұрғылықты жерін өз бетінше тастап кетуі деп тұрғылықты жерін өзгертуді, ішкі істер органының жазбаша рұқсатынсыз басқа елді мекенге кетуді түсіну қажет. Сонымен қатар, қадағалаудағы адамның тұрғылықты жерін өз бетінше тастап кетуі деп тәуліктің белгілі бір уақытында үйден (пәтерден) кетуді де түсіну керек. Бұл ретте қадағалаудағы адамның тұрғын үйден ішкі істер органдары белгілеген уақытта шығуына тыйым салу түріндегі шектеу оған жергілікті уақыт бойынша сағат 22-ден таңғы сағат 6-ға дейінгі аралықта, еңбек міндеттерін орындау жағдайларын қоспағанда, белгіленуі мүмкін.
Қадағалаудағы адамның бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін таңдап алынған тұрғылықты жеріне демалыс және мереке күндерін есептемегенде бес тәулік ішінде келмеуі түсініктеме беріліп отырған қылмыстың объективтік жағын құрайды.
Объективтік жақтың міндетті белгісі қылмыстың жасалу уақыты болып табылады.
ҚК-нің 431-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тек өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгілеу туралы соттың заңды күшіне енген қаулысы бар және сот белгілеген шектеулерді бұзған адам ғана тартылуы мүмкін. Белгіленген шектеулерге жатпайтын өзге де бұзушылықтарды жасау адамды осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз болып табылмайды.
Қадағалаудағы адамның белгіленген шектеулерді сақтауына мүмкіндік бермеген себептер болған жағдайда (қадағалаудағы адамның кенеттен ауыр науқастануы, жақын туысының қайтыс болуы немесе ауруы және басқа да себептер) ҚК-нің қарастырылып отырған бабы бойынша жауаптылық туындамайды.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін кінәлі адамның белгіленген мерзімде таңдап алынған тұрғылықты жеріне келмеуі үшін оның әрекеттерін саралау кезінде кінәлінің тұрғылықты жеріне уақытында келмеу себебін және қанша мерзімге кешіккенін, тұрғылықты жеріне кешігіп келуінің қандай да бір дәлелді себептері болған-болмағанын анықтау маңызды. Егер кешігу аз мерзімді (бір-екі күн) құраса, онда ҚК-нің 10-бабының 4-бөлігіне сәйкес, қадағалаудағы адамның мұндай мінез-құлқы қылмыстың қоғамға қауіптілігін білдірмейтіндіктен, маңыздылығының болмашылығы салдарынан қылмыс болып табылмайды. Қадағалаудағы адамның тұрғылықты жеріне уақытында келмеуінің дәлелді себептері анықталған жағдайда, тіпті кешігу ұзақ мерзімді болса да, оның әрекетінде объективтік жақтың болмауына байланысты қарастырылып отырған қылмыстың құрамы болмайды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2005 жылғы 11 ақпандағы № 97 бұйрығымен бекітілген Әкімшілік қадағалауда тұрған адамдарды есепке алу қағидаларының 45-тармағына сәйкес, өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгіленген адам заңда белгіленген мерзімде таңдап алынған тұрғылықты жеріне келмеген жағдайда, ішкі істер органы оның жүрген жері мен келмеу себептерін анықтау бойынша бастапқы іс-шараларды жүргізеді. Егер көрсетілген адамның жүрген жері анықталмаса, ішкі істер органы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастайды, оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдай отырып, іздеу жариялайды.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамының бар екенін тану үшін қадағалаудағы адамның әкімшілік қадағалау қағидаларын белгіленген әкімшілік қадағалау мерзімі ішінде бұзғаны талап етіледі.
Әкімшілік қадағалау мерзімінің қолданылуын сот қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап есептеу қажет. Әкімшілік қадағалау мерзімі оның қолданылу мерзімінің соңғы күнінен кешіктірілмей ұзартылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шілдедегі «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әкімшілік қадағалау туралы» Заңының 6-бабына сәйкес, әкімшілік қадағалау алты айдан үш жылға дейінгі мерзімге, ал кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жазасын өтеген адамдарға қатысты бір жылдан бес жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
Қадағалаудағы адам әкімшілік қадағалау қағидаларын немесе өзіне жарияланған шектеулерді бұзған, сол сияқты құқық бұзушылықтар жасаған жағдайларда, белгіленген әкімшілік қадағалау мерзімі ішкі істер органдарының уәжді ұсынуы бойынша судьяның қаулысымен әр жолы алты айға, бірақ екі жылдан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған адамдарға қатысты әр жолы бір жылға, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы қолданудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 10-тармағына сәйкес, ішкі істер органдарының әкімшілік қадағалау мерзімін ұзарту туралы ұсынуына оны ұзартуға негіздердің бар екенін растайтын материалдар қоса берілуге тиіс.
Әкімшілік қадағалауды ұзарту негіздерінің тізбесі түпкілікті болып табылады және кеңейтілген түсіндіруге жатпайды.
Әкімшілік қадағалауды ұзартудың қажетті шарты болып табылатын құқық бұзушылық деп қадағалаудағы адамның кемінде бір рет жеке адамның құқықтарына, кәмелетке толмағандардың құқықтарына, қоғамдық қауіпсіздік пен халықтың денсаулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық жасауы (ӘҚБтК-нің 10, 12, 24, 25-тараулары) не көрсетілген адамның бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза шарасы тағайындалған және оның мінез-құлқына бақылау белгіленбеген қылмыстық құқық бұзушылығы үшін сотталуы не оған қатысты іс бойынша іс жүргізудің ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылуы түсініледі.
Әкімшілік қадағалау мерзімі оның қолданылу мерзімінің соңғы күнінен кешіктірілмей ұзартылуы мүмкін.
Әкімшілік қадағалауды тоқтату шарттары туындаған кезде әкімшілік қадағалауды жүзеге асыратын ішкі істер органдарының қызметкерлері әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулыны дереу шығаруға міндетті, ол ішкі істер органының бастығымен бекітіледі. Әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулының шығарылмауы немесе уақтылы шығарылмауы оның мерзімін ұзартуға әкеп соқпайды.
Қазақстан Республикасының әкімшілік қадағалау туралы заңнамасын бұзу, әкімшілік қадағалау мерзімі өткеннен кейін, оны тоқтату туралы қаулы болмаған жағдайда, әкімшілік қадағалаудан жалтару адамды ӘҚБтК-нің 480-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа және ҚК-нің 431-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз болып табылмайды.
Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шілдедегі «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әкімшілік қадағалау туралы» Заңының 14-бабына сәйкес, әкімшілік қадағалау:
егер оны ұзартуға негіздер болмаса, әкімшілік қадағалау белгіленген мерзімнің өтуіне байланысты;
егер қадағалаудағы адамның түзелу жолына түскені анықталса, тұрғылықты жері немесе еңбек қызметі бойынша оң сипатталса, мерзімінен бұрын;
қадағалаудағы адамның сотталғандығы жойылған немесе алып тасталған жағдайларда;
қадағалаудағы адамды психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарына мәжбүрлеп емдеуге жіберуге байланысты;
қадағалаудағы адамды бас бостандығынан айыруға соттауға байланысты;
қадағалаудағы адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылады.
Әкімшілік қадағалау тоқтатылғаннан кейін әкімшілік қадағалау қағидаларын бұзу адамды ҚК-нің 431-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз болып табылмайды.
Егер адамға қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеу және оның мерзімін ұзарту мерзімдері туралы заң талаптары сақталмаса, ол ҚК-нің 431-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа да тартылмайды.
Әкімшілік қадағалау белгіленген адамдардың құқықтарының сақталуын қадағалауды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2014 жылғы 6 қаңтардағы бұйрығымен бекітілген Жазаларды орындау, адамдарды арнаулы мекемелерде ұстау және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды бақылауды жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықпен реттеледі.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыс қадағалаудағы адамның тұрғылықты жерін өз бетінше тастап кеткен сәтінен немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін таңдап алынған тұрғылықты жеріне демалыс және мереке күндерін есептемегенде бес тәулік ішінде келмеген сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адам тұрғылықты жерін өз бетінше тастап кетудің немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін таңдап алынған тұрғылықты жеріне бес тәулік ішінде келмеудің қоғамға қауіпті сипатын сезінеді, теріс салдардың туындауын болжайды және осындай әрекеттер жасауды қалайды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы қолданудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 22-тармағына сәйкес, ҚК-нің 431-бабы бойынша қадағалаудағы адамның бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін таңдап алынған тұрғылықты жеріне демалыс және мереке күндерін есептемегенде бес тәулік ішінде келмеуі, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған қадағалаудағы адамның тұрғылықты жерін өз бетінше тастап кетуі үшін қылмыстық жауаптылық осы әрекеттер әкімшілік қадағалаудан жалтару мақсатында жасалған жағдайда ғана туындайды.
Егер қадағалаудағы адам ішкі істер органдарының бақылауынан жалтару ниетінсіз, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайға, көлік қатынасының уақытша болмауына, өзінің ауыр науқастануына және басқа да дәлелді себептерге байланысты бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін белгіленген мерзімде таңдап алынған тұрғылықты жеріне келе алмаса, мұндай әрекет қылмыстық жазаланатын болып табылмайды.
Сондай-ақ қадағалаудағы адамның әкімшілік қадағалаудан жалтару мақсатынсыз тұрғылықты жерін өз бетінше тастап кетуінен көрініс тапқан және тек ӘҚБтК-нің 480-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатын әрекет те ҚК-нің 431-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрамайды.
ҚК-нің 431-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының субъективтік жағының міндетті белгісі болып табылатын қадағалаудағы адамның әкімшілік қадағалаудан жалтару мақсаты іс бойынша тиісті түрде дәлелденуге тиіс. Қадағалаудағы адамның мұндай мақсатының бар екенін оның дәлелді себептерсіз ұзақ уақыт бойы тұрғылықты жерін өз бетінше тастап кетуі, қадағалаушы органнан өзінің тұрғылықты жерінен тыс жерде жүрген орнын қасақана жасыруы, өңірден және елден тыс жерлерге кетуі және сол сияқты мән-жайлар куәландыруы мүмкін.
Қылмыстың субъектісі – өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгілеу туралы соттың заңды күшіне енген қаулысы бар, 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚАК-нің 171-бабына сәйкес, әкімшілік қадағалау мынадай қылмыстар үшін жазасын өтеген адамдарға белгіленеді:
қауіпті қайталану кезінде жасалған қылмыстар, сондай-ақ террористік немесе экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар;
ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін немесе қасақана қылмыстар жасағаны үшін екі және одан да көп рет бас бостандығынан айыруға сотталған және жаза мерзімі аяқталған кезде мінез-құлқының үшінші теріс дәрежесі болған адамдар.
ҚК-нің 14-бабының 2-бөлігіне сәйкес, қауіпті қайталану деп адамның:
ауыр қылмыс жасауы, егер осы адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айыруға сотталған болса немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған болса;
аса ауыр қылмыс жасауы, егер адам бұрын ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруға сотталған болса, танылады.
Террористік және экстремистік қылмыстардың, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың тізбелері ҚК-нің 3-бабының 30), 39), 42) тармақшаларында қамтылған.
Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ұғымдары ҚК-нің 11-бабының 4 және 5-бөліктерінде берілген.
ҚАК-нің 95-бабы 4-бөлігінің 3) тармағына сәйкес, мінез-құлықтың үшінші теріс дәрежесі сотталған адам жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылған кезде айқындалады.
Сотталған адамды жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушы, жүйелі түрде бұзушы немесе қаскөйлікпен бұзушы деп тану ҚАК-нің 130-бабының 3-бөлігіне және 154-бабының 4-бөлігіне сәйкес жүзеге асырылады.
ҚАК-нің 130-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ҚАК-нің 130-бабының 2-бөлігінде көрсетілген бұзушылықтарды жасаған сотталған адамға тәртіптік изоляторға қамау немесе жеке камераға ауыстыру түріндегі жазалау шарасы қолданылған жағдайда, ол жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылады.
ҚАК-нің 154-бабының 2-бөлігінде көрсетілген бұзушылықтарды жасаған сотталған адам мекеме бастығының қаулысымен оған екі және одан да көп рет қатаң сөгіс түріндегі жазалау шарасы қолданылған жағдайда жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылады (154-баптың 4-бөлігі).
ҚАК-нің 171-бабы мен Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шілдедегі «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әкімшілік қадағалау туралы» Заңының 2-бабы арасында жазасын өтеген мынадай адамдарға қатысты әкімшілік қадағалау белгілеу кезінде қолданыстағы қайшылықтарды атап өткен жөн:
қауіпті қайталану кезінде жасалған қылмыстар, сондай-ақ террористік немесе экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін жазасын өтеген адамдар;
ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін немесе қасақана қылмыстар жасағаны үшін екі және одан да көп рет бас бостандығынан айыруға сотталған және жаза мерзімі аяқталған кезде мінез-құлқының үшінші теріс дәрежесі болған адамдар;
ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін немесе қасақана қылмыстар жасағаны үшін екі және одан да көп рет бас бостандығынан айыруға сотталған, егер олар жазасын өтегеннен кейін ішкі істер органдарының ескертулеріне қарамастан, қоғамдық тәртіпті, адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін жүйелі түрде бұзса, өзге де құқық бұзушылықтар жасаса.
ҚАК-нің 171-бабында жазасын өтегеннен кейін әкімшілік қадағалау белгіленетін және «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әкімшілік қадағалау туралы» Заңның 2-бабының в) тармағында көрсетілген адамдар санаты көзделмеген.
Менің ойымша, Заңның ережелерін ҚАК-ге сәйкес келтіру қажет, осыған байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы қолданудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысы да түзетуді қажет етеді.
ҚК-нің 431-бабында көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар