Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 245-бабына түсініктеме. Ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару
1. Декларацияны ұсыну міндетті болған жағдайда оны ұсынбау не декларацияға кірістер және (немесе) шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу, салық салудың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің өзге де объектілерін жасыру арқылы ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару, егер бұл әрекет салықтың және (немесе) басқа да міндетті төлемдердің ірі мөлшерде төленбеуіне әкеп соқса, -
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
2. Дәл сол әрекет:
1) жұмыстарды нақты орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды жөнелтпей шот-фактураны пайдалану арқылы;
2) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалса, -
төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топ жасаған не аса ірі мөлшерде жасалған болса, -
бюджетке түспеген төлемдер сомасының екі еселенгеннен үш еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы бапта көзделген әрекетті жасаған адам (қылмыстық топ жасаған әрекетті қоспағанда) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген салықтар және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешекті, сондай-ақ өсімпұлды ерікті түрде төлеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі оның мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне елеулі зиян келтіруінде, бюджетке салықтардың жоспарлы түрде түсуіне кедергі келтіруінде, сол арқылы экономиканың қалыпты жұмыс істеуіне нұқсан келтіруінде.
ҚР Конституциясының 35-бабында заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылатыны белгіленген.
Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 25 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» кодексінің 13-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес салық төлеуші салық міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындауға міндетті.
Осыған байланысты ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарудың объектісі салық салу саласындағы мемлекеттің экономикалық мүдделері, яғни заңды түрде белгіленген салықтар мен басқа да міндетті төлемдер есебінен мемлекеттік бюджетті қалыптастыру жөніндегі қоғамдық қатынастар болып табылады.
ҚР Салық кодексінің 1-бабы 1-тармағының 55) тармақшасына сәйкес салықтар – Салық кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет заңнамалық тәртіппен біржақты белгілеген, белгілі бір мөлшерде төленетін, қайтарымсыз және өтеусіз сипаттағы бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер.
ҚР Салық кодексінің 1-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер – кедендік төлемдерді қоспағанда, Салық кодексінде белгіленген мөлшерде және жағдайларда төленетін алымдар, төлемақылар, баждар түріндегі бюджетке міндетті ақшалай аударымдар екендігі белгіленген.
Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің түрлері Салық кодексінің 189-бабы 1-тармағының 1)-2) тармақшаларында белгіленген (ҚР ҚК-нің 244-бабына түсініктемені қараңыз).
Осылайша, талданып отырған қылмыстың нысанасы болып Салық кодексінің 189-бабында көрсетілген, салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекет заңнамалық тәртіппен біржақты белгілеген, белгілі бір мөлшерде төленетін, қайтарымсыз және өтеусіз сипаттағы төлемақылар, алымдар, баждар түріндегі бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер табылады.
Объективтік жағынан ҚР ҚК-нің 245-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс мынадай әрекеттерді жасаумен сипатталады:
декларацияны ұсыну міндетті болған жағдайда оны ұсынбау арқылы ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару;
декларацияға кірістер және (немесе) шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу арқылы ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару;
салық салудың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің өзге де объектілерін жасыру арқылы ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару.
ҚР салық заңнамасына сәйкес ұсыну міндетті болып табылатын декларацияны ұсынбау арқылы салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару, егер тұлға салықтарды (төлемдерді) бюджетке төлемеу мақсатында заңнамада белгіленген мерзімдер өткеннен кейін тиісті органға декларацияны қасақана ұсынбаған жағдайда орын алады.
Салық декларациясына кірістер туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу дегеніміз – оған шындыққа сәйкес келмейтін кез келген деректерді қасақана көрсету, мысалы, кірістер мен салықтық шегерімдердің немесе жеңілдіктердің мөлшері туралы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу фактісінің болуы туралы, тиісті лицензияның болуы туралы, салықтық жеңілдіктердің немесе шегерімдердің болуы туралы және салықтар мен өзге де міндетті төлемдерді дұрыс есептеуге және төлеуге әсер ететін кез келген басқа ақпарат туралы мәліметтерді көрсету.
Салық салудың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің өзге де объектілерін жасыру – салық органдарына ұсынылатын салық есептілігінің тиісті құжаттарында салық салудың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің өзге де объектілері туралы нақты деректерді қасақана көрсетпеу.
Салық салу объектілерін және (немесе) басқа да міндетті төлемдерді жасыру деп бухгалтерлік және салықтық есепте кәсіпорынның салық төлеушінің салықты және (немесе) басқа да міндетті төлемдерді есептеу және төлеу міндетінің туындауын заңнама байланыстыратын объектілері мен өзге де мән-жайларын толық немесе ішінара көрсетпеуді түсіну қажет.
Салық салу объектілерін жасыру осы объектілерге қатысты көрінеу бұрмаланған мәліметтерді бухгалтерлік құжаттар мен салық есептілігіне енгізу арқылы да, сондай-ақ мұндай объектілер туралы анық емес есептік құжаттаманы салық органдарына қасақана ұсыну арқылы да көрініс табуы мүмкін.
ҚР Жоғарғы Сотының «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша соттардың заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 28-тармағының 2-абзацында ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару декларацияны ұсыну міндетті болған жағдайда оны ұсынбау не декларацияға кірістер және (немесе) шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу, салық салудың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің өзге де объектілерін жасыру арқылы жасалатыны айтылған.
ҚР ҚК-нің «Ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабын орындамау» туралы 235-бабында көзделген қылмысты ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарумен ұштастыра отырып жасау ҚР ҚК-нің 235 және 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша сараланады.
Жұмыстарды нақты орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды жөнелтпей шот-фактураларды пайдалана отырып салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару кезінде салық төлеуден жалтарған тұлға мен жалған шот-фактураларды берген тұлғаның ҚР ҚК-нің 216 және 244 не 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға қатысушылығының бар-жоғын анықтау қажет.
Салық кодексінің нормалары салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдердің түрлерін, оларды төлеу мерзімдерін, сондай-ақ салық салу және төлем объектілерін айқындайды.
ҚР Салық кодексінің 2-бабының 2-тармағында ешкімге Салық кодексінде көзделмеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу міндеті жүктелмейтіні бекітілген.
Декларацияға кірістер және (немесе) шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу ҚР ҚК-нің 245-бабы диспозициясының белгілеріне мұндай әрекеттер салық салудың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің өзге де объектілерін жасыру арқылы, яғни ұйым қызметі туралы толық емес ақпаратты салық органдарына ұсыну арқылы жасалған жағдайда ғана сәйкес келеді.
Егер тұлға ұйымның қызметі туралы салық органдарына декларация тапсыра отырып, осы ұйымның кірістері және (немесе) шығыстары туралы көрінеу бұрмаланған деректерді салық салудың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің өзге де объектілерін жасыру арқылы емес, өзге тәсілмен, мысалы, салық төлеушіде салық міндеттемесі туындамайтын мүлікке қатысты осы ұйымның кірістері және (немесе) шығыстары туралы деректерді бұрмалау арқылы енгізсе, мұндай әрекеттер ҚР ҚК-нің 245-бабының 1-бөлігінің диспозициясымен қамтылмайды. Бұл ретте, егер аталған әрекеттер салықтың немесе өзге де міндетті төлемдердің бюджетке ірі мөлшерде төленбеуіне әкеп соқса, қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туындауы мүмкін.
Кірістер туралы декларация – салық төлеушінің белгілі бір кезеңде алған кірістері және оларға қолданылатын салықтық шегерімдер мен жеңілдіктер туралы салық органдарына арнайы нысан бойынша ұсынылатын ресми мәлімдемесі. Салық декларациясы мен қолданыстағы салық мөлшерлемелерінің негізінде салық органы төленуге жататын салық мөлшеріне бақылау жүргізеді.
Салық декларацияларының түрлері ҚР Салық кодексінде көзделген, мысалы, корпоративтік табыс салығы бойынша декларация, жеке табыс салығы бойынша декларация, әлеуметтік салық бойынша декларация; қосылған құн салығы бойынша декларация, акциз бойынша декларация, экспортқа ренталық салық бойынша декларация және басқалары.
ҚР ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес төленбеген салық сомасының елу мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшері ірі мөлшер деп танылады.
Корпоративтік табыс салығын төлеуші салық органдарына есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей декларация ұсынуға міндетті (Салық кодексінің 315-бабы), Қазақстан Республикасындағы көздерден тек төлем көзінен салық салынатын кірістер алатын және Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асырмайтын резидент емес тұлғаны қоспағанда, егер Салық кодексінің 315-бабында өзгеше белгіленбесе.
Корпоративтік табыс салығы бойынша декларация декларациядан және салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпаратты ашып көрсетуге арналған оған қосымшалардан тұрады. Осы мерзім өткеннен кейін салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер ірі мөлшерде төленбеген жағдайда қылмыс аяқталған деп танылады.
Төленбеген салықтар және (немесе) басқа да міндетті төлемдер сомасы дәлелдемелер жиынтығының, оның ішінде салықтық тексеру актісінің, маманның (сарапшының) қорытындысының және басқа да дәлелдемелердің негізінде, салық пен міндетті төлемнің түріне және оларды төлеу мерзімдеріне қарамастан, төлем жасалмаған бүкіл кезең үшін жалпы соманы есепке ала отырып айқындалады.
Ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару құрамы құрылымы бойынша материалдық болып табылады, яғни бұл әрекет салықтың немесе бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің ірі мөлшерде төленбеуіне әкеп соққан кезде қылмыс аяқталған деп есептеледі. Бұл ретте, ҚР Жоғарғы Соты атап өткендей, ҚР ҚК-нің 244, 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың аяқталу сәті салық заңнамасында белгіленген салықты (бюджетке төленетін төлемді) төлеу мерзімінің соңғы күнінен кейінгі күн болып табылады (ҚР Жоғарғы Сотының «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша соттардың заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 32-тармағы).
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Тұлға ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден декларацияны ұсыну міндетті болған жағдайда оны ұсынбау не декларацияға кірістер және (немесе) шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу, салық салудың және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің өзге де объектілерін жасыру арқылы жалтарып отырғанын ұғынады, салдардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және соны қалайды.
Егер тұлға әртүрлі себептерге байланысты (білмеу, қате қабылдау, басқа адамдардың алдауы, фактілерді толық немесе дұрыс қабылдамау және т.б.) декларацияға енгізілетін кірістер және (немесе) шығыстар туралы деректердің жалған екенін алдын ала нақты білмесе, білуге тиіс болмаса және білуі мүмкін болмаса не адал түрде жаңылысса, сондай-ақ декларацияны ұсыну міндеттемесін орындамай отырғанын нақты білмесе, білуге тиіс болмаса және білуі мүмкін болмаса, оның әрекеттерінде ҚР ҚК-нің 245-бабының 1-бөлігінде көзделген ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарудың субъективтік белгілері болмайды.
Қылмыстың субъектісі арнайы болып табылады – он алты жасқа толған, есі дұрыс, бухгалтерлік есепті ұйымдастыруға жауапты және бухгалтерлік құжаттарға қол қою құқығы бар жеке тұлға. Мұндай тұлғаларға кез келген ұйымдық-құқықтық нысандағы және меншік нысанындағы ұйымның басшысы мен бас бухгалтері (аға бухгалтері), сондай-ақ олардың міндеттерін іс жүзінде атқаратын тұлғалар жатады. ҚР-ның 2007 жылғы 28 ақпандағы «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңының 10-бабының 1-тармағына сәйкес басшылық немесе жеке кәсіпкер бухгалтерлік құжаттарға қол қою құқығы бар тұлғаларды айқындайды. Бұл ретте атқаратын лауазымына, ақша сомаларының мөлшеріне, операцияның қолданылу саласы мен мәніне қарай қол қою құқығының иерархиясы белгіленуі мүмкін. Салықтарды төлеу туралы құжаттарды ресімдеуге және салық органдарына ұсынуға міндетті тұлға осы қылмысқа қатысушы ретінде жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
ҚР ҚК-нің 245-бабында көзделген қылмысты ұйымдастырған не ұйым-салық төлеушінің басшысын, бас бухгалтерін (бухгалтерін) немесе осы ұйымның өзге де қызметкерлерін оны жасауға көндірген, сондай-ақ кеңестерімен, нұсқауларымен және т.б. арқылы қылмыс жасауға жәрдемдескен тұлға жасаған әрекетіне қарай ҚР ҚК-нің 28-бабының тиісті бөлігі және ҚР ҚК-нің 245-бабының тиісті бөлігі бойынша ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші ретінде жауаптылыққа тартылуға тиіс.
Егер тұлға бірнеше ұйымға заңды немесе нақты басшылық етсе және олардың әрқайсысында салықтарды және (немесе) өзге де міндетті төлемдерді төлеуден жалтарса, онда тиісті негіздер болған жағдайда оның әрекеттері ҚР ҚК-нің 245-бабының тиісті бөліктерінде көзделген бірнеше қылмыстың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды адамдарының ҚР ҚК-нің 244, 245-баптарында көзделген қылмыстарды жасауға қасақана жәрдемдескен әрекеттері аталған қылмыстарға қатысу ретінде саралануға тиіс, ал егер олар бұл ретте өздері немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру мақсатында әрекет етсе, онда ҚР ҚК-нің 361, 369-баптары бойынша да саралануға тиіс.
ҚР ҚК-нің 245-бабының 2-бөлігінде жұмыстарды нақты орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды жөнелтпей шот-фактураны пайдалану арқылы жасалған ұйымдардан салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарудың сараланған түрлері үшін жауаптылық көзделген.
Шот-фактура ақша қаражатының сомасы туралы ақпаратты және фактуралық бөлікті (бухгалтерлік есеп ақпаратын) қамтиды. Бұл құжат аса маңызды, өйткені ҚҚС (қосылған құн салығы) бойынша шегерімге жатқызуға ұсынылған сомаларды есепке алуға негіз болып табылады. ҚҚС төлеушілер болып табылатын барлық ұйымдар мен кәсіпорындар шот-фактуралар жазып беруге міндетті. Қарастырылып отырған қылмысты жасау кезінде шот-фактура жұмыстарды нақты орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды жөнелтпей жазып беріледі.
Демек, шот-фактура – қосылған құн салығын төлеушінің деректемелерін қамтитын, ол тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша жасалған айналым негізінде жазып беретін, салық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, төлем құжаты болып табылады. Бұл ретте шот-фактура мәміленің жасалғанын растайтын дәлелдемелердің бірі болуы мүмкін, бірақ мәміленің өзі болып табылмайды.
Шот-фактураға қатысты жалпы ережелер, оларды жазып беру мерзімдері, қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын тұлғалар үшін және жекелеген жағдайларда оларды жазып беру ерекшеліктері, сондай-ақ шот-фактураларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі, қосымша шот-фактураларды жазып беру мәселелері ҚР Салық кодексінің 47-тарауымен (412-420-баптар) реттеледі.
Осыған байланысты жұмыстарды нақты орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды жөнелтпей шот-фактураны пайдалану белгісі бойынша тұлғаның әрекеттерін саралау үшін салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді ұйымдардан төлеуден жалтарған тұлға Салық кодексінің 47-тарабының талаптарына сырттай ғана сәйкес келмейтін, сонымен қатар мазмұны бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға, көрсетілмеген қызметтерге, жөнелтілмеген тауарларға формальды түрде жазып берілген шот-фактураларды пайдалануы қажет.
Жұмыстарды нақты орындамай, қызметтерді көрсетпей, тауарларды жөнелтпей шот-фактураларды пайдалана отырып салықтарды және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару кезінде салық төлеуден жалтарған тұлға мен жалған шот-фактураларды берген тұлғаның ҚР ҚК-нің 216 және 244 не 245-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға қатысушылығының бар-жоғын анықтау қажет.
Ұйымдардан салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған деп танылады, егер оған қатысқан адамдар қылмыстық құқық бұзушылықты бірлесіп жасау туралы алдын ала уағдаласқан болса.
Түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігі түсіндіріліп отырған баптың 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топтың жасағаны немесе олардың аса ірі мөлшерде жасалғаны үшін жауаптылықты белгілейді.
Қылмыстық топ ұғымы ҚР ҚК-нің 3-бабының 24) тармағында берілген (ҚР ҚК-нің 3-бабының 24) тармағына, 31-бабының 3-бөлігіне түсініктемені қараңыз).
ҚР ҚК-нің 3-бабының 3) тармағына сәйкес бюджетке түспеген төлемдер сомасының жетпіс бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшері аса ірі мөлшер деп танылады.
Түсіндіріліп отырған бапқа ескертпеде осы бапта көзделген әрекетті жасаған адамның (қылмыстық топ жасаған әрекетті қоспағанда) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген салықтар және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешекті, сондай-ақ өсімпұлды ерікті түрде төлеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылатыны атап өтілген.
Бұл ретте, ҚР Жоғарғы Сотының жоғарыда аталған нормативтік қаулысының 31-тармағына сәйкес ҚР ҚК-нің 244 және 245-баптарына ескертпелер негізінде адамды қылмыстық жауаптылықтан босату (ҚР ҚК-нің 245-бабының 3-бөлігіндегі қылмыстық топ жасаған әрекетті қоспағанда) зиянды салықтар және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешекті, сондай-ақ ҚР заңнамасында белгіленген өсімпұлды төлеу арқылы толық өтеу жағдайында ғана мүмкін болады. Зиянды ішінара өтеу, кінәлі адамның болашақта зиянды өтеу міндеттемесін алуы оны қылмыстық жауаптылықтан босатуға негіз болып табылмайды.
ҚР ҚК-нің 245-бабының 1, 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 245-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы – Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заңгерлік компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар