Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 388-бабына түсініктеме. Жұмылдыру бойынша шақырудан жалтару
1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлеріне және әскери құралымдарына жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан жалтару –
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Соғыс уақытында жасалған дәл сол әрекет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін жасақтау үшін одан әрі шақырулардан жалтару –
бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
388-бапта көзделген қылмыстың қоғамдық қауіптілігі кінәлі адамның өзінің заңсыз әрекеттерімен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жұмылдыру бойынша азаматтарды әскери қызметке шақырудың белгіленген тәртібін бұзуында, соның салдарынан мемлекеттің жұмылдыру дайындығы мен қорғаныс қабілетіне зиян келтіруінде болып табылады.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру тәртібін және Қарулы Күштерді қалыпты жасақтауды белгілейтін қоғамдық қатынастар болып табылады.
ҚК-нің 388-бабында көзделген қылмыстың объективтік жағы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлеріне және әскери құралымдарына жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан жалтарудан көрінеді.
«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» ҚР Заңының 1-бабының 15) тармақшасына сәйкес басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға мыналар жатады: Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, әскери қарсы барлау және әскери полиция органдары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштері, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның азаматтық қорғанысты басқару органдары мен әскери бөлімдері, әскери прокуратура органдары.
Түсіндіріліп отырған бап ҚК-нің 387-бабына қатысты арнайы норма болып табылады. Осыған байланысты «әскери қызмет», «шақыру» сияқты негізгі ұғымдар ҚК-нің 387-бабын талдау кезінде ашып көрсетілген.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы «Жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру туралы» Заңына сәйкес жұмылдыру – мемлекеттік органдарды, ұйымдарды, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, халықты, аумақты және экономиканы соғыс жағдайының режиміне (жалпы жұмылдыру) немесе олардың қандай да бір бөлігіне (ішінара жұмылдыру) көшіруге байланысты жалпымемлекеттік іс-шаралар кешені.
Жұмылдыру дайындығы – бейбіт уақытта жүргізілетін және соғыс уақытында мемлекетті тұрақты басқаруға, ел экономикасын Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы халқының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, елді қарулы қорғау мен қорғанысқа, жұмылдыру, әскери жағдай және соғыс уақытында әкімшілік-аумақтық бірліктердің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 34-бабына және «Жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру туралы» ҚР Заңының 19-бабына сәйкес әскери жағдай кезінде және соғыс уақытында азаматтарды жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің ішінара немесе жалпы жұмылдыруды жариялау туралы Жарлығы негізінде жүргізіледі.
Жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан жалтару – жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырылуға жататын адамның белгіленген шақыру тәртібінен босатылуға бағытталған, ауруды қолдан жасау немесе өзге де тәсілдер арқылы жүзеге асырылатын қасақана әрекеттері. Басқаша айтқанда, бұл жергілікті әскери басқару органының жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақыру туралы шақыру қағазы бойынша әскери бөлімге жөнелту үшін белгіленген мерзімде жинау орнына (шақыру пунктіне) немесе әскери бөлімнің өзіне дәлелді себептерсіз келмеуі. Мұндай әрекет белсенді әрекеттер арқылы да (өзіне дене жарақатын салу, ауруды қолдан жасау, жұмылдыру бойынша шақырудан жалтару мақсатында тұрғылықты жерін өзгерту, құжаттарды қолдан жасау), сондай-ақ әрекетсіздік арқылы да (медициналық куәландырудан өтуге келмеу, әскери комиссариаттың шақыру қағазын алудан бас тарту) жасалады.
Жоғарыда аталған Заңның 36-бабының 4-тармағына сәйкес әскери жағдай кезінде және соғыс уақытында жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан босатудың заңды негізі азаматтарды денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп тану болып табылады. Азаматтардың шақыру пункттеріне келмеуінің өзге де дәлелді себептері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу қағидаларында көрсетілген (ҚК-нің 387-бабына түсініктемені қараңыз).
Әскери жағдай кезінде және соғыс уақытында әскери қызметке шақыру кезінде азаматтарға берілген кейінге қалдыру, денсаулық жағдайына байланысты кейінге қалдыруды қоспағанда, тоқтатыла тұрады.
ҚК-нің 388-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы өзінің құрылымы бойынша формальды болып табылады, тиісінше, адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан жалтару фактісінің өзі, яғни жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша белгіленген уақытта және белгіленген жерге дәлелді себептерсіз келмеуі жеткілікті.
Айта кету керек, бұл қылмыстық құқық бұзушылық созылмалы болып табылады, тиісінше, оның басталу сәті жалтару сәтінен бастап айқындалады, ал аяқталу сәті жалтарған адамның шақыру (жинау) орнына келуі немесе оның ұсталуымен белгіленеді.
Түсіндіріліп отырған қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адам жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан осы қызметтен босатудың заңды негіздері болмаған кезде жалтарып отырғанын түсінеді және соны қалайды.
Себеп пен мақсат саралауға әсер етпейді, бірақ жаза тағайындау кезінде сот оларды ескереді.
Қылмыстың субъектісі арнайы болып табылады – жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырылуға жататын, 18 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға; жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырылатын әскери міндетті немесе шақырылушы.
Әскери міндеттілер – әскери есепте тұратын және әскери есепте тұрудың шекті жасына дейін запаста болатын Қазақстан Республикасының азаматтары.
Шақырылушылар – жергілікті әскери басқару органдарының шақыру учаскелеріне тіркелген және мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын Қазақстан Республикасының ер жынысты азаматтары.
ҚК-нің 387-бабының 2-бөлігінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлеріне және әскери құралымдарына жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін жасақтау үшін одан әрі шақырулардан жалтарғаны үшін жауаптылық көзделген.
«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» ҚР Заңының 28-бабына сәйкес Қазақстан Республикасына басқа мемлекеттің (мемлекеттер тобының немесе коалициясының) қарулы шабуыл жасаған жағдайында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда соғыс жағдайын Қазақстан Республикасының Парламенті жариялайды. Соғыс жағдайы жарияланған немесе соғыс қимылдары іс жүзінде басталған сәттен бастап соғыс уақыты басталады және соғыс қимылдарының тоқтатылғаны туралы жарияланған сәттен бастап, бірақ олар нақты тоқтатылғаннан ерте емес уақытта аяқталады.
Осылайша, соғыс уақыты – соғыс жағдайы жарияланған немесе соғыс қимылдары іс жүзінде басталған сәттен бастап соғыс қимылдарының тоқтатылғаны туралы жарияланған сәтке дейінгі, бірақ олар нақты тоқтатылғаннан ерте емес кезең (жоғарыда аталған Заңның 1-бабының 46) тармақшасы).
ҚК-нің 388-бабының I бөлігімен көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 388-бабының 2-бөлігімен көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы – Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заңы Кодекс Нормативтік Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар